Бала сүйген бақыт

3 Наурыз 2014, 03:09

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әр алуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек»

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әр алуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» – деген болатын – өзінің кезекті рет Қазақстан халқына жолдаған өнегелі Жолдауында. Иә, қазақ халқы салт пен дәстүрге, әдет пен ғұрыпқа, мәдениетке бай. Қазанға ет асып, самаурынға шай қойып той-думан жасайтын думаншыл халық.

Шырылдап дүние есігін ашқан нәрестенің өмірге келген күнінен бастап көптеген әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер орын алады. Соның бірі – шілдехана. Шілдехана шілделік, шілде күзет – өмірге келген нәрестенің құрметіне жасалатын той. Бүгінде жас сәбидің дүниеге келгенін той жасап, атап өту рәсімге айналған. Алайда, сонау ата-бабамыздан осы күнге дейін сақталып келген салттарының кейбірі ұмытыла бастағаны өкінішті-ақ. Мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысқан қазақ халқы бала өмірге келгеннен кейін, жақындарына, достарына, туыстарына, таныстарына сүйінші сұрап жаушы жіберетін болған. Қазақ халқының әдет-ғұрпында ұл баланың дүниеге келуі қазіргі таңға дейін үлкен қуаныш, шаттық, бақыт болып саналады. "Ұл туғанға – күн туған", “ат ұстар” немесе “жылқышы” отбасының, ұрпақтың жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала деп аса құрметтеген. Егер дүние есігін қыз ашса – “көйлек тігер”, “қырық жеті” немесе “сауыншы туды” деп қуанышты хабарларымен бөліскен. Сүйіншіні жеткізгендерге сыйлық беріліп, жақсы тілектер айтылған.

«Қонағын құдайдай күтетін» қазағымыз бар тәттісін ақ дастарханға қойып, туған-туыстар, көршілер және алыс-жақын ағайындарды шілдехана тойына шақырады. Жиналған қауым бауының берік болуын тілеп, шашу шашып келеді.

Шілдехана тойын жасаудың мәні жаңа туылған бала мен ананы жын-періден, көз тиюден, жаман сөзден қорғау, күзету деген сенімге саяды. Сол себепті бұл дәстүрді “Шілде күзет” деп те атайды. “Шіллә” сөзін парсы тілінен қазақ тіліне аударғанда “қырық” деген мағынаны береді. Дәстүрлі қазақ қоғамында бала үшін туылғаннан 40 күнге дейін қауіпті кезең саналған, оған дейін нәрестеге көп адамды жолатпай, бала мен анасын жақсылап күткен. Әсіресе, жас нәресте жатқан үйде үш (кейде 40 күнге дейін) күні бойы шам жағылып, “күзетілген”. Кейіннен шілдехана ұлттық ойын-сауық кешіне айналған. Шілдеханаға жастар жиналатын болған. Оған үлкендер бата беру үшін ғана келген.

Шілдехана тойында жаңа босанған әйелге арнап қой сояды. Оны «қалжа» деп атайды. Сойылған малдың етін көпті көрген, ақылды, жөн білетін бір кісі омыртқаны қолына алып, оның етінен әйелдердің бәріне ауыз тигіздіреді. Оны әйелдер әбден мүжіп, тазартады да, сүйекті тобылғыға тізіп, үй ішіндегі биік жерге іліп қояды. Бұл рәсім – баланың мойны тез бекісін деген ырыммен жасалынады.

“...Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің!

Бармақтары майысып,

Ою-өрнек ойысып,

Ұста болар ма екенсің!

Таңдайларың тақылдап,

Шешен болар ма екенсің!

...Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Қызмет қылар ма екенсің?!

Қолымыздан іс алып,

Бақытымызға жан балам –

 

деп жырланатын бесік жырын тыңдап өспеген қазақ жоқ шығар, сірә?!!! Құлақтың қышуын қандырып, жан рахатын сыйлайтын бесік жырының шумақтарынан тәрбиелік мәнді байқауға болады. «Баланы бесіктен түзе» деп бекер айтпаған болар атам қазақ. Ананың ақ сүтіне тойып, күмбірлеп бесік жырын айтқанда нәрестенің сүйсініп ұйықтап қалғанын көргенде, шынымен Ана ақылын тыңдап жатқандай күйге ендіреді. Қазақ халқында жаңа туған баланы бесікке салу – ізгі дәстүр болып саналады. Дәстүр тойға ұласып, ақ дастархан жайылады. Жасы егде тартқан кісіге баланың бесігін адыраспан шөбімен аластатып алады:

- Алас, алас, баладан алас,

 Иесі келді, пәлесі көш!

 Алас, алас, пәледен қалас.

 Көзі жаманның көзінен алас,

 Тілі жаманның тілінен алас!

 Отыз омыртқасынан алас!

 Қырық қабырғасынан алас!

 

Мұндай дәстүрді баланың тыныш, шошымай ұйықтауына көмегін береді деген ырымға баулиды.

 

Бесік әбзелдерін орын-орынға қою да үлкен, беделді әйелге жүктеледі. Нәрестені бесікке бөлеген соң, ырым бойынша үстіне жеті түрлі зат жайылады. Бұл ырым «тыштыма» деп аталады. Жеті нәрсенің ішіне кіретін шапанды бесікке жабудың себебі халықшыл болсын дегенді білдірсе, жүген жабу – тез өсіп, ат үстінде ойнақ салсын дегенді, кебенек пен қамшы жабу – ел қорғайтын ер болсын деген тілекті білдіреді. Баланы бесікке бөлеген әйелге сақина, жүзік, білезік, сырға, мата тәрізді қымбат бұйымдарды сыйға тартады. Бесік жыры айтылып, дастарханнан дәм татып, би билеп, той тойға ұласады.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» делінген. Мәдениетімізді дамытып, дәстүрімізді жаңғырту әрбір қазақтың міндеті болу керек. Қазағымыздың әрбір үйінде баланың даусы естіліп, қуанышқа жиыла берсін деп тілеймін. Ата-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды берік сақтайық, ағайын!

Мурагер Нурланбеков

Бөлісу: