Бір халық – бір ел – бір тағдыр

3 Наурыз 2014, 04:15

Біз үшін халықтар достығынан артық идеал болмақ емес. М.О. Әуезов

Біз үшін халықтар достығынан артық идеал болмақ емес.

М.О. Әуезов

Халық – өмірдің бар кезеңін басынан бірге кешетін, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білетін ұлыс. Елдің елдігі татулықтың тәтті дәмінде. Елінің іргесі берік қалануы, әр бастаған бастамасының нәтижелі болуы әрбір перзентінің амалымен өлшенбек. Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны секілді, Отансыз да ешқашан өмір сүрмек емес. Отанымыздың озық болуына баршамыз қалтқысыз қызмет етуіміз қажет.

Қазақстан – көптеген ұлттар мен ұлыстардың татулықта орын тепкен қасиетті мекені. Кеше ғана өткен үлкен мереке «Білім күні» «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атпен жер-жерде өтіп жатты. Барлық ұстаз оқушыларына бұл ұғымның қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Иә, Қазақстан – этностық жанжалдардан азат аумақ. Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген атаумен аталуын былайша айтып өткен болатын. «Бір халық – бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер. Бір ел – бұл барлығымыз үшін ортақ Отан. Бір тағдыр – бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер!» Халық даналығында «Тар жерде табысқан кең жерде келіседі» деуші еді ғой. Халқымыздың қатпарлы тарихы сырға толы оқиғалармен жинақталған болатын. Қай кезеңді алып қарасаңыз да, еліміз іргедегі көршімізді сыйлап, қашанда көмек қолын созуға барынша тырысып, бауыр тұтатын. Ең тар заманды бірге бастан өткердік. Бүгінде сол халық өкілдері өз бауырымыз болып, бір халыққа айналды.

«Қонақжайлылық», «сыйластық» ұғымдары ертеден қанымызға сіңген қасиет емес пе? Кешеден келе жатқан татулық жібін жеңіл ойға ерік беріп үзіп алмауымыз қажет. Қазақ жері жүзден астам этносты біріктірді. Тек қана этнос емес, олардың тілдері мен қызыққа толы салт-дәстүрлері үндесе білді. Өзіне тән реңктер мен әсем сұлулыққа ие болды. Қаншалық ұлт өкілдері көптеп орын тепкенімен, барлығының бір жерде татулықта күн кешуі кемеңгер саясатпен халық салтының беріктігінен жүзеге асып отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық жиырмасыншы сессиясы «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» деп аталуының астарында үлкен мән бар. Елбасымыз бір ел болып күн кешіп отырған түрлі ұлт өкілдері жайлы былайша ой қозғады. «Бүгінде олар тегі басқа болған­ымен тең­дігі бір, қаны бөлек бол­ғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шеш­кен азаматтарды бір тағдыр күтеді. Осылай, елдігіміздің ертеңі ошақтың үш тағаны сияқты «бір ха­лық – бір ел – бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып тұр». Елбасымыздың осы бір салмақты ойының астарында үлкен мән жатыр. Ассамблеяның ең басты міндеті – еліміздегі қоғамдық келісім. Қазақстандағы қоғамдық келісім – ең алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау қиынның қиыны. Ең алдымен, өзгеге үлгі болу үшін өз ішімізді ретке келтіруіміз қажет. Жік-жікке бөлінбей, бірлігіміздің беріктігі басқа да ұлт өкілдерін бауырымызға тартуда үлгі болмақ.

Ұлттардың араздығы атын айтуға қорқатын жағдайларға кез қылып жатады. Құдай бетін аулақ қылсын. Біз – бір мемлекетпіз. Бір ауамен тыныстап, бір жердің өнімін бөліп жеудеміз. Бәріміздің Отанымыз біреу ғана. Бір мемлекеттің азаматы болып, бір тудың астында біріккендіктен, арманымыз бен тілегіміз бір болуы тиіс. Елдігіміздің ертеңін ойлайтын әрбір азамат ұлт пен жерге бөлінбестен бірлесе қызмет етуі қажет. Қайткен күнде де жұмыла көтерген жүктің жеңіл болары баршамызға белгілі жайт. Олай болса, бір тағдырдың жолында жүрген бір ел арманымызды бірге жүзеге асырайық! Мемлекетіміздің туын биікте желбіретуге халқымыздың әр перзенті қалтқысыз қызмет атқара берсін!

Айжан Жамбылбаева

Бөлісу: