Тіл – халықтың айнасы

2 Наурыз 2014, 19:33

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында түрлі маңызды мәселелер қозғалып, болашаққа арналған міндеттер мен мақсаттар алға қойылды.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында түрлі маңызды мәселелер қозғалып, болашаққа арналған міндеттер мен мақсаттар алға қойылды. Міндеттердің орындалуы мақсаттың жетуіне әкеліп, экономикалық, әлеуметтік шаралар алға бір саты болса да дамып жатыр.

«Тіл – халықтың айнасы» демекші, елбасы жолдау барысында тіл мәселесіне де тоқталып өтті. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады. Ана тілімізді медицина, техника, спорт, білім, ғылым салаларында белсенді пайдалана отырып, дәрежесін көтеру, оны жан–жақты дамыту  барша қазақтың міндеті.

Сонау заманның парақтарын ашып қарасақ, ата-бабаларымыз келер ұрпақтың қамы деп қасық қандары қалғанша соғысып, көтеріліске шығып, жерімізді, дінімізді, тілімізді қорғап қалды. Алайда Кеңестер Одағы кезінде тіліміздің еріксіз шұбарланғаны өкінішті–ақ, дегенмен қол қусырып отырмай, ана сүтімен дарыған қасиетті қазақ тілімізді қазіргі таңда үйлесімді үлесімізбен толықтырып, келер ұрпаққа мұра ретінде қалдыруға тиіспіз.  Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет.

Латын әліпбиіне көшу туралы жобаны біреулер қол соға қуанышпен қарсы алса, біреулер түбегейлі қарсы болды. Алайда қазіргі қазақ тілі қандай таңбамен белгіленетіні емес, оның қолданыста болуы маңызды емес пе?! Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру үшін елеулі еңбектің керек болатыны сөзсіз.

Өзге тілдерден мақалаларды аудару барысында терминдерді қазақшалау қиынға соғатыны ешкімге құпия емес. сондықтан терминология мәселесіне де көп көңіл бөлгеніміз абзал. Халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін де біржола шешу қажет. Бұны қазақ тілінің қамын жеушілердің ортасында шешіп қана қоймай, үкімет болып реттеген жөн. Дүниежүзі бойынша бірдей аталатын терминдер бар, осы терминдер арқылы да тілдің дәрежесін біршама көтеруге болады.  

Қазақстандықтардың бәсекелестік басымдығы ретінде орыс тілін меңгеру деңгейін сақтауға, Қазақстан мәдениетінің тілдік әралуандығын қалыптастыратын этностардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасауға және халықаралық іскерлік қарым-қатынас құралы ретінде ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйренуге байланысты мәселелер бар.
Осы проблемаларды шешу үшін де алға мақсат қойылып, міндеттер көзделді. Қазақтың қара топырағында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан барлық ұлттардың тілдерін сары майдай сақтай отырып, мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын қалыптастыру бағдарламаның басты мақсаты болып табылады.  Тіл  саясатын сауатты және дәйекті, дұрыс жүргізу өте маңызды. Саясат бойынша қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасалмай жүргізілуі тиіс.

Президенттің жолдауы бойынша тіл саясаты барысында 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс. Бұл саясат бірден іске аспаса да, ақырындап алға жылжып жатыр. 60 пайыздан астам оқушылардың қазақ тілінде білім алуы оның бірден-бір айғағы болып табылады. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады, яғни бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз.

Осыған тағы бір дәлел 2012 жылы Астана қаласы сотының  төрағасы Сәкен Абдуллаевтың мәлімдемесі бойынша Астана қалалық сотының құжат айналымына  35 623 құжат келіп түссе, оның  22 537-сі, яғни 63,3 пайызы  мемлекеттік тілде болған. Оның айтуынша «Сот басқа да құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелер сияқты жеке және заңды тұлғалар  талап-арызды  қай тілде берсе, сот  істерін  де  сол тілде қарауға толық мүмкіндік бар. Сот қызметкерлерінің жартысынан астамы, яғни алпысқа жуық пайызы қазақ және орыс тілдерінде жетік сөйлеуге қабілетті. Сондықтан келіп түскен құжаттарды қос тілде рәсімдеуге мүмкіндіктің шексіз болғандығы қуантарлық жаңалық.

 

2025 жылға дейін қазақ тілі өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналатынына сеніміміз мол. Тәуелсіздігіміздің туы көкке көтерілген тұста еліміздегі қазақтың саны 6,8 миллион немесе 41% болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65 %-дан асты. Қазіргі таңда қазақтардың саны төрт миллионға артты. Алайда олардың көбісі ұлтым қазақ дегенмен, ана тілінде сөйлей алмайтыны қынжылтады. Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді ғой. Тіпті кейбір қазақтардың өз тілін біле тұра орысша «бұралаңдап» сөйлейтіндері де бар, оларға қарап қазақ тілінің мәртебесі тым төмен бе, әлде азаматтарымыздың өз ұлтына деген мейірімі аз ба деп те ойлап, мұңаясың. Осы кезде Бекболат Тілеухановтың «Елдің қамын жемеген, нанын да жемесін» деген сөзі еріксіз еске түседі. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден, яғни қазақтардан бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөз бекер айтылмаған болар, шет тілін білу өмірді жаңа қырынан тану, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу болып табылады емес пе?!

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі” деген болатын.  Еліміз үшін үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. Президенттің жолдауының нәтижесінде қалыптасқан бұл бағдарламаны балаларға мектеп кезінен, тіпті балабақша табалдырығынан бастап жүзеге асырсақ жоба қорытындысы жемісті болар еді. Сол балаларға білім беріп, тәрбиелеу үрдісі көбіне мұғалімдермен тығыз байланысты екені даусыз. Сол себепті де елімізде педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселесі бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отыр. Бұл бағдарлама бойынша мемлекеттік деңгейде жоғары дәрежеде ынталандырылып, түрлі шаралар ұйымдастырылып, қосымша оқу курстары да ашылып жатыр.

 

 Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға мәлім. Орыс тілі қазақ тілінің шұбарлануына әкеліп соқтырған факторлардың бірі екенін білсек те, дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын да жоққа шығармауға тиіспіз. Заманның ағымы ағылшын тілін білуімізді талап етуде. Бүкіл дүниежүзі халқы сөйлейтін ағылшын тілін игеруде біз қазақтар да жоғары серпіліс жасауымыз керек. Ағылшын тілі  – біздің заман ағымына ілесіп, ақпарат кеңістігіндегі өз беделімізді нығайтуымызға септігін тигізеді.

 

Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасының 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы «Қазақстан – 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауына қолдау көрсетейік ағайын!

Бөлісу: