Едіге дүниеден озған соң...

16 Қазан 2013, 04:02

1420 жылы Едіге дүниеден озған соң біздің Алтын Орданың күш-қуаты кеміп, бірлігі кетті. Ақыры жеті хандыққа ыдырап тынды. Бірлігі қашқан олар аяғында тегіс бодан елге айналды. Әуелі өткенін жоқтаушылар көп болды. Кейінгі Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедовтерден соң қайта бірігу идеясы көзден бұл-бұл ұшты, енді мүмкін емес нәрсеге айналды. Ол – ол ма, өткенін білетін, оны көз алдынан қайыра елестетіп, бағасын байыптай алатын адам да қазір онша көп емес. Саусақпен санарлықтай ғана. Соның бірі Сейіт аға Қасқабасов екені көңілге жұбаныш. 1988 жылы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты монография шығарды. Оның «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ фольклористикасы» деп аталатын екінші тарауын, соның ішінде «Г.Н.Потанин» деген мақаланы С.Қасқабасов жазған-ды. Осы мақалада ғалым Г.Н.Потаниннің шығармашылық жолын баян ете отырып тиым салынған «Едіге» жыры туралы, оның генезисі хақында біраз нәрсенің бетін ашады. Арасында В.М.Жирмунскийдің еңбегін таяныш қылып эпостағы кейбір мотивтердің туу төркінін сөз етеді. Мұндайда қазақтың «қалауын тапсаң, қар жанар» деген мақалы еске түседі. Ал тәуелсіздік алған бетте жазылып 1992 жылы «Жұлдыз» журналында жария көрген «Қазақ фольклорындағы тұтастану құбылысы» атты іргелі еңбегінде ғалым сюжеттік тұтастану құбылысын былайша түсіндіреді: «…. демек, сюжеттің әу баста пайда болуы өлең-жыр, дәлірек айтқанда, қайтыс болған батырдың іс-әрекетін сөз еткен жоқтау түрінде де болады екен. Әрине, ол шағын шығармаларда қайтыс болған ердің өмірі толық баяндалмайды. Батырдың жүйелі эпикалық өмірбаянынан бұрын пайда болатын нәрсе – оның басты ерлігі туралы сюжет, өйткені бұл сюжет көп жағдайда болған шындыққа негізделеді де, бүкіл шығарманың өзегі болып табылады. Басқаша айтқанда, батырдың халық жадында сақталып келген ерлігі ерекше тұлға ретінде жеке бір сюжетке немесе шағын өлең-жырға негіз болып, шығарма ел арасында айтылып, тұрақты сюжетке айналады, содан кейін бірте-бірте кеңейеді, өседі, сөйтіп ғұмырнамалық циклге түседі де, батыр өмірінің маңызды бір кезеңі болып суреттеледі. Демек, сюжетті тұтастану ғұмырнамалықтан бұрын болады, ал соңғысы кейінгі замандарда етек алған, сондықтан да ол бірыңғай болып келеді. Мәселен, Едіге батыр туралы жырды алайық. Мұнда басты оқиға – Едігенің Тоқтамысқа қарсы күресі. Бұл – тарихи факт. Ал осы шындық эпоста көптеген қосымша сюжеттермен, мотивтермен көмкерілген, өйтпеген күнде Едігенің өмірі эпикалық күйге түспеген болар еді. Сөйтіп, Едігенің ғұмырнамасы оның ғажайып жағдайда тууымен басталады». Ғалым ғұмырнамалық тұтастану мәселесін қозғағанда да Едігенің өмірге келу тарихын Баба Ғұмыр, Баба Түкті Шашты Әзиздерге, оның шешесі су перісі Кенжекейге қатысты мифологиялық әңгімелермен байланыстырады. Сондай-ақ тарихи тұтастану мен географиялық тұтастануды талдағанда да «Қырымның қырық батырын» мысалға алады. «Қырымның қырық батырын» алайық, ең алдымен айтатын нәрсе, бұл эпос тұтастанудың барлық түрлерінен өткен, мұнда сюжеттік циклдену де, ғұмырнамалық циклдену де, шежірелік циклдену де, тарихи циклдену де бар. Соңғы циклдену түрі географиялық тұтастануға үлкен әсер еткен, өйткені мемлекеттік кезеңдегі тұтастану, бір жағынан, мемлекеттің көп жылғы тарихын қамтыса, екінші жағынан, сол ұзақ тарихты көрсету үшін мемлекет тұрған кеңістікті де көрсетуді керек еткен. Сөйтіп, «Қырымның қырық батырында» Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы тұстарындағы билеушілердің қаһармандық шежіресі тұтастанудың барлық үлгісі арқылы жыр түрінде баяндалған да, үлкен эпопеяға айналған. Ал эпопеяның алтын діңгегі –«Едіге туралы жыр», – дейді академик. Қазақ эпосындағы тарихи тұтастану мәселесін терең зерделеген ғалымның пікірінше «Едіге» жыры – тарихи-қаһармандық эпосқа жатады. Сол жылдары С.Қасқабасов бұл мәселеге тереңдеп барып, Едіге Мағауиннің «Едіге» жырының тарихилығы және көркемдік ерекшеліктері» деп аталатын филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясына жетекшілік жасады. Бұл Қазақстанда «Едіге» жырын арнайы жан-жақты зерттеген алғашқы көлемді зерттеу еңбек еді. Онда мынадай мәселелер қарастырылған: жырдың Шоқан нұсқасындағы топонимдер мен этнонимдер жайы, тарихи есімдер және олардың тарихи шынайылығы мен эпикалық шарттылығы, белгілі тарихи оқиғалардың жырдағы көрінісі, осы орайдағы нақтылық пен жалпылық, тарихилық және эпикалық дәстүр, олардың ара қатынасы, тарихилық аясындағы сюжеттік құрылым және композиция, бейнелеу тәсілдері мен өлең өрнегі, жырдың текстологиясы. Міне, осы мәселелерді өзара байланыста алып, жүйелі түрде тексере келіп, «Едіге» жырының тарихи негіздерін анықтап, көркемдік ерекшеліктерін айқындауды мақсат еткен. Сөйтіп, білікті ғалым едігетануға зор үлес қосты. Шәкірті Е.Мағауин эпостың әйгілі Шоқан нұсқасына текстологиялық терең зерттеу жасап, эпостың бұл нұсқасын 1992 жылы «Жұлдыз» журналына шығарады. «Едігенің» Мағауин жариялаған нұсқасы оның ескі араб әрпінен кирилицаға аударылған нұсқалары ішіндегі ең озығы болып табылады. Жұбаназар Асанұлы, «Ана тілі»

