Терминтану ілімінің хас шебері

16 Қазан 2013, 05:06

Қазақ терминологиясы дейтін ілім саласында дәл Ахмет Байтұрсынұлындай айрықша орны бар білімпаз деп Ісләм Жарылғаповты айта аламыз. Өйткені оның басқа еңбектерін былай қоя тұрып, кезінде жұртшылық сұранысын қамтамасыз етіп, қолданыс әлемінде орын-орнына тұра қалған аялдама, анықтама, жағажай, балмұздақ, күнделік, көрермен, оқырман, тыңдарман, саяжай, ғарыш, зымыран, тыңжерші, баспагер, ғарышкер, қаламгер, өркениет, қаламақы, зейнетақы, жазылым, жазылыс, мемлекет, жержаһан (континент), үлгерім тәрізді толып жатқан термин сөздердің дүниеге келуіне себепші І.Жарылғапов сияқты қаламгер екенін ұмыта да бастадық, тіпті ескеріп елеп те жатпайтын жағдайға жеттік. Тағдыр сыйлаған, бабалар баптаған ұлы тіліміздің баяғы табиғи байлығындай сіңісіп, кірігіп қатар түзеп тұра қалған бұл терминдік аталымдар ана тілін қадір тұтатын кез келген сауатты жанның аузында, қаламының ұшында. Әдетте сөзжасам мәселесімен шұғылданған жандардың табан астында сөз туындатып жататын қабілетіне таңданамыз. Бұл шеберлік, білгірлік, сауаттылық. Осындай қабілетінің арқасында І.Жарылғапов қазақ тілінің сөздік қорына жүздеген жаңа қолданыс енгізген екен. Оның қаламынан туған мына бір өлең жолдарына қарағанда ол сөз ойнату өнерімен өмір бойы шұғылданғанын көреміз. Және нәтижелі еңбек еткен. Қараңыз: «Көп тілден түйіп ой-сезім, Төл тілдің аршып көл-көзін, Төлдетіп ана тілімді, Бес мың сөз қостым мен өзім» деуіне қарағанда І.Жарылғапов қалдырған мұраны біз әлі игере қоймаған сияқтымыз. Әрине, олардың бәрі бірдей сөзжасам принциптеріне сай қатар түзей қоймаған шығар. Алайда ол ана тіліміздің ішкі әлеміне тереңдеп, оның өріс ашар мүмкіндігін үнемі қадағалаумен болған. Содан да оның сөз мәнін дөп танитын түйсік-түсінігіне тәнті болып отырамыз. Ісләм Жарылғаповтың термин туын­дату еңбегімен түбегейлі таныса келе, оның бұл шығармашылық салада ұстанған тірегі Ахмет Байтұрсынұлы болғанын аңғарамыз. Қазақ тілінің сөздік қорын дамытуда ол әуелі әлемдік тәжірибеге Ахаңша сүйене отырып ана тілінің өзіндік ерекшеліктерін сақтауда мына төмендегідей бағыт-бағдар ұстанады. Біріншіден, ана тілінің сөз қорын сарқа пайдалану, тірі сөзді өлтірмеу, өлімші сөзді тірілту; Екіншіден, ұлттың өзіне ғана тән сөйлеу үлгілерін бұзбау, өсіру, өркендету; Үшіншіден, басқа тілдің ойлау, сөйлеу үлгілерін ана тілінің заңына, ойы­на бағындырып үйрену; Төртіншіден, қажет болған жерлерде ұлттық тілдің үлгісімен жаңа сөздер (нео­логизмдер) жасап ала білу; Бесіншіден, өз тіліңнің мүмкіндігі болмағанда ғана басқа тілдерден қажет сөздерді алу; Алтыншыдан, басқа тілдерден келген сөздерді ана тілінің салт-санасына, үлгісіне, рухына бағындырып алу, қажетінше жымдастыру керек. Жат сөзге ұқсамай, төл сөзге ұқсату; Жетіншіден, қажетсіз, орынсыз алынған шетел сөздерінен ана тілін тазарту керек. «Тіл интервенциясына» жол бермеу керек. І.Жарылғапов қалдырған жаңадан туындатылған термин сөздердің бәрі дерлік осы үлгімен жасалған. Ол бұл үлгіні қайдан алды, кімге, неге сүйенді? Жоғарыда аңдатқанымыздай ол әуелі әлемдік тәжірибеге сүйенді, жан-жақты ізденді, ана тілінің болмыс-бітімін түбегейлі тексерді. Қазақ ғұламалары мен жазушыларының еңбектерін шарлады. Бір таңғаларлығы Ахаңды (­Ахмет Байтұрсынұлы) оқу, білу түгіл, есі­мін ауыз­­­­­­ға ала алмайтын кезеңнің өзінде Ісләм оның бүкіл еңбегін түбегейлі зерттегені байқалады. Жоғарыдағы айтылған үлгілер түгелімен Байтұрсынұлының ұстанымдары. Жарылғапов терминдері деп аталып жүрген атау сөздердің бәрі дерлік осы негізде жасалған. Жалпы жаңа сөз жасау деген ұғым негізінде шартты нәрсе. Тірек етер негіз бар жерде ғана жаңа сөздер қатарын тізуге болады. Ахаң да, Ісләм да осыны қатты ұстанған. Яғни жаңа сөз, жаңа қолданыс тілде бұрыннан бар түпнегізге сүйенеді. «Ана тілі» газеті  

Қазақ терминологиясы дейтін ілім саласында дәл Ахмет Байтұрсынұлындай айрықша орны бар білімпаз деп Ісләм Жарылғаповты айта аламыз. Өйткені оның басқа еңбектерін былай қоя тұрып, кезінде жұртшылық сұранысын қамтамасыз етіп, қолданыс әлемінде орын-орнына тұра қалған аялдама, анықтама, жағажай, балмұздақ, күнделік, көрермен, оқырман, тыңдарман, саяжай, ғарыш, зымыран, тыңжерші, баспагер, ғарышкер, қаламгер, өркениет, қаламақы, зейнетақы, жазылым, жазылыс, мемлекет, жержаһан (континент), үлгерім тәрізді толып жатқан термин сөздердің дүниеге келуіне себепші І.Жарылғапов сияқты қаламгер екенін ұмыта да бастадық, тіпті ескеріп елеп те жатпайтын жағдайға жеттік. Тағдыр сыйлаған, бабалар баптаған ұлы тіліміздің баяғы табиғи байлығындай сіңісіп, кірігіп қатар түзеп тұра қалған бұл терминдік аталымдар ана тілін қадір тұтатын кез келген сауатты жанның аузында, қаламының ұшында.
Әдетте сөзжасам мәселесімен шұғылданған жандардың табан астында сөз туындатып жататын қабілетіне таңданамыз. Бұл шеберлік, білгірлік, сауаттылық. Осындай қабілетінің арқасында І.Жарылғапов қазақ тілінің сөздік қорына жүздеген жаңа қолданыс енгізген екен. Оның қаламынан туған мына бір өлең жолдарына қарағанда ол сөз ойнату өнерімен өмір бойы шұғылданғанын көреміз. Және нәтижелі еңбек еткен. Қараңыз: «Көп тілден түйіп ой-сезім, Төл тілдің аршып көл-көзін, Төлдетіп ана тілімді, Бес мың сөз қостым мен өзім» деуіне қарағанда І.Жарылғапов қалдырған мұраны біз әлі игере қоймаған сияқтымыз. Әрине, олардың бәрі бірдей сөзжасам принциптеріне сай қатар түзей қоймаған шығар. Алайда ол ана тіліміздің ішкі әлеміне тереңдеп, оның өріс ашар мүмкіндігін үнемі қадағалаумен болған. Содан да оның сөз мәнін дөп танитын түйсік-түсінігіне тәнті болып отырамыз.
Ісләм Жарылғаповтың термин туын­дату еңбегімен түбегейлі таныса келе, оның бұл шығармашылық салада ұстанған тірегі Ахмет Байтұрсынұлы болғанын аңғарамыз. Қазақ тілінің сөздік қорын дамытуда ол әуелі әлемдік тәжірибеге Ахаңша сүйене отырып ана тілінің өзіндік ерекшеліктерін сақтауда мына төмендегідей бағыт-бағдар ұстанады.
Біріншіден, ана тілінің сөз қорын сарқа пайдалану, тірі сөзді өлтірмеу, өлімші сөзді тірілту;
Екіншіден, ұлттың өзіне ғана тән сөйлеу үлгілерін бұзбау, өсіру, өркендету;
Үшіншіден, басқа тілдің ойлау, сөйлеу үлгілерін ана тілінің заңына, ойы­на бағындырып үйрену;
Төртіншіден, қажет болған жерлерде ұлттық тілдің үлгісімен жаңа сөздер (нео­логизмдер) жасап ала білу;
Бесіншіден, өз тіліңнің мүмкіндігі болмағанда ғана басқа тілдерден қажет сөздерді алу;
Алтыншыдан, басқа тілдерден келген сөздерді ана тілінің салт-санасына, үлгісіне, рухына бағындырып алу, қажетінше жымдастыру керек. Жат сөзге ұқсамай, төл сөзге ұқсату;
Жетіншіден, қажетсіз, орынсыз алынған шетел сөздерінен ана тілін тазарту керек. «Тіл интервенциясына» жол бермеу керек.
І.Жарылғапов қалдырған жаңадан туындатылған термин сөздердің бәрі дерлік осы үлгімен жасалған. Ол бұл үлгіні қайдан алды, кімге, неге сүйенді? Жоғарыда аңдатқанымыздай ол әуелі әлемдік тәжірибеге сүйенді, жан-жақты ізденді, ана тілінің болмыс-бітімін түбегейлі тексерді. Қазақ ғұламалары мен жазушыларының еңбектерін шарлады. Бір таңғаларлығы Ахаңды (­Ахмет Байтұрсынұлы) оқу, білу түгіл, есі­мін ауыз­­­­­­ға ала алмайтын кезеңнің өзінде Ісләм оның бүкіл еңбегін түбегейлі зерттегені байқалады. Жоғарыдағы айтылған үлгілер түгелімен Байтұрсынұлының ұстанымдары. Жарылғапов терминдері деп аталып жүрген атау сөздердің бәрі дерлік осы негізде жасалған.
Жалпы жаңа сөз жасау деген ұғым негізінде шартты нәрсе. Тірек етер негіз бар жерде ғана жаңа сөздер қатарын тізуге болады. Ахаң да, Ісләм да осыны қатты ұстанған. Яғни жаңа сөз, жаңа қолданыс тілде бұрыннан бар түпнегізге сүйенеді.

«Ана тілі» газеті
 

Бөлісу: