Сәбиге сұлу есім сыйлау – парыз

21 Қараша 2014, 09:28

Ежелден ата-бабаларымыз жаңа туған нәрестенің атына ерекше мән берген.

Ежелден ата-бабаларымыз жаңа туған нәрестенің атына ерекше мән берген. VII-IX ғасырға дейін қазақ есімдерінде «бек, бай» деген тіркестер болған емес. Мысалы: Албан, Албаннан туған: Шабыл, Сары. Шабылдан – Боты, Өтей. Ботыдан – Молболды, Жолболды. Немесе Қаңлыны алайық. Қаңлыдан – Бәйтерек. Одан – Сары қаңлы, Қара қаңлы. Ал Сары қаңлыдан: Омыртқа, Құмырсқа, Алымбет, Ақбарақ, Тоқай т.с.с. болып кете береді.

VII-IX ғасырға дейінгі қақты­ғыстардан шаршаған қазақтар балаларының есімдеріне «бек, бай» тіркестерін осы кезеңдерде жалғаған көрінеді. Міне, осыдан келе, Кенжебек, Байдыбек, Берікбай, Серікбай, Нұрлыбек, Құнанбай, Далабай, Өзенбай және т.б. сынды есімдер тараған. Ал қазіргі заманда бұлар қысқарып, Кенже, Серік, Берік болды. Сонымен қатар қыздарға қойылатын есімдер көбінде Құ­раннан алынып отырған: Зере, Нүрила, Нұрипа, Айғаным, Фатима. Ал XVIII ғасырларда қыздардың есімдеріне көбіне «күл» және «гүл» тіркестері қосыла бастады. Мысалы: Орынкүл, Майгүл, Мейрамкүл, Маржангүл және т.б. Демек, аталарымыз қыздары үнемі күліп әрі гүлдей жайнап жүрсін деген ырыммен қойған болар.
Қазақ халқы ырымшыл халық болғандықтан, көз тимесін деген оймен сәбиді түрлі сиықсыз есімдермен де атаған. Мысалы: Жаман, Қиқым, Шоқпыт, Сасық, Күшік, т.б. Ал егер отбасында ат ұстар ер бала тумай, қыз өмірге келе бергенде, қыздың есіміне «ұл» тіркесін жалғап отырған. Бір хадисте Мұхаммед Пайғамбарға өмірде жолы болмай, қырсық шала берген бір сахаба шағынған соң, Алланың Расулы оған «есіміңді өзгерт» дегені айтылады. XX ғасырдың басынан ғалымдар адамның есімі оның тағдырына қандай әсерін тигізетінін зерттеп келеді. Ол ғылым «антропономика» ғылымы деп аталады. Осы салада жұмыс істейтін ғалымдардың айтуынша: «Есім – бала өміріне айтарлықтай әсер етеді, сәбилерді неғұрлым көркем есімдермен атаған са­йын, баланың тұла бойы соған сәйкес көркемделе түседі» дейді.
Осы орайда қала тұрғында­рынан балаларын қалай атайтынын сұрап білген едік…

Саят Кененбаев, 24 жас:
– Қызымның есімі – Мейірім. Бұл есімді менің анам қойды. Ме­нің ойымша, қазір көбі баланың атына мән бермейді. Менің Дулат деген досымның сүйікті Алан деген иті болған, енді тұңғыш баласын да Алан деп атапты.

Бақытгүл Әбдірахманова, 36 жас:
– Менің қызымның есімі – Неля. Шынымды айтсам, бұл есімнің не мағына беретінін білмеймін. Қайын інім «осылай қойыңызшы» деген соң келістім. Қазақтың салтын сыйлағандықтан бас тарта алмадым. Ал өзім Жаннұр деп атағым келген. «Жаны нұрлы болсын» деген ырыммен. Менің ойымша, қай тілдегі есім қойылса да, ол ең бастысы мағыналы болса болды.

Совет Тәжібаев, 44 жас:
– Атымды атам қойған. Мен туылған жылы ауылда кеңес өкіметі орнапты, сол себепті Совет болып аталыппын. Бірақ қазір мені көбінесе Сәбит деп атайды. Менің ойымша, қазір туылған балаға өзге елдің аттарын көбірек береді. Ол дұрыс емес. Себебі басқалар біздің есімімізге қарап қай ұлт екенімізді білгені дұрыс қой.

Алтын Тайжанова, 66 жас:
– Өзімнің тоғыз немерем бар. Соның жетеуі – қыз. Алтауының есімдері «А» әрпінен басталады, оның үстіне өзімнің де атым «А» әрпінен басталғандықтан, осыған ұқсас бір әдемі, ерекше, мағыналы есімді ең кенже немерем туылмай тұрып іздеген болатынмын. Сонымен бір журналды оқып отырып, сол жерден Аруза деген есімді кездестіріп қалдым. Аруы түсінікті шығар, «за» дегеніміз араб тілінен аударғанда «ерекше» деген мағына береді. Міне, осылай қызыма лайықты әдемі әрі мағыналы есімге жолықтым.
Аңғарғанымыздай, халық қа­лауы әртүрлі, бірі қазақтың салтын ұстанса, ал енді бірі ерекше есімдерді қалайды екен. Тіпті қазірдің өзінде түрлі саяси науқандар мен спорттық додалар қарсаңында баласына соған сай есімдер беріп жатқандар да жетеді. Бұл, әрине, әр азаматтың өз талғамы мен қалауы, оған еш дауымыз жоқ. Бірақ мына қызық жайтқа кұлақ түріңізші. Бір күні М.И.Калининді туыс­тары шілдеханаға шақырыпты. Келе салысымен ол сәбидің ата-анасынан баланың атын қалай атағандарын сұраса керек. Олар жаңа туған нәрестенің атын Эдуард қойыпты. Сонда Ми­хаил Иванович: «Бұларың не? Ол орыс емес пе? Оның аты Иван болу керек емес пе?» деп айтқан көрінеді. Әзіл көрінгенімен бұл юмордың астарында ұлтқа деген сүйіспеншілік жатқанын аңғармау мүмкін емес.
Әр ата-ана баласына әдемі есім сыйлағысы келеді. Сол сәтте олар есімнің әдемілігіне ғана емес, мағыналылығына да назар аударғаны абзал. Сондай-ақ әр ұлттың есімі сол ұлттың өзіне лайық болуы керек. Ұлт өзінің есімімен танылады. Перзентіңізге туған тілінде көркем есім берсеңіз, сәбиіңіз өз тілінің сұлулығына өмір бойы сүйсініп өтсе керек.

Жансая БЕЙСЕНҚЫЗЫ

«Ана тілі»

Бөлісу: