16 Қазан 2013, 05:38
Жаугершілік замандарда жаудан жеңіліп, әскерлер шегіне ұрысқан кездерде ата-баба рухын, аруақтарды шақырып, жауға қарсы жеке шапқан қас батырлар болмаушы ма еді, сол кезде оның артынан рухтанған жасақтар батырдың соңынан еріп, жаудың быт-шытын шығарып жеңбеуші ме еді? Міне, Р.Бердібайдың осыдан жарты ғасыр бұрын атақты мақаласының жариялануы сталиндік социализм саясатының екінші дүниежүзілік соғыста жеңіп, әлемнің үштен бірінде салтанат құрып, енді дүниежүзін өзіне қарату мақсатын алға қоя бастаған кезде бодан болғандығына жүз жылдан асып кеткенімен де қазақ халқының ұлттық рухының сынбағанын көрсетті. Өз халқының бар жақсы қасиеттерімен суғарылып, тәрбиеленіп өскен Рахманқұл қазақ ұлтының озық ойлы азаматы ретінде өзінің ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының ұлттық ой-армандарын қорықпай ашық білдірген еді. Рахманқұлдың басын бәйгеге тігіп жасаған бұл әрекеті руханият майданында жасаған ерліктің асқан үлгісі дерлік.
Қазақ әдебиетінде ұзақ жылдар еңбек еткен Р.Бердібай қаншалықты қиындықтарға қарамастан, осы алған бетінен, яғни ұлтқа қалтқысыз қызмет ету бағытынан бірде-бір рет тайған емес. Рахманқұлдың шығармашылық жолы – ұлтқа әдебиет, мәдениет, ғылым арқылы қызмет етудің жарқын көрінісі.
Ұлттық рух, сол рухты ұлықтау оның бүкіл еңбектерінің негізгі сарынын құрайды. Рахаңның әрбір мақаласынан, зерттеулерінен, монографиялық еңбектерінен, тіпті қарапайым тіршілікте сөйлеген сөздерінен ұлтым деп соққан ұлы жүректің лүпілі сезіліп тұратын. Р.Бердібайдың еңбектерінің бүкіл өн бойынан ұлтының ертеңіне деген қам, алаңдаушылық байқалады. Рахаң айтқан ойлар ұлттық идеяларды жаңа заманға орай жаңғыртып, жетілдіріп, толықтырып жатады. Егер қазір біз қазақтың ұлттық идеологиясы бар дейтін болсақ, Р.Бердібай соны жаңа заманға лайық жаңғыртушылардың, ХХ ғасырдың екінші жарымындағы алаштық идеологияның көш бастаған көсемдерінің бірі болды дер едік.
Р.Бердібай былай деп жазады: «Әрбір ел өзінің өткен жолын, жетістіктері мен жеңілістерін, асыл дәстүрлерін, адамшылық тәжірибесін біліп, жақсы үрдістерден тағылым алып, қателіктерді қайталамауға ұмтылуы керек. Әсіресе басқыншы күштердің жауыздықтары салдарынан көңілі жер болып, өзіне деген сенімнен айырылып, жақсылыққа да жамандыққа да селт етпей, мәңгүрттеліп кеткен қауымның рухын қайта тірілтуге атсалысу парыз («Дәстүр қуаты», А., 2005, 60-бет). Тағы бірде былайша толғанады: «Әдебиет әлеміне аяқ аттап келгелі бері өз жағдайымнан гөрі қоғамдық мәселелерді көбірек ойлау, өмірдегі ұнамды құбылыстарға сүйіну, сұмдықтарға деген қарсылығымды ашық айту дағдыма айналған» («Дәстүр қуаты», А., 2005, 265-бет).
Р.Бердібайдың пайымдауынша, қазақтың басына төніп тұрған үш түрлі қауіп бар. Олар: Жер, тіл, дін. Осы мәселелерді дұрыс шешсек қана тұғырлы ел болып қаламыз. Бұлардың күнделікті тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық өмірдің түрлі салаларында дұрыс шешілмеуі елдің болашағын бұлыңғыр етеді.
Р.Бердібай әдебиетші, ғалым болғандықтан да тіл, мәдениет, дін мәселелеріне көбірек көңіл бөлді. Ол «Қазақ елі еңселі ел болуы үшін:
– Қазақ тілінің республикада бірден-бір мемлекеттік, ресми және ұлтаралық тіл екенін тұжырымдайтын Ата Заң бабы қабылдануы;
– Отаршылдар тарапынан жасалған зорлық-зомбылық салдарынан жат елдерге ауып кеткен қазақтардың атамекеніне толық қайта оралуын ұйымдастыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік уазипасы деп мойындалуы;
– Қазақстанда тұратын барша диаспора мен этникалық топтар қазақ тарихы мен тілін білетін болуы;
– Қазақ халқының дәстүрлі діні – ислам дінінен аздыру, қазақ жастарын өзге діндер мен конфессияларға тартып шоқындыру әрекетін ашықтан-ашық жүргізіп келе жатқандарға тыйым салынуы тиіс» («Дәстүр қуаты», 2005, 24-бет) деп біледі.
Рахаң бұл істерді басынан, ең алдымен еліміздің аты «Қазақстан Републикасы» дегенді «Қазақ Республикасы» деп жөндеуден бастауды ұсынды. «Тоқетері, мемлекеттің аты «Қазақ Республикасы болмайынша, елдегі барша жұртшылық қазақ халқының төңірегіне ұйыспайынша, келешегіміз күңгірт болмақ» («Дәстүр қуаты», А., 2005, 30-бет).
«Елім», «жерім», «қазағым» деп өткен Алаш ардақтылары «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді»; «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ» (Мағжан); «Әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы» (Ахмет); «Ана тілінде сөйлей алмайтын адам – мәдениетсіз» (Мұхтар); «Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» (Ғабит); «Мұралардың ең қымбаты – сөз» (Ғабиден) деп, тілдің ұлт өміріндегі шешуші орнын кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде қайта-қайта ескертіп өтсе, сол дәстүрді жалғастырып, ХХ ғасырдағы қазақ қауымы ту ұстаушыларының бірі осы – Рахманқұл Бердібай болды.
Р.Бердібаевтың еңбектері ұлттың негізінің негізі болып табылатын тіл туралы құнарлы ойларға аса бай. Рахаңның өзі өмір сүрген уақыттағы қазақ тілінің жай-күйіне көңілі толмады. Ол «Дүниедегі баға жетпес асылымыз, мәңгілік қазынамыз – ана тіліміз ресми түрде мемлекеттік тіл мәртебесін алғанмен, қадір білмес қаскүнем дұшпандар мен өз ішімізден шыққан аты қазақ, заты дүбәралардың, намыссыз мансапқорлардың кесірінен жылдар бойы қақпақылға түсіп келеді» («Ел боламыз десек» А., 2000, 81-бет) деп, реніш білдіреді. Қазақ тілінің қас дұшпандары ретінде мәңгүрттер мен көзқамандарды атап көрсетеді: «Мәңгүрттер есінен айырылған міскіндер болса, көзқамандар – елдігімізге саналы түрде қарсы шығатын қаскүнемдер… Осындайлар істің басында қаптап отыр… Міне, осы бейдауа дерт біздің қоғам денесінде бар» (сонда, 122-бет). Бұдан артық қалайша қатты айтуға болады.?!
Рахаң ештеңеден тайсалмай, халықтың өміршең ойларын барынша ашық, ашына айтудай-ақ айта алған, әттең, есітерге құлақ болса. Осындайда Абайдың «баяғы жартас – бір жартас» дегені еске түседі.
Қазір кейбіреулер қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өзіне лайықты орнын ала алмай жүргеніне халықтың өзін кінәлайтын болды. Ал Рахаң болса «Менің айтатыным: Тілді тірілтем десе де, мемлекет тірілтеді, өлтірем десе де, мемлекет өлтіреді. Халықтың еш жазығы жоқ» («Дәстүр қуаты», 2005, 33-бет) дейді.
Р.Бердібай қазақ тілінің ұлт өміріндегі аса маңызды орнын қалпына келтіру үшін Конституцияға «Мемлекеттік тілді құрмет тұту және үйрену – Қазақ Республикасы азаматтарының қасиетті борышы» деген қосымша енгізуді ұсынды. Ол «Тілімді неге қорлайсыңдар?» деп теңдік сұрайтын мезгілдің жеткенін көрсек, одан артық қуаныш болмас еді» («Ел боламыз десек…», 2000, 177-бет) деп, ағынан жарылады. Бұл жерде жеке басының мүддесі туған халқының қуанышы мен қасіретіне ортақ болып кеткен үлкен жүректі азаматтың нар тұлғасы анық көрінеді.
Р.Бердібайдың «Жүрек тоқтамайынша, тіл үшін күрес тоқтамайды. Осы сөз – өмірімнің ұстанымы» – деген сөздері оның бүкіл саналы ғұмырының, өмірлік мақсатының негізгі лейтмотивіне айналды.
Рахманқұлдың еңбектерінде қазақ тілі мен әдебиетінің ғана емес, ұлттың рухани өмірінің сан қырларына ойлы көзбен қараған парасатты пікірлер баршылық. Ғалымды қазақтың ертеңгі болашағы көп толғандырды. Ол «қазақтың өз бірлігі, түркі бірлігі, ислам бірлігі – осы үшеуі біздің ел болуымыздың шарты» («Ел боламыз десек…», 2000, 113-бет) деп білді.
Осындағы қазақтың өз бірлігі негізінен қазақ тілі арқылы сақталынса, оған қосымша тағы да діни тұтастықтың аса қажет екендігін ескертеді. «Тәуелсіздік туын жаңа көтерген еліміздің сыртқы және ішкі жаулары енді іштей іріту жолына түсті. Елімізде жүріп жатқан демократияландыру үрдісін пайдаланып, әлемде бар түрлі діни конфессиялардың ішке кіріп жатуының түпкі мақсаты «қазақ халқын өзінің түп қазық дінінен айыру екенін» («Ел боламыз десек…», А., 2000, 80-бет) ескертеді.
Р.Бердібай тағы бірде «мен қандай мәселеге қалам тартсам да, ең алдымен халқымның мұрат-мүддесін алғы кезекке шығарғым келді. Менің кітаптарым мен мақалаларымның негізгі бір-ақ тақырыбы бар. Ол – халқымның тарихы, тағдыры, бұрынғы халі, қазіргі жағдайы және келешегі хақында толғаныс» («Дәстүр қуаты», А., 2005, 57-бет) деп, сырын сыртқа шығарыпты.
Шындығында да Р.Бердібайдың бүкіл саналы ғұмыры халқына адал қызмет етуге арналған. Ол – халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, күңіренген қазақтың Қорқытатасы атанды. Ғалымды халқының қазіргі рухани жағдайы көп ойлантып, қайтсек келешегіміз кемелдене түседі деген ащы толғаныстарын қағаз бетіне түсіруден танбаған. Бұл кейінгі ұрпаққа асыл мұра болып қалды.
Дандай Ысқақұлы