Ұлы Абайдың туған күні кең көлемде тойланды

29 Қазан 2014, 06:56

ОҚО Мақтаарал ауданының орталығында халқымыздың даңқты перзенті Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған іс-шаралар екі күн қатарынан тойланып өтті.

ОҚО Мақтаарал ауданының орталығында халқымыздың даңқты перзенті Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған іс-шаралар екі күн қатарынан тойланып өтті.

 

Елбасымыз өзінің дәстүрлі Жолдауында мәдениет саласына ерекше мән бергені мәлім. Егер де нақтырақ айтсақ, «Тәуелсіздік жылдарында жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті» - деген болатын Президентіміз сол маңызды құжатта. Ал, оған жыл сайын өткізіліп тұратын осы «Абай оқулары» да өзінің оң ықпалын тигізіп жатқаны сөзсіз.

Жуырда Жетісай қаласындағы орталық Жеңіс алаңында Мақтаарал ауданының барлық түкпірінен жиналған өнерлі жастар еліміздің даңқты тұлғасына арналған іс-шаралар аясында өткізілген «Өнерлі мекен өрендері» атты байқауда өз бақтарын сынады.

Осы байқауға қатысушылардың денін ауылдардағы мәдениет үйлерінің жас қызметкерлері мен музыка мектептерінің оқушылары құрады. Қатысушылардың бір бөлігі танымал халық әндері мен бірге, Абайдың туындыларын орындаса, екіншілері ұлы ақынға арналған өз арнауларын нақышына келтіре орындады.

Осы алғашқы күнгі іс-шараны Мақтаарал аудандық «Мәдениет және тілдерді дамыту орталығы» ұйымдастырған болатын. Қалыптасқан дәстүр бойынша сайыс соңында жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды.

Ал, ертесіне қаладағы Абай гүлзарында ұлы дарын иесінің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ұлы тұлғаның туған күніне арналған іс-шараның негізгі бөлігі – дәстүрлі «Абай оқулары» басталды.

Мақтаарал ауданы әкімдігінің қызметкерлері, зиялы қауым, түрлі қоғамдық ұйымдар мен қадірлі меймандар және БАҚ өкілдері қатысқан осы шараны Мақтаарал ауданы ғана емес, сонымен бірге ТМД аумағына да жақсы танымал журналист-жазушы, белгілі аудармашы «Сырдария» университетінің профессоры Нұрғали Қадырбаев жүргізіп отырды.

Жазушы ағамыз ұлтымыздың мақтанышы туралы осы кезге дейін аз айтылып келген құнды деректерді баяндаумен бірге, Елбасымыздың Жолдауында мәдениет саласына қатысты айтылған көптеген жайларға кеңінен тоқталды. Сөз арасында халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан да қызықты мағлұматтар келтірді. Абайдың ұлтымызды сол заманның озық мәдени құндылықтармен нәрлендіргісі келгені, осы арқылы ұлтаралық татулықты насихаттағанына тоқталды. Оған ұлтымыздың ХІХ ғасыр соңында негізінен Абай туындыларының арқасында орыс ұлтының бай мәдени мұрасымен танысқаны нақты мысал бола алады. Сондай-ақ, баяндама арасында президентіміздің «Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады» деген сөзіне де көптеген орнықты мысалдар келтірді.

Н.Қадырбаев «Сырдария» университетінің бұндай игі шараны екі жыл қатарынан ұйымдастырып отырғанын, Ресейдегі атақты «Пушкин оқулары» секілді бұл «оқулардың» да игі дәстүрге айналуы қуантарлық жай екенін айтып өтіп, сөз кезегін «Жетісай сазы» оркестрінің жетекшісі, профессор, елімізге жақсы танымал сазгер Бөрі Иса ағамызға берді. Оркестр жетекшісі өз баяндамасында Абай атамыздың күйшілік қырына ерекше назар аударды. Тұлғаның күйлері өкінішке орай зерттеушілер тарапынан осы кезге дейін аз зерттеліп жатқанын, сол себепті оның көптеген туындылары бүгінде «халық күйлері» атанып кеткеніне нақты дәлелдер келтірді. Өзі Алматыдан арнайы тапсырыспен алдырған «Абай домбырасымен» ақынның «Бозжорға» күйін орындады. Бұдан соң, аудандағы белді оқу орны саналатын «Сырдария» университетінде білім алып жүрген түрлі ұлт өкілдерінің тұратын бір топ студенттер ұлы Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін және оған арнаған арнауларын оқып шықты. Жастардың ұлы тұлғаның туындыларын беріле орындауларын тыңдаған жұртшылық оларға өз ризашылықтарын шапалақ соғу арқылы жеткізіп отырды.

Ауданның қадірлі ақсақалдары шығып, Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, оның туындыларын кеңінен насихаттау керектігі жөнінде өз пікірлерін айтып болған соң, сөз кезегі Мақтаарал аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Пердеш Есенбеков пен «Сырдария» университетінің «Гуманитарлық білім» факультетінің деканы Ләззат Әбеноваға берілді. Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі өткен жылы аудан орталығында Абай ескерткішінің орнатылғанын, сонымен бірге ұлы тұлғаның гүлзары пайдалануға берілсе, биылғы жылы ескерткіш қасынан Абайдың туындылары жазылған кітаптар формасында мүсіндер орнатылғанына тоқталып өтті. Абайдың тек қазақ халқының ғана емес, сонымен бірге, бүкіл қазақстандықтарға ортақ тұлға екенін мәлімдеді.

Ал, факультет деканы Л.Әбенова өз сөзінде студенттерінің арасында ұлы ақынның қара сөздері мен өлеңдерін тұрақты түрде кеңінен насихаттап жүргенін, өзінің де Абайдың көптеген туындыларын жатқа білетінін мақтанышпен баяндады.

«Абай оқуларының» соңында оған қатысушылар мен қонақтар естелікке суретке түсті. Ал, университет басшылығы көпшілікке берер тағлымы мол мәдени шараны келесі жылы да өткізетіндерін мәлімдеді.

Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ

Бөлісу: