Бабалар тілін барлаған ғалым

16 Қазан 2013, 06:03

Ғ.Айдаров бабалары қалдырған ғажап мұраны тек таныстырып баяндап қойған жоқ, өзі де ғылыми ізденістер жүргізді. Бұл жазуларды зерттеудің 200 жылдық тарихында кеткен кемшін тұстарды толықтырды. Мысалы, сына жазбалардың Томсен, Радлов байқамаған не кемшіл кеткен, жаңсақ оқылған кейбір тұстарын басқаша түзетіп оқуды ұсынды. Әрбір көне жазу ескерткішінің грамматикалық, фонетикалық, лек­сикалық құрылымдарын жинақтап, жүйелеп көрсетті. Бұл жағынан кейбір монографиялары оқулық сияқты құрал болды. Біздің естуімізше, Ғұбекеңнің орыс тіліндегі монографиялары Берлин, Прага университеттерінде оқулық ретінде пайдаланылған кездері болған. Ал түркітілдес мемлекеттердегі университеттерде Айдаровтың еңбектерін қай тұрғыдан, қай мақсатпен болса да пайдаланып жүрулері даусыз. Биыл жазда Ғ.Айдаровтың 90 жыл­дығын өзі жарты ғасырдай тапжылмай отырып ғылыммен айналысқан құтты оша­ғы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында атап өткен болатын. Енді, міне, туған топырағы Маңғыстау өлкесінде атап өткелі жатқанын естідік. Ғұбайдолла Айдаровтың ғалымдық келбетін осылай көрсете отырып, кезінде әріптестері мен замандастарын мейлінше сүйсіндірген кісілік тұлғасын танытқан азаматтық бір іс-әрекетін де айта кетсек, өзгелерге, әсіресе жас буынға үлгі-өнеге болар еді. Ол оқиға 1958 жылы Кеңес өкіметі әбден күшінде тұрған, халықтарды өз мекенінен көп қия бастырмайтын кезде болған еді. Ғұбекең ресми басшы орындардан арнайы рұқсат алып, Түрікменстандағы қазақтардың бір тобын отбасыларымен Қазақстанға көшіріп алдырады, Алматы маңындағы Ақши ауданына орналастырады, керек жерін­де ақыл-кеңесін береді. Бұл үлкен азамат­тық еді, өйткені шарасыздықтан туған жерінен ауып, шет өлкеде, өзге жұрттың арасын­да жүргеннен өз ұлтымен бірге күн кешіп, еңбек етуді талай жыл көксеген жан­дарды арманынан шығарып, қуантқаннан артық не бар! Ешкім міндеттемеген, өз қалауымен жүрек жылуын тағдырлас айналасына беру де екінің бірі істеп жатқан шаруа емес, ол үшін де жақын-айналасына, қандас-бауырларына әр істе көмектесу, бүгінгідей көші-қон саясаты жоқ жағдайда бір қауым елді отандастарымен қауыштыру қазір еске алып айтуға – оңай, ал Ғұбекеш ол үшін қанша тер төкті, қанша есікті қақты, қанша адамның бабын тапты десеңші. Бұл енді Ғұбайдолла Айдаровтың жалпы кісілік портретінің тағы бір қырынан көрінгені дер едім. Қысқасы, ондай тұлғалардың бол­ғанын, қазірде де бар екенін мақтан тұтып, олардың есімін қайталап отыру – парызымыз. Мұндай парызды тек «туған институты» мен туған облысы не ауданы, туған ауылы ғана емес, өзге жерлерде де реті келгенде жастарға үлгі етіп айтып, жазып жатсақ, артық болмас еді. Осылайша сөйлетіп отырған рухыңа тәу етеміз, ардақты ғалым, сан жылдар сыйлас, пікірлес, тілеулес болған асыл азамат Ғұбеке-Ғұбайдолла Айдаров. Рабиға Сыздық «Ана тілі»

Ғ.Айдаров бабалары қалдырған ғажап мұраны тек таныстырып баяндап қойған жоқ, өзі де ғылыми ізденістер жүргізді. Бұл жазуларды зерттеудің 200 жылдық тарихында кеткен кемшін тұстарды толықтырды. Мысалы, сына жазбалардың Томсен, Радлов байқамаған не кемшіл кеткен, жаңсақ оқылған кейбір тұстарын басқаша түзетіп оқуды ұсынды. Әрбір көне жазу ескерткішінің грамматикалық, фонетикалық, лек­сикалық құрылымдарын жинақтап, жүйелеп көрсетті. Бұл жағынан кейбір монографиялары оқулық сияқты құрал болды. Біздің естуімізше, Ғұбекеңнің орыс тіліндегі монографиялары Берлин, Прага университеттерінде оқулық ретінде пайдаланылған кездері болған. Ал түркітілдес мемлекеттердегі университеттерде Айдаровтың еңбектерін қай тұрғыдан, қай мақсатпен болса да пайдаланып жүрулері даусыз.
Биыл жазда Ғ.Айдаровтың 90 жыл­дығын өзі жарты ғасырдай тапжылмай отырып ғылыммен айналысқан құтты оша­ғы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында атап өткен болатын. Енді, міне, туған топырағы Маңғыстау өлкесінде атап өткелі жатқанын естідік. Ғұбайдолла Айдаровтың ғалымдық келбетін осылай көрсете отырып, кезінде әріптестері мен замандастарын мейлінше сүйсіндірген кісілік тұлғасын танытқан азаматтық бір іс-әрекетін де айта кетсек, өзгелерге, әсіресе жас буынға үлгі-өнеге болар еді. Ол оқиға 1958 жылы Кеңес өкіметі әбден күшінде тұрған, халықтарды өз мекенінен көп қия бастырмайтын кезде болған еді. Ғұбекең ресми басшы орындардан арнайы рұқсат алып, Түрікменстандағы қазақтардың бір тобын отбасыларымен Қазақстанға көшіріп алдырады, Алматы маңындағы Ақши ауданына орналастырады, керек жерін­де ақыл-кеңесін береді. Бұл үлкен азамат­тық еді, өйткені шарасыздықтан туған жерінен ауып, шет өлкеде, өзге жұрттың арасын­да жүргеннен өз ұлтымен бірге күн кешіп, еңбек етуді талай жыл көксеген жан­дарды арманынан шығарып, қуантқаннан артық не бар! Ешкім міндеттемеген, өз қалауымен жүрек жылуын тағдырлас айналасына беру де екінің бірі істеп жатқан шаруа емес, ол үшін де жақын-айналасына, қандас-бауырларына әр істе көмектесу, бүгінгідей көші-қон саясаты жоқ жағдайда бір қауым елді отандастарымен қауыштыру қазір еске алып айтуға – оңай, ал Ғұбекеш ол үшін қанша тер төкті, қанша есікті қақты, қанша адамның бабын тапты десеңші. Бұл енді Ғұбайдолла Айдаровтың жалпы кісілік портретінің тағы бір қырынан көрінгені дер едім.
Қысқасы, ондай тұлғалардың бол­ғанын, қазірде де бар екенін мақтан тұтып, олардың есімін қайталап отыру – парызымыз. Мұндай парызды тек «туған институты» мен туған облысы не ауданы, туған ауылы ғана емес, өзге жерлерде де реті келгенде жастарға үлгі етіп айтып, жазып жатсақ, артық болмас еді.
Осылайша сөйлетіп отырған рухыңа тәу етеміз, ардақты ғалым, сан жылдар сыйлас, пікірлес, тілеулес болған асыл азамат Ғұбеке-Ғұбайдолла Айдаров.

Рабиға Сыздық

«Ана тілі»

Бөлісу: