8 Қазан 2013, 03:37
Наурызнама – шат-шадыманды ойын-сауық, той. «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен (Абай). Кей жерлерде Наурыз тойы деп те аталады. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар жасалады. Мұнда шіріп ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге қатты тыйым салынған. Тойға ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт бәсекесі, айтыс, түрлі ойындар мен көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Әркім үлкендерден бата тілейді. Наурызнама бұрын 3-9 күнге созылатын, халықтық ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен қолданылатын ерекше үлкен жиын той. Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын Наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын кітаптың атын «Салдама» дейді (Мәшһүр Жүсіп).
Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып, бас қосып ұйқыашар әзірлейді. Ол ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Қыздар өздеріен ұнатқан жігіттеріне «ұйқыашардан» дәм тарттыратын болған. Мұның мәнісі олары «ұлыстың ұлы күні» ұйықтап қалмасын деген ескі ұғымнан туған. Оның үстіне «ұйқыашар» болашақ күйеулерге күш қуат, махаббат, нәзік сезім әкеледі-міс деген.
Жігіттер қыз-келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селт еткізер» деп атайды. Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік мен сұлулықтың, иіссу – бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі. Бұл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арнап жылы-жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» деп аталатын дәм дайындалып, таратылады.
Наурыз-тілек. Достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершілкітің белгісі, әрі тойдың жарасты салтының бірі ретінде айтылған.
Наурыз төл. Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар наурыз төлі деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді.
Наурызкөк «Наурыздек) – наурыз айында ұшы келетін көтем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады. Наурызкөкт ешкім қумайды, үркітпейді.
Наурызшешек. Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түсті гүлді, қауашақты әсем өсімдік. Оны үйде өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурызшешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.
Наурыз есім. Наурыз күнінде немесе айында туғандарды халық бақытты санаған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы: қазақ халқында Наурызбай Құтпанбайұлы (1706-1781), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атты әйгілі батырлар болған. Алтын Ордада Наурыз есімді хан (1359-1360)болғаны тарихтан белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кедеседі.
«Армысың, әз-Наурыз» Астана, «Зерде» баспасы, 2010