8 Қазан 2013, 03:43
«Үлкеннен – үлгі, ағадан – өнеге, атадан – ақыл» дейді көнелер сөзі. Менің де азды-көпті айтып жүргендерім – ақ сақалды аталар мен ақ шашты әжелерден естігендерім мен көзбен көріп, көкйгк түйгендерім.
Қазақ сияқты көшпенді жұрттың Наурыз мерекесін қастерлеп-қасиеттеп атап өтуде үлкен мән жатыр. Тіршілік-тынысы мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, қыс бойы тар қыстауда қысылып, сайдың сағасын, таудың ығын паналап, малын жұттан, жыртқыш аңнан аман-сау алып шығудың өзі қаншама күш-қайратты, төзімділікті өқажет етеді десеңізші! Наурыз келгенде қыс құрасуы босап, жер арқасы жібіп, жаңа тіршілік басталып, табиғат-ана түлей бастайды. Жан-жануар мен өсімдік әлеміне жан кіреді. Одан ары қарай мал төлдеп, елдің аузы аққа тиіп, уызға жариды. Жыл құстары келіп, тынысы кеңиді, көңілі сергиді. Тірі жан иесі күн шуағынан күш алады. Елдің ардақтап, асыға күтетін жыл мерекесі, шаруа тойы, табиғатмейрамы осы Наурыз болғандықтан, бұл күнге әр отбасы қыстан бастап дайындық жасаған. Қысқы соғымның қадірлі мүшелерінен (шеке, жамбас, жілік, қазы) әдейі арап, сүр сақтайды. «Наурыздан ашаман» деп әжелер қарындағы майын, жент, құрт, ірімшік секілді тағамдарын алдына ала үнемдеп, қамданып жүреді. Ісмер аналар мен апалардың жөн көрсетуімен қыз-келіншектер ою ойып, кесте тігіп, шашық түйіп, құрақ құрап, түскиіз, алаша, сырмақ, төсекжапқыш секілді үй бұйымдарын жасайды. Отбасына кем дегенде осындай бірер зат қосуға тырысады. Қыздар әкесіне, ағаларына аранап тақия тігіп, беторамал кестелейді. Ұлдар ағаштан ожау, қасық, тостаған, саптаяқ, тегене секілі әркім өзінің қолынан келгенін жасап, үйге қажет дүниенің толығуына септігін тигізетін болған. Қыз-келіншектер өз қолдарынан шыққан сәнді бұйымдарын Наурыз күні үй ішіне жайнатып іліп тастайды. Ауылдағы жасы үлкендер оларды көргенде «пәленшенің түскиізі көз таратрлық», «түгеншенің сырмағы айшықты, өрнегі қанық, кестелі шығыпты» деген секілді мақтауларды бағаштап, өзгелерге үлгі етеді. Іс тігушілер өнерінің жұрт алдында бағаланарын білгендіктен әрқайсысы басқаға ұқсамайтын өз өрнегі мен нақышын табуға тырысқан. Жастардың шеберлігі мен ісмерлігі осылай шыңдала түскен. Наурыз жақындап қалғанда үйдің айналасын күл-қоқыстын тазартып, текемет-сырмақтарды шаң-тозаңнан арылтып, кір нәрсе қалдырмай жуып, әр отбасы мерекеге дайындалған. Ерлар жағы шаштарын алып, сақал-мұрттарын басып дегендей, әйелдер болса балаларын жуындырып, тырнақ-шаштарын алғызып, бұрым-кекілдерін сәндеп, қарапайым болса да бір жаға киімдерін әзірлеп, өздері кимешек, орамал-шаршыларын ағартып, әйтеуір бір әдемі абыр-сабыр , қуанышты қарбалас тіршілікке кірісіа кетеді. Өйткені, жаңа жылды – қасиетті Наурыз күнін кіршіксіз тазалықпен, ақ ниет шынайы пейілмен қарсы алса, жыл бойы жақсылық жасалады, ауру-сырқау аулақ жүреді деп түсінген. «Ертең Наурыз» деген түні әрбір шаңырақ үйінің төріне шырақ жағып, Қызыр баба түнін күзетіп, тілек тілеген. Бұл түні оты маздап, жарығы жанып тұрған үйге Қызыр бабаның мерейі түседі, көз қырын салады, назарынан тыс қалдырмай, сол үйге құт -береке қонады деп сенім білдірген. Саналы адам жыл бойы істеген істеріне, тіршілігіне өз арының алдында есеп беріп, білмей жасаған, біліп жасаған қателіктері үшін Жаратқаннан кешірім сұрап сыйынады. Сенім деген – ұлы күш. Ол адамға рухани қуат пен жігер береді. Табыну, сыйыну пенденің ішкі болмысының тазаруына жол ашады. Адамгершілік нанымы бойынша күн мен түн тепе-теңдікке жеткен кезде аспанды жарып бір ғажайып гүріл естіледі. Сол үнді «әз» дейді. Әз өткен үннен бастап, бүкіл жан-жануар, күллі өсімдік дүниесі, жалпы тіршілік әлемі қайта түлеп жаңарады, ескінің ауырлығы кетеді. Наурыз біздің сағат уақытымызбен айтсақ, түнгі үште келеді. Наурыздың таң шапағын, көкжиектен көтерген күннің қызылын көруді ата-аналарымыз бір ғанибет санаушы еді. Наурыз күні күннің алғашқы сәулесіне маңдай тосып, шұғыласына бөленсе, адамынң бойына күш-қуат тарайды дейді. Наурыз күні туған сәбилерді «Ұлыс күні дүниеге келді, Құдайдың оңдап, Қызырдың қолдағаны» деп, жаңа жыл төлінің басы ретінде бағалайды. «Наурыз төлді» күтімге алып, жақсылап бағады. Оны сатуға болмайды, сыйға бермейді. Наурыз мейрамында мал соймайды, жалпы, қан шығармайды. «Өсер төлге, көбейер малға кесірі тиеді, мал басы кемиді» деген тыйым бар. Сонымен бірге Наурыз күні шаш, тырнақ алмайды. Өйткені адамның қара тырнағынан бастап, шашына дейін жаңарып, түлейді. Наурыздың бірінші күні, яғни Ұлыстың ұлы күні кір жумайды, жолға шықпайды, құрылыс бастамайды, іс тікпейді, мылтық атпайды, қақпан құрмайды, тұзақ салмайды. Бұл – кездесоқ емес, өте ертеден қалыптасқан ата-бабаларымыздың дүниетанымы. Олар табиғатқа табына жүріп, табиғатты өзінің өмірін сақтаушы кие тұтқан, тіршілігінің мәні мен сәні ретінде ардақтаған. Бабаларымыз аспан әлемін, аспан денелерінің қозғалысын, өзгерісін бақылап, оны тұрмыс-тіршілігіне пайдалана білген.
Бабаларымыз табиғаттың тынысын тыңдап, үнін естуге, оны құдіретті күшімен қат-қабат құпия сырларын ұғынуға тырысып, өзін қоршаған жаратылыс дүниесі және оның алуан түрлі құбылыстары жөнінде ой толғаған. Қариялардың наурыздығы ауа райының өзгерістеріне қарап жасаған болжамдары дәл келеді. Мысалы, наурыз айының бас жағындағы күн жылынып, қар босап, торғай тұмсығы малынатындай ерісе, жаз ерте шығады деп есептейді. Ал күн қабағын түйіп, сұрланып тұрып алса, ауа райы өзгеріп, жауынды-шашынды, мал-жанға мазасыз болады дейді. Әйтсе де, қанша құбылғанымен Наурыз келген соң-ақ қыстың қаһары қалмайды.
Мерекеде әрбір үй кезекпен Наурызкөже жасайды. Бұған су мен тұздан басқа (қазаққа тоғыз саны да қасиетті) жеті түрлі дәм салынады әрі «тек мына дәм салынуы керек» деп шектеу қоймаған. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Тек міндетті түрде дәс саны жетеу болған. Сөйтіп, Наурыз күні қазандар көжеге толады. Ауыл ақсақалдары бастаған кісілер үйлерге кезегімен кіріп, қонақ болады. Әдетте әйелдер мен балалар ыдыс ала жүреді. Өйткені үйге келмей қалғандардың сыбағасын беріп жіберіп, отыратын болған. Осылайша әр үйден құйып әкелген көжені өз үйінің қазанынында қалған көжеге қосқан. Бұл дәм-тұзымыз араласып, көжедей дәмді болсын деген үлкен ұғымды білдірді. Айта кететін бір нәрсе, көжені ыдысқа толтырып қояды, бұл – «жаңа келген жылдан несібесі ортаймасын» дегендік. Әрі құйылған көжені тауысып ішу керек, әйтпесе ырзығы кем болады дейді. Наурызда қариялар өздері рұқсат етіп, жиналған топты бөлмесе, өз бетінше ешкім бұра тартып, бөлек кетіп сыбаға жеп, көже ішуге бармайды. Бұл ынтымақ пен бірлікті бұзады деп ырымдайды. Ұлыс күні жігіт-желең, жасөспірім балалар үлкен кісілермен бірге жүріп, қаттарға қызмет етеді. Қолына су құйып, орамал ұсынып, есік ашық, табақ тартып, көже ұсынып дегендей, қалайда қариялардың ықыласына ілінуге тырысады. Наурыз күні үлкендерден бата алу үлкен мәртебе саналған. Оң тізесін бүгіп, екі қолды жоғары көтеріп алақан жая бата сұраған жігіттер мен балаларға ақсақалды аталар күн нұрындай сәулелі, жаныңды жадырататын мағыналы да мәнді бата береді. Көже пісіріп, қазан-ошақ басында жүрген келіндерді шақырып, ақсақал аталар:
Көже істеген келіндер,
Көпке жаққан елшіл бол!
Бозторғайдай төлшіл бол!
Ор қояндай көзді бол!
Шешен тілді сөзді бол,
Өркенді бол, ойлы бол!
Өз құрбыңның алды бол! –
Деп дархан көңілмен ризашылықтарын білдірген. Әрине, Наурызда айтылатын ақ алғысты, тең мағыналы бата түрі көп, Наурыз тамашасы қыдырып көже ішумен шектелмейді. Балуан күресі, арқан тарту сияқты сайыстан өткізіп, әнші-күйшілер, ақындар өнерін ортаға салады. Көптің көңілін көтеріп, тойды қыздырады.
Жыл құстары келе бастаған кезді қазақтар «ілгері салым күндерге жеттік» деп қуанады. Көктем күндері ерекше күтетін құстың бірі – «Наурызкөк» деп аталатын кіп-кішкентай құс. Бала кезімізде анамыз: «Наурызкөкті көргенде шошытып қумаңдар, «Наурызкөгім, келдің бе?» деп шақырып, жем шашыңдар» деуші еді. Осы құстың келуімен қарайлас Наурызшешек шығады. Наурызшешек – өте әдемі көпжылдық гүлді өсімдік. «Биыл біреуін үзсең, келесі жылы он гүл шықпай қалады» деп, осы гүлді анамыз жұлғызбайтын. Менің әлі күнге дейін есімде, кішкене кезімізде әр наурыз сайын аталарымыз ойын балаларын тегіс жинайтын. Топ-топқа бөліп, ересек балаларды бас етіп, бұлақтың көзін ашуға жіберуші еді. Ата-әжелеріміз. «Бұлақтың көзін ашу – Меккеге сапар шеккендей сауабы үлкен, қасиетті іс. Су бар жерде тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса, су мол болады. Су мол болса, шөп те, гүл де жайқалып өседі, егін бітік шығады. Адамдар мен жан-жануарлар тоқ болады, тоқ болса, бір-біріне қастық жасамай, бейбіт жүреді. Бастау-бұлақтардың көзін ашқандарың – өмір-тіршілктің де көзін ашқандарың», - дейтін еді. Осыны естігенде тіршіліктің тірегі бізге қарап тұрғандай қанаттанып, бірде-біріміз қалмай, бұлақтар мен тұнбалардың көзін ашып, су ағатын жылғалардың жолын тазалауға кететінбіз. Біразымыз тал егіп, су құятынбыз. Бұл біз үшін өзінше бір ғажайып серуен секілді еді әрі табиғатты аялаудың, қорғаудың талғамы мол тамаша үлгісі, халық өнегесі, Кеңестік тәрбиенің әсері болар, кез келген нәрсені ұрандатып істеуге үйренгендіктен кейде тыныс-тіршілігімізде жіксіз жымдасып, табиғи түрде өтуі керек айқын дәстүрлердің өзін науқанға айналдырып жіберетініміз бар. Наурыз мерекенсінің негізгі мән-мағынасы бұл күнде ауытыңқырап, у-шумен көшеге шығып кетті. Жоспармен, нұсқаумен өткізуге дағдыланып бара жатқандаймыз. Тіпті бәсеке-жарысқа «керек» адамдарды күтіп жіберуге, көзіне түсіп қалуға арнап киіз үйлер тігіліп, шышылып-төгіліп жатқандарды көргенде, өкніп-ақ қаласың. Неге десеңіз, сол тігілген үйлерге қарапайым қариялар бас сұға алмайды. Отбасында Наурызға қатысты еш дайындық жасмай-ақ Наурызкөже дәмін ешкімге тарттырмай-ақ, көшеден қыдырып келіп , «Наурыз өткіздік» дейтіндер толып жатыр. Жаңа күнді, жылдың басын, әрі-беріден соң қазақ халқының маңдайдағы жалғыз ұлттық мерекесін ардақтап, ұрпағымыздың санасына сіңіру – әр ата-ананың парызы. Түтін түтетіп отырған әр шаңырақ ақ ниет, таза жүрекпен, мейіріммен, үлкен сеніммен Ұлыс күннің, ең алдымен, өз отының басында қарсы алуды дәстүрге айналдырулары керек. Жер әлем, Табиғат-ана жаңарып жатқанда бүкпесіз тілеген тілек қабыл болады. Барына да, жоғына да тәубе деген ынсапты, сабырлы адамның жолы ашылады. Ұлыс күгні қалтықсыз жасаған қайырымның сауабы зор, шарапаты мол. Құдайға шүкір, көп жыл көзімізден таса болған қасиетті мерекемізбен қауышқалы бері жаңа дәстүрлер де қосылып келеді. Ата-бабадан қалған жақсыны бүгінгі жаңамен ұштастырып жалғастырсақ, қазақ дейтін халықтың мерейі үстем, қоар тұғыры биік болары сөзсіз. Қазақ, «бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар, айдан- аман, жылдан есен өтейік» деп тіршіліктеріне , сау-сәлемет көріскендеріне шүкіршілік етеді. Мен тыңнан жол салған жоқпын, жаңалық ашпадым, тек халықта бұрыннан барды айттым. Халық – ғаламат бір қазына, халықта бардың бәрін көптеп айтуға адамның ғұмыры жерпейді. «Қанша көп білсең де, көптен артық білмейсің» дейді даналар сөзі. Дегенмен білгеніңді бөлісу ол да бір жақсылық деп ойлаймын.
Зейнеп Ахметова
«Армысың, әз-Наурыз» Астана, «Зерде» баспасы, 2010