«Рәміздерім – мақтанышым»

3 Наурыз 2014, 04:07

Бүгінде жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің түрлі жолдары қарастырылып келеді. Соның бірі жастар, жас өрендер арасында ұлттық нақыштарымыз рәміздерді насихаттау.

Бүгінде жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің түрлі жолдары қарастырылып келеді. Соның бірі жастар, жас өрендер арасында ұлттық нақыштарымыз рәміздерді насихаттау. Рәміз – бұл мемлекеттің төлқұжаты десе артық айтпаған болар едік. Рәміздерді насихаттаудағы мақсат – әрбір жас буын жеткіншектің Отан, Қазақстан, туған жер туралы түсініктерін кеңейту. Қазақстан Республикасының рәміздері туарлы түсініктерін қалыптастыру. Оларды Отансүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу.

Батырлықтың уызына жарыған,

Ер түркіні байрағынан таныған

Өзі ақын, өзі әнші халықта,

Кім айта алар болмаған деп Әнұран –

 

деп ақын жырға қосқандай, гректің «гимн» сөзі қазақша «ұран», «ұран салу» деген ұғымды білдіреді. Басқа ұлттар секілді қазақ елінің де әрбір ру-тайпасының өзіне тән таңба белгілері, жалауымен қатар, Әнұраны да болған. Елді жау шапқанда жер-жердегі сарбаздарды жинауға ат шаптырып, ұран салады, хабар береді. Кезінде сарбаздарға рух берген, жауға қарсы ерлікпен күресе білуге жұмылдырған.

 

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.

 

Әнұранында жазылған өлең шумақтары – адамға зор рухани әсер беретін күштің, халықтың, ұлттың, мемлекеттің, елдің бірлігінің нышаны сипатталады.

Ал еліміздің көк туына келер болсақ. Ту – бейбіт кезде құрметпен сақталып, ол тек жаугершілік кезде ғана шығарылып отырған. Тудан айырылу – өліммен тең болған. Бауыржан Момышұлы айтқандай «Ту – қасиет! Ту – әскерлердің ар намысы»! Тарих беттеріне көз жүгіртсек, қазақ жеріне көз тігушілер аз болмаған. Сондай бір қиын-қыстау кезеңде ұлы дана бабаларымыз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ордабасындағы жиыннан кейін, Әбілхайыр хан үш жүздің басын қосып, Бөгенбай батырға қазақтың туын ұстатқан екен.

1992 жыл 4-маусым – қазақ елінің тарих бетіне алтын әріптермен жазылатын елеулі күн. Дәл осы күні Республика Жоғары Кеңесі тәуелсіз ҚР-ның мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. 1992 жылы маусым айында тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаев ұлт Туына тағзым етті.

 Ту ортасында күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран, Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн шұғыла, қыран, өрнек бейнесі алтын түстес.

Көк тудың желбірегені –

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту

Жан емес маған керегі –

Көк тудың желбірегені –

 

Деп, ақын Алмас Ахметбекұлы жастарды нағыз патриоттық рух пен тәрбиеге шақыра білді. Ақын болсын, жас болсын, кәрі болсын барлығының міндеті де сол – егеменді еліміз жер әлеміндегі басқа мемлекеттермен терезесі тең өркениетті ел ретінде өзінің Елтаңбасы мен Әнұранын, Туы мен Жалауын белгілеп, осы бір қасиетті белгілердің мәнін әрбір ұрпақтың терең түсініп, әдептілік рәсімдерін орындау борышымыз деп санауын көздейді.

Күн сәулесі, көк аспан, шаңырақ, жұлдыз, қанатты тұлпар, бидай сабақтары – барлығы елтаңбаны бейнелейтін нақыштар.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының негізіне шаңырақ алынған. Ол елтаңбаның жүрегі іспеттес.

Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы отбасы ошағын бейнелесе, қанатты тұлпар мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығының белгісі. Қанатты тұлпар болашаққа үміт артар жас ұрпақтың арманы, самғау биігі. Елтаңбадағы бес жұлдыз, жарық жұлдыз Отанымыздың жұлдызы биіктеп, бақыт жұлдызынан нұр шашып тұрғанын білдіреді. Бидай сабақтары – молшылықтың нышаны. Аспан ашық, жұлдызы жарқыраған, шаңырағы биік, жеңімпаз, молшылық елінің перзенті болу.

Сөз соңын қорыта келгенде, еліміздің, жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеуге және патриоттық сезімімізді нығайта түсуге тырысу – ол әрбір азаматтың парызы! Туған жер деген киелі ұғымды әрбір қазақстандық құрмет тұтуға, қастерлеуге міндетті екенін естен шығармауға тиіспіз.

Мәліметтер //www.bilimkozy.idhost.kz// сайтынан алынды.

Бөлісу: