16 Қазан 2013, 05:17
Ж.Кейкин мұрасының арқауы ретіндегі қазақы атаулар мен байламдардың, жұмбақтар мен мақал-мәтелдердің негізін құрайтын сандар жүйесінің сырлары жұмбақтар, мақал-мәтелдер, т.б. кестелі сөз орамдары арқылы халықтық ой-байламдар мен философиясы, ойлау жүйесі түсіндіріледі: бір – «бірегейлік», «ерекшелік», үш – «жарасымдылық» (үш жұрт, үш жүз), төрт – «кеңістік» (төрт құбыла, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді»), бес – «ерлік, сайма-сай болу» (бес парыз, бес аспап, бес қару), жеті – «терең тамырлы байланыс», «әлем сәулеті» (жеті ата, жеті ұрпақ, жеті ғалам, жеті амал, жеті керемет), қырық – «имандылық», «әдет-ғұрып» (қырқынан шығару,қырқын беру).
Осы еңбектерде жинақталып, жүйеленіп көрсетілген төл мәдениетімізге сай ой таразылау мен екшеудің тілдегі сандық көріністері арқылы қалыптасқан қазақы байламдары мен өзіндік тұжырымдары пайым тереңіне бойлатып, танымымызды кеңейте түседі: үш із (бала, бақыт, байлық); үш ғайып (қонақ, несібе, ажал); үш тұл (қайратсыз – ашу, тұрлаусыз – ғашық, шәкіртсіз – ғалым); үш дауасыз (тумақ-өлмек, тағдыр, кәрілік); үш көз (бұлақ – су анасы, тұяқ – жол анасы, құлақ – сөз анасы); үш қазына (ер қазынасы – жүрген із, ел қазынасы – көне көз, тіл қазынасы – ескі сөз); төрт сәуегей (жауырыншы, тамыршы, есепші, құмалақшы); төрт тірек (иман, білім, ақыл, салауаттылық); төрт асыл (түйеде – жампоз, жылқыда – тұлпар, сиырда – тынжы, қойда – құтпан); бес сайыс (мергендік, күрес, бәйге, айтыс, жаяу жарыс); жеті қат жер (тұңғиық, жылан, су, қос балық, қара тас, көк өгіз, жер); жеті жұрт (Үрім, Қырым, Қытай, Тұран, Шам, Мысыр, Шын-Машын); ер жігіттің жеті қасиеті (қаны – атта, қуаты – қыранда, сенімі – тазыда, сұсы – кездікте, серті – қақпанда, оты – мылтықта, әдіс-айласы – ау жылымда) және т.б.
Ж.Кейкин жүйелеп ұсынған этномұралық, танымдық тілдік деректердің бір көзі – ұлттық әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің қызықты әрі ширақ көрінісін тәрбиелік және салауаттық жүйе ретінде анықтаған, қазақтың көшпелі тұрмыс жағдайы мен мәдениетіне сәйкес қалыптасқан ұлттық ойындар атаулары. Соның негізінде көрсетілген қазақ ойындарының бай тақырыбы мен түрлері таңғалдырады: ойшылдық (35-тен аса), тұрмыстық (45-тен аса), сауықтық (40-тан аса), спорттық (92-ден аса), асық (30-дан аса) және т.б. ойындары көрсетілген.
Ал жай қызық үшін айтылатын ойын емес, балалардың тіл сындырып, тіл үйренуіне себепші жаңылтпаштық сөз үлгілерін ағамыз «шағын жанр» деп бағалап, нақты түрдегі оларды дәйектейтін мәтіндерін ұсынған.
Байқап отырғанымыздай, тілдік қазынаның сүбелі саласының бірі және бүгінде жалпыхалықтық қолданыста жоқ кейбір байырғы көне сөздер мен сөз тіркестері – мәдени әрі тарихи ақпараттар көзі және арнайы зерттеу арқауы. Тілдің танымдық, мұрагерлік қызметі негізінде сан ғасыр құпиясын бойына сақтаған этнотілдік деректер – ана тілінің қорында мәңгілікке сақталған сарқылмайтын құндылық. Ол – сан ғасырдың тарихи-әлеуметтік жағдайы, ата-бабаларымыздың елдік, ерлік салты, мәдени-рухани ғұрпы, тағдыры сипатталған қазақ мәдениеті мен дүниетанымының энциклопедиясы, этномәдени коды.
Мысалы, Ж.Кейкин мұрасында қазақ даласының негізгі заңы, ұлттық қағида мен тұтастығының ұйытқысы саналған «Жеті жарғының» құқықтық сипатын атап көрсете отырып, өнер құны (би-шешен, ақын-жырау, атақты домбырашы-күйші, әнші, батыр құны), сүйек құны (өлтірілген адамның сүйегі еліне, туыстарына жеткізілмей, жат жерде жерленгенде белгіленетін қосымша құн) ұғымдарына ерекше назар аударылады. Мысалы, қылмыскердің мінген атының, марқұм мәйіті артылатын қара нардың, қылмыскердің қолданған суық қарудың, қанды кілемнің, қара тонның, сары жаулықтың құны берілуі тиіс екені туралы түсіндіріледі.
Осы сияқты қазақы мәдени-тұрмыстық сипаттың Ж.Кейкин еңбектерінде берілген бір жүйесі – қазақтардың ата кәсібі мал шаруашылығына қатысты өнер мен өнім түрлері (киіз, киіз үй, өрмек, ши, т.б.), соған сабақтас қалыптасқан рухани мазмұнды қазақы байламдарының атаулары (дастарқан, қонақасы, соғым, т.б.) салт-дәстүрлеріне байланысты. Сондықтан да зерттеуші қазақтың төрт түліктің киесі мен тектілігіне аса мән берген танымын бейнелейтін мынадай қазақы атауларды жүйелеп көрсетеді: ақ нар, боз айғыр, көк бұқа, көк қошқар сияқты бейнелі орамдары, түйенің әрбір жасы мен жынысын белгілеген нарбота, тайлақ, сүттайлақ, бүлдіршін, құнанша, дөненше, тығыршын, соқтан, буыршын, атан, інген, тұмса және т.б., асыл тұқымына қатысты: үлек, жампоз, біртума, қоспақ, қылағай, бекбатша, қолбатша, т.б., жылқының осындай сипатын көрсететін: сойтал (4 жасқа шығар ұрғашы жылқы), қамшы кесті (айғырдың үйіріне қарай алмаған кезі), сәурік (жаңадан үйір алған жас айғыр), наз бедеу (әсем жүрісті, көрікті жарау бие), қарабайыр, құр ат, ереуіл ат, т.б.
Сол сияқты аталған еңбектерде көрсетілген қазақ тұрмысындағы саятшылық өнерге қатысты атаулар жүйесі адамның қазақы болмысын бейнелеуде қалыптасқан сөз тіркестеріндегі ассоциациялық сипаттың төл мәдениетпен сабақтастығы таңғалдырады. Мысалы:
«Жембасар – сұқ саусақ
Сығым – ортаңғы саусақ
Шеңгел – шынашақ саусақ
Тегеурін – өкше саусақ» сияқты бүркітке қатысты берілген қазақы байламның келтірілуі адамды сипаттайтын тегеуріні мықты, шеңгелін батыру тәрізді тіркестерді дұрыс түсінуге көмектеседі.
Әрине, танымы терең, дерегі мол Ж.Кейкин мұрасының мазмұнын бір мақалада түгел тәптіштеп сипаттау мақсат емес. Оның зерттеуін жоғарыда аталған он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» дәйегі ретінде, басқа да қазіргі тіл арқылы ұлтты тану мен танытуға бағытталған зерттеу еңбектерімізде (Ж.Манкеева «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері», Алматы: «Жібек жолы», 2008 ж.) пайдаландық, ал мұрасының зиялы ортаның, білсем деген ұрпақтың игілігіне айналып отырғаны да шындық.
Шын мәнінде, біздің ойымызша, әз азаматтың бұл қырларының да түп өзегі біз сөз еткен – тіл мұрасымен тамырлас. Олай болса, ұлт көсемі А.Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген қағидасын берік ұстанған Ж.Кейкин ағамыз тектес тұлғалардың еңбектерінің мәні танылып, құндылықтар қатарынан орын алса ғана аға толқын аманаты мен рухы алдында парызымыз ақталмақ.
Жамал МАНКЕЕВА,
филология ғылымдарының докторы,
профессор