2 Наурыз 2014, 20:04
«Ұлттық патриотизмсіз ұлтты сақтап қалу мүмкін емес, ал ұлт болмаған жерде мемлекеттік ұғым жойылады. Біз қазақ ұлтын сақтап қалғымыз келсе, ұлттық патриотизмді мықтап дамытуымыз керек» деген болатын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Расымен де, еліміздің өзіне тән болмысын, салт-дәстүрін, елдігін сақтау жолында ұлттық патриотизмнің алар орны ерекше деп айтуға болады.
Туған өлке, туған жерді сүю – жүректің ісі. Біздің сонау ғасырлардан бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Осынау алып қазақ сахарасын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр қазақтың міндеті. Өйткені, Қазақстанның басқа Отаны жоқ.
Егер осы төрт әріптен құралған сөздің түпкі мағынасына үңілер болсақ, оның қаншалықты қастерлі ұғым екеніне көз жеткіземіз. Себебі, Отан деген тек туып өскен жерің ғана емес, ол күнделікті – отбасы, ошақ қасың, ауасын жұтып, суын ішіп, байлығын игілігіңе жаратып отырған кең-байтақ жерің, қазыналы қариясы мен ақ жаулықты анасы бар алтын бесігің, тай-құлындай бірге өскен құрбы-құрдастан құралған ыстық ауылың, қадірлі ата-ана, сүйікті жар, сүйкімді балаң жүрген туған елің. Қойнауы қазынаға, өрісі малға толы ырысты атамекен, «атамыз күйеу, анамыз келін болған жер».
Отанды қорғау – отбасынан басталады. Мұның өзі патриотизмнің қайнар көзі болмақ. Патриотизм – ерлік пен жүректіліктің, адалдық пен ақтықтың, қайрат пен жігерліліктің, елі мен жеріне деген сүйіспеншіліктің жиынтығынан тұрса керек. Олай дейтінім, осы қасиеттер адам бойынан табыла білсе, патриотизмнің ұшқыны бар деп айтуға әбден болады. Ол үшін әрбір қазақ азаматы ана сүтінен нәр алып, санасы мен бойындағы асыл қасиеттерін барынша жұмсай білуі тиіс. Тіпті, керек болса, елі, Отаны, туған елі үшін жанын қиюға әр уақытта дайын болуы қажет.
Отбасынан қатаң тәрбие алған, өз ойын толық жеткізе алатын, сана сезімі қалыптасқан жағдайда жетілген баланы әрі қарай дамыту, тәрбиелеу өте оңай іске айналары сөзсіз. Балаға патриоттық тәрбие беру ата-анамен қатар, мектептегі ұстаздар қауымының еншісіне тиесілі.
Отансүйгіштік рух – қазақ елінің әлемдік өркениетті елдер қатарына қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуға мүмкіндік беретін бірден-бір күш.
Көшпелі қазақ өркениетінде Отаншылдықты қасиетті міндеттердің бірі санады. Ежелгі түрік қағанаты кезінде тасқа жазылған Күлтегін ескерткіштерінде ел билеушілерінің отаншылдық үлгісі көрініс тапты. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Ақтамберді, Бұқар жыраулар және ХХ ғасырдың басындағы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев сияқты ұлт зиялылары мен қайраткерлері отаншылдықты сөзбен ғана емес іспен де өнеге етті. Әйтеке би «Өмірім халқымдыкі, өлімім ғана өзімдікі» жеп халыққа қызмет етудің, патриоттылықтың айнасы бола білді. Тәуке хан заманынан қазақ қоғамында отаншылдық байлықтан да жоғары бағаланды.
Қазақстандық патриотизм – ел азаматтарының респубиканы4 бүгінгі тұрақты өмірі мен жарқын келешегі жолындағы еңбегі мен күрескерлігі іспетті.
Қазақстандық патриотизмнің негізі – ұлттық салт дәстүр, ертегі, аңыздар мен батырлар жыры, сондай-ақ, қып-қызыл қан майданда қарсыласына төтеп берген батырлардың ерлік істері.
Өр Алтайдан Атырауға дейін тыныштық орнатқан қазақ елінің талай күрделі тарихи кезеңдерді басынан кешкені баршамызға белгілі. Темірдей төзімді, рухы биік халық жоңғарлардың қалың қолының шабуылына төтеп бергені баршаға мәлім. Қалың елмен бірігіп, бір жеңнен қол шығара білген қазақ батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбайлар азулы жауды Аңырақайда аңыратып жеңсе, Райымбек сияқты киелі батырлар кейін шапқан кесапат жауды қасиетті қазақ жерінен біржола қуып тастаған. Қазақ жерін отарлап, бірте-бірте өз мақсатын орындап келе жатқан орыс отаршылығы мен қарны жуан билерге қарсы шыға білген нағыз ерлік көрсеткен «Тебінгіні теріс тағынып, темір қазық жастанған» да өр рухты, қайратты қазақ батырлары.
