3 Наурыз 2014, 04:06
Кино – кез келген мемлекеттің мәдениет айнасы іспетті. Ол сол халықтың тұрмыс-салты мен дәстүрін дәріптейтін құрал болып саналады. Сондықтан да бүгінде бүкіл әлем кино мен телехикая саласына салғыртпен қарамай, үлкен ден қойып жүр. Жыл сайын ең үздік туындылар таңдалып, оның авторлары құрмет даңқпен марапатталып келе жатыр. Мұның бәрі ұлттың ажырамас бөлігі мәдениет пен өнердің дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Біздің елімізде де кино саласына жіті көңіл бөлініп, кеңінен насихатталып келеді. Себебі, кино жай ғана өнер емес, ол қоғамның ұлттық идеологиясын қалыптастыратын үлкен құралдардың бірі болып саналады. Сондықтан да, кез келген мемлекет өз кино индустриясының дамуына зор мүмкіндіктер жасайды. Біздің елімізде де жылдан жылға бөлінетін қаржы мен түсірілетін отандық кино картиналардың саны күн санап артып келе жатыр. Тіпті, жақын арада түсірілімі жоспарланып отырған панфиловшылар туралы туындыға еліміздің белді азаматтарының өзі қаржылай көмектесуді жөн көрген. Бұл дегеніміз отанымызда өмір сүретін әрбір азамат өнердің бұл түріне үлкен ыждаһаттылықпен қарайтындарын көрсетеді.
Жалпы, киноның тарихы ерте заманнан басталады. Тұңғыш рет кинолар дыбыссыз түсірілген еді. Бұл ретте аты әлемге әйгілі Чарли Чаплиннің жасаған еңбегі зор болғаны баршаға белгілі. Дыбыссыз кино түсіру жанрында Чарли үздік саналды. Ол әйгілі пингвин жүрісін салып, басына қара телпек пен аяғына да сол түсті үлкен аяқ-киім киіп, көрермендердің езуіне күлкі үйдіріп, көңілдерін көтеріңкі ететін. Атақты кинорежиссер және актер кинода көрсетілетін сюжеттегі әрбір кішкентай қимылды түні бойы қайта-қайта ойлап, ұйықтамай құрастырып шығарып отырғанын біреу білсе біреу білмейді. Мүмкін, содан болар оның жарық көрген көптеген туындылары әлі күнге дейін халықтың ықыласына бөленіп, ұмыт болмай ел есінде сақталып жатыр.
Әлемде тұңғыш киноның тұсауы 1985 жылы кесілді деп саналады. Сол уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін дүниежүзі бойынша сан мың жаңа картиналар жарық көріп, барша халықтың көзайымына айналып үлгерді. Ал, біздің ұлттық кино тарихы тұңғыш рет қазақ батыры Амангелді Иманов туралы туындыны түсірумен басталғаны көрермендерге белгілі жайт. «Амангелді» кино картинасынан кейін мемлекетімізде халықтың жадында қалатындай талай тамаша дүниелер жасалып келе жатқаны анық. Мысалы, оның ішінде: «Абай әні», «Шоқан Уалиханов», «Сұлтан Бейбарыс», «Отырардың күйреуі», «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек», «Біздің сүйікті дәрігер», «Девушка Джигит», «Тақиялы періште», «Көксерек», «Алпамыс мектепке барады», «Сүйрік», «Махаббат бекеті» тағы басқа көптеген кино картиналарды атап айтуға болады. Бұл өшпес із қалдырған тамаша туындылар - халыққа ой салып, өз заманының тынысы мен сол сәттегі келбетін дәл көрсете білді. Сол себептен де талай ұрпақтың сүйікті классикалық кино картиналарына айналып, жылдан жылға өз қасиеті мен құндылығын жоймай келе жатқаны анық. Қазіргі таңда елімізде заманауи көптеген кино түсіріліп, сонымен қатар шет елдің өнімдері де көрсетіліп жатқанмен, өткен ғасырда жарық көрген қазақ туындылары әлі де жұрттың қызығушылығына ие болып келе жатыр.
