9 Қазан 2013, 03:14
Ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысында еліміздің Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин: Тарихқа арқа сүйемесе, болашақ бұлдыр екендігін айтып, басты мақсат - қазақтың этногинезін ұғына отырып, ұлттық тарихты қалыптастыру ғана емес, ұлттық сәйкестілікті нығайту ісі қолға алынатындығын тілге тиек етті.
Ал мұндай жағдай тарихшыларға үлкен жауапкершілік жүгін артатыны белгілі. Мәселен халыққа білім беру саласының даму жолдары тарих саласында осы уақытқа дейін біршама зерттелінген тақырыптардың бірі деуге болады. Алайда зерттеу үрдісінде әрдайым шыншылдық, ғылымилық, объективтілік принциптері қатаң сақталады деп айту қиын. Себебі, Отан тарихы ондаған жылдар бойы жалпы одақтық тарих ғылымының құрамдас бөлігі деп табылып, нәтежиесінде оның даму арнасымен жазылған болатын. Бұл жағдай өзгеде орыс емес ұлттар тарихы секілді қазақ халқы тарихында екінші дәрежелі сипатта деп ұғуға барлық прогресивті оқиғалармен құбылыстар тек орыс халқы арасында болды деп түсінуге алып келгені белгілі. Бұқара санасына күштеп сіңірілген мұндай партиялық принциптерге құрылған шамадан тыс идеологияландырылған тарих ұлттық оқу-ағарту ісін зерттеуге де өз көлеңкесін түсірмей қойған жоқ.
ХІХ ғасырдың ортасындағы Қазақстан территориясында мұсылман мектептері мен медреселерге оқытушылардың басым бөлігі татар молдалары болды. Қазақтың алдыңғы қатарлы зиялылары осы татар молдаларынан білім алған. Мәселен, қазақтың тұңғыш ағартушыларының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов алғаш рет татар молдаларынан білім алып, алыс мекендерде мұсылмандық сауаттылықты таратқан. Ғалым Б.Ысқақов «Татар-қазақ әдебиеттері байланысының негізгі кезеңдері» атты еңбегінде Ш. Уалихановтың татар тілі мен жазуын еркін меңгергендігін, оның үстіне татардың алдыңғы қатарлы ағартушыларымен, солардың ішінде Ш. Маржанимен таныс болғандығын атап өткен.
1860 жылы Ш.Маржани мен оның шәкірті Х.Файзханов татардың алдыңғы қатарлы элитасының және дінін құруға талпынды. Орынбор діни басқармысының муфтиі орнына келуге тырысты. Татар ағартушыларының бірі Хұсайын Файзханов пен Шоқанның арасындағы достық қарым-қатынастың болғандығы туралы ғалым Б.Ысқақов, өз еңбегінде Шоқанның Петерборға барған кезде Хұсайынның үйінде қонақта болғандығы турасында жазып өтеді.
Татар ұлтынан шыққан зерттеуші этнограф және өлкетанушы Құрбанғали Халиди 1846 жылы Аягөзде туып, Семей медреселерінің бірінде оқыды. Ол 1889 жылы «Тарих-и Джарида и Джаида», ал 1910 жылы «Тауар-и Хамса шарки» кітаптарын Қазан қаласында басып шығарды.
Галиев В.З. «Караванные тропы: Из истории общественной жизни Казахстана XVII-XIX веков» атты еңбегінде өзінің басты мақсатының не екендігін былайша көрсеткен: «Орта Азия мен Шығыс Түркістанда болған оқиғалар желісін бітірген соң қазақ ахуалдары мен хандары туралы жазуға кірістім. Бұл халықтың тарихы жалпы ауызда бар. Алайда жекелеген жазба тарихы мен естеліктері болмаған, әркім әртүрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет арам оймен, енді біреулері тек мұқатуды мақсат еткен. Кезіндегі бақсылар тарихты анығырақ түсіндіруге білімдері жете тұра, оған мән бере қоймаған. Нәтижесінде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен, мен бар күшқайратымды жұмсап жиырма жылдан астам уақыт бұл тарихқа қатысты ақпараттар мен мәліметтер жинап, жалпы жиналған мәліметтердің қаймағын қалқып алып осы кітапты жаздым», - дейді.
ХІХ ғасырда татар молдаларының қазақ жерінде мұслылман мектептерін ашуы патша үкіметіне секем туғызды. 1870 жылғы ереже бойынша барлық мұсылман мектептеріне бақылау орнатылып, Ильминскийдің жүйесі енгізіле бастады. Оның себебі, бұл мектептерде орыс граматикасы мен жазуына үйретпейді, молдалар отырықшы жерлерде мектеп ашпайды, бұл мектептердің еш маңыздылығы жоқ - деп көрсеттті.
Ғалым М.Мырзахметов көрсеткендей, миссионерлер алдымен қазақтарды татарлардың рухани әсерінен бөлшектеп ұстауды, араластырмауды мақсат етіп қойды. Себебі, біріншіден, татарлар қазақ арасындағы мектеп, медреселерде сабақ беріп, дін таратты, кеңсе жұмыстарын атқарып, тілмаштық қызмет етсе, екіншіден қазақтар татарларға ислам дініне нанымы осалдау, оларда ескі исламдық нанымы мен мұсылмандықты қосарлана пайдалану жағы басым болды. Міне, сондықтан патша үкіметі осындай ерекшеліктерді сезініп, қазақ жеріне миссионерлерді жіберіп, орыстандыру саясатын жүргізе бастады.
ХХ-ғасырдың басында Қазақ жеріне алдыңғы қатарлы демократиялық татар мәдениеті, ойшылдарының прогрессивті ақыл-ойлары кең түрде еніп, қазақ халқының ағартушы – демократиялық көзқарастарына әсер еткені белгілі. Қазақ даласында тілмаш болған және сауда жасауға келген татар көпестері бұл елде оқудың маңыздылығын көздерімен көргендіктен мешіт пен медреселер салып, Қазаннан арнайы оқыған молдаларды шақыртқан. Қазандағы медреселерде Орынбор, Семей сияқты қалаларынан келген қазақ балалары да дәріс алған.
Қазақ зиялыларының бірі Ахмет Байтұрсынов Н.Ильминскийдің ағартушылық әрекетінің түп төркінін: «Қазақ діні шынығып жетпеген, шала мұсылман халық. Мұны мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай деген пікірмен, патша өкіметі қазақ пен ноғай арасында жік салып, екеуін айырғысы келді. Ол үшін қазақ байлары ноғайша оқымай, орысша оқитын саясат жүргізілді,» дей келе, қазақ балалары үшін орыс мектептері ашылып, кітаптардың бірте бірте орысша шығарыла бастады. Патша үкіметінің орыстандыру саясатының бір көрінісі екендігін де келтіреді.
XIX ғасырдың 90-жылдары мен ХХ ғғасырдың басында татарлар арасында «жаңа әдісті» мектептер ашыла бастады. Онда география, тарих, есеп, жаратылыстану пәндерін оқу бағдарламасына енгізді. Мұсылман мектептері мен медреселері Н. Сәбитов көрсеткендей, қазына мен жергілікті жердегі құрылтайшылардың есебінен қаржыландырып отырған. 1905 жылға қарай мұндай мектептердің саны арта түсті. Ғалым Т Тәжібаевтың жазуы бойынша, патша үкіметі татар молдарының бет пердесін қазақ арасына мұсылман дінін таратуды ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Орта Азияға Ресейдің беделін түсіруші есебіне көрді.
Әулиеатаның қазағы Садық Абанов «Айқап» журналына жариялаған мақаласында Орынбордағы «Медресе Хусаинияға» түсуге Хасен Бегиев, Шарифалдин Мұхиталдинов сияқты татар азаматтарының 20 сом ақша беріп, көмектескендігін жазып, рахмет айтқан.
Уфадағы «Медресе Ғалияның» шәкірттері қазақ тілінде шығатын кітаптарға мұрындық болған. Мәселен, 1911 жылы Ішкі Орданың Ғұмар Қарашұлының «Өрнек» атты кітабын қазақ – қырғыз шәкірттері бастыртқан. Бұл «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ шәкірттері жиі-жиі бас қосып, мұқтаж шәкірттерге көмек көрсету, ағарту мәселелері жөнінде ақылдасып отырған. Негізінде бұл медресе қазақтың алдыңғы қатарлы зиялылары оқыған. Олардың ішінде М.Жұмабаев, Б.Майлин, Б. Серкебаев, барлығы 50 -ден астам азаматтар білім алған болатын. 1911 жылы «Ғалия» медресесіндегі қазақ шәкірттерінің қаражатымен «Әліппе яки төте оқу» атты қазақша оқулық жарық көрді. Медреседе оқыған қазақ жастары 1913-1914 жылдары «Садақ» атты қолжазба журналын шығарған, көкейдегі ойларын жазған. «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ жастары жер – жерде мұғалім болып, халықты сауаттандыру ісіне үлкен үлес қосты.
Қарағандыдағы «Медресе Әмирияда» қазақ -татар балалары аралас оқыған. «Айқап» журналында бұл медреседе 1912 жылы қазақ шәкірттерінің оқығандығы жөнінде мәлімет келтірілген.
Қазақтың әдеби тілінің қалыптасуы мен дамуына татарлардың әдеби тілі әсер еткен. Татарстанның орталығы болған Қазан қаласында қазақ кітаптары мен журналдары, атап айтқанда, қазақтын ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың кітаптары жарық көрді.
Ұлы Қазан төңкерісіне дейін Қазан қаласында араб әрпінде 2.037480 данамен 434 қазақ тілінде кітаптар шыққан. Семейде татарлардың «Ярдем» атты баспаханасы болып, 1912 жылы аталған баспадан Шәкәрім Құдайбердіұлының екі бірдей кітабы жарық көрген.
Татар халқының ғалым, жазушылары қазақ халқының тұрмыс тіршілігіне, әдет-ғұрпына арнап ғылыми еңбектер мен көркем шығармалар жазған. Ғалымжан Ибрагимов қазақ тұрмысына арнап «Қазақ қызы» атты роман жазса, ал Бурнамның «Қорқыт» атты шығармасы дүниеге келген. Сонымен қатар татарлар Қазақстан мен Орта Азияда медреселер ғана емес, ағартушылық қоғамдар, қайырымдылық қорлары мен кітапханалар ашу ісімен де айналысты.
1900 жылы Верный қаласында «Ағартуды көркейтушілер қоғамы» (общество ревнителей просвещения) құрылып, оның құрамына 120 – дай адам мүше болды. Бұл қоғам өз алдына барлық халықтар арасында ағарту ісін жандандыруды мақсат тұтты. 1901 жылы жексенбілік мектеп ұйымдастырылды. Бұл мектепте жалпы саны 92-ге жететін оқушы білім алды. Сондай -ақ, Верныйда татарлардың қолдау көрсетуімен 1907 жылы мұсылман кітапханасы ашылды.
Тарихшы ғалым В.Галиев көрсеткендей, Ахмет Кәрім Зайнуллин Верный қаласындағы «сенбілік жиналыс ұйымының» отырысына қатысып, татар, қазақ, араб және ұйғыр тілдеріндегі 6000 кітапты мұсылман кітапханасына өткізген. Сонымен қатар ол Қазан қаласына қазақ тілінде 29 кітап шығаруға тапсырыс берген. Кітапхана қорында тиым салған бірқатар кітаптар да болған. Үкімет зиянды деп тапқан кітаптарды мұсылмандардың арасына таралуына Сыртанов, Қуатов, Мәуленқұлов, Зайнуллин сияқты татар-қазақ азаматтары мұрындық болған.
Қорыта айтсақ, ХХ ғасырдың басындағы қазақ жерінде болған татар зиялылары патша үкіметінің қатаң бақылауына қарамастан қазақ халқының оқу-ағарту салаларына елеулі үлес қосты. Қазақ жеріне қазақ тілінде шыққан кітаптарды таратуда айтарлықтай жұмыстар істеді.
Шетелдік мұрағаттар мен ғылыми орталықтарда қазақ тарихы бойынша осындай зерттеулер жүргізіліп, ұлттық тарихты қалыптастыруда атқарылатын ғылыми ізденістердің бастамасы болатынына кәміл сенеміз.
Baq.kz