Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жыл соңында жария еткен кезекті Жолдауында ел жастарының санасында патриоттық сезімнің мықтап бекуіне аса мән берген еді, естеріңізде болса.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жыл соңында жария еткен кезекті Жолдауында ел жастарының санасында патриоттық сезімнің мықтап бекуіне аса мән берген еді, естеріңізде болса. Жолдауда аты аталған жаңа ұғым – «жаңа қазақстандық патриотизм» деп аталатыны да ел үшін маңызы зор құжатты тыңғылықты оқығандар үшін белгісіз емес. Бұл мәселе жыл басынан бері баспасөз беттерінде де, теледидардан да айтылып жүр. Дегенмен, өз ішіне сан түрлі мәндер жиынтығын қамтитын «патриоттыққа» Елбасы неліктен ерекше тоқталды деген мәселеге келер болсақ, біздің қоғамда ойланып-толғанатын нәрсе көп екендігіне көзіңіз жетер еді. Себебі, шын мәніндегі патриоттыққа жетудің негізгі жолы осы сөзді жастар ортасына әбден сіңіруде екендігі Елбасымыздың қырағы назарынан тыс қалмады.
Сонымен, Жолдауда дәл осы «жаңа қазақстандық патриотизм» туралы былай делінген: «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ – БІЗДІҢ КӨПҰЛТТЫ ЖӘНЕ КӨПКОНФЕССИЯЛЫ ҚОҒАМЫМЫЗ ТАБЫСЫНЫҢ НЕГІЗІ». Яғни, біздің барлық жетістіктеріміз, барлық табыстарымыз халқымыздың өз Отаны мен туған жерінің пайдасына қызмет етіп, қазақ елінің дами түсуіне өзіндік, бидай дәніндей ғана үлесін қосуының арқасында ғана мүмкін болады.
«Жаңа қазақстандық патриотизмді» қалыптастырудың негіздері Жолдауда жеке-жеке көрсетілген. Егер бұл бөлімдерге көз жүгірсек, онда Елбасының қазақ еліне деген жіті назарын әрі жанын беріп, әр іске аса зор жауапкершілікпен қарайтынын байқар едік.
Біріншіден, жалпы, жаңа патриоттық дегеніміз не? Және жай патриоттықтан қазақстандық патриотизмнің айырмашылығы неде деп ойлар едіңіз? Ал меніңше, «Жаңа қазақстандық патриотизм» деген ұғымның астарында үлкен ой жатыр. Біріншіден, елде өсіп-өніп келе жатқан жаңа жас буынға қалыптасып, аяғынан тік тұру үстіндегі жаңа мемлекеттің жаңа патриоттар буынын қалыптастыру. Себебі, тәуелсіздіктің құрдастары, одан бұрынғы заманды көрмеген, тек қана елдің тәуелсіз болмысынан сусындап өскен, жаңа ұрпақ өкілдері. Олар Кеңес заманының куәсі болған жоқ, азат оймен, азат санамен болашаққа аяқ басты. Көз алдыларында Қазақстан дейтін Отаны өсті, өнді, дамыды, жаңа белестерден көрінді. Міне, осының барлығы қазақстандықтардың жаңа буыны арасында патриоттық сезімді, елі мен жеріне, Отанының жаңа жетістіктеріне деген мақтаныш сезімін тудырды.
Екіншіден, елдегі әрбір азаматтың, әрбір өзге этнос өкілінің қазақ елін Отаны ретінде қабылдауына барлық шарттарды жасауымыз қажет. Ол алдымен, әрине ұлтына, дініне, тіліне қарамастан әрбір қазақстандық азаматтың құқығын сақтау. «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз» деген Елбасы, өз еліміздің тыныштығын сақтап, ел берекесінің өз орнында болуы үшін өзіміз көш тізгінін алуымыздың аса қажеттілігін айтып, жер иесі қазақ ұлтының өз жерінде өзге ұлттардың берекесі қашпай, қазақ елі үшін қызмет ету үшін бар күшін салу керек екендігін еске салды. Бұл да жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі түпқазығы.
Үшіншіден, қазақ тілі мен тілдердің үштұғырлылығы саясатының өз жалғасын табатыны жөнінде айтылып өтті Жолдауда. «Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер.
... Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.
Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады». Елбасының бұл сөздері, 70 жыл бойы езгіде болған қазақ тілі, қазақтардың – төл, ана тілінің тағдырына аса үлкен қауіп білдірген қауымды бір серпілті тастады. «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді.
Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.
Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс». Елбасының бұл пікіріне көгілдір экранның бергі жағында отырған барша қазақ халқы үлкен сенімін білдіріп, қуанышын жасырмады. Қазақ тілінің көсегесі көгере түсіп,мемлекеттік дәрежедегі өз тұғырына жайғасуы үшін, бұған дейін көп еңбек қажет еді. Және қазақ тілінің жаңа белеске шығуы, қазақ тілін білмейтін өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне мол ынталандыру болғандай. Міне, қазақ тілінің тиісінше бағалануы да, Елбасының пікірінше «жаңа қазақстандық патриотизмді» қалыптастыруға септігін тигізер ірі себепші факторлар болмақ.
Төртіншіден, дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды болғандықтан, елімізде тұратын жүзден астам өзге ұлттардың өз мәдениетін, дәстүрін, салтын мүмкіндігінше толыққанды сақтап қалулары тиіс. Себебі, ұлтын, мәдениетін сүйген бала ер жеткенде өз бойынан сол мәдени артықшылықтарын көре алады. Сондықтан, «Мәдениет, дәстүр және даралық» аталатын бұл тармаққа Елбасы ерекше назар аударып, дәл осы құндылықтардың ұлт жеткіншектерін тәрбилеуде қаншалықты маңызды екеніне мән берген.
Бесіншіден, атам замандардан бері белгілі болған ұлт зиялыларының рөлі де Жолдауда Жаңа қазақстандық патриотизмге баулудың тағы бір тәсілі ретінде сипатталады. «Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек» – деген Елбасы ұлттық интеллигенцияның жаңа толқынын тудыру міндетін жастардың алдына қойып берді. Осы орайда ол: «Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс» – деді.
Міне, осылайша, Сіз бен біз «Жаңа қазақстандық патриотизмнің» негізгі түпқазығын анықтауға тырыстық. Отансүйгіштік негізі шынымен бірлікте, елі мен жерін сүю, мәдениеті мен дәстүрін құрметтеу, өз Отанына бір шымшым пайдасын тигізу мақсатын көздеу, қазақ тілін дамыту, ана тілін құрметтеу, және «өзге тілдің бәрін білуде», яғни зор білімде жатқанын бізден мың ғасыр бұрын көреген қолбасшылар мен ел басқарушылары айтып кеткен жоқ па? Яғни, біз келешек ұрпаққа өз мәдениетіміз бен тіліміздің құнарын жеткізіп, олардың тек ұлттық құндылықтар құдығынан суарғанда ғана сапалы ел іргесіндегі ұрпақтар сабақтастығын жасақтай алатынымыз рас.