Болашақ техника мамандары

25 Маусым 2015, 02:57

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жаңа бағытты ескере отырып

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жаңа бағытты ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырған. «Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді. Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет. Біз академиялық автономия кепілдігін берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс», – деп айтқан болатын.

Білім беру саласы ерен еңбек пен сабырлылықты, күш пен ақылды талап ететін процесс. Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілет­ті­лігін арттырудағы негізгі факторлардың бірі білім екендігі дау тудырмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстанның барлық ЖОО-ның алдына әр азаматтың алған білімі мен біліктілігі әлемнің кез келген елінде сұранысқа ие маман болатындай білім деңгейіне жетуді міндет етіп қойды. Жалпы, әр адамның өмірінде мамандық таңдаудың алатын орны мен маңызы зор. Қазіргі таңда мектеп бітірушілер экономика, финанс, қаржы, аударма, тіл мамандықтарын таңдайды, соның әсерінен инженерлік және техникалық мамандықтарға тапсырушы абитуриенттер азайған. Осыны ескерген Елбасы аталмыш салаға көп көңіл бөлуді талап етіп отыр. Алайда техникалық саланы жоғары қарқынмен дамытып жатқан кәсіби мамандар даярлайтын жоғарғы оқу орындары аз емес. Солардың ішінде Қазақстан бойынша техникалық жоғары оқу орындары арасында рейтингте бірінші орынды алып отырған, көрнекті қазақ геологы, академик Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті. «Техникалық ғылымдар және технологиялар» бағытында бакалавриатта оқу үрдісі жеке эксперименттік бағдарламалар бойынша іске асырылады. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының университеттері құрамында Экология, Нанотехнология, IT технологиясы және Энергетика салалары бойынша мамандарды дайындау бағдарламасына кіреді.

Президент өз Жолдауында инженер мамандарын дайындаудың маңызды екенін айтып өткен. Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты еліміздегі әскери инженерлерді даярлайтын үздік институттардың бірінен саналады. Президентіміз айтпақшы, инженер мамандар елімізде тапшы, сондықтан олардың саны мен сапасын арттыру өте маңызды шаруа. Сол себепті мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, өскелең ұрпақты осы салаға баулу мақсаты мен міндеті қойылды. Қызыққа толы ең қызық шақтардың бірі – студенттік шақ десек қате айтпаған болармыз. Осыны ескерген аталмыш университеттердің басшылығы мен ұстаздары студенттердің білікті маман болып шығуларына мүмкіндік жасаумен қатар, түрлі шаралар ұйымдастырып, уақыттарын жақсы өткізулерін қамтамасыз етіп жатыр. Сабақтан тыс уақытта фестиваль, конференция, концерттік бағдарламалар өткізіп отырады. Студенттер университет тарапынан жатақханалармен қамтамасыз етіледі.

Елімізде инженер мамандығының сапасын көтеру мақсатында 2010 жылы коммерциялық емес Қазақ Инженерлер Бірлестігі құрылған. Бүгінгі күнде бұл бірлестік қазақ техникалық мамандарының қамын ойлап, олардың құқықтарын қорғайтын тұңғыш және жалғыз ұйым болып отыр. Бірлестік өзінің миссиясын ашық, икемді, алғыр, заманға лайық ғылым және техникалық қызметкерлерді біріктірген қоғамын құруында деп біледі. Бірлестіктің негізгі мақсаттары: қазақ инженерлерін біріктіру, бірлестік мүшелерінің кәсіби мүдделерін қанағаттандыру, жүзеге асыру және қорғау, қазақша сөйлейтін жас қазақ мамандардың кәсіби салада өсуіне қамқор жасау, инженерлік мамандықтың қадірін көтеру, ғылым және техникалық прогресті дамыту, мемлекеттік техникалық тілдің ортасын құруына қамқор ету болып табылады. Бұл мақсаттар іске асып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Егеменді Қазақстанымыздың бүгіні мен болашағы үшін ерінбей еңбек ететін азаматтарымыз көбейе берсін. Президенттің Жолдауы халықтың қолдауын тапса игі!!!

Бөлісу: