3 Наурыз 2014, 03:24
«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады»
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауынан
2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», — деген еді.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1917 жылдың мамыр айында мектепті шіркеуден бөлу және барлық мектеп жасындағы балаларды еңбекке баули отырып тегін, міндетті оқуға тарту жөніндегі бағдарлама қабылдануы Қазақстандағы оқу-ағарту саласында елеулі өзгерістерді талап етті. Бұл біріншіден, мектептерге қажетті оқу құралдарын қажет етсе, екіншіден емле мәселесінде өзгерістер енгізудің маңыздылығын айқындап берді.
ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері, оқушы жастар, оқытушылар латын әрпіне негізделген жаңа әліпбиге көшу мәселесін көтерді. Бұғанға дейін қазақ жазуы А.Байтұрсыновтың емлесі негізінде жүргізілген еді. Алайда латын қозғалысының кең түрде насихаттала бастауы араб жазуын ығыстыра бастады. Сөйтіп жаңа латын әрібін қолдаушылар мен бұрынғы араб жазуын қолдаушылар арасында үлкен айтыс-тартыс туындады. Бұл, әсіресе, 1924 жылы жазуында Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде айқын білінеді. А.Байтұрсынов бастаған араб әрібін қолдаушылар басым түсіп, араб әрпіне лайықталған қазақ графикасы қабылданды.
Осы съезде А.Байтұрсынов бас баяндама жасап, онда араб әрібінің қай жағынан болса да ыңғайлы, қолайлы әріп екендігін дәлелдеп берген болатын. 1927 жылы латын әрібін алу жолындағы бұл білімпаздардың арасында болған айтыс-тартысын жинақ ретінде Кәрім Тоқтабаев пен Мұхтар Мұрзин Қазақстан жаңа әліппе комитетінің тапсырмасымен Қазақстан мемлекеттік баспасынан «Жаңа әліппе жолында» деген кітап шығарып, онда латын әліпбиіне қатысты М.Мұрзин, Ә.Байділдин, Т.Шонанов, В.Бартольд, Н.А.Шмарин, Л.Жирков, Жозе және тағы басқа ғалымдар мен зиялылардың ой-пікірлері топтастырылды.
Жаңа әліппе комиссиясының жұмыс нәтижесіне партия мен үкімет қолдау көрсетті. Латын жазуын қолдаушыларының арнайы «Жаңа түрік әліппесінің комитеті» құрылып, «Жаңа түрік әліпбиі» атты кітап бастыртып, мектептерде осы кітаппен оқытуды ұсынды. Сондай-ақ газеттерді бірте-бірте латын әрпімен басу мәселесін өз міндеттеріне жатқызды. Комитет мүшелері халық арасында баспасөз арқылы жаңа әліпбидің қалың бұқара үшін араб әрпіне қарағанда пайдасы мен қолайлылығын түсіндіріп, осы төңіректе пікір алмасуға шақырды.
1925 жылдан бастап жаппай Қазақстанның мектептерінде, жеке кәсіпорындарында және мекемелерінде латыншылардың «Жаңа әліпбишілер үйірмесі» немесе «Латыншылар үйірмесі» құрыла бастады. Соңғылары тек айтыс-тартыс жиналыстарын ғана емес, арнайы жаңа әліпбиді үйрететін үйірме сабағын да ұйымдастырды, баяндамашылар үшін тезистер құрастырып, жергілікті газеттерге ұжымдық мақалалар жазды. Осы жылы Н.Төреқұловтың «Жаңа әліпби туралы» атты кітабы басылып шықты.
1926 жылы ақпанда Баку қаласында өткен Бүкілодақтық І түркологиялық съезде латыншылар мен арабшылар арасында қатты қызды. Осы съезден кейін түрік республикаларында жаңа әліпби ұйымдары құрыла бастады. Ұйымдардың басты мақсаты халық арасына латын әліпбиінің қолайлылығын түсіндіру болды. Сондай-ақ Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ латын негізіне қойылған жаңа әліппені алуға декрет шығарды.
1927 жылы түрік республикалары комитеттерінің бастамасымен жаңа әліппенің Бүкілодақтық Орталық комитеті құрылды. Бұл комитет түркі елдерімен бір бағыттағы жаңа әліпби жасау, мектеп жасындағы балалар мен ересектерге арналған әліппелер шығару, латыншыларға жәрдем берерлік нұсқау кітаптарын шығару, баспаханалар үшін жеткілікті латын әрібін дайындау, латыншылар қоғамы мен ұйымдарының ережелерін басып шығару, латыншылар қоғамын, ұйымдарын ашу және жандандыру үшін газет-журналдар арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, әліпби жұмысына басшылық қылатын адамдар даярлау сияқты жұмыстарды тез арада атқаруға тиіс болды.
Комитет қазақ әліпбиінің қажеттілігі турасында пікірталас өткізіп, оның қорытындыларын 5 баспа табақтық қазақ тіліндегі екі кітапта жариялайды. Нығмет Нұрмақов 2 айлық жаңа әліпбидің әрібін терушілер курсын ашуға және бұл курстың үздіксіз адамдарды қабылдауын қадағалады. Сонымен қатар, «Жаңа әліппешілер қоғамы» Жарғысын қабылдап, өз мақсаттарын қазақ халқының арасында жаңа әліпбидің маңыздылығын түсіндіріп, көшуге үгіттеу деп көрсетті. Бұл мақсатқа жетуде қоғам өз алдына бірнеше міндеттерді қоя білді. Негізінде Жарғы 8 бөлімнен тұрды. Онда қоғамның мақсаты, міндеттері, құқымен қатар қоғамның құрамы, мүшелерінің міндеттері, қоғамға қабылдау және шығару, «ЖӘҚ»-тің бүкілқазақстандық съезін өткізу, Орталық Комитеті, тексеру комиссиясы, қоғамды тарату мәселелері көрсетілді.
Ескі әліппе мен жаңа әліппе мәселесіне қатысты академик В.Бартольд та өзіндік тұжырым жасаған. Ол латын әліппесінен түрік дыбыстарын таңбалауға ыңғайлау мәселесіне қатысты профессор А.Н. Самойлович баяндама жасап, латын әліппесін алудың қолайлылығын баса көрсеткендігін айта келе, латын әліпбиін алу кезінде оған жаңа бірнеше әріптерді қосуды ұсынды. Оның себебін Еуропа елдерінде әр халық латын әріптерін түрліше қолданатындығын, сондықтан әріптерді бірізділеу арқылы қолдануды дұрыс санады.
Ұлт зиялылары Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Мурзин, Ә.Байділдин және тағы басқалар латын әрібінің ыңғайлылығын насихаттауға белсене кірісті. Латын әрібінің алғашқы нұсқасын жасаушылардың бірі Халел Досмұхамедұлы болған. Ол бастапқыда латын әрібіне қарсы болғандығын: «Нәзір айтқандай, менің латын әрпін алуға қарсы екенім рас. Бірақ латынға қарсы екенімді біле тұра маған латын әріптерінің жобасын жасау тапсырған соң, сол жобаны жасағаным рас. Одан кейінгі «Қазақ тіліне латын әрібін алу мәселесі» деген мақаласында: «Түркі халықтарына араб харіфтерін тастап, латын харіфін алу керек деген сөз көптен бар. Әзербайжандар латын харіфтерін қабылдады, жаһұттар да солай қылды. 1922 жылғы съезінде өзбектер де өз тілін латын харіфтерімен пішті. Профессор Поливанов үлгі жасады» - деген болатын.
Латын әліпбиі біздің жыл санауымыздан 800 жыл бұрыннан келе жатыр, яғни үш мың жылға жуық уақыттан бері бар. Жоғарыда аталған латын әліпбиі туралы дереккөздерді келтіре отырып, қазақ қоғамына, халқына латын әліпбиінің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Бұл жайына Елбасымыз биылғы Жолдауында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы ойларын таратып айтты. «Бұл ой еліміз тәуелсіз алғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады деп ойлаймын». «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» - деген болатын.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраев әліпбиді латынмен ауыстырғанда біздің ұтатын жақтарымыз деп мынадай пункттерді атап көрсеткен болатын: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.
Гүлзат Ғабитқызы