Ұлттық санадағы еңбек концептісі – жалпыға ортақ еңбек қоғамы тұжырымдамасының тірек ұғымы

3 Наурыз 2014, 03:36

Елбасының бағдарламалық мақаласында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру – баршаға ортақ міндет екені сөзсіз. Бірақ әр салаға жүктелетін жүк, атқарылар істің өз ерекшеліктері бар ғой.

Елбасының бағдарламалық мақаласында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру – баршаға ортақ міндет екені сөзсіз. Бірақ әр салаға жүктелетін жүк, атқарылар істің өз ерекшеліктері бар ғой. Осы тұрғыдан алғанда, ең алдымен Қазақстандағы жаһандану үдерісінің салдарынан қалыптасып отырған жалпыәлемдік ауқымдағы жаппай тұтынушылық мәдениет пен шектеулі тұтынушылық санаға қарсы тұру қажет. Ол үшін елдің экономикалық тұрақты дамуына да, ұлттық бірегейлік пен ұлттық рухани саламаттылықты сақтауға да негіз болатын әмбебап жалпыадамзаттық құндылық – еңбекті халықтың құндылықтар жүйесінде алдыңғы орынға шығарып, мазмұнын қайта жаңғыртуымыз керек. Оны өзінің биік мазмұнына сәйкес түсіндіріп, қоғамдық қатынасты реттеуде, нарық экономикасын құруда басты басымдылыққа айналдыру адам үшін де, қоғам үшін де тиімді болатыны ғылыми негізделуі тиіс. Сол себепті де осы мәселелер көтеріліп отырған Елбасының бұл бастамасын қолдап қана қоймай, берілген барлық тапсырмаларды жүзеге асыру аса маңызды. Бұл үшін, біздің ойымызша, тіл, әдебиет, тарих, философия сияқты қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы сала ғалымдары, зерттеушілері мен мамандарынан бірінші кезекте не талап етіледі дегенде, ең алдымен жалпыұлттық маңызға ие болып отырған осы бағдарламалық құжаттың мәнін халыққа түсіндіру, маңызын жеткізу, басқаша айтқанда, Тұжырымдамасын жасау керек деп ойлаймын.

Жалпы, трансұлттық компаниялардың әлемдік нарықты мейлінше аз уақытта барынша үлкен көлемде жаулап алуға деген ұмтылысының қарқындылығы, жаһандық ірі мәдениеттердің уақыт өте ұсақ мәдениеттерді жұтып қою қуатының арта түспесе, кемімеуі, экономикалық тәуелді елдердің өз тілін, ділін, мәдениетін, болмысын сақтап қалу қабілеттерінің әлсіреуі күшейіп отырған мына заманда Қазақстан үшін төрт жағы құбыла жарқын болашаққа тек қана экономиканы дамытумен жету мүмкін емес екенін түсінуіміз керек.

Егер қоғамның дамуында ХХ ғасырға дейін ең алдымен рухани күштер – жазушылар, философтар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, өнер адамдары жетекші рөл атқарып келсе, ғылым мен техника, жаңа технологиялар жетілген мына заманда қоғамның экономикалық дамуы оның рухани дамуының алдына шығып, анағұрлым озып кетті. Қазіргі қоғамда жетекші рөлге қаржыгерлер, техника саласының мамандары шығып отыр. Оның өз артықшылықтары болғанымен, орны толмас кемшіліктері, зияны да аз емес. Тұрмыстық сұраныстары молынан қанағаттандырылып отырғанмен, рухани дамуы тежелген қоғам тойымсыздыққа, ашкөздікке ұрынары сөзсіз. Бүгінгі күні жаппай комфорт қуған «дамыған» елдердің барлық саясатының «философиясы» тек қана қоғамның материалдық сұранысын қанағаттандыруға келіп тіреліп, соңында осы қоғамды құрап, тұтастырып тұратын адамгершілік, жанашырлық, мейірімділік, қайырымдылық, обал, сауап, қанағат, рақым, адалдық, кішіпейілділік, еңбек пен еңбекқорлық сияқты адамзаттық рухани құндылықтар өз мәнділіктерінен айырылып, құнсызданып, жаппай девальвацияға ұшырып отыр. Міне, осындай жалпы адамзат үшін аса қауіпті індеттің алдын алу, әсерін әлсірету үшін, қазақ қоғамын рухани саламаттылықта ұстау үшін, сонымен бірге оның экономикалық тұрақты дамуын да бәсеңдетпеу үшін еңбек сияқты рухани құндылықты басымдыққа алудың маңызы ерекше зор.

Елбасы жүктеген бағдарламалық міндеттерді жүзеге асыру Тұжырымдамасы жасалатын болса, оған өз тарапымыздан мыналарды ұсынуға болады. Бірінші кезекте гуманитарлық бағыттағы ғалымдардың назарын кейінгі жылдары жүргізіліп келе жатқан антропоцентристік бағыттағы тың тілтанымдық зерттеу нәтижелеріне аударғым келеді. Соңғы жылдары қазақ тіл білімінде когнитивтік тіл білімі, лингвомәдениеттану, этнолингвистика сияқты салалары қарқынды даму үстінде. Оның қарқынын бүгінде үдетіп отырған ғалымдарымыздың, зерттеушілеріміз іргелі еңбектері де аз емес. Соңғы жылдары бұл бағыттарда академик Әбдуәли Қайдар, профессорлар Нұргелді Уәлиұлы, Зәуреш Ахметжанова, Жамал Манкеева, Қыздархан Рысберген сияқты танымал тілтанушылар мен басқа да зерттеушілер жан-жақты ізденістер жүргізіп, еңбектерін шығарып жатыр. Профессор Н.Уәлидің сөзімен айтқанда, когнитивтік лингвистикалық бағыт тілді танудың концептуалдық жаңа тұжырымына арқа сүйейді. Аталған бағыт бойынша тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ол кез келген этно-тілдік мәдени ұжымның санасының көрінісі. Сананы зерттеу – тілсіз мүмкін емес. Себебі сананың әрекеті – таным болса, танымның бірліктері тілдік бірліктерде көрініс табады, ғылыми тілмен айтқанда репрезентацияланады. Сананың ең кішкене бірлігі – концепт болса, сол концепт тілде мақал-мәтелдерде, тұрақты сөздерде, қанатты сөздерде, прецедентті мәтіндерде, жалпыдан жалқыға айналған есімдерде, кісі есімдері, жер-су атауларында, т.б. бірліктерде сөз, сөзқолданыс түрінде өмір сүреді.

Осы тұста: «бұның қажеттілігі қанша?» деген ой туатыны сөзсіз. Бұндай білімдер ең алдымен саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері үшін өте-мөте қажет, себебі олардың бәрі қоғаммен жұмыс істейді. Ал қоғам адамдар емес, олардың ортақ санасы – қоғамдық санадан тұрады. Сондықтан сананы білу – қоғамды білу, сананы өзгерту – қоғамды өзгертуге тең. Егер біз Елбасы көтеріп отырған «Жалпыға ортақ еңбек қоғамын» құрамыз, жалпы жұрттың бәрін өзі үшін де, елі үшін де өнімді, тиімді еңбек етуге жұмылдырып, оның нәтижесін бүкіл қоғамның ортақ игілігіне пайдаланамыз десек, осының бәрін жетік біліп, ұтымды қолданатын болуымыз керек.

Санадағы таным бірлігі ретіндегі концептілердің басым бөлігінің қарама-қарсы екі жағы болады, оң және теріс. Яғни таным бірлігі туралы білімдер жүйесі адам санасында оң және теріс бағаланады. Алайда олардың ішінде тек қана біржақты бағаланатындары да кездеседі. Бір қызығы, міне, осы тұста, жалпы «еңбек» концептісінің қазақ этнотілдік ұжымындағы бейнесі тек қана оң бағалы білімдер жүйесінен құралатыны анықталып отыр. Мәселен, орыс тілінде бұл концептінің оң бағалауыштық белгілерімен бірге теріс бағалауыштық жағын құрайтын тілдік бірліктер де бар: «Работа не волк, в лес не убежит; Работа не черт, в воду не уйдет; Дело не малина, в лето не опадет; Что дело, дело не сокол – не улетит; Дело не голуби, не разлетятся; Дело не медведь, в лес не уйдет; На мир не наработаешься; Всех дел не переделаешь; Работа молчит, а плеча кряхтят; От работы (сохи) не будешь богат, а будешь горбат; От трудов праведных не нажить палат каменных; Из топора не богатеют, а горбатеют; Из-за хлеба на квас не наработаешь; Заработали чирий да болячку да третий горб».

Бұның әр мәдениеттегі, осы мәдениет өткерген тарихи кезеңдердегі түрлі өзіндік себептері болатыны белгілі. Сондықтан орыс этнотілдік ұжымы санасындағы еңбектің оң бағалауыштық белгілерімен қатар мұндай теріс бағалауыштық белгілерін көрсететін білімдердің болуы орыс ұлтының тарихи дамуында ұзақ ғасырлар бойы басынан «крепостниктік» - құлдық кезеңді өткергенін айғақтаса керек. Әдетте, байқағанымыздай, еңбектің өзі емес, еңбек ету үдерісі осындай сипатқа ие болған. Қалай болғанымен де, қазақ тілінде еңбекке қатысты тек оң қатынасты білдіретін бірліктер молынан, ал теріс қатынастағы бірліктер жоқ екенін: Еңбегі аздың өнбегі аз; Ұстаның бізі сүйкімді, Жақсының сөзі сүйкімді; Ұстаның өрісі көрігінен төсіне дейін; Алтын менен күмісті зергер үшін жаратқан. Арқар менен құлжаны мерген үшін жаратқан; Шебердің инесі де алтын, соққан күймесі де алтын; Шеберді саусағы асырайды; Қойшыны таяғы асырайды, Қасқырды аяғы асырайды; Атан түйе жүк астында қартаяр; Түйір нан – тамшы тер; Азығымен жер мүсінді, еңбегімен ер мүсінді; Қыста малыңды бақ, жазда шөбіңді шап; Жылай-жылай арық қазсаң, күле-күле су ішерсің; Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің; Егіншіні кетпеннің жүзі асырайды; Бәйгеден ат келмейді, бап келеді; Ердің атын еңбек шығарады; Еңбек ерлікке жеткізер, Ерлік елдікке жеткізер; Бақыт кілті еңбекте; Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді; Отырған жерден отын кескен; Сүйіп істеген іс шаршатпайды; Еңбек - ширатады, өмір– сүйретеді; Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді; Қолыма жұмыс бергенің – жаныма тыныс бергенің; Ащы еңбектен тәтті нан; Жан қиналмай жұмыс бітпес,талап қылмай мұратқа жетпес; Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық; Арамнан алған түйеден, адалдан алған ешкі артық; Істегенің еліңе жақсы,үйренгенің өзіңе жақсы; Жігіттің түсін айтпа, ісін айт; Қолы қимылдағанның аузы қимылдар; Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда деген сияқты мысалдардан айқын байқауға болады.

Еңбектің адам өмірі, қоғам өмірі, жалпы тіршіліктегі орны мен рөлі жайлы оң бағалы бұндай тілдік бірліктер «қазақ – жалқау халық» деген теріс бағаны терістеп отыр. Бұндай теріс жаңсақ баға, сірә, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың дәстүрлі шаруашылық жүргізу тәсілдерін, әкімшілік-аумақтық бөлінісін бұзып, күштеу саясаты арқылы қазаққа мүлде жат отырықшылық укладқа көшіру, атам заманнан ру-ру бойынша жайлау-қыстауы белгіленіп беріліп келе жатқан ел-елдің жер бөлінісін әдейі ел ішін арандату, көрші отырған екі үлкен рудың басынан дау кетірмес үшін бірінің жерін екіншісіне беріп немесе бірінің жайлауы, не екіншісінің қыстауы басқа елдің аумағына өтіп кететіндей етіп әкімшілік-аумақтық волость, губерния сияқты жасанды жер бірліктерін енгізуі, тіпті соны желеу етіп қазақтарды құнарлы, шұрайлы жерлерден ығыстыру жүргізілген патшалық Ресейдің отарлау саясаты тұсында мақсатты түрде жүргізіле бастап, кеңестік кезеңге дейін жалғасқан отарлық идеологияның салдары болса керек. Ал кеңестік кезеңде ол әбден етек жайып, басқа халықтардың түсінігінде осы пікірді орнықтыру үшін пайдаланылды десек, тарихи шындықтан алыстап кетпеспіз. Бір өкініштісі, өзгелердің «қазақ – жалқау халық» дегенге саятын пікірлеріне тойтарыс берудің орнына, өзіміз де соларға сүйеніп, бір-бірімізді сынап, айта-айта о бастан еңбексүгіш халықты «жалқау, жалқау» деп, ақыры жалқауға айналдырып жіберген жоқпыз ба деген ой туып қалады. Менің түсінігімде қазақ – табиғатында еңбексүйгіш халық! Атам заманнан ешбір қазақ адал емес жолмен табылған нанды өз дастарқаны түгіл біреудің дастарқанынан да татпаған. Нәпақасын Алла молынан берсе, шүкірлік айтып, басқадан аз берсе, қанағат қылған, жатыпішерлер мен арамтамақтарды жек көрген, басқаның еңбегін жеген адамды ең сорақы күнә жасағанмен тең қойған, еңбектің қандай түрі болсын мейлі, бөліп-жарып қарамаған. Ақыл еңбегі, қол еңбегі әрқайсысы өз алдына ерекше бағаланғанмен, халық санасында өз нанын еңбектің ең бейнеттісімен тапқан адам да еңбеккер ретінде ақыл еңбегінің адамынан еш төмендетілмеген. Себебі әрбір істің өз қиындығы мен рақаты болатынын өмір тәжірибесінен жақсы байқаған халық қой қазақ, менің түсінуімше. Байқамасқа бола ма, мынадай ауарайы жағдайы бірқалыпты емес, шөлі де, даласы да, батпағы да, тауы да, орманы да, ойпаты да бар кең территорияны қазіргідей техника-технология жоқ заманда өз өміріне бейімдеп, игеріп алу үшін, өзін сол жердің табиғаты мен күн райына бейімдеп, ешбір жұрттан кем болмай өмір сүру үшін таң бозарып атқаннан, кеш қызарып батқанша еңбектенбегенде, қайтер еді! Сондықтан еліміздің ұлан байтақ жерін ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен ғана емес, ақ білектің күшімен, басқаша айтсақ еңбекпен кеңейтіп, сақтаған деп ойлаймын. Әйтпесе, шөлден құдық қазып көрейікші қазіргі мына біздің ұрпақ бір күрекпен, мүмкін емес. Ал жер бедерін, жерасты суларының қозғалысын, топырақтың қабаттарының құрылысын сол кезде зерттеп білген құдықшылар үшін бұл өз ісі – оңай іс болған. Дәл солай төрт түлікті күтіп-бағу, мал басын арттыру, асыл тұқымдыларын алу, киізүйдің сүйек-жабынын әзірлеу, т.б.толып жатқан еңбек түрі – дала қазағы үшін, ал қала соғу, ирригациясын жүргізу, диқаншылық ету, бау-бақша салу т.б. жұмыстар – қала қазағы үшін таңсық емес болғанын тарихшы, археологтарымыз жыл сайын бір жаңалығымен дәлелдеп жатқан жоқ па?! Бұған қоса айтылғандардың бәрін айғақтайтын тілімізде қаншама «артефактілер» бар, ол – есепшілердің өз лексикасы – сөздік қоры, құдықшының – өз «терминдік жүйесі», зергерлердің, ұсталардың, сүйекшілердің (киізүй), бағбандардың, балықшылардың, сәулетшілердің, тоқымашылардың, саудагерлердің, малшылардың, сынықшылар мен емшілердің тағысын тағы басқа да кәсіп иелерінің өзіндік лексика-фразеологиясының болуы, бұлардың барлығы қазақ тілдік санасында жинақталған ғылымиға дейінгі білімдер жүйесін көрсетеді. Бұндай білімдерді ашып көрсетудің алғашқы тәжірибесі Тіл білімі институтының 2011 жылы Елбасымыздың алғысөзімен шығарған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» пайдаланылған болатынын да айта кеткім келеді.

Сондықтан да енді жерде Елбасы жүктеген міндеттерді орындау арқылы Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай қадам басу үшін алдымен сол халқымыздың қанына біткен зор қасиеті – еңбексүйгіштігін паш ететін үгіт-насихат жұмыстарын пәрменді жүргізу қажет. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай, осы бағдарламалық құжаттың қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектілеріндегі Тұжырымдамасы әзірленуі тиіс.

 

 

ҚР БжҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты директорының

орынбасары, филология ғылымдарының

кандидаты Анар Мұратқызы Фазылжанова

 

Бөлісу: