Бесік жыры

3 Наурыз 2014, 03:09

Бүгінде, қолданыстан шығып, көне дүниелер қатарына еніп бара жатқан салт-дәстүріміздің бірі бесік жыры. Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие.

Бүгінде, қолданыстан шығып, көне дүниелер қатарына еніп бара жатқан салт-дәстүріміздің бірі бесік жыры. Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Шыр етіп дүние есігін ашқан күннен бастап ана мен бала арасында байланыс орнататын да осы бесік жыры. Атам қазақ өмірге келген әрбір баласына осы алғашқы бесік жырын айтып, қазақтың ән құдіретін ертеден бойына сіңіре білген. Бесік жырын халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Алғаш еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімінің қалыптасуы да бесік жырында жатыр. Себебі, бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрінің, мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көріністері бар. Алайда қазіргі нарық уақытында, баланы бесікке бөлеу, бесік жырын айтатын аналардың қатары сиреп бара жатқаны айқын. Жыр айтылмағаннан кейін, ысырылып, біржола дәстүрімізден өшіп, көненің қатарына еніп, ең соңы тарих бетінен жойылып, болашақ ұрпаққа жетпеу қаупі де бар. Осы тарапта Елбасының халыққа Жолдауы ойға оралады: «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек». 
 
Елбасының халыққа айтқан бұл сөздері серпіліс беріп, атадан балаға мирас болып келе жатқан дүниелерімізді қайта жаңғыртып, көптеген жерлерді кеңінен насихаттап жатқаны белгілі. Соның бірі мектеп қабырғасындағы тәрбие. Оқушыларға арнайы бесік жыры туралы ашық сабақтар өткізіп тұрады. Олардың мақсаты – халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрін дәріптеу, соның бірі отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала, баланы бесікке бөлеу дәстүрін атадан балаға жеткізу. Бесік жырының маңызын ұғындыру. Жаңа технологияларды пайдалана отырып оқушылардың өз ойларын, пікірлерін еркін айтуға, дәлелдей білуге, сөйлеу мәдениетін, топпен жұмыс істеу, шығармашылық, танымдық қабілеттерін дамыту. Пәнге қызығушылығын арттыру. Салт-дәстүрді құрметтеуге, адамгершілікке, мейірімділікке, тазалыққа тәрбиелеу. Бесік деген не? Бесік деген неден жасалады? Бесікке жатқан бала бар ма? – деген сұрақ қойып, ойын қозғау арқылы оқушылардың өз ойлары, білгендері ортаға салынып, талқыға түседі. Сол арқылы оқушылардың ұлттық құндылықтарымызға деген білім өрісі кеңейе түседі.
 
Жалпы бесік жырын халық ауыз әдебиетіміздің бір түріне жатқызсақ, оның көнеден бері үздіксіз даму үстінде болып, түленіп-түрленген түрлі нұсқалары жеткендігі белгілі. Бұған себеп, бесік жырын суырып салма және дәстүрлі бесік жырлары деп екі топқа бөлетіндігінде. Дәстүрлі бесік жырлары барлық жерлерде мазмұны мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар болса, суырып салмада адам өзінің өнерін, ішкі мұң-сырын, сол кезеңнің болып жатқан жағдайларын жырға қоса балаға айтқан. Ең алғаш қазақ даласында юесік жырын 1905 жылы хатқа түсіріп жариялаған Ә. Диваев болған. Соған қарамастан бесік жырының бірнеше түрі халық арасында айтылып келген.
 
Мәселен ел арасында көп айтылатыны:
 
Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.
Әй-әй бөпем, әй бөпем.
Ән айтайын,бал бөпем.
Ән тыңдағын келсе егер,
Және айтайын, жан көкем...
 
 Бөпем менің ай ма екен?
Шекер ме екен, бал ма екен?
Ойнақтап бір бәйгіден
Озып келер тай ме екен?
десе, енді бірінде
 Әлди-әлди ақ бөпем,
 Ақ бесікке жат бөпем,
Бармақтарын майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап, 
Шешен болар ме екенсің? –
 
сынды түрлі нұсқалары айтылады. Қалай айтсақ та, өткеннен бүгінге мирас болып жеткен жырларымызды, құндылықтарымызды сақтауға міндеттіміз. Қазақ жеріне жер аударылған поляк революционері А. Янушкевич өз естеліктерінде: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңданысын білдіре жазған екен. Бұған, әрине, анасының түн ұйқысын төрт бөліп, баласына жеткізген бесік жыры, есі кірсе айтқан халық ауыз әдебиетіміздің асыл жырлары мен дастандарының арқасында қол жеткіздік. Осыдан келе: «Ана баласын құшағына ала отырып баласын ғана емес, бүкіл бір ұлтты тәрбиелейді», – деген сөздің бекер айтылмағандығына көз жеткізуге болады.
 
 
Бөлісу: