16 Қазан 2013, 05:08
Шебер аудармашы Ісләм Жарылғапов терминжасам тәжірибесімен шұғылданумен бірге осы игі істі ұйымдастыру шаруасының да басы-қасында болған. Бұл тұста ол профессор Құдайберген Жұбановтың ізбасарларының бірі сияқты көрінеді. Қазақ топырағында қазақ терминологиясының ғылыми мәселелерімен тұңғыш айналысқан Қ.Жұбанов болатын. Ол 1933 жылы алғаш ұйымдастырылған терминологиялық комиссияның тұңғыш төрағасы еді. Ал 1937 жылдан былай қарай жұмысын тоқтатқан осы комиссия ісіне Ісләм 50-ші жылдардан бастап араласады. Оның ережесін жасап, жұмыстың нәтижелі жүргізілуіне қолқабысын тигізеді.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының аяғы 40-шы жылдардың алғашқы жартысында бүкіл Кеңес елімен бірге қазақ халқының да қандай қасірет шеккені тарихтан белгілі. «Байтал түгілі бас қайғы» болған сол бір кезеңде тоқтап қалған бұл шаруаның басы-қасында, ескі араб жазуы негізіндегі білімі мен жаңа дәуір ілімін де жеткілікті игерген Ісләм Жарылғапов сынды білікті азаматтың болуы қазақ терминологиясының дұрыс бағытта қалыптасуына игі әсерін тигізбей қойған жоқ. І.Жарылғапов термин шаруашылығында барлық ғылым саласы мамандарымен бірге жазушының да, аудармашының да, журналистің де, тіл мамандарының да бірлесе тірлік ету керек екендігін бүкіл жан дүниесімен түсінді. Өмір бойы осы бағытынан таймады. Ең бастысы жасалған терминдердің ана тілінің ішкі заңдылықтарына сәйкес болуын қадағалады. Осыны ұстана отырып, термин жасау ісінде, ең алдымен, Ахмет Байтұрсынұлының ана тілі қазынасын сарқа пайдалану принципіне берік болды. Сондықтан да Ісләм Жарылғапов терминдері байырғы қазынамыздай қабылданып, мәдени өмірімізге қызмет етіп келеді.
Сонымен бірге, әсіресе термин мәселесімен айналысып жүрген жандардың есіне сала кеткім келіп отырған бір жайт бар. Әңгіме ісләмтану ілімінің қалыптаса бастағаны туралы. 2008 жылы жұртшылық қолына тиген жазушы Өтеш Қырғызбаевтың «Сөз зергері Ісләм Жарылғапов» дейтін кітабын ерекше атауға болады. Бұл ісләмтану іліміне қосылған үлкен үлес болды. Егер ғылым әлеміндегі бұрынғы жүйе орнында болғанда бұл еңбекті ғылыми атақ беретін ғылыми кеңеске ұсынуға болар еді.
Бүкіл Түркі жұртшылығының бүгінгідей түпнегізге бет бұра бастаған жаңа кезеңде Ісләм Жарылғапов тәрізді тіл зергерлерінің жанкешті тәжірибелерінің жол нұсқалық маңызын зор деп білеміз. Неге десеңіз кешегі бір ғасырлық әре-тәрелік түркі халықтарының туыстық тұтастығына өлшеусіз нұқсан келтіргені мәлім. Жаңа заман мүмкіндік тудырып тұрған қазіргі кезде сол мүмкіндікті толық пайдалану бәрімізге парыз болуға тиіс.
Тәуелсіздікке ие болған Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан сияқты бес мемлекеттің алғашқы және басқа да ес жинаған туыс ағайындар іс-әрекеттерінде осындай алғашқы нышан байқалғанымен әлі жүйелі жұмыс жасала қойған жоқ. Рас, Түркия Республикасы өзінің бауырлас елдерінің егемендік алғанына бірден қолдау көрсеткені белгілі. Бірегей ел, біртұтас ұлт, ортақ тіл тәрізді пиғыл-пікірлердің де оқтын-оқтын шығып қалатыны бар. Біздің ойымызша қазір тарихи әділетсіз шаралар барысында бір-бірінен алшақтаңқырап кеткен туыс халықтар тілдеріндегі ортақ түбір сөз, ортақ түбір тұлғалар негізінде ортақ терминдік атауларды қалыптастыра бастау қажет деп білеміз. Салғастыра, саралай қарасақ, бұған толық негіз бар. Тіпті түркі тілдеріндегі ғасырлар бойы сақталып келген өлі түбірлердің сырына үңіліп, олардың әр тілдегі санын шамалауға әрекеттенген әйгілі проф. Ә.Т.Қайдардың зерделеуі де бізді осындай ойға жетелейді.
Мұндай ойға, әрине, әзірге үрке қарайтындар бар. Өйткені біз әлі әр ұлттың тілдік қорында не бар, не жоқ екенін анық айқындап біткеніміз жоқ. Әуелі әрбір туыс тілде жасалып жатқан терминологиялық сөздіктерді өзара салыстырып, ізденіс жұмысымен айналысу керек. Содан ортақ түбір, ортақ атау, ортақ ұғымдарды саралау жұмысы туындайды. Ал мұндай істі ортақ зерттеу бағдарламалары арқылы бірлесе отырып жүргізуге болады. Солай ету керек те. Біздің Ісләм Жарылғаповтың 95 жылдығына орай сөз қозғауымыз осындай игі істің бастамасы болғай деп тілеймін. Себебі І.Жарылғапов тәрізді сөз шеберлерінің тәжірибесі осынау ниетімізге от береді, жылдар бойы басылып келген рухымызды көтереді, еңсе тіктетеді.
«Ана тілі» газеті