16 Қазан 2013, 03:58
Кешегі ел-жұртын оята алмай зар шегіп өткен ұлы Абайда өз ұлтына деген сүйіспеншілік сезімі қандай боп қалыптасқан еді? Ажал құрығы үйіріліп тұрған қатер астында, өз өмірлерінен гөрі, тәуелсіз, бостандықты, ұлттық асыл мұратты бәрінен жоғары қойып, биік ұстап, бастарын өлімге тігіп, сол идеялары жолында мерт боп кеткен Алаш арыстарында ше? Әрине, біз олардың өз ұлтының нағыз патриоттары болғанын жақсы білеміз. Бірақ біздің бұл жердегі осы бір «патриотизм» деген атаудың атын атап, қолданып жатқандағы бар біліп болғанымыз, оның өз ұлтына деген жанпида сезім мен көзқарасты білдіретіндігі ғана.
Талай арыстарды өз ұлты үшін жандарын қиюға итермелеп, шексіз берілдіріп қойған сезім қандай идея арқылы пайда болып жатты? Құрылыс түзілісі жағынан қандай болып қалыптасты? Тек бұл жағына келгенде бізге ештеңеде мәлім емес. Соңғы кезде қоғамда, осы патриоттық тәрбиенің қажеттілігі жайлы көтерген мәселелер, жиі-жиі талқыланып та жатыр. Бірақ әліге дейін бұл сезімді баяғы ескі ізбен, батырлар жырын жаттату арқылы калыптастыруға болады деп ойлайтындардың мардымсыз ұсыныстары тұщымды жауап болмай тұр.
Олай болса, мынау ұлттық ортамызда, осы айтылып жатқан өз ұлтымызға деген патриоттық сезім деген сезімді қалай қалыптастырамыз? Әрине, өз ұлттық ортамызда, өз ұлтымызға деген, сүйіспеншілік сезімді қалыптастырып шығаруымыз үшін, бізге ең алдымен, өз ұлтымызга деген көзқарасымызды патриоттык көзқарас етіп қайта қалыптастырумыз керек. Яғни патриоттық көзқарас жоқ жерден, ешқандай патриоттық сезім де шықпайды. Біз айтып жүрген патриоттық сезіммен патриоттық көзқарас ұғымдары екеуі екі бөлек болып, бір-бірінен ажырап тұратын түсініктер. Ендеше, патриоттық көзқарас деп отырғанымның өзі не? Бұған өзімізше жауап та беріп көрейік.
Жалпы, этносаясат теориясы бойынша, дүниеде адам баласының өз ұлтына байланысты қалыптасатын таным, түсінік көзқарасының үш бөліктік түрі болады. Дәлірегі, нигилистік, космополиттік және патриоттық деп аталатын үш-ақ түрі бар. Оның біріншісі, өз ұлтын өзге ұлттан кем санап, өзін осы ұлттың өкілі болғандығы үшін кеміс көріп, менсінбеушілікпен жек көретін болып
қалыптасқан көзқарастағылар. Екіншісі, дүниеде адамзат баласының ұлтқа, нәсілге бөлінбей, бүтіндей ұлтсыздықты, тексіздікті, бір сөзбен қайырғанда, тамырсыз біртұтас адамзат қоғамына айналуына мақұлдаушылықпен қарайтын көзқарастағылар. Негізінен бұлар өз ұлтының ұлт ретіндегі ұлттық ар-намысының не екендігін нақты ашып,
айырып, тани білмейтіндер. Ең алдымен, оларда өз ұлтының асыл тегін, жаратылыс қалпын, тахуалық сезіммен сүйе білушілік қасиеті жоқ. Ал бұл сезім жоқ болып тұрған жерде, олар ұлтымыздың ұлт ретіндегі ең қатаң қорғалынуы тиіс, ең басты да, ең негізгі де көрсеткіші – ұлттық намыс дегеннің не екендігін айырмайды. Жазатайым ел басына күн туып заман ауа қалған жағдайда да елін, ұлтын сатып шыға келетін сатқын жаратылыстылар да осы топтағылар болмақ. Мұндайда қашанда өз позициясында тапжылмастан нық тұрып қалатындар, тек өз ұлтын шын, әрі дұрыс сүйе білетін нағыз патриоттар ғана. Яғни, бұл өз ұлтына байланысты қалыптасатын көзқарастың үшінші түрі деп атап, енді таныстырғалы отырған, өз ұлтының таза қанды, таза тәнді, адал жаратылысты қалпына шаң тигізуге де қимай, оның былғанып, бүлінуіне әсте жол қоймау идеясын ұстанып қалыптасқан, патриоттық деп аталатын көзқарастылық. Негізінен бұл көзқарас өзі барлық істің жетекшісі болып, ең маңызды орынды иеленетін, сезімнен құралған. Оның біріншісі ұлттық намыс сезімі. Ал екіншісі ұлттық тегімізге қатысты шынайы сезім.
Осы орайда бір айта кетерлігі, қазақ болып, халық, ұлт ретінде, ұлттық рух пен ұлттық ар-намысымыздың символы ретінде ту етіп ұстар ең негізгі, нағыз ұлттық намысымыз бар. Ол ұлттық қоғамымыздың екінші жартысы нәзік жаратылысты әйелдер қауымының ұлттық деңгейдегі пәктігі. Яғни, адамдардың алғашқы қауымдастығынан бері келе жатқан қауымды қауым, тайпаны тайпа етіп қалыптастырып шығарған ұлттың ұлттық табиғи намысы. Сол алғашқы қауымдастықтан бастап-ақ қоғамда еңбек бөлінісінен, әйел затына тиген отбасы, ошақ қасылық міндет болса, ер адамдарға тигені «ер» деген аттарына сай өз қауымдарының асыраушысы мен сыртқы жауларынан қорғаушысы болды. Содан бері сан мың жылдар өтіп, адамзат қоғамы сол алғашқы қауымдастықтан, сол ұлттық намыстың көмегі арқылы күні бүгінгі ұлттық қоғамдастыққа дейін өзгеріске ұшырап, өсіп жетілді. Бірақ солай да болса, адамзат қоғамындағы осы ұлттық намыс қазіргі кезеңде де, бұдан былайғыда да өз маңызын жоймақ емес. Ол жойылған жерде сол
ұлттың рухани өзегіне құрт түсіп, оның жойылып, жоқ болып, құрып кетуі басталады. Ал ұлттық тегімізге шынайы сезім дегеніміз ол да осы ұлттық намыс сезімімен астасып, тізе қосып, бірге әрекет ететін, бір-бірінсіз жасай алмайтын, бірін-бірі егеп, қайрап, өткірлеп, бір-бірінің күшін әлденеше есеге арттырып, аса қуатты ортақ патриоттық сезімнің пайда болуына зор атсалысатын сезім.
Әйтімбаев Оразалы
«Ана тілі»