Адамзат тарихында болмаған сұм соғыста бірлік, достық жолында жан қиып ерекше көзге түсе білген де қазақтар. Фашизммен бүкіл адамзаттық азаттықты қорғап, рейхстагқа ту тіккен қазақ ұлы Рақымжан Қошқарбаев. Күркіреген соғыстың зұлмат күндерінде етегімен су кешкен хас батырлардың Отан үшін кеудесін оққа тосып, жан қиғаны бүгін бізге үлгі. Кеңес одағының екі мәрте батыры атанған Талғат Бигелдинов пен Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, шығыстың қос шынары Әлия Молдағұлов мен Мәншүк Мәметова сынды аға-апаларымыздың есімдері көңілге мақтаныш ұялатып, бойымыздағы ұлттық рухты оятады. Батырлардың батыры, ерліктің символы – Бауыржан Момышұлының ерен ерлігі мен соғыстан кейінгі жылдардағы жазған шығармалары мен нақыл сөздері келешек ұрпақ үшін өлмес мұра. Батыр бабамыз: «Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік. Жеке адамның аман-саулығын, қоғамдық, мемлекеттік тәуелді екеніңді сезіну, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау; қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды оны жеке адамның барлық жағынан өткені мен бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын біріктіреді», – деп отаншылдықтың өзі Отанға деген сезімнен шығатынын, ал сол отанды нығайту еліміздегі әр адамға жеке тұлға деп қарап, оның ерік көзқарасын қалыптастыратынын, мемлекетке деген ұғымын ұлғайтатынын айтады. Ал, осының барлығы мемлекеттік қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін шет қалдырмай отыр. Дана халқымыз қашан да ұлағатты ойды бойына сіңіріп, сөз құдіретін түсіне білген.
Біз кеше қандай ел едік? Тілі мен діні жоғалуға шақ қалған ел емес пе едік. Қазақ деген атымызды жоғалтуға аз-ақ қалғанымыз жоқ па? Ал, бүгін қандай елміз? Бүгінде біз жолбарыстай айбатты, қырандай ұшқыр, тәуелсіздігімізбен бірге өсіп келе жатқан бақытты елміз. Бақыттың кіндігі – Отан. «Отан» деп лүпіл қаққан жүрек болса, «Отан» деп ағындаған тілек болса, «Отан» деп сыбанбаған білек болса, «Отан» деп ел үшін егілген, халық үшін қайысқан лек болса, көк байрағымыз көгімізде мәңгілік желбірей береді деп ойлаймын.
Елім, жерім деп еміренген өршіл ақын Мағжан Жұмабаев:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!,– деп болашақ жастарға, яғни бізге үлкен сенім артпап па еді?! Ендеше, сол еркін елдің жас қырандары ХХ ғасырдың басында зиялыларымыздың таңдаған білім мен білік жолын басшылыққа алып, талай тепірішке тозбаған ұлтымыздың асыл мұрасын, салт-дәстүрін, биік рухын қадірлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге парыздармыз.
P.S. Бүгінде Қазақстан әскері еліміздің байлығын, дәстүрін, халқымыздың бейбіт тұрмысын, республикамызда өмір сүріп жатқан 132-ден астам ұлттар мен ұлыстардан өзара ынтымаққа толы тату-тәтті өмірін сақтап қорғауда.
Республика халықтары арасында бір-бірімен араздықты болдырмау, лаңкестік пен терроризмнен сақтану үшін елін, Отанын жанындай сүйген жүрегі жалындаған, батыл ұрпақ қажет. Бәсекеге қабілетті, жан-жақты да патриот ұл мен қыз тәрбиелеу мемлекет басшылар мен ұлт қайраткерлерінің, халық зиялыларының, ел тұлғаларының азаматтық парызы болмақ. Осы ретте, туған өлкеміздің шекарасын берік қорғап, мемлекетіміздің шаңырағын шайқалтпау осында тұрып, өмір сүріп отырған әрбіріміздің борышымыз болуға тиіс.
Біз, Қазақстан жастары, дамыған елу мемлекеттің қатарына енуге барлық білім парасатымыз бен дарынымызды бағыттап, аямай тер төгуіміз керек. Себебі, еліміздің болашағы – жастардың қолында. Сондықтан, еліміз үшін аянбай еңбек етіп, егеменді еліміздің патриоты бола білейік, жастар!
Назира Бурханова