3 Наурыз 2014, 03:25
Қазақ футболының Отаны – Семейден шыққанымызды мақтан тұтамыз. Кезінде “Елім-ай” командасының республиканың бірнеше дүркін чемпионы болған тарихи мезеттер жұрт жадында. Осы жүз жылдық мереке аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың тарапынан Елбасы Жолдауында сөз етілген «Денешынықтыру мен спортты дамыту» аясында кеңінен қолға алынып, жер-жерде осы саланы дамытуға қомақты үлестер қосылып жатыр.
Біздің Бородулиха ауданында да қазақ футболы дамып, аудан біріншілігі осымен екінші жыл қатарынан тұрақты өтіп келеді. Бұның бәрі Ел Үкіметі мен Елбасымыздың “Қазақстан – 2050” стратегиясының арқасында мүмкін болып отыр. Жолдау жолдарымен қанаттанған бородулихалық футболшылар бірінші маусымды аяқтауға жақын, кімнің оза шабатынын қалған үш ойынның нәтижесі көрсетеді десек те, әзірше алда Зенковка ауылының командасы басқаларға дес бермей келеді. Осы келелі істің басы - қасында жергілікті ауыл және кент әкімдері, аудандық спорт бөлімінің бастығы Александр Михайлович Бычковский ойынның жүйелі өтіп тұруы үшін бизнес құрылымдармен әріптестікпен жұмыс істеп, осы спорт түрінің өркендеуіне үлесін қосып жүрген демеушілеріміз: ЖК «Бекетов» басшысы Александр Александрович Бекетов, «Красный Яр» ш/қ басшысы Сергей Николаевич Быков, зенковкалық «Коммуналь» Константин Адамович Попп және басқалар футбол жанкүйерлерінің сүйікті спортын тамашалау қуанышын сыйлап келеді. Біз бүгін, қазіргі таңда өңірімізде 23 шілдеде өз жалауын көтеріп, өтіп жатқан бірінші айналымға 11 ауылдық және кенттік окрург: Жезкент кенті, Жаңа Шүлбі, Жерновка, Михайличенково, Степной, Белағаш, Красный Яр, Песчанка, Зенковка, Бородулиха, Новопокровка, Камышенка ауылдары өз футболшыларын үкілеп қосты.
Біз әңгімені екі арнада өрбітпекпіз. Бірі – тарихи тұрғыда “Ярыш” командасының капитаны болған Юнус Нигматуллин туралы және екіншісі – осы игі дәстүрдің жалғастырушы бородулихалықтардың 11 командасы жайында. Біз әуелі Семей өңіріндегі бүгінгі футбол өмірінің тынысын сөз етпекпіз. Одан соң барып жұртшылықты Юнус Нигматуллиннің өнегелі өмір жолымен таныс ететін боламыз.
Талғат Каиратұлы Бейсенбаев пен БЖСМ Сергей Михайлович Руденко жаттықтыратын “Бородулиха” командасы құрамында Роман Багданов (қақпашы), Ренат Байжуманов, Дидар Байжуманов, Кайрат Есимбеков, Жасұлан Кокенов, Асқар Баймагамбетов, Мадияр Жумагазинов, Нұржан Абделдинов, Влад Кемкин, Қуаныш Даумбаев, Азат Есембеков, Байгулов Дәурен, Абзал Бозаев, Дима Мыслейко, Сергей Голомаздин сынды он бес ойыншы бар. Олар бірінші айналымда Зенковка, Камышенка, Жезкент, Жерновка, Новопокровка, Красный Яр, Песчанка құрамасы, Степной командаларымен кездесіп, төрт ойынды жеңіспен, үш ойында жеңіліс тапты. Сырт алаңдағы ойындарында Зенковкадан 3:2, Камышенкадан 4:2, және Жезкент – Бородулиха 4:1 есебінде жеңілген бородулихалықтар қалған ойындарда ес жиып, – Жерновканы 9:0 есебімен ойсырата ұтып, қалған ойындарда Новопокровкадан 4:0, Красный Яр, Песчанка құрамасынан 3:0, Степнойды сырт алаңда 1:3 есебімен жеңіп өз жанкүйерлерін қуанта білді. Енді бородулихалықтар қалған үш ойынның нәтижесінде жақсы ойын өрнегін көрсетіп, бірінші айналымда алдыңғы үштіктен көрінеді деген үмітіміз де жоқ емес. Бұл жолда оларға былтырғы жылғы чемпиондар Жезкент пен Зенковка командалары қарсы тұрады.
Биыл ауданымыздың футболдық өмірі игі істердің шеруінен тұрды десек артық айтпаймыз. 18 тамыз жексенбі күні Спорт мерекесі күніне орай ардагерлер мен жастар командасы арасында футболдан жолдастық кездесу болып өтті. Ойын сондай тартысты өтті. Тек кездесу тағдырын ойынның соңғы минуттарында жастар соққан екі доп шешіп, 9:7 есебімен жеңісті өз қанжығаларына байлап кетті.
Бұл кездесуді “Қазақ футболының – 100 жылдығына” орай ШҚО “Жастар салауатты өмір үшін” ЖҚҰ Семей жастар орталығы мен аудандық спорт бөлімі бірлесіп ұйымдастырды. Ойыннан соң барша қатысушыларға өңір футболының ардагері Виктор Борков және аудан әкімі аппаратының жетекшісі Сергей Лазуриндер естелік сыйлықтар тарту етсе, ШҚО “Жастар салауатты өмір үшін” ЖҚҰ Семей жастар орталығының өкілі жеңімпаздарға кубок пен грамоталар және барша қатысушыларға футбол формаларын табыстады.
Осы ойын барысында ерек көзге түскен ардагерлер Б.Шалгумбаев (Зенкова ауылы), Ж.Байжигитов, А.Булдыгин (Белағаш), А.Жуматаев, П.Гражданкин, Е.Прусс (Бородулиха), ағайынды Шәкеновтер (Новопокровка) және жастар командасының Р.Сулейменов, К.Есимбеков, В.Болешов, М.Жумагазинов, А.Баймагамбетов сынды мүшелері үздік ойыншылар деп танылды.
19 тамыз дүйсенбі Бородулиха футболы үшін арайлы күн болды десек артық айтпаймыз. Ауданымызда бірінші рет шағын футбол үшін жасанды жабындылы корты ашылды. Абай атындағы толық емес мектептің шәкірттері мен аудандық БЖСМ түлектері арасында ойын өтіп, балалар Ел Үкіметі “Қазақ футболының – 100 жылдығына” орай жасап отырған игілікті шараның қызығын көріп, ашылу салтанатында өңір футболының ардагері Виктор Борков осындай өздеріне және болашақ қазақ футболының мақтанышы болатын балаларға жасап отырған Елбасының игі жасампаз істеріне алғыс сезімдерін білдірді.
Аймақтың маңызы бар қос шараны да жоғары деңгейде өткізу үшін және грамотасы мен бағалы сыйлықтарын дайындап, әрі табыстауда ШҚО “Жастар салауатты өмір үшін” ЖҚҰ және “Бородулиха аудандық Жастар Орталығының” МҚМ білесе отырып, зор еңбек сіңіргендігін ерекше атап өткен ләзім.
Енді әңгімемізді осы жерден кілт үзіп, қазақ футболының тарихына ой жүгіртейік. Қолымызға Семей қалалық татар мәдени орталығы берген деректерге қан жүгіртейік.
Біздің даңқты жерлесіміз Юнус Нигметуллин 1986 жылы Семей қаласындағы екінші гилделік көпес Сидык Нигметуллин отбасында өмірге келді. Юнустың анасы Ғазиза тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен тұңғышы Юнустен бөлек екі ұл (Ғасым, Габделбар) және екі қызды (Фузия, Найля) өмірге әкелді. Ағайынды Нигметуллиндер: Сидык Ахметжан, Зулейха, Әубәкірлер отбасысы сол кездегі Семейдегі ең ауқатты жандардың санатынан еді. Ағайынды Нигметуллиндердің қарауына сабын, тері зауыттары, 4 үй және толып жатқан қоймалар мен дүкендер жататын. Ал, араларындағы жалғыз қызы Зулейха Риддер қаласындағы алтын шахтасына иелік ететін. Олар сол кездегі қала өміріне белсенділікпен ат салысты.
Ұлттық тәрбие бесігіне тербеліп өскен Юнуске қаны мен тегі бір қазақ халқы жат емес еді. Ол сол уақтағы дәстүрге орай қаладағы татар медресесіне түсіп, онда ыждаһатты шәкірт араб тілін, Құран негізіне қаныққан соң, сол кездегі дағдымен орыс мектебіне ауысты. Одан соң ынталы шәкірт Семейдегі ерлер гимназиясына түсіп, оны алтын белгіге бітіріп шықты. Осында оқып жүрген шағында өз сыныптастары арасынан өрелілігімен ерек көзге түсіп, білім ордасы кітапханадағы ілімнің асыл негіздеріне қанықты. Қазіргі Шайжүнісов бұрынғы төңкеріске дейін Өскемен көшесіндегі N55 үй Юнус жинаған түрлі тақырыптағы кітаптарға толы болатын және жас шәкірт сол кездегі орыс алдыңғы қатарлы БАҚ қалт жібермей оқитын еді. Онда жазылған орыс және батыс қоғамын толғандырған ойлар оның назарынан қалт жіберілмейтін. Қол қалт еткенде достарымен бірігіп, ондағы өздерін қызықтырған тақырыптар төңірегінде ой бөлісуді дағдыға айналдырып алған болатын. Бірде Ресей империясына кең тараған “Нива” журналына шыққан бір мақала балаң жігітті қатты ойға қалдырды. Ол мақала – енді-енді әлем спорт мәдениетінің есігін қаға бастаған ағылшын футболы туралы еді. Жас Юнус тап осындай істі Семейде неге қолға алмасқа деген ойға кетті. Бұл үй қазақ мәнерімен қонақ үзілмейтін үйге айналған-тын. Келген жан Юнустің маңына үйіріліп, әлемде болып жатқан түрлі жаңалықтарға қанығатын дәстүр қалыптасып үлгерген-тін. Осы дағдымен жиналған жастар шай үстінде футбол сиқырымен арбалып, оны қалай қолға алудың жолдарын қарастырды. Демде команданың эмблемасы мен футболшылардың киім формасының алғашқы үлгісі өмірге келіп, іске Юунстің бөлесі Ғафифа Баязитова бастаған қыздар қауымы араласып, демде команданың эмблемасы мен футболшылардың киім формасы тігілді. Қыздардың ұсынықты қолынан шыққан бұйымдағы араб әрпімен жазылған “Ярыш” (“Жарыс”) сөзі атлас матаға өректеліп, тұп-тура төс белгілік ордендей болып жайнап шыға келді. Иә, жалындаған жастар мәселенің не турасында болып отырғандығын бек жақсы түсінді. Бір жұдырыққа жұмыла білді.
Юнустың достары арасында өз өрелігімен ерек бөлектенетін жан – Алашорданың соңғы тұяғы, әлем таныған Түркі әлемінің классигі, қазақ сөз өнерінің данышпаны Мұхтар Омарханұлы Әуезов те бар еді. Иә, жастар ол кезде тек футбол туралы ғана емес, түркі халықтарының болашағы туралы да талай мәрте сырласқан болатын-ды...
Жанұялық мұрағатта көптеген деректер сақталыпты: уақыт сынымен сарғайған фотолар арасында көзге ұратыны 1913 жылы түсірілген “Ярыш” (“Жарыс”) командасының футболшыларының суретті, осы топтың ортасында қолына ала доп ұстаған команда капитаны Юнус Нигметуллин оңнан солға қарай санағанда бесінші тұрса, тап осы қатарда Мұхтар Омарханұлы Әуезов жетінші болып тұр. Иә, команда капитаны Юнус бұл кезде бар болғаны 17 жаста еді. Ол кездегі жағдайдың қалай болғандығын төңкеріспен бірге келген аласапыранда аман қалған Ярыштық ойыншы Рифкат әби Фазылов, Салах әби Хисматуллин, Мукаммат (Махмут) әби Сайдашев және басқалар әңгіме еткен болатын. Олар орыс және татар тілді басылымдарда жарық көрді. Нигуметуллин отбасында күні бүгінге дейін сақталған фото 1914 жылдың 16 наурызында түсірілгені қазақ қауымына ертеден мәлім. Фотоға түскен Юнус Нигметуллин мен Махмут Сайдашевтың артындағы Ярыш командасының эмблемасы төрде тұрғанымен фотода сол кездегі фотоаппараттардың түсіру мүмкіндігіне байланысты көрініс таппай қалған.
Юнус Нигуметуллин өзі оқыған Семейдегі ерлер гимназиясын алтынға бітіргеннен кейін патша заманында білімі аса жоғары бағаланған Қазан Университетінің физика-математика факультетіне түседі. Өйткені, бұл университет қабырғасында орыстың әлем таныған қос ой алыбы Лев Толстой мен бейевклидтік геометрияның негізін салушы ғұлама математик Николай Иванович Лобачевскийлердің оқығандығын айтсақ та жетіп жатыр. Бұдан бөлек қазақ пен татар халықтарының элитасы да осы университеттен оқып, білім алды. Бірақ, шәкірттің асқақ арманын І дүниежүзілік соғыстың лаңы бұзды. Юнусты майдан даласына аттандырмаса да, оқуын Сібірдің кадет корпусында жалғастыруға мәжбүр болды. Осы жердегі оқуды ол үздік бітіріп, Мемлекеттік Думаның мұсылман-социалистері оны депутаттыққа ұсынды. Ол майдан даласына аттанып үлгермей, азамат соғысы оны туған қаласы Семейде қарсы алды. Аласапыран орын алып, бір үкіметті екіншісі алмастырып жатқан дәурен туды. Жас офицер еш ойланып жатпай досы Мұхтар Омарханұлы Әуезов құрамында болған Алаш Орда жағына шықты.
Қызылдар бел алған соң, ақ әскері Қытай жеріне қарай үдере шегінгені тарихтан белгілі. Мұсылмандықтың ақ туының астында азаттық үшін арпалысқан Юнус Мақаншы өңіріндегі Бақты байынқолының (заставасының) маңындағы Ақшоқы ауылында қызылдармен болған шайқаста ерлікпен қаза тапты. Өлген ақ гвардияшылардың мүддесін дінсіз қызылдар қылышпен аяусыз шапқылады. Адамның мүрдесін танып білу мүмкін болмай қалды. Тек Қытай еліне өтіп бара жатқан туыстары ұрыс болған жердегі шахидтер арасынан Юнистің денесін оның киіміндегі анасының қолымен тігілген “ЮН” жібек жіппен өрнектелген әріптен танып, басқа әскерилерден бөлек мұсылман рәсімімен жерледі.
Осы қайғылы хабар Семей өңіріне жеткенде тұңғышы Юнустың қазасын көтере алмаған Ситдыктың жүрегі шыдамай ұлының артынан кетсе, анасы бұл қайғыны өмір бойы жүрегінің түпкірінде сақтап өтті.
Қазір Алаштың рухани астанасындағы Шайжүнісов көшесіндегі N55 үй қазақ футболының қалай өмірге келгенінен және осы игі істің басы-қасында кімдердің тұрғанынан хабардар етеді. Ертіс сол орында асау мінезін танытып лықси ағады. Жас футболшылар футбол ойнауға асығып бара жатқан 1913 жылдың мамыржай жазына куәгер ететін “тарихи жадыны” ойға оралтады. Иә, өңір спорты “Ярыштың” даңқы істерін жалғастырып, Елбасымыздың Жолдауында айтылған Қазақ елінің дамыған 30 елдің қатарына спорт державасы ретінде қосылуына өз үлесін қолына келгенше қосып жатқаны көңілді қуантады.
Серік Әбілқасымұлы