Спорттағы жетістіктеріміз

2 Наурыз 2014, 19:48

Туымызды көкке көтеріп, алтыны мен күмісін, қоласын мойнына тағып, ел намысын қорғайтын спортшылар болса, оны қолдайтын – мемлекет.

Туымызды көкке көтеріп, алтыны мен күмісін, қоласын мойнына тағып, ел намысын қорғайтын спортшылар болса, оны қолдайтын – мемлекет. Осы күнге дейін өзге елдің төрінде намысын қорғап, жеңіске жетіп жүрген майталмандарымыздың мемлекет тарапынан қолдау көріп, сый-сияпатқа ие болып жатқаны бәрімізге аян. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа ұсынған осы жылғы Жолдауында спорт пен денешынықтыру саласына аса көңіл бөліп, алдағы күндері спортта жүрген азаматтарымызға жаңа құралдар алып, спорт мектептерін ашып т.б. қолдау көрсететінін ашып айтты. Қазақстандағы спорт жетекшілеріне жұмыстар беріліп, міндеттер мен мақсаттар айқындалды.

Сексенінші жылдардың соңына дейін Қазақстан КСРО құрамасымен бірге өнер көрсетіп жүрген. Тәуелсіздік алғаннан кейін мықты спортшыларымыздың арқасында қоржынымыз бірнеше алтын мен күміске, қолаға толықты. Мәселен, 1996 жылы Атлантада өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан тұңғыш рет өз қоржынына 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль салып, алғаш рет бірден бірнеше медальді жеңіп алған. Қытайда өткен Олимпиада ойындарындағы спортшыларымыздың көрсеткен өнерлері де елеусіз қалды деп айта алмаймыз. Қазақстан үшін спорт саласындағы ең маңызды кезеңдердің бірі Лондондағы Олимпиадалық ойындар болды. Осы жарысқа дейін Қазақстан мұндай жоғары жетістікке жеткен жоқ еді.  Еліміздің «спорт» атты кітабының тағы да бір парағы жаңа оқиғаға толды.  Олардың жетістіктерін қысқаша болса да, айтып кетпеуге болмайды.

Қазақстан құрама командасындағы 115 спортшының жетеуі алтын, бірі күміс және бесеуі қола медальдарымен марапатталып, 12-і жалпыкомандалық орынға көтерілді. Алғашқы алтын медальдің иегері Александр Винокуров болды. «Алдыңғы арба қайда домаласа, соңғысы сонда домалайды» демекші, Александрдың артынан бірнеше медаль қанжығамызға байланды. Зульфия Чиншанло мен Майя Манеза, Светлана Подобедова мен Илья Ильин, Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетов, Даниал Гаджиев пен Марина Вольнова, Гюзель Манюрова мен Иван Дычко, сондай-ақ, Ақжүрек Таңатаров өнер көрсетті. Жеңімпаздарымызды салтанатты түрде қарсы алып, 1-орын алған спортшыға ел үкіметі тарапынан 100 мың АҚШ доллары, 2-орын алған спортшыға – 50 мың АҚШ доллары, ал 3-орын алған спортшыға 30 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілді.

Талай медальді ел қанжығасына байлап, ел мақтанышына айналып жүрген спортшыларымыз мен спорт сүйер қауым үшін басқа да жағымды жаңалықтар баршылық. Спортшылардың өмірі мен жетістіктерін көгілдір экраннан көріп қана қоймай, қазақ тілінде оқуға мүмкіншілік туды.  «Қазақ спорты» деген атауды иеленген республикалық апталық газеттің оқырмандарымен қауышқанына көп уақыт болмады. Спорт туралы ана тілімізде жарық көретін жалғыз басылым болғаны бір жағынан қуантады, бір жағынан қынжылтады. Әлі де қазақ тілінің әріптерімен ақ парақты әсемдеп тұратын басылымдарымыз көбейе берсе екен деп тілейміз. «Спорт&kz» газетінің аясында жарыққа шығып жүрген «Спорт айдыны» шықпай қалып, намысты қазақ азаматтарының жанына батып, қабырғаларын қайыстырғаны естеріңізде болар?!

Газеттің жарыққа шығу мақсаты – қазақ спортын дамыту, жаңалықтармен бөлісу, өсіп келе жатқан ұрпақты спортқа баулу болып табылады. Тек қана спорт жаңалықтарымен шектелмей, осы саладағы өзекті мәселелерді қозғап, шешімін табуға тырысатын, сараптамалық материалдарды қамтитын газеттің таралымы – 10 мың дана. «Ел спортындағы кемістіктермен жетістіктерін таразыға салып, сын тезіне алатын – «Таразы», әлемді аузына қаратқан үздік спортшыларды үлгі-өнеге тұтарлық – «Топ жарған», намысыңды қайрап, рухыңды жанитын – «Мен – қазақпын!» сынды айдарлары мен айдаршалары қазақ спортшыларын үкілеп бәйгеге қосатын сыңайлы» деп марқаяды газет қызметкерлері. Газет редакторы Рысбек  Қыдырбек Әділбекұлы – Қазақстан Республикасы Туризм  және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары, елімізге кеңінен танымал журналист.  Қазақстандағы спорт саласының тағдырына терең бойлап, жанашырына айналған ағамызға айтар алғысымыз шексіз. Қазақ тілді оқырмандар үшін спорт жаңалықтарымен таныс болуға тағы да мүмкіндіктің пайда болғаны аса қуантады.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» деді кезекті Қазақстан халқына жолдауында. Спортпен айналысып, денемізді шынықтыруға асық болайық, халайық!

 

Бөлісу: