"Балапандарымызға" арналған "Балапан" бағдарламасы

1 Наурыз 2014, 12:32

Ешқашан маңызын жоймайтын, әрқашан халықтың назарында болатын ең өзекті, сүбелі мәселелердің бірі – жас ұрпаққа сапалы білім беру.

Ешқашан маңызын жоймайтын, әрқашан халықтың назарында болатын ең өзекті, сүбелі мәселелердің бірі – жас ұрпаққа сапалы білім беру. Жастар елдің де, жердің де болашағын уысында ұстайтын, кез келген қырынан кемел ел болудың кепілі бола алатын, баға жетпес асыл қазына іспеттес. Сондықтан, бұл қазынаның сарқылмай, елінің игілігіне ғана жұмсалуын, тек пайдалы істерге жұмылуын тілесек, жаңадан бүр жарып келе жатқан бәйшешек гүліндей  нәзік жастардың, ары қарай ел атырабында жайқала өсуін қамтамасыз етуді ойлауымыз қажет. Ал олардың елін гүлмен көмкерер мықты маманға айналуына тек мықты әрі сапалы білім ғана кепілдік бере алады. Яғни, Жүсіп Баласағұнша айтар болсақ, «Білім – адам баласының ортақ қазынасы» болған және қазынасы ретіндегі өз рөлінен ешуақытта айнымақ емес. Сонымен айтпағымыз, білімнің адамзат баласы үшін де, адамзаттың білім үшін де атқарып жатқан жетістіктері қыруар, бір-бірін толықтырып отыратын осы екі ұғымның бірісіз бірін елестету тағы мүмкін емес. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айтылған білім берудің жаңа басымдықтарына мән бере отырып, ел болашағының тұтқасы жастардың еншісінде екендігіне баса назар аударған болатын. Оның ішінде, «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту, инженерлік білім беру жүйесін дамыту, білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту,  білім беру әдістемелерін жаңғырту секілді мәселелермен айналысу нақты жолға қойылды.

Білім беру жүйесінің ұзақмерзімді жоспарын жасай отырып, «Балапан» бағдарламасын кемелдендіру Қазақстанның ең кішкентай бүлдіршіндердің мектепке дейінгі білім алуын қамтамасыз етуіне жол ашады. Жалпы «Балапан» бағдарламасы Елбасының тікелей бастамасы ретінде бұдан бірнеше жыл бұрын өз жұмысын бастаған еді. Ол өзінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!” атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту және тәрбиелеу ісін жетілдіруді тапсырған болатын.

Ел бүлдіршіндерінің бүгінгі күннің қалыбына және жасы мен даму ерекшеліктеріне сай білім алуы – күнтізбенің бірінші бетінде тұрған мәселе болғандықтан, бүгінге дейін осы жоба аясында бірталай жұмыстар атқарылған еді.

Біздің халқымыздың балаға деген ықыласы ерекше. Ұлы Абай «адамның бір қызығы бала деген» деп, ұрпағыңды өрбітер ұлға, өрісіңді кеңейтер қызға ерекше мән берген. Баласын алақанында аялаған қазағымыз сәбиін әрдайым шырағына, бұлағына, жарығына теңеген. Бауыр еті баласын қаншалықты жақсы көрсе, соның тәрбиесіне де соншалықты назар аударған. Баласын бес жасқа дейін патшасындай сыйлап, он бес жасқа дейін құлындай жұмсап, он бес жастан соң құрдасындай халықпыз.

Бұлардың барлығының бала тәрбиесі үшін психологиялық мәні бар. Баланы табиғат ананың қасиеттерін дарыта отырып тәрбиелеген халық педагогикасының даналығы осында жатыр. Жалпы «Педагогика» латын тілінен аударғанда «баланы жетектеу» деген мағына беретіні мәлім. Әлі оң-солын білмейтін, айналасындағы құбылыстарға таңдана қарап, барлығын «бір түртіп» көргісі келетін кішкентай бала жетектеуді қажет етеді. Кейін есейген соң ата-анасымен ақылдаса отырып, өмірден өз орнын тауып, өз керегін алады.

Қазіргі таңда бала тәрбиесінде басым бағытқа ие – балабақша. Ойынмен уақыт өткізетін мекені, күндізгі ұйықтайтын жері, таңғы, түскі, тіпті кешкі тамақтанатын орны да балабақша, яғни, балабақша бүлдіршіндер үшін екінші үйі, мыңдаған «балапандарды» ұшырып шығаратын «алтын ұя».

Ұрпақ тәрбиесі деген сөз, келешек қоғам қамын ойлау болып табылады. Сол болашақ қоғам иелерін жан жақты жетіліп, дамыған, ақылды, парасатты, мәдениетті, білімді, іскер, еңбекқор азамат ретінде тәрбиелеуді адамзат дамуындағы баға, байлықтың бәрін игерту арқылы ғана іске асыруға болады.  Содан болар, ел тізгінін уысында ұстап отырған Елбасымыз «Қазақстан – 2050» Стратегиясында бұл мәселеге айрықша назар аударып, «Балапан» бағдарламасы мерзімін ұзарту қажеттілігіне аса көңіл бөліп отыр. Жолдау халыққа жарияланғаннан кейін-ақ құзырлы органдар өздеріне жүктелген тапсырманы орындауға асықты. Мәселен, Елордада «Балапан» бағдарламасы бойынша 2013 жылдан бастап 2 640 орындық 11 балабақша ғимараты мен 160 орындық 2 қосымша құрылыс салынуы жоспарлануда. Бұл туралы Astana.kz сайтына Астана қаласы Білім басқармасынан мәлім еткеннен кейін белгілі болды. Бұған дейін, жалпы 2010-2011 жылдары және 2012 жылдың 1-ші жарты жылдығында 8 826 орындық 44 нысан іске қосылып, 12 балабақша ғимараты кері қайтарылған.

Аталған дереккөзінен алынған мәліметтерге көз жүгіртсек, Астана қаласында 2012 жылы балабақшаға барлығы 28977 бала барған. Ал, 2012 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша балабақшамен қамтылған сәбилер саны 2-ден 6 жасқа дейін 49,5%, 3-тен 6 жасқа дейін («Балапан» бағдарламасы бойынша) 61,9%. «Балапан» бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерін білікті кадрлармен қамтамасыз етіп, олардың біліктіліктерін арттыру. Қазіргі кезде осы бағдарламалар негізінде балабақша педагогтарының 85 пайызы 280 сағаттық 7 модульдік арнайы курстарын тәмәмдаған.

Жалпы, балабақша тәрбиеленушілеріне берілетін білімге назар аударсақ, Елбасы көтерген тілдердің үштұғырлылығы саясаты бойынша, елдегі көптеген балабақшаларда ағылшын тілі қосымша тіл ретінде енгізілген. Онда ағылшын тілінің алғашқы тіл үйрету сатылары бойынша білім беріледі. Сабақтар көбінесе ойын түрінде өтіп, баланың қабылдауына  жеңіл, әрі күнделікті тұрмыста қолданылатын заттардың атауын жаттаумен шектеледі. Десек те, мұндай білім беру ағылшын тілінің негіздерін қалауға үлкен себепші болатын тәсілдердің бірі. Үйде ата-анасымен өз ана тілінде сөйлесетін бала, балабақшаға бару арқылы бүгінгі заман үшін ауадай қажет, өркениетке жол бастар, әлемдік тіл –ағылшын тілін  меңгерудегі ортақ көшке ілесіп кете барады. Балабақшаларда ағылшын тілі бойынша сабақ жүргізетін ұстаздар, осы орайда өзіндік бала тілін табатын ерекше тәсілдерді қолданады. Диалогтық тәсілдер мен көрнекі құралдарды қолдану балабақшадағы ағылшын тілі маманының өз мақсатына жеткізудегі таптырмас әрі ең тиімді құралы болып саналады. Сондай-ақ, баланың тілін ағылшыншаға бейімдеудің тағы бір құралы – ән айтқызу. Бала жадында тез жатталып қалатын жеңіл, танымал әндерді жаттатқызу арқылы баланың ағылшын тілін ән айтқызу арқылы қабылдауына жол ашады. Жалпы, балабақшадағы білім беру мәселесі, сондай-ақ, мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамту ісі болашақтың іргесін қалаудың бастамасы іспеттес. Бала ата-ананың ғана емес, мұқым бір елдің, мемлекеттің үміті, қарашығы. Сондықтан, білімді ұрпақтың негізін қалауды балабақша төрінен бастағанды жөн санау керек.

 

Бөлісу: