2 Наурыз 2014, 19:48
Бүгінде спортты дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейде маңызды санаттар қатарында тұр. Яғни, елдегі жеткіншектердің спортпен шұғылдануына жол ашу, осы жолда тек жетістіктерімен көрінуі үшін жағдай жасау, олардың жаттығуы үшін арнайы жаттығу орындарын салу ісі бүгіннен ертеңге шегерілмейтін шаруа екені даусыз. Спорт – ел даңқын асыратын, елдегі хал-ахуалдың шама-шарқын айна-қатесіз айқындап тұратын ел экономикасы мен мемлекет күш-қуатының басты көрсеткіші.
Бүгінде, елімізде спортпен шұғылдануды жаппай халықтық үрдіске айналдыру үдерісі қалыптасып, өз дәрежесінде қызметін атқарып келеді. Бұқаралық спортты дамыту халықтың салауатты өмір салтын ұстануы мен әрбір азаматтың өз денсаулығына алтыннан қымбат құндылық ретінде қарау әдебін қалыптастыруға сөзсіз өз септігін тигізуде. Бұдан бірнеше жыл бұрын спорт киімін киіп алып, саябақтар мен аллеялар бойында түрлі, адам денесін ширықтыратын жаттығулар орындау үстіндегі қарапайым халық арасынан қазақтың қарттары мен егде жастағы кісілерді мүлде таба алмайтын едіңіз. Ал бүгінде, таңмен бірге тұрып жаттығу жасаудың пайдасы қаншалықты зор екендігі қарапайым халыққа белгісіз емес. Қарттар, егде жастағы азаматтар мен жастар спортпен шұғылдануға өмірінің ажырамас бөлігі ретінде қарауы көңіл қуантарлық жайт. Себебі, өз денсаулығына бей-жай қарамайтын азаматтың өз Отанына, өз елі мен жеріне бей-жай қарамайтынына да назар салу қажет сияқты.
Сонымен, спорт пен дене шынықтыруды дамытуға халықтан бөлек, үкімет тарапынан қаншалықты көңіл бөлінуде деген мәселеге келер болсақ. Ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан – 2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында:
«Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл жұмысты келесі жылы-ақ бастау керек» – деу арқылы, спорттың маңызын тағы да нақтылай түскендей болды. Сонымен қатар, ол «Үкіметке әлемдік озық тәжірибені есепке ала отырып, Бұқаралық спорт пен жоғары жетістікке жеткізетін спортты дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын» – деп, барша қазақ елі үшін маңызды әрі келелі істің жүйелі атқарылуын үкіметке шегелеп тұрып жүктеді.
Айтқаны айтқандай-ақ, Жолдау халыққа жеткеннен соң көп уақыт өтпей-ақ арнайы бағдарлама жасалып, спортты дамыту мақсатында өңір-өңірлерде түрлі құрылыс жұмыстары жоспарлана бастады. Шағын елді-мекендерде спорт мектептері мен жаттығу орындарының салынуы да ақпарат құралдарындағы спортқа байланысты ақпараттарды қалт жібермейтін адамға таңсық емес. Жолдаудың басты тапсырмаларының бірі ретінде жүзеге асырылу үстіндегі спортты дамытудың кешенділігі спорттың барлық сала-сағасын қамтуды көздейді.
Елді үлкен жетістікке жеткізер спортшыларды дайындау үлкен еңбекпен қатар шығынды да талап ететін аса маңызды әрі ауқымды жұмыс. Көптеген, дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне көз жүгіртер болсақ, олар өз спортшыларының әлемдік деңгейде жетістіктерге жетуі үшін қыруар қаржы жұмсаудан тайынбаған. Себебі, мәселен, Пелені немесе Мұхаммед Әлиді, Роналдиньо немесе Бекхэмді айтқан кезде, олардың сұлбасымен қатар, жеңіс сәтінде жамылған елінің байрағы да еріксіз көз алдыңда қалып қояды. Тіпті, кей ата-ағаларымыз «Әй, осы Бразилияның футболшыларын-ай» деп, олардың ойын кезіндегі әрбір қимыл-қозғалысына дейін жаттап алып, әңгіме қылып отырғанын естігенде, «шіркін» осы қазақтың футболшылары қашан осылай атымызды әлемге паш етер екен деп қиялға батасың да кетесің. Алайда, кеше ғана өткен теледидар экранының бергі жағынан тақымымызды қысып отырып, тамашалаған «Лондон» Олимпиадасындағы Қазақстан командасының 7 алтын алып, көптеген мемлекеттерді шаң қаптырып кеткені естеріңізде болса, біздің де әлемдік спортқа қосар үлесіміз зор екендігіне көзіміз жетеді.
Спорттың дамуына сеп болар басты фактор – сапалы, әлемдік стандарттарға сай, заманауи, мол мүмкіндіктерге ие әрі ең бастысы спортшылардың жаттығуына ыңғайлы жаттығу алаңының болуы. Жақсы жабдықталған спорт алаңы болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеуде өз үлесін қоспай қоймайды. Баға жетпес ынталандыру құралы. Келешекте мол жетістіктерге жетер спортшыларды жаттықтыруға септігін тигізер тағы бір осындай кешен еліміздің бас ордасы Астанада салынбақшы. Дәлірек айтар болсақ, велосипедшілер мен велоспорт әуесқойларына арналған ауқымды велобандар салынады. Бұл туралы 30 шілде күні еліміздің ақпарат құралдары елордалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына сілтеме жасай отырып хабарлады.
«2011 жылы 30 шілдеде №884 Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен бекітілген Астана қаласының бас жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін велобандар салу көзделген» делінген ақпаратта. Велобандардың жалпы ұзындығы 74 шақырым болады деп жоспарланған. Бұл өз ішіне велосипед жолдарын, тұрақ орындарын, орындықтар және велосипедтерді жалға алу пункттерін қамтитын үлкен кешен болмақшы. Бұдан басқа, велосипед жолдарының жалпы қалалық маңыздағы магистраль көшелерімен қиылысатын жерлерінде жол өтпесі, бағдаршамдар және пандустар салу жоспарланған.
«Велосипед жолдарының үш типін салу қолға алынады. Атап айтқанда, тек велосипедшілерге ғана арналған жеке жол, ортақ қолданылатын жол құрамындағы бетон қоршаумен немесе белгімен оқшауланған велосипед жолы және жаяу жүргіншілер жолының құрамындағы веложолдар, ол да белгімен немесе жиектермен бөлінеді» делінген ведомство ақпаратында. Сондай-ақ, велосипедтерді қалдыруға болатын арнайы орындарды да салу жоспары көзделіп отыр.
Бұған дейін Қазақстанда 2011 жылы Қорғалжын тас жолының аумағында 4 шақырым веложол салынған. Бұл жол да Қазақстан велоспортшыларының біліктілігін арттыру ісіне өз үлесін қосты. Егер, әлемдік велобандар салу тәжірибесін қарастырар болсақ, 2007 жылы әлемдегі ең ұзын велобан Германияда, Бранденбург федеральды жерлер аумағында салынған болатын. Оның ұзындығы 1 111 километрді құраған. Бұл жол өз кезегінде бұған дейінгі салынған барлық велобандардан ұзындығы бойынша да, ені бойынша да асып түсіп, әлем велоспортшыларының үлкен қызығушылығын тудырған болатын. Оның осы артықшылықтарына қарап оған «Tour Brandenburg» деген атау берілген еді. Ал жақында әлемдік ақпарат құралдары Италияда 131 км-лік веложол салынатынын айтқан болатын. Айта кетерлік бір жайт, көршілес Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеудегі ең ұзын веложолдың ұзындығы 16 км болса, Белоруссия астанасы Минск қаласында салынады деп жоспарланып отырған велобанның ұзындығы 27 км-ге дейін жетеді екен. Шетелдерден келтірілген бұл мысалдарға қарап отырып, Қазақстанның ел спортына, жалпы әлем спортына қосып жатқан үлесін бағамдай беруге болатындай. Себебі, 74 км-ге созылған велобан ТМД елдері арасындағы велоспортшыларға арналған ең ұзын жол болмақ. Осы орайда, бұл велобанның салынуы қазақ жастарының велосипед спортына деген қызығушылығын арттырады деген үмітіміздің бар екендігі де жасырмаймыз. Сонымен қатар, бұл халық арасында велосипедке күнделікті көлік ретінде қарау үдерісін қалыптастырады деген ойдамыз. Велосипед әрі шығынсыз, әрі экологиялық таза көлік құралы болғандықтан, отандастарымыздың оны күнделікті қажетіне пайдалану мәселесі мемлекеттік дәрежедегі маңызы бар іс деп бағаланып отырғаны көңілімізді бір серпілтіп тастағаны да рас.
Айтолқын АДЫРБАЙ