16 Қазан 2013, 04:31
Тілімізде әрі-сәрі қолданылып жүрген біраз сөз бар. Солардың бірі – сұрау, сұрақ, сауал. Мағыналық тұрғыдан байыбына бара бермей, кейде сұрау десек, кейде сұрақ дейміз. Тіл мамандары бұл сөздерді сөз мәдениеті тұрғысынан төмендегіше қолдану қажеттігін еске салады:
Сұрау, сұрақ, сауал сөздерінің, сырт қарағанда, мағыналарында «менмұндалап», «айғайлап» тұрған ерекшелік жоқ сияқты көрінеді. Сондықтан болар, бірде сұрау, бірде сұрақ немесе сауал деп, ауыс-түйіс қолданып та жатамыз. Дегенмен мәндес сөздердің мәнділігіне мән бермей жұмсау кемшілік болып саналады. Аталмыш сөздердің барлық жағдайда бірінің орнына бірі жұмсалмайтыны байқалып-ақ тұрады. Салыстырайық:
1. С ұ р а у (вопрос) «ауызша немесе жазбаша түрде жауап беруді талап ететін сөз». Сонымен қатар сұрау сөзі – лингвистика саласында қолданылатын термин. Сұрау сөзінен сұраулы сөйлем деген лингвистикалық термин жасалып тұр. Ешкім сұрақты сөйлем деп айтпайды. Олай болса, бірізділік үшін сұрақ белгісі емес, сұрау белгісі деген жөн және қазақ тілі сабақтарында, оқулықтарда сұрау деп қолданған орынды.
Соңғы жылдары аударма мәтіндерде мәселе дегеннің орнына сұрау, сұрақ сөзін қолдану байқала бастады: «алдымызда шешімі қиын сұрау тұр; бұл сұрақтың шешімін табу қажет» т.б.
Бұлай деу – мүлде қате. Дұрысы – «алдымызда шешімі қиын мәселе тұр»; «бұл мәселенің шешімін табу қажет». Ал әлгіндей қатенің түп- төркіні орыс тіліндегі вопрос сөзін дұрыс аудармағаннан. Орыс тіліндегі көп мағыналы вопрос сөзі тек сұрау дегенді ғана емес, «мәселе», «қиындық» деген ұғымды білдіреді.
2. С ұ р а қ (допрос) «бір нәрсенің мән-жайын анықтау үшін ресми түрде айыпталушыға, не болмаса куәгерге қойылатын сұрау». Мысалы, «тергеуші сұрақ алуға айыпталушыны шақырады»; «сұрақтың хаттамасы»; «тергеуші жүргізген сұрақтың хаттамасына қол қойылды» деген қолданыстан сұрақ сөзінің құқықтық салаға қатысты термин екенін байқаймыз.
3. С а у а л (опрос) «белгілі бір әлеуметтік, саяси мәселелер жөнінде әртүрлі адамдардан, жұртшылықтан алғашқы ақпарат жинаудың әдістемесі». Олай болса, сауал – әлеуметтік зерттеулер саласындағы қолданылатын термин.
Сондай-ақ сауал «өкілетті тұлғаның, сайланбалы мемлекеттік мекеме мүшесінің тиісті ресми орындардан әлеуметтік, саяси, мәдени, тағы басқа мәселелерге байланысты жауап беруді талап ететін сұрауы» дегенді білдіреді. Мысалы, депутаттық сауал, депутат сауал салды, тағы басқа.
Сонымен, қорыта айтқанда, сұрау, сұрақ, сауал тәрізді сөздерді қозықоспай жасамай, саралап қолдану сөз байлығын орынды пайдаланудың тиімді тәсілі болып табылады.
Айтса, айтқан-ақ екен!
Ат тергеу немесе жас келіннің амандасуы
Қазақ дәстүрінде жаңа түскен келін әдеп сақтау жолымен қайын жұртындағы жасы үлкен туыстарына, күйеуінің жақындарына ат қояды. Мырзажігіт, Еркеқыз, Көзжақсым, жүзден оны кем атам, тағы басқа есімдер жаңа туыстарының отбасындағы орнына, әлеуметтік тұлғасына қарап қойылатын болған. Мұндай салт ат тергеу деп аталған.
Қазіргі кезде бұл салт жас келіндер арасында қатаң сақтала бермейді, тіпті ұмыт болып келе жатқан сыңайы бар. Соның бір мысалы төмендегідей:
… Бір жас келін қайын жұртына түскен күнінің ертесіне таңертеңгілік алдынан шыққан қайынағасына қалай амандасудың ретін таппай, үйреншікті тәртібімен:
– Саламатсыз ба? – депті сызылып. Қайынағасының аты Саламат екен. Ол кісі де қу тілді болса керек, аяқ астынан сөз тауып кетіп:
– Дәл соның өзімін! – деп жүре беріпті.
Сөзден тосылған жас келін ұялып, төмен қарапты.
Жанат ИСАЕВА
«Ана тілі»