16 Қазан 2013, 05:07
Ісләм аға қазақ тілінің сөзжасам заңдылығын терең білген. Ахаңа көп сүйенген. Жаңа жасалған термин сөздердің қайсыбірін саралап көрелік. Мысалы, қазақ тілінде зейнет деген сөз бар, тіпті «Бейнет, бейнет түбі – зейнет» деп жатамыз. Сондай-ақ біреудің ақысын жеуге болмайды деген ұғымды әйгілеп тұрған «ақы» сөзін алыңыз. Міне, осы «зейнет» пен «ақы» сөзін біріктіру арқылы «зейнетақы» деген керемет термин сөз жасалды. «Қаламақы» да дәл осы принциппен жасалған. Саябақ, түсқағаз, орынтақ, жағажай, қырыққабат, қолөнер, еңлікгүл, баспана, сарышұнақ, төраға тәрізді аталымдар да осы принциппен түзілген. Сөздерді біріктіру арқылы жаңа сөз жасау Ахаң көрсеткен тәсіл.
Сонымен бірге Ахаң қазақ тіліндегі сөзжасау дағдысында жалғау жұрнақтың атқарар рөлі айрықша екенін түйсініп, осы негізде де талай сөз туындатқан. Осыны Ісләм да дамыта түскен, әдемі жалғастырған. Баспа+гер, дерек+теуіш, қаза+нама, жазыл+ым, ұйғар+ым, келіс+ім, тыңдар+ман, оқыр+ман, туын+ды, жүгін+гі, ғарыш+кер, дәріс+хана, сарап+шы, күнде+лік, мәлімде+ме, мазмұнда+ма, басқар+ма, анықта+ма, қайрат+кер, шебер+хана, т.т. тәрізді сөз үйірлері біздің қазіргі сөз байлығымызға қосылған асқан үлгілер. Осындағы -гер, -кер, -ым, -ім, -хана, -мын, -мен, -ма, -ме, т.т. қосымшаларды орынды ойнату арқылы терминдік үлгілердің түрлене түскенін көреміз.
Сондай-ақ ол қазақ тілінің басқа да мүмкіндіктерін барынша пайдалануға тырысып отырады. Тіпті байырғы қарабайыр қазақ сөзінің терминдік мән тілеп тұрған табиғатын дөп басып қолданысқа салады. Сөздерді біріне-бірін жаңаша тіркестіру арқылы жасалған термин сөздердің қатары да жетерлік. І.Жарылғаповтың аударма ісімен түбегейлі айналысуы қазақ тілінің қадір-қасиетін, қуатын терең сезінуге жетелеген. Ана тілінің әлі іске жаратылмай жатқан түпсіз байлығының көзін аша түсуге итермелеген. Аударма арқылы туған тілден балама іздеуде, тіпті калькалау тәсілінен де ол ешқандай қиналмайды. Еркін көсіледі. Ешқандай балама таппай қиналған тұстың өзінде ол түпнұсқа терминдерін қазақыландырудың түрлі жолын табуға тырысып отырады.
Міне, сондықтан да ісләмтану ілімінің әлі талай жаңалықтарға жол ашары даусыз. Ол жасаған сөз үйірлерін зерделей келе біз тіліміздің мүмкіндігінің қаншалықты екеніне қанығамыз. Ана тіліміздің, ғылымның сан саласында қызмет етерлік қабілет-қарымы ұшан-теңіз екенін дәлелдеуде Ісләмнің алдына түсер ағайын көп емес.
Осындай ізденістерге риза болған суреткер Ғабит Мүсіреповтің мына сөздеріне қайта бір жүгінген артық болмас деп білеміз: «Тіліміздің қорында бар сөздерге жаңа мағына беру жолындағы табыстарымызға мен Ісләм Жарылғаповтың көрермен, оқырман, аялдама деп қосқандарын орынды да орнықты көремін. Мен бұдан жеті-сегіз жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде «Асқындырып алмайық, достар!» деген мақаламды жариялап едім, ол мақаламда жоғары төменнен, аға жазушылар мен жас жазушылардан ана тіліне жасалып жүрген жәбірлер жайында болатын. Егер ана тіліміз үлкен талаптарды көтере алмайтын, өспеген олақ тіл болса, бұл мақаланы жазбаған болар едім. Жоқ, бұл бай тіл! Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады!» Ал «балмұздақ» сөзін алғаш естігенде, маңғаз да сабырлы Ғабең сүйсінісін жасыра алмай, «бұл аударма ғана емес, ерлік!» деп таңданған екен.
«Ана тілі» газеті