Патриоттық тәрбиенің спортпен ұштасуы

2 Наурыз 2014, 19:54

Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға Алаш деген атты аламын. Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын?

Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға Алаш деген атты аламын.

Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?

 

–  демекші, туған жердің домалаған тасын, қиыршықталған құмын, арығы мен көлін, ұшқан құсын, өскен шөбін, жемісін, жеңісін, қоғамын... бір сөзбен айтқанда Отанын сүйетін жан ғана патриот бола алады. Кең байтақ Қазақстанымызды талай жаугершілік соғыстар мен атыс-шабыстан аман алып қалған бабаларымызды нағыз патриот деуімізге болады. Сол ерлікті істі қазіргі күнде де қайталап, елі үшін, жері үшін жанын құрбан етіп жүрген патриот азаматтарымыз бар.

 

Патриоттық сезімді балабақша, мектеп, университет қабырғасында жүріп шыңдағанымызбен, ол сезім кішкентай бала кезден басталады. Өйткені Отан отбасынан басталатыны бәрімізге мәлім. Отанды сүюге, құрметтеуге деген ыстық ықыласты балаға біріншіден үйрету ата-ананың парызы.

Отан, туған жер, тіл тақырыбына арналған тақпақ, әңгімелерден басталған патриоттық тәрбие мектеп барысында түрлі ашық сабақ, қоғамдық шаралар және ардагерлермен кездесу түрінде өтеді. ­­Мұндай іс–шаралардың арқасында баланың санасында Отанға деген ерекше сезім қалыптасып, өсе келе ол сезім де баламен бірге ұлғайып елінің нағыз патриоты болып шығуына септігін тигізеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында  патриотизм тақырыбына аса мән беріліп, жолдаудың бір тармағы «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деп аталды. Жолдау барысында президентіміздің «Патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқықта Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігінің арқасында қаланады» деген оңтайлы да әсерлі сөзі бар. Өкінішке орай қазіргі таңда «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалды теріске шығарып, шекара асып, жақсы, жарқын өмірдің артынан кетіп жатқан азаматтарымыз қаншама?!! Дәл солар сияқты бақыт іздеп біздің елде жүрген өзге ұлт өкілдері де баршылық. Егер мемлекет тарапынан әрбір Қазақстан азаматының өмір қауіпсіздігіне, сапасына, тең құқықтығына, жарқын болашағына дәлелді кепілдік болса, елін, жерін сүйіп, өзге елге кету ойы да болмас еді. Нұрсұлтан Әбішұлы 2050 жылға қарай Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құратынымызды атап айтып, балаларымыз бен немерелеріміз  сырт елден гөрі өз Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өз жерінде  өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс деген болатын. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуі керек деген астарлы ой айтқан.

Олимпиадалық ойындардың қасиеті - әрбір азаматтың патриоттық сезімін оята алуында болып табылады.  Өз елімізде болсын, өзге елде болсын олимпиада ойындарындағы әрбір сәтті жеңіс салтанаты халқымыздың бірлігін арттырып, патриотизмнің ұлы күшін танытты, бәсекелес бола алатын батыр халық екенімізді барша әлемге паш етті. Елбасы талай тасты басқан озық тәжірибені есепке ала отырып, бұқаралық және өзге де спорт  түрлерін жетістікке жеткізетін бағдарлама құру керектігін үкімет алдына алға тартты.

Өзге ұлттың өкілі болса да, туған топырағының намысын қорғап, дүниежүзіне «Қазақстан» атты тәуелсіз, төрт құбыласы тең мемлекеттің бар екенін паш еткен ұлы олимпиада жеңімпаздары, яғни нағыз патриоттары бар. Солардың бірі Қызылорда өңірінің тумасы Илья Александрович Ильин. Ол Қазақстандық ауыр атлетика саласының зілтеміршісі. Олимпиадада өнер көрсетіп жатқан Ильямызбен бірге тақымымызды қысып, Алладан Отандасымыздың жеңіске жетуін тілегеніміз бар. Сол ниетіміз бен тілегіміз қабыл алынып, ел қоржынына Илья бауырымыз бірнеше алтын медальді салып берді. Ол  Қазақстандық тұңғыш олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, әлемнің үш дүркін чемпионы және Қазақстан чемпионы атағына ие болды. Еліміздің спорт саласына сіңірген аса елеулі еңбегі үшін, жасы жиырма беске енді ғана жақындаған жас спортшымызға Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағы да берілген. "Динамо" атты спорт клубының құрамында өнер көрсететін Илья Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің аға лейтенанты қызметін де атқарады.

Балдәурен балалық шағынан спортқа әуес болып, тоғыз жасында Қазақстан чемпионы атанған Ильин осы уақытқа дейiн тоғыз мәрте өзге елдің спортсмендерімен сайысқа түсіп, бірде-бір рет жеңіліп көрмеген екен. Әлем бойынша жастар мен ересектер арасында екі рет әлем чемпионы атанған азамат біздің Қазақстанда дүниеге келген. Әрине, ол да теңдессіз Илья Ильин. Жеңіске деген құштарлық сезімі, ауыр зілді көтергенде қиналғанын көрсетпеуі, мінсіз техникасы нағыз патриоттың, нағыз азаматтың ісі. Ауыр атлетика саласындағы ең жас әлем чемпионы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Илья әлем рекордын екінші рет жаңартып,  қазақ елінің ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтанышына айналды. 

Спорт саласындағы жетістіктері үшін Қызылорда облысының әкімі Илья Ильин мен оның бапкерлеріне 75 млн теңгеге арналған сертификат тапсырса, 17 тамыз күні Қазақстан Республикасының Президенті Олимпиада жеңімпаздарымен кездесу кезінде Илья Ильинге "Отан" орденін табыстаған. Бұл сый сияпаттардың берілуі елімізде спорт саласына аса мән берілетініне дәлел бола алады.

Міне, осындай асыл азаматтардың өмір жолын көріп өскен, соған еліктеген, жолын қуған балалар денсаулықтарын жақсартып қана қоймай, патриоттық сезімге бөленіп өседі. Алтын күні мен қыраны қалықтаған аспан түстес туымызды барша әлемге мақтана көтеріп, «елім, жерім, қазағым» дейтін біртуар тұлғаларымыз көбейе берсін!!!

 

 

 

 

Бөлісу: