16 Қазан 2013, 03:51
Египеттегі мойнақ Африка мен Азия мемлекеттерін бір-бірімен жалғастыратын болса, Босфор Азия мен Батыс Еуропаны бір-бірімен байланыстырады. Дербент Шығыс Еуропа елдері мен Батыс Азияны, ал Отырар өлкесі Шығыс Азия мен Батыс Азияны қосқан. Бұл Батыс Азия мен Орталық және Шығыс Азия арасын табиғи шекара Сырдария өзені бөліп жатты. Сондықтан да осындай өте маңызды сауда жолдарының күре тамырында орналасқан қалалар Византиялық Константинополь – кейінгі Стамбул, Египеттік Каир мен Александрия қалалары ғылымы-білімі, өнері, байлығы өте қарыштап дамыған ірі қалаларға айналды. Солар сияқты Отырар қаласы да ежелгі және орта ғасырларда ғылым-білімі, өнері жоғары деңгейде дамыған бай қалалардың бірі болды. Бұны мынадай мысалдармен де дәлелдеуге болады. Араб тарихшысы Табари Отырар патшасын әл-Мамун халифтің жауларының бірі деп атапты. Жарты әлемді билеген халифтің жауы дегенге қарағанда Отырар IX ғасырдың басында-ақ ірі қала болған. Солтүстік Қытайдағы миллиондаған халқы бар Алтын империясын жүз-ақ мың әскермен оп-оңай жаулап алған Шыңғыс хан екі жүз мың әскермен Отырар қаласын алты ай бойы қоршап ала алмай тұрғаны оның күштілігін көрсетсе керек. Отырар қаласының қаншалықты дәулетті қала болғаны туралы мынадай деректер де бар. Шыңғыс ханның қанды жорығынан кейін екі ғасырға жуық уақыт өткенде Отырар қаласының билеушісі болған қыпшақ Сары Бұғының ұлы Нуриддин Ақсақ Темірге сый әкелген. Сол сыйға әкелген заттардың көптігі сонша оларды есепке алуға Ақсақ Темірдің қазынашылары 3 күн уақытын жіберіпті. Ал Отырар өлкесінің ғылым-білімі, өнері туралы мыналарды айтуға болады: «…б.з. 100-178 жылдары өмір сүрген грек ғалымы Клавдий Птоломей Отырарда кітап қоры жағынан өте бай, Александрия кітапханасынан кейін екінші орын алатын кітапхана бар деп жазып кетіпті» дейді белгілі ғалым Ақжан әл-Машани.
Профессор Еренғайып Омаров мынадай қызықты мәліметтерді келтіреді: «Көшпенділер де кітап жазған. Көпшілігі отырықшы болған, қалаларда тұрған. Бұрын қышқа жазып күйдіріп сақтаған. Одан кейін теріге жазуды үйренген. Ондай кітаптар ауырлау келетін. Олардың кітапты көп жазғаны соншалық, жазуға арналған жаңа материал ойлап табуға тура келген. Біздің дәуіріміздің басында Таразда қағазды ойлап тапқан. Шамасы қағазды әлемдегі ең ірі кітапхана орналасқан Отырар қаласына жақындау жерде дайындаған болар». Әрине, кітаптар негізінен Жібек жолының көмегімен жиналған. Бұл жерде «әлемдегі ең ірі кітапхана» дегенді Александрия кітапханасының 391 жылы өртеніп кеткенімен негіздейді. Александрия кітапханасы екі рет өртенген. «Александрия кітапханасының бүкіл Рим , Грек,Үнді және Мысыр әдебиеті сақталған ең үлкен бөлігі б.д.д. 48-47 жылдары Юлий Цезарь мен мысырлықтар арасындағы сұрапыл соғыс кезінде өртеніп кеткен…». Кітапхананың екінші бөлімі, яғни Птоломей заманында жинақталған шағын кітапхана Феодосия дәуіріне дейін сақталған. Б.д.д. 391 жылы патриарх Теофильдің үгіттеуімен Серпион Махалласына шабуыл жасаған христиандар кітапхананы өртеп жіберген. ХII-ғасырда атақты «Александрия кітапханасы Халиф Әмір бастаған мұсылмандардың 642 жылғы жорығы кезінде өртенген» деген ақпарат тараған болатын. Бұл туралы кезінде Мұстафа Шоқай: «Бұл екінші крест жорығында жеңіліс тапқан христиандар мұсылмандарға қарсы өшпенділік тудыру үшін ойлап табылған жала. Себебі, Александрия кітапханасы 642 жылғы Әмір Халифтің жорығынан 250 жыл бұрын 391 жылы христиандардың қолымен өртеніп, жойылып кеткен» деп дәлелдейді. Ал Отырар кітапханасы 1220 жылы Шыңғыс хан шабуылында жойылғаны белгілі.
Бейсенбай Бекжан
«Ана тілі»