1420 жылы Едіге дүниеден озған соң біздің Алтын Орданың күш-қуаты кеміп, бірлігі кетті. Ақыры жеті хандыққа ыдырап тынды. Бірлігі қашқан олар аяғында тегіс бодан елге айналды. Әуелі өткенін жоқтаушылар көп болды. Кейінгі Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедовтерден соң қайта бірігу идеясы көзден бұл-бұл ұшты, енді мүмкін емес нәрсеге айналды. Ол – ол ма, өткенін білетін, оны көз алдынан қайыра елестетіп, бағасын байыптай алатын адам да қазір онша көп емес. Саусақпен санарлықтай ғана. Соның бірі Сейіт аға Қасқабасов екені көңілге жұбаныш. 1988 жылы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты монография шығарды. Оның «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ фольклористикасы» деп аталатын екінші тарауын, соның ішінде «Г.Н.Потанин» деген мақаланы С.Қасқабасов жазған-ды. Осы мақалада ғалым Г.Н.Потаниннің шығармашылық жолын баян ете отырып тиым салынған «Едіге» жыры туралы, оның генезисі хақында біраз нәрсенің бетін ашады. Арасында В.М.Жирмунскийдің еңбегін таяныш қылып эпостағы кейбір мотивтердің туу төркінін сөз етеді. Мұндайда қазақтың «қалауын тапсаң, қар жанар» деген мақалы еске түседі. Ал тәуелсіздік алған бетте жазылып 1992 жылы «Жұлдыз» журналында жария көрген «Қазақ фольклорындағы тұтастану құбылысы» атты іргелі еңбегінде ғалым сюжеттік тұтастану құбылысын былайша түсіндіреді: «…. демек, сюжеттің әу баста пайда болуы өлең-жыр, дәлірек айтқанда, қайтыс болған батырдың іс-әрекетін сөз еткен жоқтау түрінде де болады екен. Әрине, ол шағын шығармаларда қайтыс болған ердің өмірі толық баяндалмайды. Батырдың жүйелі эпикалық өмірбаянынан бұрын пайда болатын нәрсе – оның басты ерлігі туралы сюжет, өйткені бұл сюжет көп жағдайда болған шындыққа негізделеді де, бүкіл шығарманың өзегі болып табылады. Басқаша айтқанда, батырдың халық жадында сақталып келген ерлігі ерекше тұлға ретінде жеке бір сюжетке немесе шағын өлең-жырға негіз болып, шығарма ел арасында айтылып, тұрақты сюжетке айналады, содан кейін бірте-бірте кеңейеді, өседі, сөйтіп ғұмырнамалық циклге түседі де, батыр өмірінің маңызды бір кезеңі болып суреттеледі. Демек, сюжетті тұтастану ғұмырнамалықтан бұрын болады, ал соңғысы кейінгі замандарда етек алған, сондықтан да ол бірыңғай болып келеді. Мәселен, Едіге батыр туралы жырды алайық. Мұнда басты оқиға – Едігенің Тоқтамысқа қарсы күресі. Бұл – тарихи факт. Ал осы шындық эпоста көптеген қосымша сюжеттермен, мотивтермен көмкерілген, өйтпеген күнде Едігенің өмірі эпикалық күйге түспеген болар еді. Сөйтіп, Едігенің ғұмырнамасы оның ғажайып жағдайда тууымен басталады». Ғалым ғұмырнамалық тұтастану мәселесін қозғағанда да Едігенің өмірге келу тарихын Баба Ғұмыр, Баба Түкті Шашты Әзиздерге, оның шешесі су перісі Кенжекейге қатысты мифологиялық әңгімелермен байланыстырады. Сондай-ақ тарихи тұтастану мен географиялық тұтастануды талдағанда да «Қырымның қырық батырын» мысалға алады. «Қырымның қырық батырын» алайық, ең алдымен айтатын нәрсе, бұл эпос тұтастанудың барлық түрлерінен өткен, мұнда сюжеттік циклдену де, ғұмырнамалық циклдену де, шежірелік циклдену де, тарихи циклдену де бар.

Соңғы циклдену түрі географиялық тұтастануға үлкен әсер еткен, өйткені мемлекеттік кезеңдегі тұтастану, бір жағынан, мемлекеттің көп жылғы тарихын қамтыса, екінші жағынан, сол ұзақ тарихты көрсету үшін мемлекет тұрған кеңістікті де көрсетуді керек еткен. Сөйтіп, «Қырымның қырық батырында» Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы тұстарындағы билеушілердің қаһармандық шежіресі тұтастанудың барлық үлгісі арқылы жыр түрінде баяндалған да, үлкен эпопеяға айналған. Ал эпопеяның алтын діңгегі –«Едіге туралы жыр», – дейді академик. Қазақ эпосындағы тарихи тұтастану мәселесін терең зерделеген ғалымның пікірінше «Едіге» жыры – тарихи-қаһармандық эпосқа жатады.

Сол жылдары С.Қасқабасов бұл мәселеге тереңдеп барып, Едіге Мағауиннің «Едіге» жырының тарихилығы және көркемдік ерекшеліктері» деп аталатын филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясына жетекшілік жасады. Бұл Қазақстанда «Едіге» жырын арнайы жан-жақты зерттеген алғашқы көлемді зерттеу еңбек еді. Онда мынадай мәселелер қарастырылған: жырдың Шоқан нұсқасындағы топонимдер мен этнонимдер жайы, тарихи есімдер және олардың тарихи шынайылығы мен эпикалық шарттылығы, белгілі тарихи оқиғалардың жырдағы көрінісі, осы орайдағы нақтылық пен жалпылық, тарихилық және эпикалық дәстүр, олардың ара қатынасы, тарихилық аясындағы сюжеттік құрылым және композиция, бейнелеу тәсілдері мен өлең өрнегі, жырдың текстологиясы. Міне, осы мәселелерді өзара байланыста алып, жүйелі түрде тексере келіп, «Едіге» жырының тарихи негіздерін анықтап, көркемдік ерекшеліктерін айқындауды мақсат еткен. Сөйтіп, білікті ғалым едігетануға зор үлес қосты. Шәкірті Е.Мағауин эпостың әйгілі Шоқан нұсқасына текстологиялық терең зерттеу жасап, эпостың бұл нұсқасын 1992 жылы «Жұлдыз» журналына шығарады. «Едігенің» Мағауин жариялаған нұсқасы оның ескі араб әрпінен кирилицаға аударылған нұсқалары ішіндегі ең озығы болып табылады.

Жұбаназар Асанұлы,

«Ана тілі»

Бөлісу: