3 Наурыз 2014, 03:19
Елбасымыздың қазақ мәдениеті мен өнеріне жасап отырған шарапаты арқасында ұлттың рухани өміріне зор үлес қосқан тұлғалар тиісті бағасын алып жатыр. Cоның жарқын мысалы Оралхан Бөкей атындағы жыл сайын тұрақты өтіп тұратын көркемсөз оқушылардың республикалық байқауы. Өткен аптадағы Шырайлы Шығысты рухани түлеткен оқиға 11 қыркүйекте С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың мәдениет залында Қазақстан халқы тілдерінің ХV республикалық фестивалі аясында көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы ХV республикалық байқауының Кенді Алтай Астанасы Өскеменде дүркіреп өткені және қаламгер мерейтойына орайластырған “Алтай Барысының” анықталуы болды.
Осы республикалық байқауға дейін екі бірдей ірі шара болып өтті. 31 тамыз күні Өскеменде салтанатты түрде жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің ескерткіші ашылды. Айтулы шараға небәрі 50 жыл ғұмыр кешіп, қазақ әдебиетіне шоқтығы биік шығармаларын сыйлаған жазушының ізбасар-інілері қатысып, ескерткішке тағзым етті.
«Ақылшым туған жер, ұстазым тәкаппар да қатал өр Алтай!» деген Оралхан Бөкей басынан өз туындыларын Алтайдың тылсым табиғаты мен Алтайдың өр мінезді адамдарын жырлауға арнады. “Қайдасың қасқа құлыным”, “Мұзтау”, “Үркер” атты әңгімелері мен прозалық шығармаларын оқып, сөз зергеріне қара орман оқырман басын иді. Ол ауыл адамдары, малшы, орманшы секілді қарапайым кейіпкерлер арқылы адамзатты толғандырған түйткілдің астарын аша білді. Сәулетшілер тас мүсінге Оралхан Бөкейдің болмысын беруге тырысқан. 28 қыркүйек - жазушы дүниеге келген күн. Көзі тірі болса, сөз зергері 70 жасқа толар еді.
Осы салтанатты мезетте Оралханның өкшесін басқан інісі ақын, драматург Ұлықбек Есдәулетов тереңнен тебіреніп:
Ол біздің әдебиетке Алтайдың, Бұқтырманың тұмса табиғатының құпиясын ашу арқылы бір жаңа леп әкелді. Қазіргі бүкіл Қазақстан бойынша өтіп жататын Оралхан Бөкей оқулары соның айғағы,- дегені көп нәрсені ұқтырады.
Оған дейін осы сөз зергерінің 70 жылдығын лайықты қарсы алу жолында көптеген жұмыстар жасалды. Атап айтсақ, Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай аудандық әкімдігі мен мәслихаты дайындап ұсынған «Біздің Оралхан» атты жинағының шығуына «Мұзтау» қоғамдық қоры демеушілік жасады.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қатонқарағайдың төл перзенті Оралхан Бөкейдің облыстық, республикалық басылымдарда жарияланған, бірақ жеке жинақтарына енбеген біраз шығармасы, сонымен қатар ол туралы естеліктер мен мақалалар топтастырылған.
Кітаптың алғы сөзін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен белгілі қаламгер Дидахмет Әшімханұлы жазған. Белгілі жазушылар және ғалымдар Әбіш Кекілбаев, Зәбила Алпысқызы, Бердібек Бияров т.б. О.Бөкей жайлы естеліктерімен бөліскен. Сонымен қатар, «Оралхан Бөкей атындағы...» деп аталатын бөлімде оның атына берілген мектептер мен мұражай және жыл сайынғы О.Бөкей оқулары туралы кеңінен жазылған. Кітаптың соңғы бөлімінде О.Бөкейге арналған арнау өлеңдер топтастырылғанын дүйім қазақ біледі. Бетін парақтаған сайын Оралхан рухы бойыңды жайлап алады.
Енді, лирикалық шегінісімізді үзіп, осы сайысқа ақырындап келетін болсақ, еліміздің барлық облыстары және Астана мен Алматы қалаларынан облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқаулардың жеңімпаздары қатысты. Бұл байқау осымен 15-ші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Бар-жоғы 49-ақ жас жасап, қара сөзден қамал тұрғызған қаламгердің республикалық оқуларына еліміздің барлық өңірінің өз облысында жүлдегер болған 16 жүйрігі келіп, бақтарын сынап, баптарын байқатқан. Ал олардың жанкүйері қарасы көп көрермен болса, әділ сыншысы елге танымал қаламгерлер мен ұлт зиялылары болды. Міне, басқалардан бағы озған талапкерлердің өнерін бағалап, сарапқа салған қазылар алқасының құрамында: Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі сыншы Әшірбек Сығай (қазылар алқасының төрағасы), Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим, Оралханның қарындасы, Астанадағы республикалық ұлттық кітапхана директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист Жүсіпбек Қорғасбектер және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік-Шығыс өңірі бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев болғанын баса айта кеткіміз келеді.
Байқауға қатысушылар Оралхан Бөкей шығармаларынан басқа елімізге белгілі, сөз өнеріміздің дамуына өзіндік үлес қосқан драматург, ақын-жазушыларымыздың кез келген шығармаларынан үзінді оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың: көркем мәтінді оқу шеберлігіне, оқылатын шығарманы таңдау талғамына, дауыс мәнеріне, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім сәніне баса назар аударғандығын бірден аңғардық.
«Төр Алтайдың оғланы – Оралхан Бөкейдің 70 жылдық торқалы тойы өтеді» деп, бүкіл алашқа сауын айтылғалы бірсыпыра уақыт болған еді. Міне, сол той кеше Шырайлы Шығыста, Оралханның туған өңірінде бастау алды. Мерекелік шараның басы – «Оралхан оқулары» Өскемендегі ШҚМУ-дың 5-ші оқу ғимаратында өтті. Жәй өткен жоқ, қайталанбас қаламгердің артында қалдырған мұраларын ардақ тұтатын қауымның жүрегіне сырлы сөз, мәйекті ой тастап кетті. Біздің Бородулиха да осы сайысқа жыл сайын үзбей қатысып келеді. Бұл жолы Белағаштың намысын талантты ақын қызымыз Бородулиха орта мектебінің биылғы түлегі Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің филология факультетінің 1 курс студенті грант иегері Толғанай Қанатқызы Әукенова қатысты.
Тіл қадірін ардақтап, сөз мәйегін салмақтап өткен жазушы мерейтойының шымылдығы театрландырылған қойылыммен басталысымен облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сөз тізгінін алды. Жақсылық Омар сөз саптамас бұрын інілік ізетпен: «Сіздердің алдарыңызға алдымен құрметті қонақтарымызды шақырып, сөз бергім келіп тұр» деп, сахна төріне осынау торқалы тойға арнайы келіп қатысып отырған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері, жазушы-публицист Сұлтан Оразалинов пен Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлын шақырғанда бүкіл жиналған қауым ризашылықпен дуылдата қол соқты.
Біз үнемі атақты ҚазМҰУ-де бірге оқығанымызды мақтан тұтатын Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы: “Жалпы халықты тану үшін оның тілі мен әдебиетіне үңілу керек. Министрліктің тіл комитеті 90-ыншы жылдардың аяғынан бастап, Оралхан оқуларын өткізуді қолға алған еді. Міне, биыл 15-ші рет сол байқау өтіп отыр. Негізінен тіл мен әдебиетті қос қоржынның екі басына теңеуге болады. Бүгін табиғаты тамылжыған Алтайда туып, алаш жұртына, қала берді талай шет елге танымал болған Орекеңнің шығармаларымен танысу мүмкіндігі туып отыр бәріміз үшін, ағайын. Ал бүгінгі дүбірлі сайысқа қатысушы жастарға қаламгердің туған өңіріндегі талпыныстарыңызға осы қасиетті аймақтың ауасы мен жер-суы қанат бітірсін дегім келеді. Жалпы Оралханның туып-өскен жерін көру бәріміз үшін де үлкен қуаныш. Орекең «менің ақылшым – туған жерім, пірім – асқақ та қатал Өр Алтай» деген еді. Осындай тамаша байқауды өткізуге ұйытқы болған облыс басшылығына, ел азаматы Бердібек Сапарбаев мырзаға ерекше ризалығымызды білдіреміз. Байқау сәтті өтсін” деп ағалық тілегін білдірді.
Өзінің өзекжарды тілегін әдемі сөзбен өрілткен Сұлтан Оразалиновтың: “Өз басым осы Шығыстан, Семей өңірінен болсам да, Өскеменге бар-жоғы үшінші мәрте келіп отырмын. Өскемен қатты өзгеріп кеткен екен. Тек биылдың өзінде ғана бұл өңірде Шәкерімге, Жәнібекке, Оралханға ескерткіш орнатылыпты. Тамаша! Ал Абайдың ескерткішінің жанына Алтайдың тастарын әкеліп, оған ұлы хакімнің қарасөздері мен өлең жолдарын жазып қойғаны таңдай қақтырды. Мұндай ғажапты өз басым еш жерден көрген емеспін. Осындай игілікті шаруа істеп жатқан облыс басшылығына бек алғыс арнаған абзал. Оралхан мені аға тұтатын. Оралханның «Құлыным менің» атты шығармасын орыс тіліне аударып, Кемероводағы байқауға алып барып, екінші орын алғанымыз неге естен кетсін. Ол тек жазушы ғана емес, асқан биші екенін әркім біле бермес» деп қаламгердің сан қырын сөз етуі де жүректен шығып, жүректерге жол тауып жатты.
Алыптың қадірі жыл өткен сайын еселенетінін облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың сөзі негіздей түскені бар.
– Оралхан оқуларының мерейтойлық мезеттері биылғы жылдың басынан бері бүкіл ел көлемінде өтіп, міне, енді Шығыста жалғасып отыр, – деп бастады сөзін Жақсылық Омар. – Өзінің қаламының ұшымен бүкіл адамзатты Алтайға ғашық еткен Оралхан – біздің ұлттық мақтанышымыз. Сондықтан қаламгердің шығармаларын насихаттауда, түбегейлі зерттеуде әлі де көптеген шаруалар атқарыла бермек. Бүгін ұлы жазушыны әспеттеуге, атын ардақтауға ниет етіп, еліміздің әр түкпірінен ерекше арман-мақсат арқалап келген талапкер жастардың қадамына сәттілік тілейміз!
Сахна рухтанып, алашы нұрланып, өнерпаздар бәсеке көркін қыздырды. Біз Толғанайдың тілеуін тілеп тақымды қысып отырмыз.
Оралхан шығармаларын дүйім елге алғашқы болып сахнаға алып шыққан қызылордалық Зарина Кенжеәлі болды. Қашанда топ алдында алғаш болып, сөз бастау оңай еместігі белгілі. Біз Заринаның толқуынан соны байқадық. Оның үстіне қазылар алқасындағы азаматтардың талабы бойынша бұрыннан қалыптасқан дәстүрден бөлек, үш жанрды да бірден орындап шығу тек Заринаны ғана емес, өзге қатысушыларды да біраз сасқалақтатқаны сезілді. Дегенмен, Оралханның «Апамның астауы» атты прозасымен сөз бастаған ол көпшілікті жанға жайлы дауысымен, бапты сөз қолданысымен және өзіндік актерлік шеберлігімен баурап бара жатты. Ал екінші – драмалық қойылым бойынша Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» шығармасынан Аққұртқаның монологын орындағандағы нанымды образ Заринаны тағы бір қырынан көрсеткендей болған. Қызылордалық қыздың ел мен жерге бөлмей дауылпаз жырлы жерлес ақынымыз Қ.Сариннің «Өмір өлшемінің» «Өмірге келу қызық, қайту қайғы» деген тұсы нағыз ақиқаттай, көрерменге ой салып жатты.
Өрелі сөз үлкеннен шықса, орамды ой жастан шығатынын ерекше танытқан жастар жетерлік болды сайыс барысында. Әсіресе, екінші болып сахна төріне шыққан қарағандылық Айсана Әшімханның өнері өзгеше әсер қалдырғандай еді. Бұп-бұйра шашы төгіліп, қара костюм-шалбармен шыға келген бұл талапкер көз алдымызға Оралханды алып келгендей көрінгенін жасырғымыз жоқ. Ол «Қайдасың, қасқа құлынымды?» көңіл көзіне жеткізе орындаса, Роза Мұқанованың «Сеніндегі» Калмыковтың монологын тіпті құлпыртты, Мұқағалидың махаббаттың құдіретіне бөлейтін «Жырласам ба екен?» атты өлеңін бал жүрекпен жеткізгенін қайтерсің! Ол осылайша 16-ның алдынан көрінетінін дәлелдеп-ақ кеткен-ді. Айсана десе, Айсана-ақ екен!
Жақсының жұп болып жүретіні қандай жақсы еді. Айсананы өкшелей шыққан астаналық 10-шы сынып оқушысы Мадияр Жақып сөз саптай бастасымен әдемі дауысымен «Тасқынды» тасқындатты, хан Кене болып (М.Әуезов) шалқыды, сосын К.Ахметованың «Сен – қазақсыңы» болып жігерлілігін танытты. Сөйтіп, қазылардың кілең бестігі мен көрерменнің марапатты қол соғуына бөленіп, шығып бара жатты сахнадан. Көрген елді үш жанрдағы өнерімен де дәл осылай табындырған Алматы облысының үміті, 11 сынып оқушысы Ақниет Зәмзәт болғаны тағы бар.
Қара сөздің майын тамызған қаламгердің небір шығармаларын шалқыта да, толқыта да, ойландыра да, иландыра да жеткізгендердің қатары аз болған жоқ бұл сайыста. Еліміздің 14 облысы мен екі бас қалаларынан үмітін үкілеп, намысын жанып келгендердің барлық өнерін мұрнынан тізіп беру мүмкін емес болып отыр. Десе де, олардың әрқайсысының өнері ерекше тоқталып, өзіндік байлам жасауға әбден тұрарлық болғанын айтуға тиіспіз.
Жалған дүние көңілі жеткен жерлерге өмірін жеткізбеген қаламгер Оралхан дәл осы сайыста шынымен де ортамызда жүргендей сезілгенін қайтіп жасырайық. Өйткені, ол бір сайыскердің аузынан «Тортай мінген тор ат» болып, енді бірінен «Өліара», тағы біреулерінен «Сайтан көпір», «Өз отыңды өшірме», «Қар қызы», «Құм мінезі» мен «Жетім бота» және басқалар болып өріліп жатты. Ерекшелене, құлпыра түсіп, тіпті, мұңая жетіп жатты жүрек біткенге. Осы кереметтер көрген елге Оралханның бар болмысын танытты! Талантқа табындырды! Табиғатқа тамсандырды! Қуантты, ойлантты, керім сезім көліне шомылдырды!
Тегі, қандай сайыстың да әділ барометрі аудитория екеніне не дау бар. Мықтыны да, осалды да бейне қазылардай дөп басып, қол соғуымен танып отырған жұрттың ықыласынан-ақ кімнің озық, кімнің қалыс екенін анықтауға болады екен.
Республикалық байқау жеңімпаздары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің дипломдарымен және алғыс хаттармен, басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталған тұста зал тыншып қалды. Бірінен бірі өткен өнерпаздардың қайсысы озды деген сауал көңілді жаулады.
Иә, нақ солай. Үкілі үміт пен нар намыс арқалап келгендердің қай-қайсысы да кем өнер көрсетпесе де, жарыстың аты жарыс, жүлде биігінен ең мықтылары ғана көрінді. Көп сайыскердің өнерін әділ бағалай сөйлеген Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі сыншы қазылар алқасының төрағасы Әшірбек Сығай «өте жоғары деңгейде өтті» деп, ерекше сөз саптап, сайыс қорытындысын жариялады. Сонымен аз жасап, көп, өлмес дүние қалдырып кеткен Оралхан Бөкейдің 70 жасқа толуына орай өткізілген ХV республикалық байқаудың қорытындысы нағыз көркемсөз оқу шеберлерін анықтады. Қазылардың әділ шешімімен байқаудың жүлделі үшінші орнына солтүстікқазақстандық Надира Шериматова, екінші орынға Астанадан келген Мадияр Жақып, бірінші орынға Қарағандының үкілі үміті Айсана Әшімхан ие болса, бас жүлдеге дарынын да, қарымын да жарқырата көрсете білген Алматы облысындағы Жамбыл ауданының 11 сынып оқушысы Ақниет Зәмзәт қол жеткізді. Алматы қаласының намысын қорғаған Рысбала Икрамбай, қызылордалық Зарина Кенжеәлі және маңғыстаулық Хазірет Төлегенов «Үздік шеберлігі үшін» аталымы бойынша жүлдегер атанды.
Осылайша Өскемен шаһары тағы бір дүбірлі шараның куәсі болды. Сахна төрінде тұрған ордалы жиынның бас иесі – Оралхан оларға рух беріп тұрғандай көрінді бізге. Әттең, осы сәттерде Орекеміз ойлы жүзін бір жарқыратып, сахнада емес, ортамызда жүрсе ғой... деген оймен арнайы жүлдеге ілінген Толған қызымызға гүл шоғын ұсындық. Иә, бұл ерек есте қалар өнер байқауы болды. Бұған кішкене болса да өз үлесін қосқан Бородулиха аудандық Мәдениетті дамыту мен тілдер бөлімінің ұжымына алғысымыз зор.
Сайыс тек көркемсөз оқу шеберлігімен толастамай Кенді Алтайда дүркіреп өткен Оралханның тойында балуандар арасында «Алтай барысы» анықталды.
Жазушының тарихи повесіне арқау болған өз заманында «бөрікті балуан» атанған Айпара-анаға дейін де, одан кейін де Төр Алтайда небір балуандар өткен. Алайда дәл бүгінгідей бәсі жоғары, тартымды да тартысты дода болмағанына да біраз болыпты. Атан жілік, апайтөстер қарсы келгенді айбарымен жасқаса, бұқа мойын, бура сандар белдескеннің бәрін күшімен тұқыртып жатты. Ал қайыстай тартылған ықшам денелі, қабыландай құйтұрқы қимылды тарамыс балуандар әдістің түр-түрін көрсетіп, тамашалаушыларды пай-пайлатып-ақ тастады. Айбек Нұғымаровқа дейін «Қазақстан барысының» атағын иеленген тараздық Бейбіт Ыстыбаев пен қызылордалық Ұлан Рысқұловтың кілемге шығуын тағатсыздана күтіп отырған жұрт өзге балуандардың өнеріне де қошеметтерін аямады. Ұлан Рысқұлов ақтық тартысқа жетпей сүрінсе, Бейбіт жастығына қарамай беріспес бәсекелесіне айналған Шығыстың тағы бір тарланы Мұхит Тұрсыновпен соңғы белдесуіне шыққан еді. Намысы жүрегінде бұрқ-сарқ қайнап жатса да, сыртқа сездірмейтін сабаз жерлесіміз «Қазақстан барысында» кеткен есені қайтарудың сәтін орайымен пайдаланды. Таза жеңіске баланған тәсілі оны «Алтай барысы» атағына жеткізді. Ат жарысы мен балуан күресі ән-күйсіз өтуші ме еді. Тойға арнайы келген «Қоңыр» тобы атшабардан ел тарағанша қоңыр әндерін үзбей шырқады.
Бұл той да мәресіне жетті. Мынау аппақ дүниеде Алтайдан көрікті мекен жоқ болса, ондай топырақтан таланттар шоғыры мәңгі үзілмейтінін дәлелдеп, екі күнгі ертегіге бергісіз думан да толастады. Қазақтың қадірлі ұлы Оралханның қайраткер тұлғасына тамсана бас иген мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар осындай берекелі ел барда, Оралханның әдебиетке сәуле шашып тұрған өз отының өшпейтініне көздері жетіп, көңілдері жайланды. Неше күнгі сабылыстан шаршаса да, ұйқысы келмей ел қалды.
Елбасымыз тарихыңды танып біл деген ойды әр қазақтың және қазақстандықтың санасына құюды орынды жолға қойып отыр. Соның айғағы жер-жерде өтіп жатқан Оралхан Бөкей сияқты біртуар тұлғаларды насихаттау. Бұның бәрі Президентіміздің көреген саясаты арқасында мүмкін болып отырған жайы бар.
Серік Әбілқасымұлы