16 Қазан 2013, 04:28
Қаңтар. Ежелгі түркі күнтізбесіндегі реттік айлар мен мүшелдік айлардың аттары сол айлардың жыл ішіндегі орындары арқылы түсіндіріледі. Мысалы, байырғы қазақ күнтізбесіндегі тоғыс айларының аттары Үркерді әр жаңасындағы Айдың «басып өткендігіне» қарай айтылса, жұлдыз айлардың аттары зодиак шоқжұлдыздарының атауларынан шығады. Ал азаматтық айлардың аттарын М.Исқақов түсіндірме сөздікке сүйене отырып өздігінше түсіндіреді. Одан кейінгі ай аттарын тіл білімі тұрғысынан профессор Н.Уәлиұлы қарастырған болатын. Қаңтар – күннің қаңтарылып байланып, одан әрі тұқырып қысқара алмайтын айы. Қаңтарулы аттың басының жерге жетпейтіні сияқты, қаңтардағы күн көзі де одан әрі төмендеп, көкжиекке жақындай алмайды. Ғасырлар бойы аспанды бақылап, жазық далада өмір сүрген қазақ халқы күн қозғалысының бұл ерекшелігін ерте кезде-ақ аңғарған. Соған орай қыстың қаңтарылып тұрған кезін «қаңтар айы» деп атаған.
Күннің таласуы. Халықтың айтуында «күн найза бойы көтерілді» дейтін уақыт қаңтардың алғашқы күніне сәйкес келеді. Бұл кезде ауа райы өзгереді. Қар жауады немесе сырғыма жүреді.
Қыс шілдесі. Қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне енеді. «Тіфу десе, түкірік жерге түспей қататын сақылдаған сары аяздар» басталады. Мұны қазақтар «қыс шілдесі» деп атайды.
Жыл мезгілдеріне сай болатын табиғи құбылыстарға қатысты көне сөздердің (этнографизмдердің) қазіргі тілімізде қолданыла бермейтін, ұмытылып бара жатқан түрлерін атай кетейік: Сырма – сусымалы бұрқақ боран атауы. Анжыр – қардың еріп кетуі. Жерде аралас жатқан қатқан қарлы мұз. Ошаған –кемпірқосақтың көне атауы. Қылау – ауадағы су буынан немесе салқын тұман тамшыларынан түрлі зат бетіне, ағаш бұтақтарына қонатын мұз қабаты. Мұзақ – жаңбыр тамшыларының жерге мұз болып түсуі.
Қардың жауу ерекшелігіне орай
мынадай түрлері кездеседі:
Ала қанат қар – бір аумаққа жауып, бір аумаққа жаумай жерге ала түскен қар; Жапалақ қар – ірі түйіршікті жапырақтап жауған қар; Жылбысқа қар – ери жауған қар; Күпсек қар – қалың жауған ұлпа қар; Көбік қар – жерге түскенде астыңғы қабаты ери беріп, беті көпіршіген жұмсақ қар; Қасат қар – ұзақ жатқан қалың қар; Күртік қар – беті қатқан, жаяу жүргенде ақсақ ойылатын қалың қар; Қиыршық қар – жентектелген түйіршік қар; Қырбық қар – жұқа жауған қар; Омбы қар – ат бауырлайтын қалың қар; Сонар қар – алғаш жауған қалың қар; Сүрі қар – ерте түсіп ерімей, қыс бойы қалыңдаған, тозаң топырақ сіңіп, беті күлгін тартқан нығыз қар; Сіреу қар – ұзақ мезгіл мызғымай жатқан аяқ бастырмас, көлік жүрісіне бөгеу болатын қатты, қалың қар; Үрме қар – жел үрлеп, жиынтықтаған тығыз қар.
Жанат ИСАЕВА
«Ана тілі»