Жаса, Қазақ Барысы!

2 Наурыз 2014, 19:52

2013 жылдың 30 маусым күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде қазақ күресінен Ұлт Көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирі өтті.

2013 жылдың 30 маусым күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде қазақ күресінен Ұлт Көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирі өтті. Еліміздегі 14 облыс пен республикалық маңызы бар 2 қаладан финалдық сынға жолдама алған 32 балуан «Қазақстан Барысы» атанып, ұлттық күрестің көшін бастау үшін кілемге шықты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін ел халқының 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы керектігін ескертіп, Қазақстан халқына жолдауында спортқа ерекше басымдық береді. «Қазақстан Барысы» жобасы да халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты серік етуіне, өзінің ұлттық құндылықтарын жоғары қойып, төл спорттың тынысын ашуға серпін беріп келеді. Одан бөлек, «Қазақстан Барысы» жобасы арқылы бүгінге дейін босағадан сығалап, тек ас пен тойдың көркі болып келген қазақ күресінің мәртебесі асқақтады. «Қазақстан Барысы» жобасы арқылы қазақ күресінің Олимпиада ойындарының бағдарламасына ену мүмкіндігі де молайды. Себебі, «Қазақстан Барысында» чемпион атанған спортшы еліміздегі Олимпиада жеңімпаздарымен тең дәрежеде құрметтеледі.

«Қазақстан Барысы» жобасы танымал журналист, «КТК» телеарнасының бас директоры Арман Төлегенұлы Шораевтың идеясымен халыққа жол тартты. Кезекті іссапарларының бірінде Моңғолияға жол тартқан Арман мырза сол жақтағы ұлттық мерекенің тойлану сәтіне куә болады. Моңғолияның ұлттық күресінен өтетін доданы тамашалау үшін стадионға он мыңдаған халық жиналады. Бұл алып балуандардың жай ғана күресі емес, үлкен шоу еді. Осы сәттен әсерленген Арман Шораев елге келген бетте ешқандай күрес түрлерінен кем түспейтін қазақ күресінен ірі жобасын қолға алу керектігін ұғынады. Осылайша, «Қазақстан Барысы» турнирін ұйымдастыру ісін бастап кеп жіберді. Алдымен «Қазақстан Барысы» турнирін облыстық деңгейде ұйымдастырып көрді. Қызылорда облысының аумағында өткен сында қазақ күресінің шеберлері бұл жоба іске қосылса, ғұмыры ұзақ, көрермені көп болатынын дәлелдеді. Арада көп уақыт өтпей, 2011 жылдың тамыз айында Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде тұңғыш рет Ұлт Көшбасшысы – Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирі өтті.

Еліміздің әр облысынан 4 балуан, жалпы есебі 64 спортшы қатысқан додада Қызылорда облысының намысын қорғаған Ұлан Рысқұл чемпион атанды. Ұлан дзюдодан әлем кубогы бәсекелерінде олжа салып жүрген, қазақ күресінде де қанжығасы жиі қанданатын спортшылардың қатарынан. Финалда ол әккі қарсыласы, Жамбыл облысының балуаны Бейбіт Ыстыбаевты жеңді. Күміс Бейбітке бұйырса, қола жүлдеге Шығыс Қазақстан облысының батыры Шалқар Жоламанов иеленді. Осылайша, негізінде Алматы облысында дүниеге келіп, кейін Қызылорда өңірінің намысын жыртқан Ұлан Рысқұл тұңғыш «Қазақстан Барысы» ретінде тарихта қалды.

2012 жылы турнир қайтадан жалғасын тапты. Еліміздің әр аймағында іріктеу сындары жүргізіліп, еліміздің әр аймағынан жиналған 33 балуан ақтық сынға қатысу құқына ие болды. Ал, дзюдошы Ержан Шынкеев іріктеу айналымдарына қатыспай-ақ, бірден финалда күресті. Себебі, 2012 жылы «Қазақстан Барысы» турнирін ұйымдастыру ел спортшыларының Лондон Олимпиадасына дайындалған тұсына тура келді де, көптеген балуандар Олимпиадаға қарқынды дайындалды. Осыдан соң, турнирді ұйымдастырушылар наурыз айында өткен баспасөз мәслихатында Олимпиадаға қатысқан балуандар «Қазақстан Барысында» бақ сынаймын десе, оларды тікелей финалға қатыстырамыз деген болатын.

2012 жылы «Қазақстан Барысы» турнирін жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев ұтып алды. 2011 жылы ақтық сында сүрінген Бейбіт бір жылдан соң барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп отырды. «Қазақстан Барысы» турнирінің тұңғыш жеңімпазы Ұлан Рысқұл ширек финалда оралдық Арман Әбеуовке жол берді де, жүлде ауылынан алыс қалды. «Тараз арланы» деген лақап аты бар Бейбіт Ыстыбаев финалда шығыстың шымыры Шалқар Жоламановпен белдесіп, таза жеңіспен кездесуді өз пайдасына аяқтады. «Сарыарқа» велотрегін дүбірге бөлеген сында Бейбіт Ыстыбаев еліміздегі ең адуынды балуандардың бірі екенін дәлелдеп, 2011 жылы финалда кеткен есесін қайтарды. Күміс белбеу Шалқар Жоламановқа бұйырса, қола тұғырдан Шығыс Қазақстан облысының тағы бір өкілі Айбек Нұғымаров көрінді. Айбек қола жүлде үшін күресте Арман Әбеуовпен белдесіп, жеңіске жетті.

2013 жылы турнир ауқымы одан әрі кеңейіп, «Қазақстан Барысының» іріктеу айналымдарына қойылатын талаптар күшейе түсті. Сонымен қатар, 2 жыл бойы жанкүйер жүрегіне жол тартып, қазақ күресінің абыройын асқақтатқан жобаға қатысам деушілер қатары да тым көп еді. Алайда, еліміздегі ең айтулы спорттық доданың финалына шығу үшін балуандарға 3 іріктеу кезеңін артта қалдыру керек болды. Алдымен еліміздің әрбір ауыл-аймағында іріктеу сындары өтті. Өз ауылында дес бермегендер аудан орталығында бақ сынап, «Қазақстан Барысы» жобасына іріктеу айналымының екінші кезеңін артта қалдырады. Ал, үшінші іріктеу айналымы әрбір облыс орталықтарында өтеді. Міне, тап осы облыстық сында оза шауып, қарсыласынан басым түскен 2 спортшыға «Сарыарқа» велотрегінде өтетін республикалық финалға қатысу мүмкіндігі берілді.

Биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің іріктеу сындарына жалпы есебі 100 мыңға жуық балуан қатысты. Сол жүз мыңға жуық спортшының арасынан екшеліп шыққан шын мықты, яғни үздік 33 балуан финалда күресу құқын жеңіп алды. Финалға жолдама алған балуандардың ішіндегі ең ауыр салмақтысы – Жұманазар Ерсұлтанов. Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Жұманазардың салмағы – 159 келі.

Турнирдегі ең жеңіл салмақты балуан – Сұңғат Закарияев. Атырау облысынан қара үзіп шыққан 20 жастағы спортшының салмағы – 83 келі.

Ал, турнирдегі ең бойы ұзын балуан – Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Рустам Жұмаев. Рустамның бойы 198 сантиметр.

Жобадағы ең аласа бойлы балуан – Сұңғат Махамбетов. Сұңғаттың бойы 173 сантиметр.

Биылғы «Қазақстан Барысы» додасының финалына шыққан балуандар арасында осалы жоқ. Барлығы да республикалық және халықаралық сайыстарда олжа салған, қазақ күресінен әлем және Азия чемпионаттарында топ жарған айтулы балуандар. Сондай-ақ, турнирдің биылғы финалдық сыны жас спортшылардың көптігімен ерекшеленеді. Мәселен, турнир бірінші рет ұйымдастырылғанда қазақ күресімен шұғылданып, кейін жасы келген соң қойып кеткен жігіт ағалары да жарысқа қатысқан. Бұл жолы жасы жиырмаға жетпеген, жиырмадан енді асқан балуандар көп болды. Мысалы, турнирдегі ең жасы кіші балуан, Маңғыстау облысының намысын қорғаған Мейрамбек Жаңабайдың жасы небәрі 17-де. Сондай-ақ, Қызылорда облысында өткен «Қазақстан Барысы» турнирінің іріктеу сынында топ жарған Айбек Серікбаев 19-да. Ақтөбе облысының өкілі Дархан Темірханов, Ақмола облысының өкілі Айтуар Абдуловтардың жасы 21-ге енді жеткен. Бұл нені білдіреді? Бұл қазақ күресіне деген қазақ жастарының қызығушылығы артқанын байқатады. Олимпиадалық спорт түріне жатпайтындықтан, көптеген жас спортшылар таңдай бермейтін қазақ күресінің мәртебесі жоғарылағанын көрсетеді. Ал, турнирдің алдына қойған ең негізгі міндеті де осы болатын.

2013 жылы «Қазақстан Барысы» турнирінде Шығыс Қазақстан облысының бас балуаны, жобаға үш жыл қатарынан қатысып, былтыр қола жүлде жеңіп алған Айбек Нұғымаровтың шоқтығы биіктеді. Айбек алғашқы белдесуінде павлодарлық Дархан Жоламановты, екінші айналымда атыраулық Сұңғат Закарияевті, үшінші айналымда Алматы облысының балуаны Айдос Қаңлыбаевты, жартылай финалда Оңтүстік Қазақстан облысының бас батыры Жұманазар Ерсұлтановты жеңді. Ал, финалдық сында Қарағанды облысының балуаны, Лондон Олимпиадасының қатысушысы, дзюдодан 2013 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Ержан Шынкеевті таза жеңді. Осылайша, үшінші мүмкіндігінде Айбек Нұғымаров «Қазақстан Барысы» атанып, ұйымдастырушылар тарапынан 150 мың АҚШ доллары, алтыннан құйылған Тайтұяқ, автокөлік және алтын белбеуге ие болды. Екінші орынға Ержан Шынкеев табан тіресе, үшінші орында оңтүстік балуаны Жұманазар Ерсұлтанов шаппай алды. «Қазақстан Барысы» жобасының демеушісі Алматы қаласының балуаны Виктор Демьяненконы жеңіске деген жігері үшін номинациясы бойынша марапаттап, оған Будапештте өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатын тамашалап қайту үшін арнайы жолдама тарту етті.

2013 жылы «Қазақстан Барысы» жобасын ұйымдастыру ісінде біршама алға жылжушылық бары байқалды. Себебі, турнирді ТМД аймағына тарайтын «Боец» және Грузияның кабельді «GMG» арналары тікелей эфирде көрсетті. Турнир идеясының авторы Арман Шораевтың мәлімдеуінше, «Боец» телеарнасы арқылы «Қазақстан Барысы» турнирінің биылғы финалдық сынын Ресейде 1,5 миллион, ТМД мемлекеттерінде 1,5 миллион көрермен тамашалапты. Сондай-ақ, «Қазақстан» Ұлттық арнасы мен «КТК» телеарнасы арқылы 6 миллион көрермен финалдық бәсекені жіті қадағалаған. Одан бөлек, республикалық «Сарыарқа» велотрегіне финалды арнайы көру үшін 12 мыңға жуық жанкүйер жиналды. Мұның бәрі қазақ күресіне деген халық ықыласының, балуандар назарының оң екендігін көрсетеді.

«Қазақстан Барысы» жобасын «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры ұйымдастырады. Енді санаулы айлардан соң, еліміздің бас барысын анықтау ісі қайтадан жаңа парағын ашады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Лондонда өткен 30-шы жазғы Олимпиада ойындарында зор жетістіктерге жеттік. Еліміз спорттық бәсекелерді ұйымдастыруда мол тәжірибе жинақтады. Былтырғы Қысқы Азия ойындары – осының айқын дәлелі. Сондықтан, «Қазақстан барысы» секілді ауқымды жарыстарды өткізуге барынша қолдау жасалуы керек. Сайыпқыран ерлерге сәттілік тілеймін!» деп батасын берген жоба ұлттық күресімізді ұлықтауды одан әрі жалғастырады!

Ермек Төлепов

Бөлісу: