Ауыл спортынан әлемдік Олимпиадаға дейін

3 Наурыз 2014, 03:40

Елбасымыз «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасында әрбір елді-мекенде, оның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты

Елбасымыз «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасында әрбір елді-мекенде, оның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасаудың қажеттігін атап өтті. Сөйтіп спорттың әр түрі бойынша қазақстандық командалардың шетелдік чемпионаттардың жоғарғы лигаларына қатысуын ұлғайту жөнінде ұсыныс енгізді. Әрине, Қазақстан спортшылары әлемдік бәсеке сайыстарда бұрында да еліміздің абыройын асқақтатып жүргені белгілі. Енді мемлекет басшысы оқушылар үшін оқудан тыс спорт секцияларын бюджеттік емес қаржы көздерінен қаржыландырудың тектіктерін енгізуді көздеп отыр. Мұндай жағдайда еліміздің әлемдік додада өнер көрсететін спортшыларымыздың қатары бұдан да көбейе түсері сөзсіз. Мәселен, былтыр өткен Лондондағы Жазғы Олимпиадада Қазақстанның көк байрағы 7 рет көкке көтеріліп, ән ұранымыз 7 рет тұманды албион елінде шырқалғаны баршамыздың жадымызда. Еліміздің намысын қорғау үшін 115 қазақстандық спортшы жолдамаға қол жеткізе білді. Төрт жылда бір оралатын байрақты жарысқа жолдама иемдену мақсатымен түрлі халықаралық турнирлерде бақ сынады. Оңтүстік өңірінің құрамасы да аталмыш бәсекеге қызу дайындықпен аттанды. Еркін күрес бойынша 67 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елена Шалыгина мен 84 келіде бақ сынаған Ермек Байдуашевке оңтүстіктік жанкүйерлер үкілі үмітін арқалатты. Әлемнің 200-ден астам елінің спортшылары бақ сынаған дүбірлі додада үміткерлер спорт ойындарының 39 түрі бойынша тер төкті. 7 алтын, 1 күміс және 5 қола медальді еншілеген отандастарымыз бүкіл дүниеге қазақ ұлтын танытып, мерейін үстем етті. Жәй ғана танытып қоймай, қазақ атауын тарих беттерінде өшпестей етіп жазып қалдырды. 2012 жылы 12-орынды місе тұттық осылайша.

Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысының №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері түрлі жетістіктерімен қуантуда. Мәселен, Алматыда жастар арасында өткен Азия чемпионатының қорытындысы бойынша, еркін күрестен 96 кг салмақта Ермұхамбет Іңкәр І орынға ие болды. Испанияда өткен сайыста олимпиада ойындарынан үміткер палуандармен бақ сынасып Іңкәр жүлделі 3-орынды жеңіп алды. Биылғы жылдың 9-шілдесінде өз мәресіне жеткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында да аталмыш мектеп оқушылары жоғары нәтиже көрсете білді. Еркін күресте 54 кг салмақта бәсекеге түскен Бауыржан Төребек ІІ орынды, 85 кг салмақта Бағдәулет Әлментай қарсыластарынан басым түсіп І орынды иемденіп, чемпион атанды. Енді келесі Азия және әлем олимпиадаларында осы өрендеріміз еліміздің намысын қорғайтынына сенуге болады. Елбасымыз спорт саласына баса көңіл бөліп отырған кезде олардың өмірінде үлкен серпінді өзгерістердің болатыны сөзсіз. Өздеріне қажетті қамқорлықты сезіне білген жастар ауыл спортынан бастап әлемдік Олимпиадаға дейінгі биіктерін бағындыруға күш салуы тиіс.

Ағымдағы жылы оңтүстік өлкесі спорттағы жетістіктерден кенде емес екенін көпшілікке тағы да таныта білді. Биыл бұл салаға 6,5 миллиард теңге бөлінген болатын. Оның нәтижесі де жоқ емес. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында спортшыларымыз түрлі сайыстардан жүлделі оралуда. Мәселен, қазақ күресі шеберлері ерлік танытты. Екі жыл қатарынан «Қазақстан барысынан» жүлдесіз қалған оңтүстікқазақстандықтар үшін 2013 жыл сәтті болды. Жанкүйерлеріне қуаныш сыйлаған балуанымыз Ордабасылық оғлан Жұманазар Ерсұлтанов қола белбеуді қанжығасына байлады. Дәстүрлі додада белдескен еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықтылардың ішіндегі алыбы осы Ерсұлтан батыр болды. Бойы 180 см, салмағы 160 келіні тартатын балуан қазақ күресінен жастар мен ересектер арасында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.

 Оңтүстік сайыпқырандары спорттың 52 түрінен Қазақстан Республикасының біріншіліктерінде 221 алтын, 213 күміс және 228 қола медальді қоржынға салып отыр. Жыл басынан бері өткен Азия біріншіліктерінде жерлестеріміз 19 алтын, 11 күміс және 13 қола медальді уысымызға түсірді. Ендігі кезекте әлемдік додаларда олжа алған спортшыларымыздан 2016 жылы Бразилияда өтетін олимпиада ойындарында үлкен үміт күтеміз.

Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кем дегенде ел тұрғындарының 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, өңірімізде көптеген спорттық іс-шаралар, жарыстар ұйымдастырылды. 2012 жылы облыста спортпен шұғылданушылар саны 427,6 мың адамға жетіп, 16 пайызды құраса, биыл салауатты өмір салтын ұстанушылар саны 443,7 мың адамға жетеді деп күтілуде.

Салауатты өмір салтын насихаттау үшін спорттық нысандар көптеп салынуы тиіс. 2012 жылы Оңтүстікте 4761 спорт нысаны тіркелсе, 2013 жылдың 6 айында аталмыш көрсеткішке 3 спорт алаңы қосылып отыр. Биыл мамыр айында Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион аумағында садақ ату кешені пайдалануға берілді. Енді бұл кешенде республикалық, халықаралық сайыстарды өткізуге болады. Садақ ату спортында қазақ жастарының аз екенін ескерсек, бұл бастама құралайды көзге атқан мергендерді дайындауға зор мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, биыл «Цементник» стадионында футболдан 1-лига командасы үшін оқу-жаттығу алаңын іске қосу жоспарланған. Сайрам ауданында «Ордабасы КФК АҚ үшін оқу-жаттығу базасы пайдалануға беріледі. Шымкент шаһарында жоғары спорттық шеберлік мектебі үшін әкімшілік ғимараты бар оқу-жаттығу базасының құрылысы жүргізілуде.

 Қазіргі таңда, облыста 76 мемлекеттік спорт мекемесі мен кәсіпорны тіркелген. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Әлібек Нұртаевтың айтуынша, спортшыларға қойылған басты мақсат – Рио де Жанейро олимпиадасында жүлде алу. «Осы міндетті орындау үшін спортшыларға барлық жағдай жасалуда», – дейді ол.

Шынында Оңтүстік Қазақстан – еліміздегі спорты дамыған аймақтардың біріне айналып үлгерді. Шымкентте спорттың бірнеше түрінен ел біріншіліктері өткізілді. Бокстан жасөспірімдер арасында Азия біріншілігі ұйымдастырылды. ҚР Жазға Универсиадасының ашылу салтанаты да Шымқалада өтті. Сонымен қатар, өңірімізде жыл сайын бірнеше дәстүрлі турнирлер өтіп тұрады.

Жанерке ЖҮСІПБЕК

Бөлісу: