3 Наурыз 2014, 03:41
6 қазан күні Алматыда велоспорттан «Алматы туры» веложарысы өтеді. Елбасы жолдауында айтылған кәсіби спорттың деңгейін көтеріп, Олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамыту міндетін жүзеге асыруға арналған веложарыс Халықаралық Велосипедшілер қауымдастығының оң батасын алған.
2013 жылдың қыс айларында Қазақстанға Халықаралық Велосипедшілер қауымдастығының төрағасы Пэт Маккуйэдтің өзі келді. Қазақстанға екінші мәрте іссапармен келген Пэт мырзаның бұл жолғы сапары еліміздегі «Алматы туры» біркүндік веложарысын пысықтау болатын. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Серік Ахметов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мырзалармен келісімге келген халықаралық ұйым Алатау бөктерінде біркүндік веложарыс өткізу мәселесіне нүкте қойып, қазан айында әлемнің бірнеше командалары мен ұлттық құрамалар қатысатын жарысты өткізу туралы шешім шығарды. Халықаралық Велосипедшілер қауымдастығының Алматыда веложарыс өткізуге ынтасы ауғаны бекер емес. Себебі, еліміздегі «Pro Team Astana» кәсіби велоклубы Қазақстан атын бар әлемге танытты. «Тур де Франс», «Вуэльта», «Джиро д Италия» сынды әйгілі көпкүндіктермен бірге, көптеген ірі деңгейдегі жарыстарда олжа салған велоклубтың жанкүйерлері жер жүзінің түкпір-түкпірінде бар. Одан бөлек, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, «Тур де Франс» көпкүндігінің қола жүлдегері, Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров әлемдік велоспортта ізі қалған тұлға. Алексей Луценко болса жастар арасындағы әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды. Одан бөлек, Алматы қаласында жылына бұқаралық спортты дамыту мақсатымен түрлі веложарыстар ұйымдастырылады. Мінеки, осы көрсеткіштердің барлығы Қазақстанда веложарыс өткізуге сұранып-ақ тұрған еді.
«Алматы туры» біркүндік додасы UCI (Халықаралық велосипедшілер одағы) тарапынан қолдауға ие болған халықаралық веложарыс. Бұл додаға 23 жасқа дейінгі спортшылар қатыса алады. Бүгінде «Алматы туры» веложарысының бағыты белгілі болды. Қатысушылар «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан бастау алып, әл-Фараби даңғылының бойымен ҚР Тұңғыш Президентінің Саябағына дейін жүреді. Содан соң, айналма жолға түседі. Міне, осы бағытты велосипедшілер 6 мәрте айналым өтіп, жеңімпаз анықталмақ. Веложарыстың жалпы қашықтығы 186 шақырым болса, бір айналым 31 шақырымға жетеді екен. Бүгінде «Алматы турына» қатысатын командалар мен ұлттық құрамалар тізімі анықталды. Нақтылап атар болсақ, «Алматы турына» мына ұжымдар қатысады: «Астана» құрлықтық командасы (Қазақстан), Vino 4-ever (Қазақстан), Қазақстан ұлттық құрамасы, ISD Continental Team (Украина), Kolss Cycling Team (Украина), CCC Polsat Polkowice (Польша), Polygon Sweet Nice (Ирландия), Itera Katusha Team (Ресей), Team Corbusier CC (Малайзия), Synergy Baku Cycling Project (Әзірбайжан), Rietumu - Delfin (Латвия), Arbo Gebruder Weiss - Oberndorfer (Австрия), CCN Cycling Team (Бруней), Alpha Baltic - Unitymarathons.com (Латвия), La Pomme Marseille (Франция), Team Novo Nordisk (АҚШ), Badriani Valvole - CSF INOX (Италия), Голландия ұлттық құрамасы, Өзбекстан ұлттық құрамасы, Иран ұлттық құрамасы. Бұл командалардың ішінде әлемдік деңгейдегі үш команда бар. Үш ұлттық құрама және 11 құрлықтық командалар «Алматы турының» шымылдығын түреді. Бұл күні әлемдік велоспорттың жұлдыздары бұл жарысқа қатыспайды. Тек, «Астана» кәсіби велокомандасының Винченцо Нибали бастаған үздіктері мен менеджер Александр Винокуровты көріп қалуымыз мүмкін. Жалпы, велоспорт жүлде қоры өте қомақты спорт түрлеріне жатады. Соған орай, Алматыдағы турнирдің де жүлде қоры да аз болмайды. Ұйымдастырушылар таратқан мәліметке сенсек, «Алматы турының» жеңімпазына 15 мың еуро табысталады екен. Одан бөлек, жүлдегерлер де сыйақысыз қалмайды. Ұйымдастырушылар «Алматы туры» біркүндік жарысының қорытындысы бойынша үздік жиырмалық қатарына енген шабандоздарды да марапаттайтынын жеткізді. Сонымен қатар, жарыстың ең үздік спринтері де ерекше құрметке ие болмақшы. «Алматы туры» біркүндік веложарысын өткізуге жалпы есебі 2 миллион еуро көлемінде қаражат кетеді. Бұл да жарысты ұйымдастырушылар таратқан ақпарат.
«Алматы туры» біркүндік веложарысын еліміздегі «Қазақстан», «Хабар» және «31» арналардан бөлек, «Еуроспорт» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. «Еуроспорт» арнасын велоспорт жанкүйерлерінің сүйікті арнасы деуге болады. Бір ғана «Тур де Франс» бәсекесін аталған арна арқылы 1,5 миллиард жанкүйер тамашалайды екен. Демек, велоспорттың жілігін шаққан комментатор Сергей Курдюков жүргізетін «Алматы туры» біркүндік додасының да көрермені аз болмайды деген сөз. Бұл - телекөрермендерге жасалған жағдай. Ал Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары веложарысты әл-Фараби даңғылының бойынан қызықтай алады. Велоспортшылар жарысы таңғы сағат 10:00-де басталып, 14:00-де аяқталады деп күтілуде.
Велоспорт әлемінде тарихы тереңге кеткен «Тур Фландрия», «Льеж-Бастонь-Льеж» сынды біркүндік жарыстар бар. Уақыт өте келе, «Алматы туры» да сондай мәртебелі біркүндік додалармен бір қатарда тұрады деген сенім сол. «Алматы туры» біркүндік додасы еліміздегі велоспорттың дамуына ықпал етіп, спорттық туризмнің де бір жолға түсуіне себепкер болады деген ойдамыз. Тек кәсіби велоспорттың өркендеуіне ғана емес, қарапайым бұқараның велосипед ершігіне мініп, салауатты өмір салтын ұстануына аталған турнир әсер етуі тиіс. Осы додадан соң, велоспортқа қызыққан жастар көбейіп, еліміздің ірі қалаларында велосипедпен жүруге арналған арнайы даңғыл жолдар ашыларына да сенеміз.
Сөзімізді түйіндер болсақ, негізінен Еуропа елдерінде аса қатты қарқынмен дамыған велоспорттың Азияға келгені енді ғана. Осыған дейін сары құрлық мемлекеттерінің ешбірінде әлемдік деңгейде мойындалған кәсіби велоклуб болған емес. Тек 2006 жылы ғана «Астана» Еуропаға түрен салып, Азия құрлығындағы алғашқы кәсіби велокоманда атанған. Араға жылдар салып, Қазақстан Азия құрлығында алғаш болып әлемдік деңгейдегі веложарысты өткізгелі отыр. Мұның бәрі ҚР Президентінің жолдауында айтылған бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға жасалған қадам. Сәттілік тілейміз!
Ермек Төлепов