16 Қазан 2013, 03:27
Қазақтар үш кезеңде ауған еліне көшіп, бір ғасырдан ұзақ сонда тұрды. Саяси биліктің саяси ұстанымына олармен кейде тату, кейде қату өмір кешті. Қазақ елі тәуелсіздігін жария еткенде ақ түйенің қарны жарылып, жүздеріне бақыт нұры жауды.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркияның Стамбул қаласында шетел қазақтарының өкілдерін қабылдаған кезде елдің өтініші бойынша Елбасының тікелей нұсқауымен тарыдай шашылған Ауған қазақтары Түркия, Иран, Сауд Арабия елдерінен 1993 жылы елге оралуға мүмкіндік алды. Олардың көпшілігі Жетісай, Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Қаскелең қалаларында тұрады.
Жақында Ауған қазақтары атамекеніне орала бастағандарына 20 жыл толуын Қаскелең қаласында салтанатпен атап өткелі отыр. Біз осы мерейлі шараға орай Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры Ислам Жеменейді сөзге тартқанымызда, ол Ауғанстан қазақтарының тарихы мен тыныс-тіршілігі жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.
– Қазақтар ата мекендерінен Ауғанстанға үш кезеңде көшуге мәжбүр болыпты. Ауған еліне бірінші кезеңнің көш тарихын Саламат Адай ақсақал әңгімелеп берген. Ол өте бай және ауқатты болғаны үшін ел ішінде Саламатбай деп аталып кеткен. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң елге оралып, Түркістан шаһарына қоныстанды. Сонда дүние салды. Ұрпақтары сонда тіршілік етуде. Оның мәліметіне қарағанда, Ауған еліне қазақтар алғаш рет шамамен 1865 жылдары Тәжікстан арқылы көшіп барған көрінеді. Олар Адай руының Қосай, Еміл тобы екен. Аталған топ Тәжікстанның Гүлаб деген жеріне барып, таулы аймағындағы бір тесіктен өтуді ұйғарып, ойын іске асырыпты. Оларды Арқадан, Кенжебек, Берістен деген кісілер бастап көшіпті. Жалпы саны 1000 қаралы шаңырық көрінеді. Олар Ауғанстан топырағына қадам басқанда Апқол, Бағлан, Полқұмыр, Дочы атты елді мекендерге қоныс тебеді. Ол Шерхан патшаның заманы еді.(Саламат ақсақалдың «Шерхан»деп отырғаны тарихта 1868-1879 жылдар аралығындаАуғанстанды билеген Шир Әли патша).
Сол кезде Ауғанстанның мемлекет басшыларының бірі – Сұлтан Ғалихан деген кісі қазақтардың қонысына барып, оларға қыр көрсетіп, үстемдік жасағысы келіп, үйінен кілем алдырып, үстіне қазық қағып, атын сол қазыққа арқандап, қазақтарға қаратып: «мен қой етін жемеймін, тауық етін тауып беріңдер» деп қиқарлық мінез танытады. Бұл қорлыққа шыдай алмаған ел қайта кері көшіп, Тәжік аумағында Әмударияға жақын келе, бір асудан асады. Сол асу күні бүгінге дейін «Қазақ гүзәр», яғни «Қазақ асуы» деп аталады. Ел асудан асып, ірге теуіп орналаса берген сәтте Сұлтан Ғалихан қарулы әскермен соңдарынан қуа шығады. Қазақтар көшті Әмудариядан өткізіп қоныстандырып, жау жолына керегелерді төсеп, өздері сойылмен аңдып жатады. Қарулы қол керегеге сүрініп, жығылған сәтте сойылдап, нөкерлерін өлтіріп жібереді де Сұлтан Ғалиханды ұстап алады.
Ауғанстан өкіметі қазақтарға «қалған дүние-мүліктеріңді қайтарайық, Сұлтан Ғалиханды тірідей қайтарыңдар» деп талап етеді. «Өліспей берісетін халықпыз ба?!» деп, Сұлтан Ғалиханды тірідей жерге көміп, азаптап өлтіреді.
Сонымен, Ауған жерінен кері қайтқан ел Тәжікстанның Гүлапстандеген жеріне орналасады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай күндерде, бұларға көз алартқан ешкім болмайды. Олар – Тәжікстан өкіметіне талап қойып, Гулапстанның шүйгінді де құнарлы мекені болып саналатын 32 бұлағының бойын иеленіп, ресми түрде өз аттарына бекіттіріп алады. Аталған аймақтың топырағы өте құнарлы болғандығынан табиғи түрде жабайы пісте қисапсыз өседі екен. Қазақтар сол пістелерді жинап, жылына бір рет арбалап базарға апарып саудаға салады. Соның арқасында көп табысқа кенеліп, мейлінше байып алады. Осылай «тамағы тоқ, көйлегі көк » бейбіт тірлікпен жарты ғасырды артқа тастайды. Тәжікстанда тыныш өмірге дағдыланып, тілі бөлек болса да діні бір, ділі бір тәжік халқымен етене-жақын бейбіт тіршілік етіп жатқан қазақтардың басына бәлшібектердің қара бұлты үйіріле бастайды.
1917 жылы Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл ел басына нәубет келіп, қайта босып Ауғанстанға барлық мал-мүлкімен өтіп кетеді. Оларды Адай-қосай тайпаларынан Бүркітбай, Тоқсаба, Нұмар молда, Мұңалдан Жарған қажы, қырықмылтықтан Қожахмет бай, Табынан Тілужан молда, Төлеу, Қоңыраттан Смайыл, Нұрақыл, Досан би қатарлы ел бастап алып шығады. Бірақ Ауғанстан жерін жерсінбеген мал түгелдей қырылып, халық ашаршылыққа ұшырайды. Жан бағуды күйттеген ел азаматтары Кеңес еліне өтіп, басмашыларға қосылып, ел тонауға кіріседі.
Ауғанстандағы қазақтарда коммунистерге қарсы шайқасқа кірісті. Түркілердің ұлт-азаттық күресін жан-тәнімен қорғап, қолдау үшін Ауғанстандағы қазақтар толассыз Кеңес жеріне өтіп, коммунистерге шабуыл жасап тұрды. Сол кездегі Ауғанстанның мемлекет басшысы Нәдір шаһ(1929-1933) қазақтарды қолдап, оларға жер бөліп беріп, орналастырды.
Сол кезде Кеңес өкіметі Нәдір шаһқа: «Басмашыларыңды тый немесе бізге ерік бер» деп талап қояды. Нәдір шаһ: «Мен өзім қоныстандырдым. Енді тыя алмаймын» деген жауабымен олардың талабын орындаудан бас тартады. Нәдір шаһ қазақтарға шабуыл жасауға келіспегеннен кейін, Кеңес өкіметі арнайы қарулы әскер шығарып, елді аяусыз қыра бастайды. «Қорғансыз елге қатын би» дегендей, қызыл әскер емін-еркін сайран салып, екі айдай елді қойша қырып аттанады. Қызылдардың қырғыны қазақтарға өліктерін көмуге де мұрша бермегендіктен жылауды да ұмытқан екен.
Қазақтар:
– Біз Ауғанстанды «мұсылман ел» деп паналап келсек, бізді қорғамай кәпірге қырғызды, – деп Ауған елімен соғысады. Бұл қырғын ұрыс бес жылға созылады. Екі жақ та мейлінше шығынға батады.
Бұндай аласапыран ауыр кезде басының амандығын ойлаған кейбір адамдар Кеңес өкіметіне өтуге мәжбүр болады. Кеңес өкіметі қашып келгендерге ерекше көңіл бөліп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, «қалғандарды да шақырыңдар!» деп кең пейілдік көрсеткен болады. Арып-ашып жүрген сорлылар «ұзын арқан, кең тұсауға» арқаланып, келе бастайды. Бұл жағдай үш жылға жалғасады. Осы кезде Кеңес Одағында бір зор мереке тойланады. «Ауғанстаннан келгендерге «ерекше ілтипат көрсетіледі» деп елді емексітеді. «Бұл не деген батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық» дегендей бұл аста-төк «жақсылыққа» алданған елдің бас-аяғы осында жиналады. Бұларды тарпа бас салып, көбін ату жазасына бұйырып, ит өлген жерге айдайды. Сондықтан басынан қайғы бұлты сейілмеген, тыныш ұйқы, беймарал тірліктен айырылған 2000-дай отбасы Ауғанстанға қайта ауып барады. Олар 1935 жылы өгіздің терісін бітеу сойып үрлеп, сал жасап, түнде Әмудариядан өтеді. Дарияның бойын күзеткен шекара күзетшілеріне дымдарын сездірмеген қазақ босқындары жаудың қолына түсіп қалмау үшін бір-біріне белгі бергенде жолбарысша ырылдасып тіл қатысқан екен. Баланы жылатпауға амалсыздан суға да батырып жіберген жайттар да болғаны айтылады. Сөйтіп, үрейден булыға көшкен ел төрт сағат мөлшерінде Әмударияның арғы жағасына өтіп үлгеріпті.
«Бірде артын, бірде алдын берген» мың құбылған сол заманда қазақтардың бағына қарай Нәдір шаһ қайтыс болып, орнына таққа отырған Заһир шаһ(1933-1973) жалпы елге бейбітшілік орнату мақсатында ел арасындағы бұрынғы бүлікшілікті тоқтатып, ауыр қылмыскерлердің күнәсін кешіріп, кеңшілік танытты. Соның салдарынан Заһир шаһтың либералды саясаты азып-тозған қазақтарға да игі әсерін тигізді.
Қазақтардың Ауған еліне екінші бір көшін Қанағат молда әңгімелеп берген. Ол: «Орал облысын мекендейтін елдің басым көпшілігі – Кіші жүздің Байұлы руынан. Ресей патшасы Николай* «балаларыңды оқуға беріңдер» дегені көңілдеріне секем ұялатқан ел бұдан құтылудың жолы ауа көшу деп тауып, Ауғанстанды бетке алды. Олардың ұзын-ырғасы 3000-дай үй еді.
Тәшенов Төреғали
«Айқын»