Әрбір этностың мәдениеті мен бар болмысы оның тілі арқылы сақталатындығын тарихи-рухани дереккөздер дәйектейді. Сол мағынаны тіл арқылы ашу «мәдениетті танудың кілті» ретінде қазіргі ұрпаққа дәстүрлі мәдениетті танытады. Ол кілт тілде сақталған этномәдени ұғымдардың мәдени фонын анықтау арқылы ашылады десек, бұл мақсатта сан қилы сөздіктер мен көне тілді, тарихи-көркем мәтіндерді, кестелі сөзді зерттеп, мұрағаттарды ақтарған ғалымдардың ерен еңбегі белгілі. Сонымен бірге осы жолдағы ғалымдар өз зерттеулерінің дәйегін, түсініктемесін көненің көзіндей, зердесі ерекше, қазіргі прагматика мен жедел сипат билік еткен заманда асыл құндылықтарымыздың шырақшысындай болып қалған жәдігер-тұлғалардың еңбектерінің деректерімен толықтырады, дәлелдейді, рухани жадымызды жаңғыртады. Сондай абыздарымыздың бірі – бүгінде бұл дүниеден өткеніне жыл толып отырған, Қазақстанның мәдени-әлеуметтік, ауылшаруашылық, басқа да сан түрлі қоғамдық салаларының дамуына қажырлы еңбегімен атсалысқан, қоғам қайраткері, ғалым, жазушы, этнограф Ж.Кейкин. Оның қолданыстан шыға бастаған, ұмыт болуға айналған қазақ тіліндегі сегіз мыңға жуық мақал-мәтелді жинап жариялаған (Атадан өсиет, анадан қасиет, 7777 мақал-мәтел. – Алматы: «Өлке», 2010; Қазақ мақал-мәтелдерінің Алтын кітабы. – Алматы: «Аруна», 2011) кітаптары мен салт-дәстүр, әдет-ғұрып, т.б. әлеуметтік атауларды жүйелеп берген «Қазақы атаулар мен байламдар» (Алматы: «Өлке», 2006) атты танымдық еңбегінің, т.б. маңызы ерекше.
Біріншіден, бұл еңбектердің ішкі мазмұнын танытып түсіндірудегі ерекше сипаты – жүйелілік мазмұнға негізделген ішкі тәртіп пен реттілік. Бұл қасиет дәстүрлі қалыптасқан мәдениеттің негізгі көрінісі екені белгілі. Олай болса, мұндай зерделі, дәйекті еңбектер қазақтың қалыптасқан, дәстүрлі, төл мәдениеті болғанын дәлелдейді. Екіншіден, Ж.Кейкин мұрасындағы осы заңдылық автор болмысымен тұтасқан текті тұлғаның парасат биігі, баппен сөйлейтін байсалды мінезі, бір қарағанда паң, кербез қалпымен астасқан ішкі мәдениетінен туындаса керек.
Ж.Кейкиннің ғұламалық, зерттеушілік тұлғасын толықтыратын жеке басының ізгілік, бауырмашылдық, мәмілегерлік сияқты адами қасиеттері толықтыра түсетінін «Кейкі ұрпағы» (2008) деген шежіре еңбегінен де көреміз. Бұл еңбек өзінің ауқымдылығымен, шежіреге қатысты ғылыми-әдістемелік негізімен, әулеттің тарихын тұтас қамтитын бай деректік мәліметтермен дәйектелген, мол танымдық ақпараттылығымен ерекшеленіп, осы саладағы ізденістерге нақты жүйелілік сипатымен үлгі боларлық. Ж.Кейкиннің мұрасының құндылығын кәсіби, ғылыми тұрғыдан бағалау керек. Оның еңбектері – тумысынан парасатты, қазақтың қара сөзінің мәнін бағамдай алатын, ел ішіндегі әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді, көне сөздер мен аңыз әңгімелерді көп білетін құйма-көкірек, шежіре-адамның, зердесі терең тұлғаның ғалымдардың, этнографтардың еңбектеріне сүйеніп, керек жерінде толықтырып отыратын, өмір тәжірибесін зерделеп, пайымдауының нәтижесінде туып, халық кәдесіне жараса деп жүйелеп ұсынған еңбектер.
Мысалы, қазақ тіліндегі киімнің (жасқа, әлеуметтік топқа, гендерлік сипатқа, салтқа, (құдалық, т.б.) рәсімдерге қатысты, істелген материалы мен тігілу сәніне, түрлеріне (бас киім, аяқкиім, т.б.), кәсіп-қызметке, т.б. қатысты атаулардың, зергерлік бұйымдардың (сақина, жүзік, сырға (мысалы, сырғаның 40-тан аса түрінің атауы көрсетілген), моншақтың (жақмоншақ, бетмоншақ, талмоншақ), т.б. әшекейлер түрлері (шортас, қозотаға, тана, көктас, жыға жақтау, шытық, жемелек, т.б.) атауларының жіктеліп берілуі қазақтың қалыптасқан, дәстүрлі төл мәдениетінің танымдық, соған сай рухани-эстетикалық тұтасқан жүйесін айғақтайды. Мысалы, зергерлік бұйымдар, киіз үй дайындауға қатысты әрекеттер (шытыра, су жүгірту, ырғақ, сарнау, мор, тезге салу, т.б.) мен құралдардың (күйенталы таразы, саусақ қалып, сандал, оқбақыр, талқы, қадаубас, түртпе, шекіме, маймөңке), т.б. атауларының Х.Арғынбаев, Д.Шоқпарұлы, Р.Шойбеков еңбектеріндегі деректерінен жинақталып, толықтырылып, бір этномәдени жүйеде, тұтастықта берілуінің танымдық тиімділігі жоғары.
Жамал МАНКЕЕВА,
филология ғылымдарының докторы,
профессор