Қазақтың 1000 әні

3 Наурыз 2014, 03:19

Еліміз тәуелсіздік алып, өз еркіндігіне қол жеткізгелі өзінің ұлттық құндылықтарының қайта жаңғыруына ерекше көңіл бөліне бастады.

Еліміз тәуелсіздік алып, өз еркіндігіне қол жеткізгелі өзінің ұлттық құндылықтарының қайта жаңғыруына ерекше көңіл бөліне бастады. Осы тарапта көптеген игілікті жұмыстар жүргізілді. Әсіресе, мәдени мұра аясында біршама жасалған істер өзінің оң нәтижесін бере білді. Елбасымыздың өзі Қазақстан халқына Жолдауында біздің ұлттық құндылықтарымыз – мәдениетіміздің, дәстүріміздің, ең бастысы халықтың өшпес байлығы екенін атап өтті. Ел басшысының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында: «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деп те атап өткен болатын. Сол мәдениетіміздің бір бөлшегі ол біздің ұлттық музыкамыз. Қаншама уақыт тоталитарлық жүйенің ықпалында болғанына қарамастан халқымыз өз кезегінде ұлттық музыкамызды болашақ ұрпаққа өшірмей сақтай білді. Қазақ музыкасын тыңдау арқылы қазақтың тұрмыс-салтын, тарихын, көшпелі өмірін елестетуге болады. Мәдени байлығымыздың бірі қазақ музыка өнеріне ертеден қызығушылық танытып, оны зерттеуге асыққан өзге шет ел адамдарының қатары да аз болмады. Соның бірі қазақ халқының келешек ұрпағына өшпес бай мұра қалдырған этногроф-ғалым А.В. Затаевич. Ол сонау заманнан бері халық аузында айтылып жүрген ән-күйлерді алғаш нотаға түсіріп, атақты «Қазақтың 1000 әні» деп аталатын керемет туындыны жарыққа шығарды. Қазақтың ән-күйіне қатты көңілі ауған ғалым халық мұраларын 1920-1924 жылдары аралығында жинап нотаға түсірген. Жинақта қазақтың халық әндерімен қатар Естай, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, т.б. көптеген белгілі ақын-композиторлардың елге танымал әндері алғаш нотаға түсірілген. Жинақ тек қана ән үлгілері ғана емес ол жерден С.Сейфуллиннің орындауындағы «Тоқа», «Терісқақпай» күйлері, сондай-ақ «Ілме күй», «Боғда», «Қос алқа», «Мерген күй», «Ақсақ құлан», «Тепеңкөк», қобызға арналған «Ащы көл», «Қазақтың әскери маршы», «Итерме», «Сары бақсы», т.б. күйлерді кездестіруге болады. Бұл жинаққа бас-аяғы 977 ән мен 23 күй енген. Өз ғұмырының 16 жылын қазақ музыкасына арнаған композитордың жинаған туындылары, қазақ музыкасының асыл мұралары кеңінен насихатталып, заманауи үлгіде қайта жаңғыртылып келеді.
 
Соның бірі халқымыздың бай ән мұрасын насихаттауға арналған Қазақстан ұлттық телеарнасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақтың жүз әні» телевизиялық жобасы. «Қазақтың жүз әні» жобасы – бұл соңғы бірнеше онжылдықтағы Қазақстанның ән мұрасын жүйелендіруде үлкен қадамдардың алғашқысы. Бағдарламаның мақсаты: «Қазақтың жүз әні» түрлі жастағы аудиторияны туған өлкесінің дәстүрін құрметтеуге және ұмыт болып бара жатқан мәдени мұраларды қайта жаңғыртуға шақырады. Бағдарламаның өзге жобалардан айырмашылығы, ерекшелігі бүгінде Қазақ телевизиясында қазақ әндеріне арналған бірден-бір ауқымды жоба жоқ. Осы уақытқа дейін ұлттық туындыларды қамтитын соңғы дүние осыдан бір ғасыр бұрын пайда болған А. Затаевичтің ноталар жинағы. Бұл аталмыш жоба сол бағдарламалардың бастамасы. Сондай-ақ, «Қазақтың жүз әні» жобасында белгілі бір кезеңді ғана қамтитын шығармалар ғана емес, 19-ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейінгі барлық белгілі әндер шырқалады. Бағдарлама барысында халықтың көмегімен 100 туынды іріктеліп алынады. Жоба қорытындысы бойынша 100 таңдап алынған ән CD және DVD форматтарына көшіріліп, көрерменге ұсынылды. 
Сонымен бірге, А. Затаевичтің сол жинағы осы заманда қайта жаңғыртылып, жинақ болып басылып шықты.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақтың дәстүрлі 1000 әні” антологиясына кіріспе сөзі: «Ұлтымыздың аса бай ән өнерін дамытуға Абай бастаған, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Нартай, Кенен сияқты халық композиторлары өлшеусіз үлес қосып, оны сапалық жаңа биікке көтерді. Олардың мол шығармашылық мұрасы қазақ операсы мен балетінде және классикалық музыкалық туындыларда кеңінен пайдаланылып, әлемнің ең әйгілі музыкатанушылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. 
 
Жобада Арқа, Жетісу, Маңғыстау, Сыр өңірі, Батыс Қазақстанның дәстүрлі ән мектептерімен қатар, Қытай мен Моңғолияда тұратын қандастарымыздың шығармашылығының көрініс тапқаны антологияда халқымыздың дәстүрлі ән өнерінің мейлінше мол қамтылғанының белгісі деп білемін. 
 
Осы тұрғыдан келгенде қазақтың ғұрыптық өлең-жырларынан бастап, әйгілі халық композиторлары шығармаларын тұтас қамтыған “Қазақтың дәстүрлі 1000 әні” бірегей жобасын ұлттық музыка мәдениеті тарихындағы айтулы оқиға деп бағалаймын. Жинаққа енген халық әндерін К.Байсейітова, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Жандарбеков, Е.Өмірзақов, М.Ержанов, Е.Серкебаев, Р.Бағланова, Б.Төлегенова сияқты саңлақ әншілерімізден бастап, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, Б.Тілеухан, Р.Стамғазиев және А.Қосанова сияқты кейінгі буын топжарғандарының нақышына келтіре орындауы жобаның құнын да, маңызын да арттыра түсетіні анық». 
 
Бөлісу: