Жаңа әдістер қолдануымыз қажет

2 Наурыз 2014, 19:33

Елбасымыз өзінің дәстүрлі Жолдауында үш тұғырлы тіл туралы айтқан болатын. Президентіміз осы арқылы халықтың келешегін ойлағаны белгілі.

Елбасымыз өзінің дәстүрлі Жолдауында үш тұғырлы тіл туралы айтқан болатын. Президентіміз осы арқылы халықтың келешегін ойлағаны белгілі. Себебі, бүгінде ағылшын тілі халықаралық тіл болса, орыс тілінде әлемде шамамен 250 миллиондай адам сөйлейді. Ал, елімізде өмір сүретін өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйрене отырып, ұлтымыздың құндылықтарымен және ақын-жазушыларымыздың қайталанбас туындыларымен жете таныса алатыны сөзсіз. Осыны тезірек жүзеге асыру мақсатында балабақшалардан бастап, үш тұғырлы тілді меңгерту жақсылап қолға алынды. Сол бағдарлама аясында өзге ұлттың өкілдеріне ана тілімізді терең үйретуіміз қажет.

Қазіргі таңда әлемдегі беделді тілдердің арасында ана тіліміздің де өзіндік орны бар. Сондықтан ол бүгінде кейбір мемлекеттердің университеттерінде арнайы пән ретінде оқытылуда. Керек десеңіз, біздің елімізге құрмет белгісі ретінде өз заманында Ресейдің президенті болған Дмитрий Медведев Елбасымыздың алдында ана тілімізде сөйлегенін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ.

Көрші елдің басшысының өзі біздің тілде сөйлеп тұрғанда, отандастарымыздың оны еш кедергісіз меңгерері анық. Ол үшін заман талабына сай келетін тәсілдерді кеңінен қолдануымыз қажет. Солардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынбақпын.

Бірінші кезекте, «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей өзге елдердің озық тәжірибелерін пайдалануға тиіспіз. Мысалға бұл жағынан мол тәжірибеге ие американдықтардың ағылшын тілін эмигранттар мен өз азаматтарына терең үйрету үшін қолданатын тәсілдерінің бізге пайдалы тұстарын қолданумыз керек. Сол елде болған саяхатшылар, олардың ағылшын тілін меңгергісі келетін шет ел азаматтары мен оқушыларға негізінен оның грамматикасынан гөрі, аудармалармен жұмыс істеуге үйрететінін көрген. Сонымен қатар олар үйренушілерді жазулардан гөрі суреттер мен көріністермен жұмыс істеуге баулиды екен. Мысалға, күнделікті тұтынатын қажетті өнімдердің көріністерін ағылшын тіліндегі атауын айтуға баулайды. Содан соң, үйренушінің айналасына жасанды орта қалыптастыруға тырысады. Қасына ағылшын тілін жетік білетін өзі секілді үйренушіні немесе білікті оқытушыны қосып қояды. Осыдан соң, теледидар мен радиодан берілетін түрлі хабарларды тыңдатып, пікірін сұрайды. Бұл тәсіл көп уақыт өтпей-ақ, өз нәтижесін береді.

Бір қызығы бұл амалды кезінде атақты КСРО-ның Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті де қолданған екен. Шет елге тапсырмаларға жіберілетін агент, біршама уақытқа жасанды ортаға немесе қоныстарға орналастырылған. Бұл жерде өзі баратын елдегі жағдай жасалынған. «Көршілері» сол елдің тілінде сөйлесе, ал газет-журналдардан «жергілікті тұрғын» «өз мемлекетінде» болып жатқан күнделікті жаңалықтан хабардар болып жатқан. Осындай қоныстан шыққан адам, барған жерінде өзін туған елінде жүргендей еркін сезінетін болған және сол елдің тілінде еш мүдіріссіз таза сөйлеген. Сол тиімді тәсілді бізге де пайдалану керек деп есептеймін. Әрине оның жеке немесе шағын топтағыларға тиімді әсері болғанмен мұны ауқымды аудиторияға қолдана алмаймыз.

Кейбіреулер жеке адам мен шағын топтарға «25 кадр» тәсілін қолдану керек деп есептейді. Алайда, ол пайдалы көрінгенмен, адам психикасына зиянды әсері болуы мүмкіндігінен уақыт өте келе оны пайдаланушы адамның психологиялық ауруға ұшырау қаупі барын ұмытпауымыз керек.

Адамдардың ауқымды аудиториясына, бірінші кезекте мемлекеттік тілдегі музыка, көркем фильмдер, балалар үшін мультфильмдер, ал баспасөзімізде өзге ұлт өкілдерін қызықтыратын бағдарламалардың санын көбейтуге тиіспіз. Енді осы айтылған жайларға кеңінен тоқталсақ. Мысалы, әлем халықтарына ортақ нәрселердің бірі – музыка. Сол себепті адамдар өзге ұлттың тілін түсінбесе де, өзін қызықтырған әуенін тыңдағысы келіп тұрады. Дәл сондай әсері бар, көркем фильмдер мен сериалдар қызықты етіп шығарылса, көрермен оның кейіпкерлеріне еліктейтіні сөзсіз. Солардың іс-әрекеттерін, сөйлеген сөздерін қайталауға тырысады. Оған бүгінде теледидардан беріліп жатқан түрік пен кәріс сериалдары нақты мысал бола алады. Сол сериалдардың арқасында көрермендер тарапынан сол елдің мәдениетіне, сонымен бірге тіліне де қызығушылықтары артып отырғаны жүргізілген сауалнамалар арқылы анықталып отыр. Сол сериалдарға лайықты болар туындылар шығаруымыз қажет.

Кішкентай көрермендер үшін, әрине, мультфильмнің алар орны ерекше. Олар тез жаттап алу қабілетіне ие болғандықтан, бұл топтағы өзге ұлттың балаларына ана тілімізді үйрету жеңіл болады. Бұған қазірде телеарнада көрсетіліп жатқан, ағылшын мен қытай тілдерін үйретуге арналған «Дара» мен «Кайлан» мульттоптамалары мысал бола алады. Сондай танымдық анимациялық фильмдердің санын көбейтіп, өзге ұлт өкілдеріне орыс тілінде көрсетуіміз керек. Сонда біздің тілімізді өзге ұлттың балаларына үйретіп ғана қоймай, олардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттырамыз.

Насихаттық мақсатта, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері (мысалы, Мая Веронская мен басқалар) жайлы материалдарды БАҚ-та солардың ана тілінде не болмаса, ТМД кеңістігінде кең түрде қолданатын жоғарыда айтылған орыс тілінде жиі беріп, оларды көпшілікке үлгі етіп көрсетуіміз керек. Сонда өзге ұлт өкілдері қызығады, Ал, егер адамда қызығушылық пайда болса, онда ол, соны жүзеге асыру үшін қолынан келгеннің барлығын жасайтыны анық. Сонымен қатар, оларды қазіргіден де артық ынталандырып отырсақ, мысалға басқалардан жоғарылау ақы төлеу немесе қызметтік сатыда өсуіне сеп болу және т.б. Осындай жеңілдіктерді пайдаланғысы келген азаматтар мемлекеттік тілді барынша еркін меңгеруге тырысатыны белгілі емес пе?

Әдебиетте, «Шекспирдің тілі» немесе «Пушкиннің тілі» секілді ресми емес терминдер бар. Яғни, кейбір зиялылар атақты ақын-жазушылардың еңбектерін солардың ана тілінде оқығысы келеді. Себебі, көп жағдайда сапасыз жасалған аударманың кесірінен туындыда айтылуға тиіс құнды ойлар бұрмаланып, мағынасы тіптен өзгеріп жатады. Сондықтан, көптеген оқымыстылар өздері үйренгісі келген тілді барынша шебер меңгеруге тырысады. Халқымыздың Абай, Мұхтар, Жүсіпбек пен басқа да даңқты ақын-жазушыларының еңбектерінде, өзге ұлттың зиялы қауымы осылайша іздеп оқулары үшін, оларды еліміздегі өзге тілде хабар таратушы БАҚ құралдары мен шетелдің танымал Медиа агенттіктері арқылы жарнама жасауға тиіспіз. Әлемге танымал ақын-жазушыларымыздың еңбектерін өзге тілдерде мол тиражбен басып, басқа ұлттың балалары оқитын мектептерге тегін таратуымыз керек.

Тағы бір тәсіл ретінде, әрбір қазақстандықтың бойында Отанға деген мақтаныш сезімін оята алсақ, үлкен жеңіске жетеміз. Олар өздерін, жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын, территориясында Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы дерлік кездесетін, кейбір өнім түрлерін шетелге шығарудан дүниежүзінде алдыңғы орында тұрған, халқы бір отбасы мүшелеріндей, тату-тәтті өмір сүретін мемлекеттің азаматы екендіктерін сезінсе, ол міндетті түрде бірінші кезекте мемлекеттік тілді үйренері сөзсіз.

Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Бөлісу: