4 Қазан 2013, 03:55
Қазақстан, Ресей чемпионаттарында өнер көрсеткен, сондай-ақ, ұлттық құраманың он жылға жуық тұрақты қорғаушысы болған футболшы Александр Фамильцев.
Александр Михайлович Фамильцев 1975 жылы, 3тамызда Павлодар қаласында дүниеге келген. Сашаның футболшы болып қалыптасуына алғашқы бапкері Василий Васильевич Черкашиннің қосқан үлесі зор. Павлодар қаласындағы балалар мен жасөпірімдерге арналған спорт мектебінде осы бапкерден тәлім алды. Бала күнінде шабуылда өнер көрсеткен. Кейінен бапкерлер әр түрлі позицияда сынап көрді. Әр жылдары қапталдағы жартылай қорғаушы,артқы жартылай қорғаушы, қорғаушы болып ойнады. Сашаның көкейінде, қай шепте ойнасамда, бастысы бапкердің тапсырамасын бұлжытпай орындап, командаға өз пайдамды тигізсем деген ой ғана болды.
Қазіргі «Ертіс» клубының атауы 1992 жылы «Трактор» болатын. Міне осы «Трактордың» негізгі құрамына Саша 17 жасында алынды. Алғашқы голын осы жылы «Ақтөбенің» қақпасыа айып соққысынан соқты.
Келесі жылы жас болса да, «Аңсаттың» («қазіргі «Ертіс») сенім артар серкелерінің бір болды. Қорғаныстың сол қапталында жасындай жарқылдады. Қос Виктордың командасы сол жылы ел біріншілігінде жеңіске жетті. Қос Виктор деп жатқанымыз, басында команданы Виктор Ярышев жаттықтырса, кейіннен тізгінді Виктор Веретнов ұстаған еді. Маусым қорытындысы бойынша үздік 33 футболшының арасында Саша сол қапталдың үздігі деп танылды.
Виктор Веретнов бапкер 1994 және 1996 жылдары командаға екі рет Қазақстан чемпионатының күмісін сыйлады. Сосын 1997 жылы екінші алтында бұйырды. Әрине бұл алтын оңайшылықпен келген жоқ. Ол кезде «Тараздың» дәурені жүріп тұрған еді. Екеуі мәреге бірдей ұпаймен жетті. Алматыда өткен «алтын матчта» керекулік клубтың жолы болып, бас жүлдені еншіледі.
Екінші чемпиондықтан соң, Сашаға ресейлік клубтар құда түсе бастайды. Өзі де шеберлігін шыңдай түсу деңгейі жоғары біріншілікте доп тебуді көздейді.
Басында Владимир Нидергаус өнер көрсеткен, Антон Шох бапкер болған Волгородтың «Ротор» клубына сынаққа шақырылады. Өкінішке орай, алғашқы жаттығуда аяғын сындырып, сәтсіздікке душар болды. Сол жылы бір сынған жері төрт рет қатарынан сынады. Тіпті жарақаттан қалжыраған футболшы өзінің сүйікті спортын тастауды да ойлайды. Бірақ, Сашаның туған-туыстары мен достары бұл қиындықты жеңіп шығатынын сендіріп, қолдау білдіреді. Сол кезде «Роторда» жолы болмаған соң, «Локомотив» (НН) клубымен келісімшарт жасасып қойған еді. Жарақаттың кесірінен Ресейде ешқандай команда да өнер көрсетпей, келесі маусымда елге оралады. Футболшыны Қазақстанға қайта шақырған «Ертіс» емес, Петропавлдың «Аксесс-Голден Грейн» клубы еді. Қызылжарлық команда жинаған таңдаулы футболшылардың арасында Саша да болды.
Қызылжар жерінде екі маусым өткізіп, Қазақстан біріншілігінің қос күмісін тағы да олжалады.Екі жылда 41 ойынға қатысты.
Петропавлдан кетуінің бірден бір себебі Ресейде ойнауға жаңа мүмкіндік туады.КСРО кезінде атағы алысқа кеткен Мәскеудің «Торпедосына» ауысты. «Торпедоның» сапында ол кезде, Игорь Семшов, Константин Зырянов, Роман Березовский сияқты танымал футболшылармен бірге өнер көрсетті. Сондай-ақ, мәскеуліктердің қосалқы құрамында тағы бір қазақстандық футболшы Фархадбек Ырысметов те болды.
«Торпедо» сапында өткізген бір жылында негізгі құрамда 13 рет алаңға шығып, бір рет мергендігімен көзге түскен.
2002 жылы «Торпедоны» тағы бір ресейлік клуб «Томьға» айырбастады. «Томьға» ауысуының басты себебі «Торпедоның» бапкерлер штабында жұмыс істеген Валерий Петраков осы клубтың тізгінін ұстайды. Петраковтың шақыруымен келген жерлесіміз, бұл жерде төрт жыл қатарынан табан аумай өнер көрсетті.
Клуб басшылары Валерий Петраковтың алдына команданы Премьер-лигаға шығару жайлы тапсырма қояды. Бірақ, қанша тырысқанымен бұл мақсатты орындау Петраковтың қолынан келмеді. Алғашқы жылы жоғары дивизонға жолдама беретін екі орынның бірі бұйырмай, үшінші орында қалып қояды. Ал келесі жылы соңғы турда «Балтикадан» бір ұпай ала алмай, бұл мақсат тағы да орындалмай қалады. Осыдан соң, Петраков орнынан кетеді. Петраковтың орнына келген Дмитрий Галяминде жоғары нәтиже көрсетпеген соң, қызметінде ұзақ отырмады. Сосын Александр Гостенин тізгінді қолына алғанда, көптен күткен арман Премьер-лига шығу жоспары орындалды.
Саша «Томь» сапындағы соңғы маусымында Жоғары дивизонда ойнау бақытына қолын жеткізді. Ал 2006 жылы қостанайлық «Тобылмен» келісімшартқа отырды. Жалпы «Томь» сапында 2002-2005 жылдары 89 рет алаңға шыққан.
Александр Қостанайда екі жылға жуық уақыт доп тепті. Нұрбол Жұмасқалиев, Азат Нұрғалиев, Руслан Балтиев сияқты шеберлермен бірге «Тобылдың» үздіктерінің қатарында болды.
Дмитрий Огай жаттықтырған команда ол кездері еліміздегі ең үздік клубтардың алдынғы легінде болды. Тек өкінішке орай, бас жүлде бұйырмаған еді.
«Тобылдан» кеткен соң, қостанайлықтардың басты қарсыласы «Ақтөбеге» ауысты. 2008 жылы «Ақтөбе» мен «Тобыл» маусым қорытындысы бойынша бірдей ұпай жинаған соң, чемпиондықты анықтайтын «алтын матч» ойнатылды. Бұл Сашаның Қазақстандағы үщінші «алтын матчы» болды (1997 «Ертіс» «Тараз», 2000 «Аксесс Голден Грейн» «Жеңіс», 2008 «Ақтөбе» «Тобыл»). Осыдан соң, үш бірдей «алтын матчта» ойнаған алғашқы футболшы атанды.Сондай-ақ, Қазақстан біріншілігіндегі үшінші чемпиондығына да қолын жеткізді.
«Ақтөбеден» кеткеннен кейін Ресейдің Әуесқой футбол лигасында ойнады. Алдымен «Мостовик-Приморье» сосын «Торпедо» командаларының өнер көрсетті. Ал футболдағы карьерасындағы ең соңғы клуб «Сахалин». Сашаны бұл командаларға шақырып жүрген Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған, белгілі футболшы Сергей Тимофеев. Кезінде екеуі бір команда да доп тепкен. Бір-бірін өте жақсы таниды. Тимофеев ұлттық құраманың бас бапкері болғанда Александрды үнемі шақырып тұрды.
Александр Фамильцев қазіргі кезде «Томь» командасының қосалқы құрамын жаттықтырып жүр.
Ұлттық құрамада
Ұлттық құрамада алғашқы ойынын 1997 жылы 11 мамырда Алматыда Пәкістан құрамасына қарсы өткізді. Жалпы ұлттық құрама сапында 1997-2006 жылдары 35 ойын өткізген. Құрамадағы алғашқы әрі жалғыз голын Тәжікстан құрамасына Нұрбол Жұмасқалиевтің пасынан кейін соқты.
Жетістіктері:
Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 1993, 1997, 2008 жылдары
Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 1994, 1996,1999, 2000, 2007 жылдары
Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2006 жылы
Ресейдің Бірінші лигасының кіші күміс жүлдесі: 2004 жылы
Бек Төлеуов «Sport»