3 Наурыз 2014, 04:18
Әрбір елдің рухани дамуында негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие деп көрсетілді Елбасы Жолдауында. Зерттеуші, ғалымдарымыздың инемен құдық қазғандай еңбектерінің күрделілігі өз ортасына, әріптестеріне аян, ал қоғам, өмір сүріп отырған орта оның дайын жемісін, нәтижесін пайдаланады. Арамызда ғалымдығымен бірге адамгершілігі жоғары, отансүйгіш рухтағы қазақ қыздары да халқына бойына жиған білімімен, ақылымен қызмет етіп жүр.
Елбасы «Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір жауапты саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой» деп көрсетті. Ғалым Гүлжиһан Желтоқсан куәсі болып, қудаланса да, қиыншылығын көрсе де, өзін бақытты адам санайды, Отанымды сүюім алаңға жетеледі, яғни онда баруым менің парызым дейді.
Гүлжаһан Орда (6 сәуір, 1968) – филология ғылымының докторы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, доцент. «Алаштың бір ардағы» (1998), «Көркем ойдың құдіреті» (2007), «Мүсілім Базарбаев зерттеулері және әдебиеттану ғылымының мәселелері» (2010) монографияларының авторы.
«Міне, біздің бүгінгі батыр қыздарымыз» деп марапаттайтын Немат Келімбетов... Профессор оларды кейінгі топ студенттеріне ылғи осылай таныстыратын.
Осыдан жеті жыл бұрын Ұ.Есдәулет, Н.Оразалин, Н.Қойгелдиев секілді ұлтымыздың жиырмаға жуық парасатты азаматтары ҚР Елбасына Ашық хат жазып, ішінде Гүлжаһан Орда бар 103 адамды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттауды сұраған еді. («Түркістан», 14-қыркүйек). Онда: «Желтоқсан көтерілісіне белсене қатысқаны, Қазақстанның абыройы, еркіндігі және игілігін қорғауға ат салысқаны және осы ретте батырлық көрсетіп, оқиғаға қатысқандардың арасында дараланғаны, сөйтіп әкімшілік жазаға тартылғаны, ұсталып қамауға алынғаны, моральдық жапа шегіп, дене жарақаттарын алғаны, мүгедек болып қалғаны, қудалау көргені үшін», – деп жазылыпты.
Ол кезде Гүлжаһан небәрі 18 жаста еді. Сол күндері көргенін ешқашан ұмытпақ емес. Бұл оқиғадан кейін талай уақыт өтсе де, жастық шаққа әдемі әсермен, қиялмен оралудың өзі оңай емес-ау. Жалынды, қызыққа толы күндеріңнен бұрын еске оралатын оқиға бұл.
Желтоқсанда ол өз Отанының тарихы үшін шешуші оқиға ортасында жүрді. Алаңға шыққан алғашқы күні-ақ бір топ қыздар қолдарына ештеңе түсе қоймағасын қалталарындағы далаптарымен (помада) «Қазаққа өз ұлтынан басшы!», «Ұлттардың өзін-өзі билеу правосы бұрмаланбасын!» деген жанайқай ұрандарын жазды.
Тәуелсіздік мерекесі тұсында әріптестерім Гүлжаһанға сөз бергенде мінбеде тұрып: «Бізді сол кеште алаңға алып барған ұлттық рух екенін мен мақтана айта аламын. Қазақ елінің сан ғасырлар аңсаған тәуелсіздік үшін күресінің соңғы және нәтижелі тарихи көтерілісіне куә болған мен – бақытты жанмын», – деген еді туа біткен оптимистігінен жаңылмай.
Сонымен 2-курс студенті өң мен түстің арасында жаны мен тәні бірдей тоңып, не болғанын әлі де өзі ұға алмай мең-зең күйінде жатақханасына оралды. Оқиғаның ізін суытпай 30 желтоқсанда екінші соққыны да алды. Өзі оқып жүрген Абай атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ педагогикалық институтынан қуылды. Жай емес, «Қоғамдық тәртіпті бұзып, оқу дәрістерінен өз еркімен кетіп, оқу тәртібін бұзғаны үшін, социалистік жатақхананың ережесін бұзғаны үшін» айдары тағылды.
«Алматы оқиғасы хабары ауылға жеткен кезде үй-ішім «Гүлжаһан кетті» деп менің қатысқандығыма күмәндері де болмапты. Ұяда көрген адалдық, отансүйгіштік тәрбиенің нәтижесіне олар сенімді еді. Сол күндері жіберген сәлемдемелерін алдым деп қойған қолымды көрген соң менің амандығымды біліп алаңсыз болыпты. Бірақ мен Фрунзе ауданының ІІБ түсіп, тергеуде едім». Әкесі Алматыдан келген ресми хатты көріп, қызының соңынан үлкен баласын жұмсап, оқудан шығарылып, бірақ ата-анасы келмей ешқайда жіберілмей тұрған студентті ауылға алғызады. Факультет деканы ағасына олардың жазығы жоқ екенін ашық айта алмай, «Қазір бұл балаларға қалада жүруге болмайды, ауылға барып демалып келсін, шаршады, күзде оқуын жалғастырады» деп шығарып салады.
Қаңтардың аязды күні Гүлжаһан ағасы Бақытпен туған жеріне қайтып барады... Көзін жұмса көшедегі қалың топ арасындағы жылаған, тоңған, жәбір көрген қандастары, институт оқытушыларының зекіп ұрысқандары жаңғырығып көз алдына келе қалады, сол бір «қорқынышты түстен» оянып кетердей үміттеніп құлағын қаттырақ басады. Ол осының бәрі өз басынан шынайы өткенін кейін түсінді. «Мені ауылда «батыр қыз», «декабрист қыз» деп құрметтейтін. Жәбірлеп, саусақпен көрсеткен ешкім болған жоқ, шын мәнісінде ауылдастарым желтоқсанда Алматыға жете алмай, арманда қалған адамдар еді. Олар маған рухтас жандар болатын», – деп еске алады кейіпкеріміз.
«Қоғамға қарсы қылық көрсеткен» жастарды Компартия мен ішкі істер бөлімі еңбекпен түзеу колониясына өз ауылдарына жібереді. Гүлжаһан туған жері Шардара ауданы, «Қызылқұм» совхозына оралып, еңбек етті. «Тұрғын үй-87» деген жоба бойынша құрылыс бригадасында бетон айналдыратын жерде оператор болды, күрішші де болды, шөп жинап тиеу, тарату секілді жұмыстар атқарады. Ол ол ма, аудан жерінен ұзап шығаруға тыйым салынып, қатаң бақылауға алынды.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Гүлжаһанның фамилиясынан (сол кезде Ордаева болды) де ілік іздеді. Ата-бабасынан бастап өзіне дейін Алаш Ордаға қатыстылығын қарастырды... Бұдан түк шығара алмаған Компартия қарапайым отбасының отағасы, әкесі Жұмабердіге «баласына дұрыс тәрбие бермегені үшін» қатаң сөгіс жариялады. Кейінгі жылдарда білгеніндей, сол тұста партия тапсырмасы бойынша сіңлілері Әлия (8-сынып) мен Зояны (6-сынып) және 10 жасар бауыры Бақдәулетті «Ордаевтардың сабағы мен тәртібі қалай?» деп тексеріп, бір де бір ши шықпай, олардың үздік әрі белсенді балалар екендігі алға тартылып ештеңе істей алмапты...
Ол бала кезінен мұғалім болуды армандайтын. Мектепте әдебиет пәні ұстазы Ғалым Юсупов оның бойынан әдебиетке деген қызығушылығын, бейімділігін байқап, өзі білім алған ҚазПИ-дің филологиясына бағыт береді. «Сен сонда барсаң оқуға түсесің» деп шәкіртіне нық сенім туғызады. Иә, мектепті үздік бітірген Гүлжаһан өз арманына қол жеткізді, бүгінде әдебиетші ғалым ретінде танымалдық алып, үлкен мақсаттарын жүзеге асырып жүрген жан сол өзі куә болған қанды қырғында ұлтының тағдырына бейжай қарай алмады. Алаңға оны ішіндегі биік рухы жетелеп апарған еді.
Екі жылғы қара жұмыс, ауыр еңбек жасөспірім қызды жасытпай, қайта оның оқуымды жалғастырамын, әдебиет саласын игеріп маман болам деген ынтасын арттыра түсті.
1988 жылдың Мәскеудегі съезінде М.Шахановтың Желтоқсаншыларды «ақтауынан» кейін оларға оқуларын қайта жалғастыруға рұқсат берілді. Сөйтіп, Г.Жұмабердіқызы «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетіндегі оқуына оралып, екінші курсты қайта бастап, осы оқу орнын 1992 жылы үздік бітіреді.
«Ұшқан ұя»
Гүлжаһан он балалы отбасының бесінші баласы. Үш атадан жалғыз әкесі Жұмаберді «Бар байлығым – балаларым» деп сәбилерінен әкелік мейірім-қамқорлығын аямады. Бір сәбиі өмірге келгенде қуанғаны сонша, үш күн тойлаған кездері де болыпты. Балалық шағы соғыс жылдары өткен әке қыздарының әрқайсысы дүние есігін ашқанда Мәншүк, Әлия, Зоя деп ел қорғаған батыр қыздар есімін қояды.
Бір Жаратушыға сыйынған ата-ана балаларына имандылық нұрын екті. Атеизмге тәрбиеленген ұрпақ өкілі осы орайда мына бір әңгімені есіне түсірді. «Бірде мектепте тарихшы ағай маймылдан жаралдық деп оқытқанда үйге айтып келдік. Анам жағасын ұстап үнсіз қалды. Ағай туысқанымыз болатын. Бір күні үйге келгенде «Құдай жоқ деп үйреткеннен Құдайдан қорықпайсыңдар ма» деген анама «жеңеше-ау, қайбір жетіскеннен айтады дейсің, үйге келген соң Құдайдан кешірім сұраймыз ғой» деп жауап қайырды».
«Саусақ бірікпей ине ілікпейді» дейді қазақ, Жұмаберді он баласын бірлікке, ынтымақтыққа, адалдыққа баулитын. Ұлттық мінез бен дәстүрлі тәрбиені «Төрт саусақ бірігіп ұрлық қылмақ болғанда ортан саусақ: «әй, Құдайды қайтесіңдер» деп Алланы еске салып, оларды тоқтатыпты» деген бес саусақтың әңгімесі секілді мысалдарды, мәнді діни әңгімелерді, басынан өткізген оқиғаларды көп айтты. Балалардың сабақ үлгерімін қадағалап, бетінен қағып, дауыс көтермей үмітпен тәрбиелейтін. «Үмітін ақтауға тырысып бағатынбыз. Ең негізгісі, бізге жауапкершілікті болуды үйретті. Бала кезімізден әрқайсымыздың үй шаруасында өз атқаратын міндетіміз болды. Біреуіміз сырттағы жұмысты, біреуіміз ішкі шаруаны, кір жуу, ас әзірлеу, ыдыс жуу т.с.с. ұрыспай, санаспай әркім өз жұмысын атқаратынбыз».
Жұмаберді көкпар шапқан атақты шабандоз, атбегі болды. Есіктің алдындағы көкпар атын жайылымға жібермей, жыл он екі ай қолда ұстап, күнделікті жем-суын өлшеумен беріп, оның бабына зор мән берген.
Ауылда жиі-жиі көкпар беріп, салым (бәйге) тігетін әкесі жұбайы Ұлбаланың жиған-тергенін салымға салатын. Шыр-пыр болып, бұл жолы көкпарды пәлен берсін, түген берсін дегенде «мен көкпарды балаларымның амандығы үшін беремін, садақаны сауда бер деген бар» деп, өзінікін жасай береді екен. Әкенің шабандоздығы ұлы Бақытқа дарыды. Туған өлкесімен бірге Қырғызстан, Өзбекстанда да танымал шабандоз тоқсаныншы жылдары көкпардың Оңтүстіктегі ұлттық құрамасында болды. Бұл жанұядан шыққан жоғары білімді архитектор, заңгер, ұстаз, әдебиетші, дәрігер, тарихшы сынды мамандық иелері бүгінде әрқайсысы бір-бір шаңырақтың берекесі болып, Отанына абыроймен қызмет етіп келеді.
«Ғылым жолында»
Бүгінгі уақытта Гүлжаһан Жұмабердіқызы М.Әуезов институтының «Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика» бөлімінің бас ғылыми қызметкері.
Осы шаңыраққа келгеннен кейін 3 жылда оның «Қошке Кемеңгерұлының әдеби мұрасы» атты кандидаттық диссертациясы профессор Ә.Нарымбетов жетекшілігімен дайын да болған еді. Сөйтіп жас әдебиеттанушы 1996 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Осы ғылыми ізденіс нәтижесінде тырнақалды авторлық монографиясы («Алаштың бір ардағы», 1998) жарық көрді. Мұнда зерттеуші бұрын отандық ғылым саласында беймәлім болған Қошке Кемеңгерұлының өмірі мен шығармашылығы жүйеленеді, бұл бағытта ол Омбы, Алматы мұрағаттарындағы құнды материалдарды бірізге түсіреді. Бұл еңбегі елеусіз қалған жоқ, ол ғалымдарға арналған М.Әуезов сыйлығының лауреаты атанды (2002).
Зерттеуші бұл алған белесімен тоқтап қалмай әрі қарай ізденістерін жалғастыра берді. Сөйтіп, академик С.Қирабаевтың кеңесшілігімен «Әдебиеттану ғылымының проблемалары және Мүсілім Базарбаев зерттеулері» тақырыбындағы докторлық диссертациясын қорғады (2010).
Гүлжаһанның институт қабырғасында атқарған адал қызметі, ерінбей еткен еңбегі оның өзінің үш монографиясында, жетекшілігімен жарық көрген ғылыми жобаларда, еңбектерінде көрініс тауып отыр. Оның арасында отандық филология саласында соңғы 50 жылдық әдебиет тарихын қамтып жүйеленген 10-томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» іргелі-ғылыми зерттеуінің 7-8-3 томдарына жауапты шығарушы болды. Бұл жоба мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған болатын. Аталған томдарға «Ғали Орманов», «60-90 жылдардағы қазақ әңгімесі», «Шерхан Мұртаза», «Әбіш Кекілбаев» сынды тарауларды жазды.
Гүлжаһанның қаламынан 60-қа жуық ақын-жазушылардың, майдангер қаламгерлердің шығармашылық келбеттері, портреттері жазылды. Мәселен, «Қазақ көркем сөзінің шеберлері» ұжымдық монографиясында Бұқар жыраудан бастап замандас ақынымыз Шөмішбай Сариевке дейінгі аралықтағы 45 қаламгердің шағын шығармашылық келбеті жарық көрді. Ал «Майдангер қаламгерлер» атты жинаққа оның жан-жақты ізденістен туған, Отанын қорғаған азаматтар бейнесін сомдауға арналған он бес портреті енді.
Ол отызға жуық зерттеулер мен естеліктер жинақтарының, «Қазақ романы: өткені мен бүгіні» секілді іргелі-ғылыми монографиялардың, авторлық таңдамалы шығармалар көптомдықтарының, халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми конференциялар материалдарының, басқа да еркін тақырыптағы еңбектердің (поэзиялық жинақтар, ана тілі мәселесіне арналған еңбектің, естеліктер, т.б.) жауапты редакторы және жауапты шығарушысы болды.
Сондай-ақ, ғалым мамандарға қажетті ғылыми құралдың бірі, табандылық пен еңбекқорлықты қажетсінетін еңбек – библиографиялық көрсеткіш болса, Гүлжаһан Орда бұл бағытта бірнеше көрсеткіштердің құрастырушысы болды. Оның бірін айта кетсек, Тәуелсіздік жылдары алаш мұрасын зерттеуге бет бұрылған кезеңде «Қазақ журналдарындағы әдебиет және өнер» деген библиографиялық көрсеткіші араб графикасын білмейтіндер үшін өте маңызды көмекші құрал болды.
Гүлжаһан – республика бойынша ұйымдастырылып жүрген конференциялардың белсенді мүшесі бола жүріп, алыс және жақын шетелдерде еңбектері жарияланып жүрген зерттеушілердің бірі. Ұлттық телеарналар мен бұқаралық ақпарат беттерінде қазақ әдебиеті саласындағы өзекті мәселелерге салмақты ойларымен, байсалды пікірлерімен араласып, жұртшылықтың есінде қалып жүрген жандардың бірі. Бұл орайда ол қызмет ететін ғылыми ортаның да қосар үлесі атарлықтай.
«Балалық шағымыздан бастап ата мен әже шуағын көрмеген соң атасы, әжесі барларға қызығатынбыз. Осы күні ойлаймын, сәби шағымдағы тілегім қабыл болғандай, алғашқы еңбек жолымнан бастап халық қазынасы – қариялары бар, ақсақалдары бар ұжымда қызмет етіп келемін. Олардың бәріне өзімнің атамдай, туысқанымдай қызмет жасауға тырысамын. Бойымдағы сый-құрметімді олардан аямаймын, маған олармен бірге жүру мәртебе», – деп ақтарылады Гүлжаһан.
Он саусағынан өнері тамған...
Гүлжаһанның ғылым жолында жан-жақтылығын, білім көкжиегінің кеңдігін шығармашылығындағы әртүрлі тақырыпта еркін қалам тербеп жүргенінен көруге болады. Ал, өмірде он саусағынан өнері тамған, ұлттық қолөнер бұйымдарының небір түрін жасау қолынан келетінін бәріміз біле бермейміз. Оның жұмыс кабинеті де, пәтері де өзінің атына сәйкес гүлзар бақтай жайнап тұрады. Әрине, бәріміз де сұлулыққа құштарлықпен раушан, герань, фиалка, спатифиллум (әйел бақыты) секілді гүлдерді өсіреміз ғой. Бірақ біздің кейіпкеріміздің атын білмесе де жинайтын диффенбахия, гибискус, глоксиния, циперус, замиакулькас, каланхойэ гүлдеріне жете қоймас (!). Гүл өсіру, тоқыма тоқу, тұскиіз жасау, алаш, жұлқыш, кілемдер тоқу, киім тігу секілді қолөнер бұйымдары оған анасы Ұлбаладан дарыды.
Бір көргеннен қағып алатын қабілеті арқасында ою да ойды, қолғап, шұлық, мойындық, джемпер де тоқыды. Тоқып үйренген кездері оны жаңа өрнектерді игеруге тырысуы әрқашан алға жетеледі. Сөйтіп, студент бола жүріп ауылдағы бауырларына өзі жасаған әдемі де әсем бұйымдарын сыйға әкелетін.
Бастаған ісін соңына дейін тиянақты жасау оның бойында бала кезден бар қасиет. Соңғы курстың оқу жылы басталғанда Гүлжаһан бір аптаға кешігеді. Неге дейсіз ғой? Өйткені оған тоқып бастаған түкті кілемін аяқтау керек болды (!). «Он жасымнан үлкендерден қалыспай алаша, кілем, жұлқыш тоқыдым. Шаршағанымды білмей отыра беретінмін. Мені аяғаннан үлкендер істі ерте тоқтататын. Жұлқыш – өзі қатты, қалың, түкті кілемнен гөрі өсік, сыпыруға икемді болып келетін қойдың жүнінен дайындалатын, қазіргі паластардың орнына жайылатын төсеніш. Оның жібі де үйден, шешем жыл бойы жүн иіреді. Әр балаға арнап кілем тоқып, тұскиіз тігетінбіз. Жоғарғы сыныпқа келгенде тұскиіз жасауды да үйреніп алдым, бетін оюлап, сырып тігетінмін».
Бір үйдің қыздары моншақтай тізіліп кілем тоқиды... Жай отырмай, «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» жырларын күйтабақтан тыңдап, кейде жалығып кетпеу үшін жырлар кейіпкерлерінің атынан бірі Құртқа, бірі Қарт Қожақ, енді бірі Қобыланды болып айтысып алады. Мұндайда әкелері де балаларына өз мақамымен «Арқалық батыр», «Қобыланды», «Ер Тарғын» т.б. жырларын жатқа айтып көңілдерін аулайды.
«Бірде кілем тоқып отырып сыныптасым Тоқбергеннің аяқ киіміне бұрын көргеніміздей кілемнің шашағын салып жібердік. Ойымызда ештеңе жоқ, ертесіне қызыққа қалдық. Аға-жеңгеміз балам ер жетті деп, бір қой мен бізге көптеген сыйлықтарын алып келді. Сөйтсек, шашақ байлаудың қазақта үлкен мәні бар екен. Оны білмейтін біз қалжыңға балағанбыз. Сөйтсек, аға-жеңгеміз тұңғыштарының жігіт болғанына қатты қуанып өздері көрген ескі дәстүр бойынша жоралғысын жасапты. Әке-шешеміз ұрысатын шығар деп ойласақ, олар да бізге ұрысқан жоқ. Сөйтсек, бұл – қазақта бар, қалыптасқан дәстүрдің бірі екен».
Қазіргі кезде тұрмыстық тұтынудан шығып қалғанымен өз уақытында өмірге қажетті қолөнердің бәрін меңгерген Гүлжаһан қажет болғанда аттың ерін қаптауды да үйреніпті. «Әкемнің көкпар атының арнайы жабулары болды. Ат әбзелдері, маусымдық жабу түрлері менің қолымнан шығатын. Күнделіктісі, тойға арналғаны, сапарға шыққанда кигізетіні т.б. Бірде Наурыз тойына арнап қара барқыттың шетіне ою басып, зерлеп, әсемдеп тіккенімде маған көп тапсырыс түсіп еді. .. Ауылымызда аттың ерін жалғыз бір шебер кісі қаптайтын. Оған кезекке тұратындар көп болатын, әкем шаруасы дер кезінде бітпей, бір күні «қызым, осы сенің де қолыңнан келеді» деп маған жасатты. Көп ойланып жатпай ескі үлгіні алып, сызып, қиып, әйтеуір бірдеңе жасадым. Кейін әбден төселіп, мен де аттың ерін қаптаудың шебері болдым», – дейді.
Инемен құдық қазғандай қиындығы мол ғылым жолында жолдасы Түркебайдың түсіністік көзқарасы мен қолдауының үлкен рөлі болды. Гүлжаһан тұрмысқа шығар алдында ғана кандидаттық диссертациясын қорғайды. Отбасында жасалған мүмкіндік арқасында ол бір сәтке де шығармашылықтан қол үзбеді. «Жолдасым көрші Жетісай ауданынан. Біздің елдің қыздарға тәрбие беруінде ұзаққа кетпеңдер деген қалыптасқан ұғым бар. Ата-ана жақын жерге тұрмысқа шыққанымызды, көз алдында жүргенімізді қалайды ғой. Біздің ойымызды тоғыстырған екеуміздің де ауылдың адамын іздеп жүргендігіміз болып шықты. Ол Шардараның қызы оқиды деп сыртымнан естіп, іздеп келді. Сұрастыра келгенде әкелеріміз бірге көкпар шапқан, замандас, қатар адамдар болып шықты. Біздің өңірге аты танымал Айту, Күнту деген шабандоздар болатын. Ол Күнту шабандоздың (Күнтуғанның) баласы екен. Тағдырдың жазуымен бас қостық, Сұлтан есімді ұлымыз дүниеге келді».
Сұлтан қазір 10-сыныпта оқып жүр. Табиғатынан қоғамдық пәндерге бейім, жақсы көрсеткіштерге ие, спортпен де шұғылданды. Дегенмен де анасы оның техникалық білім саласына барғанын қаласа, әкесі әскери адам болғанын немесе спортшы болып қалыптасқанын қалайды. Түркебай ұлының бойында өзі жағынан да, нағашы атасы жағынан да шабандоздық барын алға тартып спорттың бір түрін жете игергенін армандайды. Сұлтанның да қалауы спорт болғанмен ол әлі болашақ мамандығын таңдауда бір шешімге келген жоқ.
Бақыт Тұрмағамбетова,
өнертану ғылымдарының кандидаты, музыкатанушы