Бұл әрине, мықты режиссура мен тума талант иелері: Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов сынды кинорежиссерлердің де арқасы деуге болады. Ауылда жайлаудағы өмірдің қызығы мен шыжығы, қазақ халқының өмір сүру салт-дәстүрінің ерекшеліктері, жұртымыздың кеңдігі мен қонақжайлығы жоғарыда аталған кино картиналарда сайрап тұр. Мысалы, Шәкен Айманов түсірген «Біздің сүйікті дәрігер» атты кино картинада еліміздің әсем табиғаты тамаша көрініс тапқан. Ал, 1963 жылы кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың: «Менің атым Қожа» фильмінде қазақ даласындай кең дархан халықтың ашық мінезі мен кішіпейілдігін көруге болады. Қазақ киносының алтын қорына айналған «Қыз Жібек» көркем туындысы әлі күнге дейін халқымыздың ұлы сезімге адалдығын паш етумен қатар, жұртымыздың бай салт-дәстүрін кеңінен насихаттап келе жатыр. Сонымен қатар, «Тақиялы періште» киносы ана мейірімі мен қамқорлығын дәріптесе, «Абай әні», «Шоқан Уалиханов» сынды туындылар қазақ халқының ұлы адамдарының өмір сүріп өткен жолы мен олардың тағдырлы тарихын баян етеді. Ал, «Девушка Джигит» халқымыздың әдемі әзілге жақын бола алатындығын көрсетсе, «Сұлтан Бейбарыс», «Отырардың күйреуі» фильмдері ата-бабаларымыздың ер мінезді, батыр болғандығын айқындайды. Міне, сол уақытта түсірілген көптеген кино туындылар қазақ халқының кең пейілдігі мен қонақжайлығын, өжет мінез бен қайсарлығын, мәдениеті мен дәстүрін қазіргі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа насихаттап келе жатыр. Кино тарихында алтын әріптермен есімі жазылып қалған актерлер мен кинорежиссерлер қоғамға рухани азық бола алатындай бай дүниелердің негізін салды. Қанша уақыт өтсе де мейрімділік пен ізеттілікті жанға сыйлайтын тамаша кинолар бүгінгі жастардың тәрбиесіне де үлкен әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан да қазіргі уақытта өткен ғасырда түсірілген қазақ киноларының қарымын бізге жеткен туындыларға қарап әділ бағалай аламыз. Сол кезде жарық көрген фильмдер XXI ғасырда да өз құндылықтарын жоймай халық арасында сұранысқа ие болып келе жатқандығы көп нәрсені аңғартатыны анық. Яғни, уақыт тезіне шыдап, халық талғамынан шығып отырған дүниелердің құны қай заманда болмасын алтынмен бағаланатыны айқын.
Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін кино өнерінің даму деңгейі қалай өрістеп келеді? Қазіргі таңда қандай кинолар түсіріліп жүр? Өткен ғасырда түсірген туындылардың бүгінгі заманда жарық көріп жүрген кинолардан ерекшелігі бар ма? Әрине, уақыт өткен сайын кино индустриясы кез келген мемлекетте өрістеп дами түсетіні сөзсіз. Біздің елде де бұл сала жылдан-жылға дамып, өсіп өркендеп келе жатыр. Үкімет тарапынан да көңіл бөлініп қолға алынуда. Зиялы қауым мен жоғары билікте отырған жандар да ел мәдениетінде ерекше орын алатын өнер туындысына бей-жай қарап отырған жоқ. Өз пікірлері мен ұсыныстарын айтып, қолдан келген көмектерін жасап, септіктерін тигізуде. Жыл сайын ұлттық фильмдердің санын көбейтіп сапасын арттыру үшін қаржы бөлініп, көптеген қолайлы жағдайлар жасалып келе жатыр. Халықтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыратын рухы биік, мазмұны терең, оқиғасы тартымды әрі көрермен назарына ұсынылатын сапалы кинолардың санын арттыру мақсатында отандық кино саласында жүрген мамандар еңбек етуде. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деп атап өткен болатын. Ал, ол үшін батыр ата-бабаларымыз бен ер жүрек азаматтарымызды киноға кейіпкер етіп алып жастарға дәріптегеніміз дұрыс. Тек өз тарихы мен тілін біліп өскен ұрпақ қана нағыз өз елінің патриот азаматы бола алады. Сонымен қатар, елінің мәдениеті, салт-дәстүр, әдет ғұрпын қастерлеп және батыр ата-бабаларының ерлігін біліп өскен жастар әр кезде де ел мақтанышы болары сөзсіз.
Әлем бойынша кино индустриясының өте жедел қарқынмен дамып бара жатқаны белгілі. Біздің республикамызда отандық кино туындылардың саны уақыт өткен сайын көбейіп келе жатыр. Шет ел киноларынан кем түспейтін ұлттық кинолар халық тарапынан жылы қабылданып, жоғары бағаға ие болуда. Оның ішінде: «Жаужүрек мың бала», «Көшпенділер», «Қызыл қоян жайлы әңгіме», «Менің балалық шағымның аспаны», «Ғашық жүрек», «Шал», «Аңшы бала», «Студент», «Рекетир», «Ағайынды» немесе «Адасқандар», «Бiржан сал», «Сталинге хат», «Мұстафа Шоқай», «Қош бол, Гүлсары» сынды тағы басқа көптеген фильмдер жарық көріп, халықтың қызығушылығын оятып, ел арасында жылы қабылданғаны белгілі. Әр туынды қазақтың сырт болмысы мен қазіргі өмір сүріп жатқан заманды шынайы көрсетуге тырысып бақты. Бұл кино картиналар қазір таралып жатқан шет ел фильмдерінен кем түспейтіні анық. Соңғы уақытта отандық кино индустриясына келген жаңа леп бұрыннан қалыптасып қалған сеңді бұзып, көрермендерге қуаныш алып келді. Қазір кез келген қазақ азаматы ұлттық туындыларымен мақтан ете алатындай дәрежеге көтеріліп отыр. Мысалы, өткен жылы жарық көрген «Жаужүрек мың бала» фильмі еліміз үшін елеулі жаңалықтардың біріне айналды. Өткен тарих пен қазақ халқының қалыптасу кезеңін тамаша көрсете білген кино туынды шет елде де жақсы қабылданды. «Өткен 65-ші Канн кинофестивалінде «Жаужүрек мың бала» және «Студент» фильмдерін халықаралық беделді дистрибютерлер әлемдік прокатқа шығару үшін сатып алды» деп BNews.kz сайтында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Д. Мыңбай хабарлаған болатын. Бұл дегеніміз отандық өнімдерді енді шет елде де тамашалап, басқа мемлекеттер ұлтымыздың мәдениетін, салт-дәстүрі мен тарихын тани бастайды деген сөз. Орасан бай қазақ халқының өнері мен тарихын өзге жұрттар біліп жүрсе қандай жақсы! Міне, осындай еліміздің беделін арттырып, халқымыздың еңсесін көтеретін кино туындылар жыл сайын көбеймесе азайып келе жатқан жоқ. Мұның барлығы өнер саласында тынбай еңбек етіп жүрген жанашыр азаматтар мен жандардың арқасында келген үлкен жетістік пен жеңіс екені рас.
