1 Наурыз 2014, 12:26
Ұйғырлар – өзіндік төл мәдениеті ежелден қалыптасқан халық. 19 ғасырдың 70-80 жылдары 100 мыңға жуық ұйғырлар Қытайдың Синьцзян өлкесінен Ресейге келіп, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан жерлеріне қоныс тепті. Сол кезеңнен бастап олар өздерінің ән-биін, жырларын, поэмаларын оқу арқылы, түлі сиқыр өнерлерін көрсетіп, өзінің әзіл-қалжыңдарымен жұртты күлдіріп ұйғыр ұлтының өнерімен таныстыра білген. Алайда осы өнерлерін бір орда астында тоғыстырып, өнер көрсететін кәсіби деңгейдегі театр ұжымы Октябрь төңкерісіне дейін болған жоқ. Тек 1919 жылы Алматы маңындағы Жаркент, Шелек және т.б елді мекендерде драмалық үйірмелер ашылса, 1920 жылы «Кок койнэк» ұжымы жұмыс жасай бастаған. Осылардың барлығының басын қоса келе ең алғашқы кәсіби ұйғыр театры 1934 жылы 24 қыркүйекте Алматы қаласында бой көтерді. Бұл уақыт Қазақстан ұйғырлары тарихында алтын әріппен жазылған кезең. Театрдың негізін салушы – драматург, актер Д. Асимов болса, театрдың алғашқы көркемдік жетекшісі А. Ардобус болған. 1935 жыл В. Азимов жетекшілік еткен. Бастапқы кезде ұжым өзінің ұлттық ән-биі бойынша концерттік бағдарламалар беріп отырды, сондай-ақ Асимовтың бір актілі және екі актілі жазылған шығармаларды сахналап көрерменге ұсынған.
Театр шымылдығы алғаш рет Д. Асимов пен Садыровтың «Анархан» атты музыкалық драмасымен ашылды.
Кеңес одағында қаншама қиын күндерді бастан кешіргеніне қарамастан, ұйғыр театры өзге ұлт театрлары секілді өзіндік сипатын сақтай білді. Ұлы Отан соғысы кезеңі Кеңес одағында күн кешіп жатқан барлық ұлттар үшін қиын кезеңдердің бірі болды. Осы алапат соғыс жылдары театр өміріне өз әсерін тигізбей қоймады. Театр труппасында қызмет ететін ер адамдардың барлығы дерлік Қызыл Армия қатарына алынып, кейбірі фашистерге қарсы соғыста ерлікпен қаза тапты.
Ресейдің, Украинаның, Белоруссияның 20-дан астам театры Орта Азия мен Қазақстан аумағына көшірілді. Осы уақытта Алматыдағы кейбір ғимараттар мен кеңсе орындарында бірнеше әскери ауруханалар шұғыл түрде ашылады. Осы орын алып жатқан жағдайдың салдарынан, 1941 жылы Ұйғыр театры Алматы облысының Шелек селосына табан тірейді. Театр – соғыс уақытында болып жатқан жағдайға мойымай, арақашықтығы 100-1500 км дейін созылып жатқан еліміздің Енбекші Қазақ, Шелек, Ұйғыр, Жаркент сынды төрт ірі аудандарында өз өнерлерін халыққа көрсетіп, рухани қолдау көрсетті. Осы уақыт аралығында театр отан қорғау тақырыптарында бір актілі 13 пьеса қойып, 2 концерттік бағдарламаларын халыққа паш еткен.
1961 жылы театр Алматыға қайта қоныс аударып, М. Горький, У Шекспир, Н.Гоголь, К. Гольдони, Ж.Б. Мольер, А. Погодин, М. Әуезов. Мүсірепов т.б танымал классиктердің туындыларын сахналайды.
Осы күнге дейін ұйғыр театрынан көптеген сахна саңлақтары мен жүйріктері топ жарып шықты. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртістері А.Шамиев, С.Саттарова, М.Семятова, М.Бакиев, Р.Илахунова, З.Акбарова, Н.Маметова, К.Абдрасулов, М.Ахмадиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістер – Ж.Асимов, Г.Джалилов, Х.Илиева, М.Зайнаудинов, А.Супиев, Р.Тохтанова, А.Акбаров, Т.Бахтыбаев, С.Исраилов, М.Рахманова, К.Закиров, Г.Саитова, Р.Саттарова, Р.Махпирова, М.Маметбакиев, А.Акбарова, т.б өнер қайраткерлері болған. Сонымен қатар театрмен СССР халық әртісі композитор Құддыс Қожамьяров, И, Масимов, Н.Кибиров, И.Исаев, Ш.Шаймарданова сынды композиторлар тығыз жұмыс жасаған. Бұл өнер адамдарының барлығы театрдың дамуына зор үлес қосып, театр тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалар.
1964 жылы театр – республикалық ұйғыр музыкалық драма театры деп атала баста, араға үш жыл салып, ұйғыр музыкалық комедия театры деген атаумен өнер көрсеткен. Ал қазіргі таңдағы атауы – театрдың 70 жылдық мерейтойына орай 2005 жылы профессор, КСРО-ның халық әртісі, сазгер Қ.Қожамьяровтың есіміне берілген.
Бүгінде театр репертуарында орыс, өзбек, қырғыз, башқұрт, әзербайжан, грузин және қазақ жазушыларының шығармалары қойылады. Олар: М.Әуезовтің (“Айман – Шолпан”), Ғ.Мүсіреповтің (“Қозы Көрпеш – Баян сұлу” мен “Қыз Жібек”), С.Мұқановтың (“Қашғар қызы”), Ш.Хұсайыновтың (“Шолпан” мен “Қайран Гәкку”), Қ.Мұхамеджановтың (“Бөлтірік бөрік астында”), Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың (“Беу, қыздар-ай”, “Ой, жігіттер-ой”), С.Шәймерденовтің (“Дөкей келе жатыр”) т.б бар.
Театр труппасының осы күнге дейін жеткен жетістіктері де аз емес. 1984 жылы “Құрмет белгісі” орденімен марапатталды. 1997 жылы Каирде өткен IX халықаралық «Египет» тәжірибелік қойылымдар фестиваліне қатысуы, алғаш әлемдік сахнада өнер көрсетуі театр ұжымына үлкен серпіліс беріп, ары қарай дамуына өзіндік ықпалын тигізеді. Осыдан кейін театр 1998 жылы бүкілодақтық «Медиавейв-98» фестиваліне шақырту алады. Фестивальден кейін театр труппасының өнері жоғары бағаланып, Түркия, Қытай, Финляндия, Швейцария, Англия, Америка сынды шет мемлекеттерде өз өнерлерін көрсетуге ұсыныстар қабылдайды.
2002 жылы Ұйғыр театры күрделі жөндеуден өтіп, жаңа ғимарат ретінде есігін қайта ашады. Ғимараттың ашылу салтанатына Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев қатысып, театр өнеріне ғана емес, ұжымының бүгінде халыққа сіңіріп жатқан еңбегін жоғары деңгейде бағалап, оң бағасын берді.