16 Қазан 2013, 04:00
«Едіге» эпосы – Алтын Орда дәуіріндегі біздің ата-бабаларымыздың кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана күркіреп тұрған мемлекетін, тұтастығын, рухани бірлігін, басынан ұшқан бағын жоқтауы, жан дауысы, имандай сыры. Бұл жерде: «Народная поэзия не фактографическая хроника: дело здесь в общегосударственных и народных устремлениях и интересах, а не в изображении отдельных, частных событий», – деген Б.Я. Пропптың пікірінің дұрыстығына қол қоймасқа амал жоқ.
«Едіге» эпосын тек қазақ қана емес, татар, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, өзбек, түрікмен халықтары ХІҮ-ХҮ ғасырлардан бастап 1944 жылға дейін айтып келді. Жырды зерттеуге Ш.Уәлиханов, В.М.Жирмунский, П.М.Мелиоранский, А.Н.Самойлович, М.Тынышбаев, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сияқты белгілі ғалымдар азды-көпті өз үлестерін қосты. Бәрі де эпосқа жоғары баға берді.
1944 жылы 9 тамызда ВКП (б) Орталық Комитеті қабылдаған «О состоянии и мерах улучшения массово-политической и идеологической работы в татарской партииной организации» деген қаралы қаулы шықты. Ол қаулыда кейбір тарихшылар Татарстан тарихын ұлтшылдық тұрғыдан жазып жүр. Олардың еңбектерінде Алтын Орда тарихын мақтау, Едіге туралы хандық-феодалдық эпосты насихаттау орын алған деген сияқты кінәлар тағылған. «Бюро обкома считает, что ошибки института, выразившиеся в приукрашивании Золотой Орды, в полном игнорировании ее прогессивной сущности, в анти-научной характеристике Золотой Орды, как Родины татарского народа, в неправильной оценке ханско-феодального эпоса об Идегее, а также в односторонней оценке присоединения Казани к Москве, как захват, являются националистическими ошибками и направлены против укрепления дружбы между русским и татарским народами» деген ғылымға жат тұжырым жасалды.
Мұндай қанды қылыш шешімнен соң Татарстандағы ғылыми зерттеу институтының үсті астына түсіріліп, едігетанудың жолы біржола кесілді. Бұл қаулы сол сәтте КСРО-ның құрамындағы республикалардың барлығына жеткізіліп, ондағы зерттеулер де сол бойда тоқталды. Одан кейін «Едіге» эпосына қарсы материалдар баспасөз беттеріне шыға бастады. Мысалы, 1945 жылы қазан айында «Социалистік Қазақстан» газетінде «Едіге – халықтың залым жауы» деген Е. Бекмахановтың мақаласы басылды. Мұнда Едіге шапқыншылық жасаушы, халыққа зәбір-жапа беруші деп көрсетілген. Е. Бекмаханов Едігені: «Алтын Орда ханының қолбасшысы, хан сарайында өте беделді болған Едіге Алтын Орда хандығының жаулап алынған халықтар мен мемлекеттерге үстемдік жүргізген бір кездегі қуатын қалайда қалпына келтіруге тырысты. Ханның жасақтарына сүйеніп, ол Тоқтамысты тақтан түсіруге, сөйтіп оның орнына Алтын Орданың қуатын қалпына келтіре алатын Шыңғыс тұқымдарының біреуін қоюға тырысты», – деп «кінәлайды». Ғалымның бұл сөздері сол уақыт үшін Алтын Орда хандығын, оның көрнекті қайраткері Едігені жамандау болғанымен, қазіргі дәуір үшін мақтау болып естіледі. Себебі ғалым бұл жерде шындықты айтып отыр. Расында да, Едіге – түркілер мемлекеті Алтын Орданың күш-қуатын қайтадан қалпына келтіру үшін күрескен ерен тұлға.
1953 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының Президиумының ұйымдастыруымен өткізілген қазақ эпосы туралы пікірталасы негізінде бұл жырға одан әрі қара күйе жағылды. Аталған қаулылардың екпінінің қаттылығы соншалық, тәуелсіздік алғалы 18 жыл өтсе де Қазақстанда «Едіге» әлі күнге дейін еңсесін тіктеп кете алмай тұр. Орта мектеп түгілі жоғары оқу орындарында оқытылмайды.
Екінші жағынан, фольклорда «эпостың тарихилығы» дейтін өте күрделі мәселе бар. Бұл мәселеге назар қойғанда отарлық езгі, құлдық бұғау кезінде Алтын Орда тарихына берілген теріс баға «Едіге» эпосын толық танып білуге теріс ықпал еткендігін ұмытпауымыз керек. «Едігенің» көп версиялы, ондаған нұсқалы, халық жүрегіне жақын болып қалыптасуының негізгі бір себебі, тілінің көркем, композициясының шебер болғандығына ғана байланысты емес, түркі халықтарының есінде өшпестей орын алған тарихи оқиғаларға да қатысты. Мұнда кейбір жырлардағыдай ертедегі түркі халқының әйтеуір бір бұрышында болып өткен оқиғалардың қиял, елесі берілмей, түркі халықтарының ортақ мұң, мүддесі мен арманынан туатын жағдайлар айтылады. Сондықтан эпостың тарихи негіздерін жан-жақты зерттеудің алар орны ерекше. Сонда ғана біз эпос туғызған орта мен жағдайдың қуатты негіздеріне көз жеткізе аламыз. Туындының басты кейіпкерлерінің Едіге, Тоқтамыс хан, Ақсақ Темір, Нұраддин сияқты дүниежүзіне танымал тұлғалар болуы шығарманың тарихи негіздеріне айрықша назар аударуды қажетсінеді. Себебі заманында жарты әлемді біріктірген айбынды Алтын Орданы он сегіз жыл билеген Тоқтамыс хан, жиырма жыл бойы оның билік тұтқасын ұстаған Едіге, әлемге әйгілі жиһангер Ақсақ Темір есімдерінің өзі осыны талап етеді. Оның үстіне сақталып қалған тарихи деректерде негізінен ірі оқиғалар ғана шежірелеген, ал шын мәнінде, Едіге, Тоқтамыс, Ақсақ Темір араларындағы өзара байланыс анағұрлым шытырман, иірім-бүкпесі көп болғаны аңғарылады. Бұл айтылғандар әлі зерттеліп бітпеген өзекті мәселелер болып табылады.
Арадағы заңдастырылған келісім шартты бұзғаны үшін бабаларымыз 1382 жылы Мәскеуді шауып, дәрегейіне қайта келтірді. Тоқтамыс пен Едіге әскері қалаға жақындағанда атақты князь Дмитрий Донской қатынын алып, халқын тастап Костромаға қашып кетті.
Едіге 1408 жылы айналасындағы орыс княздіктерін тегіс бетқаратпай жеңіп, арадағы келісім-шартты бұзған Мәскеуді тағы да қоршайды. Қорқыныштан қалтыраған қала үлкен мөлшердегі «сатып алу» ақшасын беріп, әрең аман қалады. Бұрынғысынша салығын төлеп тұрады.
Осы аталған жағдайлар «Едіге» жырының кеңес кезінде 50 жыл бойына зерттелмей жабық жатуына әсер етті. Алайда, ашық жазуға тиым салынғанымен, қисынын келтіріп аракідік айтып қалушылар болды.
Үшіншіден, түркі халықтарын рухани жағынан ғана емес, этностық жағынан да қайта табыстыратын өсиет сөздің «Едіге» эпосынан орын алуы да туындының озықтығының бір қыры болып табылады. «Едіге» эпосының бүгінгі таңда елуге тарта нұсқасы бар. Оның ішінде Шоқан нұсқасы 1400 жол, ноғай нұсқасы 1500 жол, башқұрт нұсқасы 5000 жол, татар нұсқасы 7000 жол, қарақалпақтағы Өтенияз нұсқасы 13680 жол да, Қияс нұсқасы 16296 жол. Бәрінде де «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер еді» деп дәріптеледі. Себебі Едіге түркі халықтарын жер бетінен жоғалып кетуден сақтап қалды. 1395 жылғы Ақсақ Темір жорығынан соң тұралап қалған Алтын Орданы Литва, Польша, батыс орыс княздіктері, Тевтон орденді рыцарлар 1398 жылы ту-талақай етіп қайтарымсыз бөліп алмақ болды. Біріккен әскерді Литваның ұлы князі Витовт бастап келді. Бабаларымыздың басына аса қатерлі күн туды. Осындай тар кезеңде біздің мемлекетіміздің шеріктерін бастап Ер Едіге шықты. Борсықты түбінде өткен жойқын соғыста еуропалықтар күйрей жеңілді. Кейіннен орыстың атақты тарихшысы Карамзин: «Мұндай жеңісті Шыңғыс та, Бату да көрген емес» деп жазды. Едіге тұсында қайта көтеріліп, іргесін бекіткен мемлекетімізді көре алмаған Ақсақ Темірдің қайта қанды жорық жасауға екі рет ниеті бұзылды, бірақ батылы жетпеді.
Жұбаназар Асанұлы,
«Ана тілі»