4 Қазан 2013, 03:53
Ол 15 жасында ( нақтырақ,15 жас 10 ай 9 күн) КСРО чемпионатының Екінші лигасында өзінің алғашқы кездесуін өткізген. Осыдан 18 жыл бойы үздіксіз доп тепкен талантты шабуылшыларымыздың бірі –Тілеухан Тұрмағанбетов.
КСРО құрамасы әлем чемпионы болмаса да, тұңғыш Еуропа чемпионатын ұтқаны тарихта жазылып тұр. Лев Яшин, Олег Блохин, Игорь Белановтардың атағы дүние жүзіне тарады. Алып державаның ішкі біріншілігі де, қызу тартысқа толы болатын. Жоғары лиганы қоспағанда, Бірінші, Екінші лиганының өзіне жанкүйер қауым көп жиналатын.Біздің елде Жоғары лигада тек алматылық «Қайрат» қана өнер көрсетті. Қалғандары Бірінші, Екінші лигалардан әрі аса алмады. Осы КСРО-ның Жоғары, Бірінші, Екінші, тіпті Қазақстан чемпионатында да доп тепкен футболшылардың бірі Тілеухан Тұрмағанбетов еді.
Тілеухан Тұрмағанбетов -1965 жылы,18 қарашада дүниеге келген. Қызылорда футбол мектебінің түлегі. Осы қаладағы «Балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінде» тәлім алған. Спорт мектебінен кейін бірден КСРО чемпионатының Екінші лигасында өнер көрсететін «Мелиоратор» командасына қабылданады. Ол кезде команданың бас бапкері қазақ футболының карольі Тимур Сегізбаев еді. Тимур Санжарұлына бала болса да, шабуылшының қимыл қозғалысы жақсы әсер қалдырады. Тілеухан 15 жасында ( нақтырақ,15 жас 10 ай 9 күн) алғашқы кездесуін «Оралға» қарсы өткізді. Ал үш күннен кейін Атыраудың «Каспий» клубына өзінің дебюттік голын соқты. Алғашқы жылы негізгі құрамда өнер көрсету аса қиынғы соғады. Әйткенмен жас футболшыны тәжірибе жинасын деп, Сегізбаев ара-тұра ойынға шығарып тұрды. Келесі жылы Қызылордаға КСРО құрамасының қақпашысы болған Александр Прохоров бас жаттықтырушы болып келеді. Прохоров Тілеуханды команданың негізгі құрамына қосады. Аз уақыттың ішінде өзін жақсы қырынан көрсетіп, маңызды голдар соға бастайды. 16 жастағы жасөпірім бір жылда 23 ойын өткізді. Осыдан бастап, бұл футболшыға көз тіге бастаған командалар саны арта бастады. Кез-келген футболшы карьерасының өсуі үшін деңгейі жоғары командаға ауысқанды қалайтыны анық. Тілеухан да «Қайраттан» ұсыныс түскен соң,1983 жылы алматылық команданың қатарына өтеді. Сонымен қатар сол жылы КСРО жасөпірімдер құрамасынан да шақырту алды (бапкерлер – Сергей Мосягин мен Борис Игнатьев).
«Қайрат» та, басында бәрі бірден керемет болып кетпеді. Тіс қаққан шеберлер 18 жастағы футболшыға өз орнын беріп қойсын ба? Содан қосалқы құрамда қашанғы отырсын екінші айналымда туған қаласына қайта оралады. Бірнеше жыл осы екі команданың арасында көшіп қонып жүреді. КСРО чемпионатында Жоғары лигасында 1984, 1985 және 1986 жылдың екінші жартысында өнер көрсетті. Юрий Найдовский екеуі 1984 жылы «Қайраттың» қосалқы құрамының ең үздік сұрмергендері атанады (екеуінде де тоғыз доптан). Келесі 1985 жылы ол Жоғары лигадағы алғашқы ойынын өткізді. Донецкінің «Шахтеріне» қарсы кездесуде әріптесі Антон Шохты алмастырып, бес минут доп тебеді. Сол ойында «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Жалпы1985 жылы бес кездесу өткізді. Ол қатысқан ойындардың ешқайсында «Қайрат» ұтылып көрмепті (Минскідегі ойын – 0:0, Вильнюсте –2:2, Алматы да «Факел» мен Ростовтың СКА командасын – 1:0 есебімен ұтқан). КСРО біріншілігінің тарағанынша қалған жылдарын «Мелиоратордың» сапында өткізді. Ол 1988 жылы «Мелиоратор» сапында барлық матчтарға қатысып шықты. Маусым соңында әр команданың бас бапкерлерінің дауыс беруімен КСРО чемпионатының Екінші лигасының Сегізінші аймағының үздік футболшыларының арасында төртінші орынға ие болады. Сол жылдары ол командасының капитаны әрі бас мергені атанады. Әсіресе, 1989, 1991 жылдары қарсыластарының қақпасына бір маусымда 19 голдан тулатады.
Тұңғыш Қазақстан біріншілігінде «Қайсар» 10-шы орыннан әрі аса алмады. Қызылордалық команданың тағы бір шабуылшысы Сергей Когай 21 доп соғып, чемпиоанттың үздік мергені атанса, Тілеухан да 11 мәрте қарсылас командалардың қақпасының кілтін тапты. Футбол мамандары Тұрмағанбетовтің шеберлігін жоғары бағалап, үздік 33 футболшының қатарына еңгізіп, өз шебінде бірінші орынға қояды. Келесі маусымда құрамы жаңарған «Қайратқа» қайта барады. Жүлде біткеннің бәрін 1992 жылы сыпырып алған алматылықтар 1993 жылы ол жетістіктерін қайталай алған жоқ. Ол негізі «Қайраттан» бірінші айналым аяқталған соң, кетіп қалады. Шымкенттің «Жігер» командасы құрамын тәжірибелі, шебер футболшылармен толықтыра бастайды. Қайрат Сіләмбеков бар, Тілеухан бар «Қайраттан» Жігерге» ауысады. Алғашқы жылы жүлделі орынға бір ұпай жетпей қалып, бұл жоспарды келесі жылы орындайды. «Елімай» мен «Аңсаттан» соң, мәреге үшінші келді. Ал 1995 жылы қайтадан төртінші орынды місе тұтты. Осы 1992-1995 жылдары ол 33 үздік футболшының қатарына үнемі тұрақты түрде еніп отырды. Үш жылдың ішінде шымкенттік команданың сапында 27 гол соқты. «Жігерден» кейін қайтадан туған командасына оралады. «Қайсар-Мұнай» болып шыққан команда 1996 жылы чемпионатты жетінші орынмен аяқтады. Әрине бұл жылдары біріншіліктің көшбасшылары «Елімай», «Тараз», «Ертіс» болатын. Осы ұжымдармен өзге командаларға бас жүлдеге таласу қиынға соқты.Қызылордалық «Қайсар» 1996, 1997 жылдары 7-8 орыннан әрі аса аламаса, 1998 жылы 4-ші орынға дейін көтерілді. Бұл кезде команданың тұрақты демеушісі табылып, бас бапкерлікке Воит Талгаев шақырылған еді. Воит бапкер «Тараздағы» футболшыларының біразын осы командаға әкеледі. Қақпашы Олег Воскобойников, ойыншылардан Азамат Ниязымбетов, Нүркен Мәзбаев та «Қайсардан» табылады. Қызылордалық команданың ең «жұлдызды кезеңі» осы 1998-1999 жылдары болды. Ішкі біріншілікте тиісінше төртінші, бесінші орын алса, 1999 жылы Қазақстан кубогына ие болды. Бірақ, Тілеухан «Қайсар» кубок алғанда ол «Таразға» ауысып кеткен еді. Карьерасында осы жерде аяқтады.
Ұлттық құрамада
Ұлттық құрамаға сонау 1992 жылы алғашқы құрама жасақталған кезде шақырылды. Бірінші ойынын сырт алаңда Түркіменстанға қарсы өткізді. 1994 жылы Қазақстан құрамасы мен Тәжікстан кездесіп, екі футболшымыз пенальти соға алмаған еді. Соның бірі осы Тілеухан Тұрмағанбетов, екіншісі Андрей Мирошниченко. Жалпы құрама сапында тоғыз ойын өткізген. Ол кездері Қазақстан көп матч өткізбеген болатын.
КСРО чемпионатының Екінші лигасында 79 гол, Қазақстан чемпионаты мен кубоктық бәсекеде 56 рет мергендік танытқан.
Бапкер ретінде
«Қайсарды» 2003 жылдың мамыр-қазан айлары арасында; 2006 және 2009 жылдары жаттықтырды.
Жетістіктері:
Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері. 1994
199, 1993, 1994, 1995 жылдары Қазақстанның үздік 33 футболшысының қатарына енген.
Бек Төлеуов