Ұлтымыздың мәдениеті мен өнерінің дамуы қай кезде болмасын алдыңғы қатарлы мәселелердің бірі болып қала бермек. Оның ішінде қазақ киносының дамуы аса маңызды. Осыған орай, жыл сайын жарық көріп келе жатқан кинолардың саны көбейіп еліміздің еңсесін көтеріп отыр. Мысалы, соңғы үш жылда 2011 жылы – 25, 2012 жылы – 37 кино туындымен толықты деп өз сөзінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбай атап өткен болатын. Бұл халқымыз үшін орасан үлкен жетістіктердің бірі болып саналатыны сөзсіз!
Қазіргі таңда елімізде жастарға үлгі болатын, көпшілік қызығып қарайтын телехикаялар да дүниеге келіп жатыр. Оның ішінде: «Базарбаевтар», Ұлттық арнадан көрсетілген «Үй болу қиын», «Айналайын», «Ағайындалар», «Парыз», «Әсел және оның достары мен құрбылары» атты тағы басқа көптеген телехикаялар түсіріліп көрермен назарына ұсынылған болатын. Аталмыш туындылар жастарға арналған қызық әрі үлкендерге бағытталған әртүрлі шытырман оқиғаларға негізделіп түсірілді. Бүгінгі таңда шет ел өнімдерін көріп үйреніп қалған отандастармыз үшін бұл жағымды жаңалық болып отыр. Кеңес үкіметі кезінде еліміз өз кино туындыларын түсіріп халыққа көрсетуді армандап келген болатын. Ал, бүгінгі таңда тәуелсіздік алып, егеменді ел атанғаннан кейін ойдағы мақсаттарды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік туды.
Көгілдір экран тәлім-тәрбие мен ұлттық өнегені қалыптастыратын құралдардың бірі болып саналады. Қазіргі таңда әрбір жан өзіне қажетті ақпарат пен хабарды теледидардың көмегі арқылы алып жүргені ешкімге жасырын емес. Бұл жайттар өмір сүріп жатқан заманымыздың келбетіне айналғалы қашан. Қолыңызға теледидар басқышын алып кез келген арнаны басып қарап шықсаңыз бірден неше түрлі бағдарламалар, кино мен шет елдің телехикаяларына көзіңіз түседі. Бұған қарап қандай ой түйіндеуге болады? Осы арқылы біз халықтың рухани азық алып сусындайтын ортасы мен өскелең ұрпаққа тәрбие беретін құралдар мен тәсілдердің орны алмасып бара жатқанын байқаймыз.
Республикамызда соңғы бірнеше жылдың ішінде көптеген сериалдар түсіріліп, халықтың сұранысына ие болып отырғандығын айтуға болады. Оның ішінде: «Ағайындылар», «Көк тарландары», «Үй болу қиын», «Базарбаевтар», «Домашние войны», «Болашақ», «Парыз», «Әке серті», «Тағдыр», «Жаным» тағы басқа көптеген отандық туындылардың тұсауы кесіліп көрерменнің ықыласына бөленіп келе жатыр.
Елбасы өз жолдауында бүгінде біздің азаматтар үшін барлық есік, барлық мүмкіндік, барлық жол ашық деген болатын. Сондықтан да, қоғамға пайдалы, өнегелі отандық өнімдерді ойлап тауып көрерменге ұсыну басты мақсат болады деген ойдамыз.
Жақында екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты батыры, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы туралы телехикая түсірілімі басталып кеткен болатын. Бұл сан мың жылдық бай тарихы мен оның ішінде сансыз батырларға бай республикамыз үшін зор жетістік. Бауыржан Момышұлының батырлығы мен майданда көрсеткен ерліктерін телекөрермендерге дәріптеу үлкен мақтаныш екендігі айтпасақ та белгілі.
Ақлима Мустафина