16 Қазан 2013, 03:28
Бұл елді бастап шыққан Қалмұхамед пен Беркін Ауғанстанға жетпей қайтыс болады. Олардан кейін елді бастаған; 1. Байбақтының Естерек биі. 2. Мұңал руының Жарған қажысы. 3. Адайдың Тоқтамысы еді. Бұлардың әрқайсысына Әбдіраһман хан «мың басы» деген атақ береді.
Ауғанстан өкіметі Бағлан, Гори деген жерлерден жер-су беріп, шыбындық жерлерге орналастырып, шаруалыққа бейімдейді. Сол жерді игеру үшін 3 жылдан кейін өтеңдер деп қарызға ақша берген. Ірге теуіп, арқалары кеңи бастаған ел 3 жылдан кейін өзара жауласа бастайды. Осы алалықтың салдарынан Жарған қажы Тоқтамысқа өкпелеп, 1500 үймен қайтып кетеді. Тоқтамыс жергілікті өкіметке: «Берілген қарызды қайтқан ел өтемей кетті, бізге кешірім етіңіздер» деп арызданады. Ауғанстанның өкімет басшылары оларға кешірім жасайды. «патша береді, құлы қызғанады» демекші, кіші шенеуніктер «қарызды өтеңдер немесе жоғарғы орыннан кешірім етілген анықтама әкеліңдер» деп талаппен мазаларын алады. Әбден мазасызданған қазақтар Тоқтамысқа үкіметтен кішірім хат алып келуді сұрайды. Тоқтамыс та жұрттың дегендерін орындайды. Бірақта алған кешірім хатын жоғалтып алады. Соның кесірінен «қотыр үстіне шиқан» болғандай қазақтардің бір бөлегін өзіне ертіп алып, «ауыл қайда, су қайда»деп Кеңес еліне қашып кетеді.
Сонымен, Ауғанстанда Есентемір руынан 200-дей отбасы қалады. Оларды жергілікті өкімет 3 айдай қамап, ақыры өз беттеріне жібереді. Олардан да өсіп-өрбіген ел бүгінгі күні тәуелсіз елдің азаматтары болып, ұрпақтарының келешегіне ата-баба топырағында ірге қалап жатыр.
Қазақтардың Ауған еліне үшінші рет көші - екі топта бөлініп, екі кезеңде жүзеге асты. Бұл жайтты Ахмет Торбай бауырымыз ақсақалдардан естіп, жазып алған екен.
Көштің бірінші тобы 1928 жылы Ақмешіттен жолға шығып, Қызылқұм арқылы Қарақалпақстанға барып, одан Түрікменстанға жетіп, Әмудария суына «Амат» (Ешкі терісін тұтастай бұзбай сыпырып алады. Сосын оны сол күйі тігіп үрлеп, желдеп ауадан толтырады. Сонымен бірге төрт ағашты бір-біріне қатарластыра байлайды. Үрленген ешкі терісінің төртеуін құрастырылған ағаштың төрт бұрышына байлап қояды. Ол су үстіне жүзетін Амат болып шығады. Оның салдан айырмасы төрт бұрышындағы төрт ешкінің үрленген терілері) салып, Ауған жеріне өткен. Бұл көш жол бойында аштыққа да ұшырады. Ауа райының өзгеруінен де қиналады. Сөйтіп, бірталай жаннан да айырылады. Екінші топ 1931 жылдары көшті бастап Өзбекстанның Талдымаржан стансасына бір тоқтайды. Сосын Қаршы мен Шөпауыз елді мекендеріне қадам басып, сонда бір жыл тұрады. Сөйтіп, келесі 1932 жылында Тәжік елінің Қорғантөбе мен Сим ауылдарында тағы бір жыл аялдайды. Өкініштіcі, Тәжікстанның сол өңіріне де аштық тажалы жеткен екен. Соның салдарынан жергілікті халықпен бірге көптеген қазақтар да қырылады. Талай тауқымет көрген қазақтар сол жылдың соңғы күндерінде он мыңға жуық ел болып Ауған жеріне кірді. Олар ауған топырағына қадам басқанда үкіметтің нұсқауымен Андхой деген қала маңына жиналады. Сол кездегі Ауғанстанды билеп тұрған патша қазақтарға жер беріп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, ақшалай да жәрдемін аямай мейлінше көмектеседі. Өйткені дәл сол кезеңде Ауғанстан саяси тартыстың ортасында ішкі жағдайы әбден шиеленісіп тұрған заманда тұр еді. Соған қарамастан мемлекеттік саясаты аясында қазақтарды Фарайаб(Маймене), Гарат, Шұбарған, Сәнгчарак, Чақнасыр, Құндыз, Мазар Шәріпсынды қалаларға тарата отырып қоныстандырды. Өкініштісі, Чақнасырдағы қазақтарға сол аймақтың суы жоқпай, ауа райына үйренісе алмай сексен пайыз адамы өлім құшты. Өлімдері көптеп, бір мезгілде болуы салдарынан тірілер өлгендерді жерлеуге үлгермей жатты. Әрбір отбасында бірден,екіден, үштен өліктердің болуынан олар бір-біріне көңіл айтып, бірінбірі жұбатуға да мұршалары болмай жатты. Енді есімізді жинадық-ау дегенде 1943 жылдың жұқпалы ауруы – Оба мен Малерия кең таралып, қазақ бауырларды да жалмап кеткенінен көптеген қазақтарды ажал шалды. Тірі қалғандары тіршілік етуге тура келгендіктен әртүрлі қара жұмыстармен айналысып жүрді. Көпшілігі мақта теру, масақ теру, жем-шөп шабу, мәсі мен кебіс тігу, кілем тоқу, шапан тігуді тіршілік көзі еткен еді. Қазақтар кейбір шеберліктерін сол жергілікті тұрғындардан үйреніп алған-ды. Тіршілікке бейімделе бастаған кезде тағы бір тосыннан келген жайсыздық елде үрей тудырды. Ол екі қабат әйелдердің сәбилері тұрмай, шетінеп кете беруі еді. Бұл апатта қазақтардың бойы жергілікті табиғатпен үндесе алғанша мазаларын алып, әжептәуір әбігерге салады.
Сол кездегі Құндыз, Ханабад, Бағланда үкімет басшылары босқын қазақтарға барынша жәрдемдесіп жүреді. Бастапқы кезде қазақтар үкімет тарапынан берілетін азық-түлік, ақшалай көмектерді алып отырады. Қариялардың соңғы легінің есінде қалғаны, Құндыз аймағының Ғолам Хайдар деген әкімі қазақтарға көп көмек көрсеткен екен. Кейін аталған әкім көмек көлемін кеңейтіп, мемлекеттік деңгейге жеткізіп, ресми түрде көмек беруді қолға алып, ақсақалдарды шақырып алып, құжат дайындауға тапсырма бергенде қазақтар үкіметтің ресми жәрдемінен бас тартыпты. Бұның себебін сұрағанда олар: « Біз қайыршы емеспіз. Біздің алған көмектеріміз құжаттанса, ертеңгі ұрпақ біз үшін ұялады» деп жауап беріпті. Қазақтардың бұл әрекеті үкімет басшыларын таң қалдырыпты. Бұл «не деген қанағатшыл, өр көкірек ел» десіпті.
Осы жайында Құндыз бен Ханабадта бір қызық оқиға болыпты. Оны айтқан қарияның атына балап көпшілік «Шортан қажы Көтібардың хикаясы» депті. Шортан қажының хикаясы : «Мұхаммед Заһир шаһ(1914-1974) 1933 жылынан1973 жылына дейін билік еткен заманда, Құндыз қаласының әкімі Шерхан мырза қазақтарды кеңсесіне шақырып алып, алдап-арбап, қояр-қоймас бір сыпыра құжаттарға аттарын жазып, бармақ бастырып алыпты. Қол қойғандар аң-таң, күдік пен үрейге булығып кете беріпті. Бұл оқиғадан жылдар өтеді. Оларда таңдана жүріп, бір жамандығын күте жүріп бірте-бірте ұмытып кетеді. Күндердің күнінде бірнеше ауған азаматтары сол кісілерді іздеп келеді. Олар бұл жағдайға қайран болып, қорқа бастайды. «Енді не бәле бізді күтіп тұр екен?» деп олардан өздерін іздеп келгендерінің себебін сұрайды. Олар болса «Біз пәлен мекендегі жерді сіздерден сатып алуға келдік» дейді. Бұны естіген қазақтар «Бәлеңнен аулақ бізде ондай жер жоқ» дейді. Ауғандар таңдана: «Бұл қалай? Біздің білуімізше, әкімдікте ол жерлер сіздің атыңызға тіркеулі тұр» деп жауап қайырады. Екі жақ бір-бірімен тіл табыса алмаған соң әкімдікке барады. Әкімдікке барған соң, әлгі әкім қазақтарға бұдан бірнеше жыл бұрын олар қол қойған құжаттарды көрсетіп, естеріне салады. Сөйтіп жер сіздердікі деп түсіндіреді. «Енді қаласаңыз сата аласыз, қаламасаңыз өздеріңіз пайдаға жаратасыз. Ол жағын өздеріңіз шешерсіз» деп оларды шығарып салады. Содан қазақтар күтпеген жерден байлыққа кенелген екен» дейді.
Қазақтар биологиялық және психологиялық тұрғыдан табиғатпен үйренісуі, қоғамдық ортаға бейімделуі қалыптаса бастаған 1954 жылдардан кейінгі кезеңде әр тарапқа тарап кеткен ағайындар бір-бірін іздей бастады. Ыңғайы келгенде қоныстарын ауыстырып, бір жерге шоғырлана берді. Одан бұрынғы кезде үйренген түрлі қолөнер бұйымдарын өздері саудаға сала бастағандары тағы бар. Мәселен, Герат қаласында жергілікті тұрғындардан кілем тоқуды үйренген қазақтардың өнімін қазақтардың өзі сауда тауарына айналдырды. Солардың бірі – Бұхарбай Болат. Соның арқасында әлеуметтік ахуалы көтеріліп, Ауғанстанның өзінде бай деген атақпен танымал тұлғаға айналды. 1974 жылы қажылыққа барып, қажы деген атауына да лайықты өмір сүрді. Оған айғақ Қазақстан тәуелсіз ел болып, әлем қауымдастығына кірген соң қажы Бұхарбай 1994-1997 жылдары Алматы облысы, Қарасай батыр ауданы, Қаскелең қаласында үш жүз адам сыйымдылығы бар үш қабатты мешіт салып, елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Аталған мешітте құран курстары да ұрпақтың иманды болып тәрбие алуына қазір кезге дейін нәтижелі жұмыс жүріп келеді. Мешіттің имамы ауған елінде танымал діндар адам болған молда Аймақан Жолайдың ұлы қары Хабиболла деген кісі. Бұхарбай қажының әкесі Айтмұхаммед, анасы Бибіқадиша. Ол Қызылорда, Сыр бойында 1928 жылында дүниеге келіп, 2009 дүние салды.
Сауда жұмысын қазақтар арасында жолға қойғандардың тағы бірі – Сыр бойының тумасы, Герат қаласында тұрған, Тәуелсіздіктен кейін елге оралып Түркістан шаһарында қайтыс болған (1916-2003) Жұмахмет Құлшан, Аспан руының азаматы.
Ауғанстаннан елге оралып, Түркияда тері саудасымен байыған соң қоғамдық жұмыстарға араласып, ел игілігін ойлап жүрген қажы Бектұр Дәуітұлы, кете руынан шыққан қандасымыз. Ол Қалам атты әке, Жұпар атты анадан 1940 жылы Мазар шәріп қаласында туған. 2010 жылы қайтыс болды. 1988 жылы қажылық парызын өтеген. 2002-2004 жылдар аралығында Қаскелен қаласында жүз елу адам бір мезетте намаз оқи алатын мешіт салдырды. Бұндай діни бағыттағы игі шаралар ауғаннан келген ағайындар арасында жиі кездеседі. Бұндай істері олар үнемі бұ дүниемен бірге о дүниесін де ойланып жүреді деген ұғымды білдіреді. Ауғанстанда кәсіпкерлікте айтулы деңгейге көтеріліп, тұрғылықты азаматтардың құрметіне ие болған азаматтар Кабул, Мазар шәріп қалаларынан 1970-1975 жылдардан көріне бастады. Олардың көш басында қажы Мәден Болат, қажы Имам Болат, қажы Ғолам Хайдар сынды азаматтар зауыт салып, халықаралық сауда ісіне араласа бастады. Олардың ауқатты болуы елге де жақсы болды. Мәселен, Кабул қаласына жұмыс бабымен бара қалған қазақтың тұрағы қажы Имам Болаттың бес қабат зәулім үйінің бір қабаты қонақтарға арналған еді. Оның рахатын талай қазақтар көрді. Онда мезгілінде таңғы шәй, түскі тамақ, кешкі ауқат жайылған дастарқанға келіп тұратын берекелі шаңырақ болғаны қазақтың қай жерде жүрсе де бауырмал жан, қонақ жай ел екенін көрсетеді. Қажы Имам 1980 жылынан кейін Стамбул қаласына қоныс аударып, үлкен экспорттық тері фирмасының қожайыны болды. Қазіргі кезде атамекеніне оралып, Қаскеленде тұрады.
