3 Наурыз 2014, 03:37
Алматыда волейболдан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Кубогы жолындағы жарыс аяқталды. Осымен жиырмасыншы рет өткізілген доданың чемпионы – 23 жасқа дейінгі жастардан жасақталған Иран құрамасы.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кәсіби және бұқаралық спортты дамыту жайын жыл сайынғы жолдауынан қалдырған емес. Жаңа биікке көтерілген Қазақстан спортын одан әрі дамыта түсу мақсатында ұйымдастырылатын волейболдан Президент Кубогінің тарихы тым тереңде жатыр. Ел Президентінің Кубогіне таласатын волейболшы жігіттер арасындағы жарыс 1994 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Аталған жарыс Халықаралық волейбол федерациясы мен Азия волейбол конфедерациясының және Қазақстан волейбол федерациясының мұрындық болуымен өтеді. Турнир Астана мен Атырау қалаларында екі рет ұйымдастырылса, Теміртау, Өскемен және Орал қалалары бір реттен өткізген. Ал Алматы қаласында волейболшылар сайысы осымен сегізінші рет ұйымдастырылды. Президент Кубогы бәсекесі негізінен клубтар арасындағы дода болатын. 2006 жылдан бастап додаға ұлттық құрамалар қатыстырыла бастады. Бүгінге дейін Президент Кубогы бәсекесінде мына командалар чемпион атанды: «Нефтяник», Изумруд (3 рет), «Динамо МГФСО», «Нова» - барлығы да Ресей, «Атырау», «Рахат» (2 рет) – екеуі де Қазақстан, Иран ұлттық құрамасы (2 рет), Ресейдің екінші құрамасы, Үндістан, Тунис.
Алматыда өткен жиырмасыншы Президент Кубогы бәсекесіне 8 құрама қатысты. Олар – Қазақстан, Қазақстан-2, Катар, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия ұлттық құрамалары және 23 жасқа дейінгі Ресей мен Иран жастары. Жеребе бойынша Қазақстан және Қазақстан-2 ұлттық құрамалары Біріккен Араб әмірліктері және Бахрейнмен бірге «А» тобына түсті. Ал «В» тобында тиісінше Түркия, Катар ұлттық құрамалары мен Ресей және Иран жастары кім мықтыны анықтады.
Сайыстың алғашқы күнінде Геннадий Паршин баптайтын Қазақстанның бас құрамасы Қазақстан-2 құрамасынан 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Екінші жарыс күнінде қаһарына мінген турнир қожайындары Біріккен Араб Әмірліктерінен келген волейболшыларды 3:0 есебімен ұтты. Жарыстың үшінші күнінде тура осындай есеппен ұлттық құрама Бахрейн волейболшыларын тізерлетті. Осылайша ширек финалға сүрінбей жеткен Қазақстан ұлттық құрамасы Ресей жастарына қауқар көрсете алған жоқ. Жартылай финалда Ресейдің 23 жасқа дейінгі волейболшыларынан құралған команда Қазақстанның бас құрамасын 3:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған болатын. Осыдан соң, Қазақстан волейболшылары тек қола жүлде үшін таласу құқығын иеленді. Қола жүлде үшін өткен тартыста Бахрейннен келген волейболшыларды жігіттеріміз 3:0 есебімен ұтып, Қазақстан Президенті Кубогы үшін өткізілген мәртебелі турнирдің үшінші орынын жеңіп алды. Финалдық сын Иран мен Ресей жастарының арасында өтіп, Парсы шығананына келген қонақтар ресейлік қарсыластарын оңай жеңді. Осылайша, Иранның жастар құрамасы Қазақстан Президенті Кубогінің жеңімпазы атанды. Қазақстан-2 құрамасы алтыншы орын үшін таласта Түркия құрамасымен кездесіп, қарсыластан басым түсе алған жоқ.
Волейболдан Елбасы Кубогы турнирінің тағы бір кезеңі тарих қойнауына кетті. Бұл жарыс Иранның талантты жастарына жол сілтеді. Ал, Қазақстан құрамасы үшін Австралияда өтетін әлем чемпионаты мен Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін Азия чемпионаты алдындағы үлкен дайындық сатысы еді.
Ермек Төлепов