16 Қазан 2013, 04:22
Қазіргі кезде жоғалып бара жатқан тілдердің бірі – Ресейдегі шор тілі. Шор тілі – шор халқының тілі, Ресейдің Кемерово облысында таралған. Жалпы, шор тілінде сөйлейтіндер саны 6000 адамнан әрең асады. Бұл тіл де түркі тілдерінің хақас тобына жатады. Оған қоса бұл тіл – кенже жазулы тіл. Қазан төңкерісіне дейін жазуы болмаған. Шор тілінде кириллица әліпбиіне негізделген алғашқы әліппе 1927 жылы жарық көрген. Шор тілінде 16 дауысты, 25 дауыссыз дыбыс бар. Дауысты дыбыстар жуан, жіңішке, қысқа және созылыңқы болып бөлінеді. Грамматикалық ерекшелігі көмектес септігіне қосымша мағына үстемелейтін -ба, -бе, -па, -пе, -ма, -ме жалғауларын қолдану арқылы жасалады (мысалы, малтаба – балтамен).
Шорлар өмір сүретін аймақтағы көмір, темір, металл және алтын кеніштерін игеру үшін келген орыстар есебінен шорлардың саны13 пайызға дейін кеміді. Міне, осы кезден бастап шор тілінің, мәдениетінің бағы тая бастады. Ал сталиндік қуғын-сүргін жылдары ол аймақ түрме, абақты, лагерьлерге айналған екен. 1989 жылы жүргізілген санақ бойынша, 16 мың шор тізімге алынған. Олардың 12 мың бес жүзі Кемерово облысын мекендейді. Міне, солардың тоғыз мың сегіз жүзі шор тілін ана тіліміз дегенімен, тоғыз жүзі ғана ол тілде сөйлей алған.
Таллинде 1993 жылы басылған «Орыс империясындағы халықтар жөніндегі Қызыл кітапта»: «Шорлардың ұлттық бейнесі жоғала бастаған. Ұлттық дәстүр, ғұрып-әдет кейбір алыс аудандарда, ал тіл отбасы, үй ішінде ғана сақталған. Театр, баспахана, радио атымен жоқ. Ол аймаққа келімсектер, өнеркәсіп және орыс тілі ғана үстемдік етеді» деп жазылыпты. Қазір Кемерово облысының орталығы Новокузнецкідегі Педагогикалық институтта шор тілі және әдебиеті кафедрасы ашылды. Төрт мұғалімі бар. Ол бөлімді алты шәкірт бітіріп шыққан. Дегенмен жоғалуға аз-ақ қалған шор тілінің ат төбеліндей болса да өз қорғаушылары бар. Шор әдебиетін сақтап қалғысы келген бір топ жазушы жанталасып жұмыс істеп жүр. Олар 1990 жылдан бері шор тілінде «Туған жер» деген газет шығарып жатыр. Сондай-ақ шор тіліндегі өлеңдердің таңдамалы сегіз жинағы басылып шыққан. Жоғалардың аз-ақ алдында тұрған шор тілінің қазақ тіліне туыстығын көргіңіз келсе, төмендегі сөздікке үңіліңіз.
Шор тілінде Қазақ тілінде
аақта – ұсақта (етістік)
аара-пеери – әрі-бері
ай - ай
айа - ая (етістік)
айақ - аяқ
ақ - ақ (сын есім)
ақча – ақша
алақан – алақан
алты - алты (сан есім)
алтын – алтын
ит – ит
иш - іш
иш - іс
мус - мұз
обал - обал
одуң - отын
одыр - отыр (етістік)
одыс - отыз (сан есім)
он пеш – он бес (сан есім)
сарыг - сары
себис - семіз
Дайындаған Д.ІЗТІЛЕУ
«Ана тілі»