Ондай үлгілі шаңырақтың бірі Мазар шәріп шаһарының тұрғыны қажы Ғолам Хайдар еді.
Ауғанстанның жергілікті халқы мен үкіметі қазақтарға бек риза. Оның себебі қазақтар бауырмал, қанағатшыл. Сонымен қатар бизнес саласында ешқашан алкоголь, наша саудасымен айналысып, жаман атағын шығарған ел еместі. Сондай-ақ жезөкшелікті кәсіп етпеген халық. Ұрлықта да аты шықпаған қауым. Қазірге дейін ауған елі қазақтарды аңсап: «Зиянсыз, момын қазақ деген ел бар еді, олар қайда кетті?» деп жоқтап жүреді екен. Ауғандардың бұндай көзқараста болулары да жайдан-жай емес. Өйткені өздері қиналып жүрген бір кезеңде Мазар шәріп қаласында қала әкімі Тұрмаш мырза қазақтарға егістікке жер берген. Сонда қазақтар «біз егінмен айналыспаймыз» деп алмаған. Әкім «егін салмасаңыз сатып, бір кәдеңізге жаратарсыз» деген. Оны да мақұл көрмеген қазақтарға таң қалған ауғандар олардың тоқпейіл көңіліне қарап «Қазақтар құдай берген қанағатшыл ел» деп бағалап келген.
Қазақтар сауда-саттық саласында ауғандар алдында сенімді саудагерлер ретінде жақсы абыройға ие болды. Сондай-ақ шебер тігінші, етікші болғандары үшін де ел арасында зор беделге ие болған. Оған мысал ауғандар қазақтың қолымен тігілген тондарды күткізбей сатып алатын. Сол себептен қазақтарды нағыз тон тігудің шебері деп атайтын.
Ең қызығы, қазақтар жергілікті елмен тату-тәтті өмір кешіп жүрсе де оларға қыз бермеген. Атамекеннен жырақ жүріп, аңсары бір болғандықтан олар бір-біріне қолдау көрсетіп, қуаныш пен өкінішін де бірге бөлісіп жүрді.
Ауғанстанға қазақтардың үшінші көшін Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының аумағынан кеткендер бастаған. Олар қиын тағдырдың етегінде ұзақ жылдар азапты өмірден құтыла алмады. Көрер тауқымет пен азабын көрді. Тек қана елден тысқары жерде ұзақ уақытқа тұрақтап қалса да бір Алладан үміт жібін үзбеді.
Зейнал Рүстемұлының айтуына қарағанда, Ауған қазақтары – Кете, Шөмекей, Қожалар. 1980 жылы Ауғанстанда болған аласапыран кезеңде осы Зейнал Рүстемұлы, Қажы Ғолам Хайдар елдің Түркияға көшуіне көп еңбек етті. Қазіргі кезде екеуі де Алматыда тұрады. Қажы Ғолам Хайдар қоныстанған Қаскелеңде жетпіс төрт жасқа келген шағында 2011жылдың наурыз айының жиырма жетісі күнінде дүние салды. Бала-шағалары, үрім-бұтағы әкелері армандаған ата жұртта өмір сүріп жатыр. Марқұм қажы Ғолам Хайдар қазақтар Ауғаннан Түркияға, Түркиядан атамекенге көшкен кездерінде ондаған шаңыраққа материалдық әрі рухани демеуші болғаны талайларға өнегелі жұмыс болып жан дүниелерінен орын алып қалды.
Ауған қазақтары заманауи білімге онша көп көңіл бөлген жоқ. Сондықтан мектеп пен университеттерде оқыған азаматтары санаулы. Мен әлем елдерінде тұратын қазақтарды зерттеу ниеттеніп,1979 жылы Ауғанстанға барып, Герат, Кабул, Мазар Шәріп, Пол құмыр деген жерлеріне барып, қазақтардың тіршілігімен жақын таныстым. Олардан көрген мейір, бауырмалдық, мәрттік, қонақжайлылық жүрегім мен санамда қазақылық болмыстың табиғи бейнесін суреттеп берді. Мен сол жылдардан бері олардан ажыраған емеспін. Бұның өзі үлкен әңгіменің өзегі. Өткен мен бүгінге қарағанда орта адамды өз ыңғайына қарай бейімдейді. Орта мен ортаның берер тәрбиесі мәні зор фактілер адамның қалай болуына. Қысқасы, сол сапарда байқағаным– 1980 жылдары Кабул университетінде бар-жоғы екі қазақ жоғары білім алып жүрді. Олардың бірі- Нұрмұхаммед молда Серікбайұлы 1978-1980 жылдар аралығында коммунисттік идеологиясының құрсауында жүрген Нұрмұхаммед Тәрәки (1978-1979), Әфизолла Әмин (1979-1980), Бәбрәк Кармәл(1980-1986) арасында болған тартыстарында сол жылдары Кабулда қаза тапты. Екіншісі– Мұхаммед Рафиһ БҰҰ-ының босқындар бөлімшесінің тізіміне ілініп, өзінің алған жағрафия мамандығы бойынша Дания елінде тұрақтады. Қазіргі кезде отбасы мүшелерімен сонда тұрады. Қазақстанмен де байланысып тұрады. Аталған екі оқымыстыдан кейін Ауғанстанда жоғары оқу бітірген Абдолла Әскери бауырымыз. Абдолла 1981жылы Балх облысы, Мазар Шәріп қаласында дүниеге келді. 1988-1995 жылдары туған қаласында бастауыш мектепті бітірді. 1996-2001жылдарда Ауған-түрік лицейін үздік тәмамдады. Сосын 2003-2006 жылдар аралығында Кабул университетін оқып диплом алды. 2007-2010 жылдары тәуелсіздіктің жемісі ретінде Алматы қаласындағы халықаралық Сүлеймен Демирел университетінің экономика факультетін «Бизнес менежменті» мамандығы бойынша магистурасын аяқтады. Сонымен қатар журналистика саласында тәжірибелік білімін жетілдірді. Қазіргі уақытта аталған университетінің кітапханасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Еліне адал қызмет етіп, ғалым болу ниеті бар. Қазақтар тіршіліктің арпалысында мектеп пен жоғары білім ала алмаса да есесіне Ауған елінде қазақтар діни білім алуға құштар болған. Сол үшін олардың арасынан ондаған даңқы шыққан қарилер, хафиздер, молдалар, маулана мен ишандар шыққан. Солардың бір сыпырасы мыналар: Ешмұхаммед(Маймақ ишан) Нұрәлі мақсұм Ешмұхаммедұлы, молда Қошым Ешмұхаммедұлы, молда Атамұхаммед Нұрәліұлы, дамолла Ескебек Торбай, маулана Сарсадық Жолай, молда Аймақан, қари Хабиболла Аймақанұлы (қазіргі кезде Қаскеленде Бұхарбай мешітінің имамы), молда Әбділхалық Қошымұлы, дамолда Құрбанназар Табын қазіргі уақытта Түркістан қаласында тұрады, Жетісайда өз қаражатымен мешіт салдырған. Сондай-ақ имандылық пен адамгершілікке үлгі-өнеге бола алатын Қажы Сәвәр Полат сынды ағалар алыста жүріп, Ата жұртын сағынған әзиз жандар бар екенін біліп, танып қуанасыз. Тәуелсіздік Сәрвәр Полаттың да елге орлып, еліміздің дұғагөй қариялар қатарында болуға нәсіп етті. Ол қазіргі кезде Қаскеленде тұрады. Өмірінің әрбір сәтін құран оқып, намаз ғибадатымен өткізеді. Ел тыныштығын, ұрпақ амандығын Алладан тілейді. Салмақты, салиқалы, сабырлы, иманды да тақуалы қасиеттер оның сөзінен, іс-әрекеттерін нұр шашып тұрғандай көрінеді. Сәрвәр қажының тіршілік ұстанымы жас ұрпаққа адами биігінде қартаюдың айтарлықтай үлгісі бола алады..
Ауған қазақтары елге оралған соң ғылым мен мәдениетте үлес салмағы салмақты болмағанымен діни ағартушылық саласында әжептәуір ықпалды болып келеді. Сонымен бірге қазақтың кәсіптік саласында өздерінің халық санына шаққанда едәуір пайдалары тиген. Оған дәлел қазақ елінде мал басы көп болғандықтан сойылған малдың терісі бұл жерде өңделмей, теріні сату тетіктерін де білмей, сапалық жағын анықтауға да тәжірибелері жеткіліксіздеу болып жүрген тәуелсіздігіміздің бастапқы кездерінде ауған қазақтары осы салада талай жергілікті қандастардың сауатын көтеруге үлес қосты. Бүгіндері мал терісінің шет елдерге сатылуы мен өндіріс орындарының ашылуы жолға қойылды.
Тәшенов Төреғали
«Айқын»