2 Наурыз 2014, 20:17
Елдің бетке ұстар, тірек болар, сенім артар, халықтың ауыр жүгін мойнына көтерер азаматтарын зиялы қауым, интеллигенция деп жатамыз. Яғни, қазақтың зиялы қауымы десек, есімізге бірден Әлихандар, Ахметтер, Міржақып пен Сұлтанмахмұттардың өжеттілігі, ұлтжандылығы түседі. Олардың ұлты үшін жанкештілігі мен күреске толы өмірлері орасан зор құрметті қажет етеді. Қажет етіп қана қоймай, еріксіз, өзінен-өзі халық мейіріміне бөленеді. Өз бақытын халқының бақытынан төмен қоятын мұндай азаматтар бүгінде бар ма, бар болса олар кімдер, елі үшін олар қандай тәуекелдерге барып отыр. Олардың біздің қоғамда рөлі қандай және маңызы қаншалықты? Халық кімдерді зиялы қауым ретінде көреді және кімдердің пікірі олар үшін алтыннан құнды? Осы тақырыпты кеңірек ашу үшін, ертеңгі күннің жалғасы, болашағы саналатын қарапайым қазақ жастары арасынан зиялы қауым туралы түсініктерін білсек дейміз.
Гүлмира Ерубаева, журналист:
«Зиялы қауым деп көбінесе ұлт үшін жанын беретін азаматтарды а йтамыз ғой. Ал бүгінге күнге келер болсақ, мен зиялы қауым деп ерекше атар тұлғалар әрине, қазақта да бар. Мәселен, мен зиялы, интеллигенция деп танитын қазақтың ұлдары ретінде халыққа еңбегі сіңген, білімі жан-жақты, кез келген ұлттық мәселеге өзіндік үнін қосып отыратын Бекболат Тілеуханды, қазақ математика ғылымын әлемдік аренаға шығарамын деп жанын салып жүрген Асқар Жұмаділдаевты айтар едім. Қазақтың Ата Заңын жасауға өзіндік үлесін қосып, сансыз мемлекеттік, ұлттық дәрежедегі мәселелерді, жалпы қазақтың мүддесін сонау Кеңес империясы кезінде қорғауға атсалысқан бірден-бір азамат Сұлтан Сартаевты атар едім. Сондай-ақ, хирургия саласында ерен еңбек етіп жүрген Камал Ормантаев».
Құралай Ауланбергенқызы, интернет-портал редакторы:
«Мен үшін зиялы қауым – алты алаш халқы құрмет тұтқан Дінмұхамед Қонаев. Зиялы қауым – кез келген қоғамға ауадай қажет, ұлтжанды, патриот, Отанын шексіз сүйетін азаматтар. Бүгінде қуанатыным, елімізде өз еліне деген құрметі айқын білініп тұратын, еліме қызмет ету үшін білім алғысы келетін жастардың саны күннен күнге көбейіп келеді. Жас ғалымдар, білімгерлер жаңа зиялы қауымды қалыптастыру үстінде деп ойлаймын. Сондықтан, Сұлтанмахмұттың сөзімен «Мен жастарға сенемін» дегім келеді».
Жалпы, зиялы қауымды қалыптастыру мәселесі жөнінде Ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы да айтқан болатын. Ол өзінің «Қазақстан – 2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында дәл осы ұлттық интеллигенцияның мемлекеттегі тұрақтылықты қалыптастырудағы рөлі мәселесіне тоқтала отырып, «Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз. Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие. 2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс. Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек» – деген пікір айтты. Жалпы, қай заманда болмасын ерекше білімімен, ерік-санасымен, ақылымен, даналығымен, тіпті сабырлылығымен, жаңалықтар мен өзгерістерге әрқашан өз пікірін ашық айтып жүрген, сондай-ақ халықтың жанынан шықпай, қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын бөлісіп жүрген тұлғалар халықтың сансыз ризашылығына бөленетін болған. Себебі, олардың рөлі аса жоғары бағаланған. Елбасының «қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек» деуі де сондықтан болса керек. Осылайша, Елбасы ұлттық инттеллигенцияның аса жоғары әрі маңызды рөлін тағы бір мәрте атап өтті.
Бүгінде, Қазақстан жастары шын мәнінде білімнің аса жоғары критерийлеріне жауап беруге ұмтылады. Тіл білуге, техникалық мамандықтарды игеруге, жаңа ақпараттық технологиялар саласын меңгеруге деген жас буынның қызығушылығы күн санап артпаса, кеміп жатқан жоқ. Жастар арасында әлемдік инновацияға қарай ұмтылу үдерісі байқалады. Ол үшін шетел студенттерімен білім, тәжірибе алмасып, тілін дамытып, білімін жетілдіріп жатқан жастар, алған білімдерін өз елінде, өз Отанында жаратқысы келетіні айқын.
Елбасы, мемлекеттің алдына қойған мақсаттар қатарына осы жаңа, заманға сай ұлттық зиялы қауымды қалыптастыру идеясын тегін айтып отырған жоқ. Ол «2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс» екендігін анық айтты. Ал, мұндай идеалдар қоғамын құруды біз бүгіннен, дәл осы сағаттан бастауымыз қажет. Саяси, экономикалық, құқықтық жағынан сауаты жоғары деңгейде, білім арнасы жан-жақты толыққан мамандар қалыптасқан жағдайда, біз өз егемендігімізді одан әрі нығайтуға, Елбасы айтқандай «Мәңгілік қазақ елін» құрып, өз мүддемізге сай жұмыс істеуге мүмкіндік аламыз. Бүгінде, жаңа буынды жаңа заманға сай біліммен қаруландыру мақсатында түрлі балабақшалар мен мектептер ашылып жатыр. Онда мемлекеттік тілмен қатар, біздің сауаттылығымызды арттырып, білім қорымызды молайтуға септігін тигізетін екі тіл: ресми және ағылшын тілдері қоса оқытылады. Ағылшын тілін ғылыми тұрғысында оқып, біліп, түсініп және сөйлей алатын азаматтар буынын қалыптастыруды осы күннен бастау әрқашан өзінің дұрыс мәніне ие болады. Себебі, бүгінгі атқарылатын істі ертеңге қалдыру өкінішті әрекет екендігі даусыз.
Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