1 Наурыз 2014, 12:26
Бүгінде елімізде ежелден бүгінгі күнге дейін сақталып келген мәдени мұраларымыз баршылық. Кейбірі өткен ғасырда елімізге төнген қауіп салдарынан жойылып, қайта бой көтерді. Тәуелсіз ел болғалы, тарих бетінен жоғалып кетуге шақ қалған төл мәдениетіміздің кейбір туындылары қайта жаңғыртылды. Бұның барлығы Елбасының қолдауымен, нұсқауымен жүзеге асып жатқан дүниелер. Н.Ә. Назарбаев халыққа Жолдауында «Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды» – деп атап өткен еді. Соның бір айғағы – Тараз төрінде орналасқан Тектұрмас сәулет кешені. Кешен X-XIV ғасырларда Тараз қаласының оңтүстік-шығысында, Талас өзінің бойында салынған ежелгі қасиетті орындардың бірі. Мазар қасиетті сұлтан Махмұт хан бейітіне арнап салынған және осы жерде хан жерленген деп саналады. Сол кездегі мазардың сыртқы көрінісіне келер болсақ, астынғы бөлігі төртбұрышты, үстіңгі бөлігі күмбезді, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған, есігі батыс Тараз шаһарына қаратылып салынған. Бұл сипаттамалар бізге 19-ғасырдың 80-жылдарында түсірілген фотосуреттен белгілі болып отыр. Тектұрмас күмбезін алғаш рет 19 ғасырдың 2-ші жартысында зерттеген, кесененің орнын ашқан шығыстанушы ғалым Василий Каллаур. Кейінде күмбезге зерттеу жұмыстары жүргізілген. Мәселен, 1939-1940 жылдары Г.И. Пацевич, 1949 жылы Жамбыл облысы тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы мүшелері (жетекшісі Л.И. Ремпель), 1980 жылы осы экспедициясы (жетекшісі – Қ. Байбосынов), 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (жетекшісі – К.Байпақов) зерттеген. Зерттеу барысында белгілі болғандай күмбездің тікбұрышты келген ауданы – 300*200 м2. Қалашықтың солтүстік шетінде орналасқан цитадельдің ауданы – 70*70 м2, биіктігі 11 метрді құраған. Айнала қорғаныс дуалмен қоршалып, сыртынан ор қазылған. Қаланың іші мен сыртында құрылыс қалдықтары табылған. Қазба барысында табылған қыш ыдыстардың сынықтары мен қалашықтың жобасының сипаты оның 7-13 ғасырлар аралығында өмір сүргенін білдіреді.
Күмбездің құрылысы VIII-XI ғасырда, Ислам діні енгенге дейін қалана бастаған. 1864 жылы көктемде орыс отрядының зеңбіректері осы кесене маңына қойылып, қоқандықтардың қамалына бағытталған қарсыластарының оқтары осындағы оларға жетіп, кесенеге көп залал келтірілген.
Кесене XX ғасырдың 20-жылдарының аяқ кезінде, большевиктердің дінге қарсы күрес науқаны кезінде толық қиратылған. Кірпіштері осы маңда 30-шы жылдардың басында салына бастаған қант зауытының құрылыс нысандарына пайдаланылған. Алайда, мәдени мұрамызды қайта жаңғырту аясында, кесене 2002 жылы ортағасырлық стильге тән жаңа үлгіде салынып, қайта қалпына келтірілді.
Жалпы тарих беттеріне көз жүгіртіп «Тектұрмас» деген атаудың қайдан шыққанын бағамдап көрсек. Бұл сұраққа филология ғылымының докторы, профессор Жаңғара Дәдебаев былай деп түсіндірме береді. Тектұрмас атаның әу бастағы қасиет тұтып қойған аты Сұлтан Махмұд екен. Әулие ата оны бек болып қызмет атқаруға сарайына шақырады. Бірақ, ол бек болудан бас тартып, жеке, дара әулиелік жолға түседі. Бектіктен бас тартқандықтан, ел оны Тектұрмас ата деп атап кетеді. Жұрт Тектұрмас атаның мазарын қасиет тұтып, оның басына шырақ жағып, құрбандық берген. Бала көтермеген әйелдер бала сұрап жалбарынатын болған («Егемен Қазақстан», 2002, 27 шілде). Бұл – Тектұрмас жайындағы айтылған аңыздардың бірі.
Тағы бір аңызда Тектұрмас жайлы, ол Қарахан тұсында әскербасы, жасауылбасы болып қызмет атқарған. Ол өз қызметін атқаруға шыққанда, қара жолдың үстіндегі жолаушы, керуен біткен түгел тексеруден өтеді екен. Көңіліне жақпаған жүргіншілерді өз бетінше жазалап, оларға өз бетінше шара қолданыпты. Жолаушы жұртты да, тұрғылықты елді де үнемі тексеріп, халыққа да тыныштық бермей, өзі де тыным алмай жүретіндіктен, көпшілік оны Тектұрмас деп атап кеткен – деп айтылады («Егемен Қазақстан», 2002, 27 шілде).
Бүгінде қайта бой көтерген кесененің биіктігі – 14,54 метр, ал көлемі – 7,5х7,5 метр. Бастапқыда, негізі бұл жерде шырақшылар үйі бой көтерген. Шырақшылар үйі мен әулие кесенің арасы – 300 метр. Осы екі аралыққа плиталар төселіп, арнайы жол салынып, оның жан-жағы таудың қатпарлы тастарымен қоршалған. Бұл қатпарлы тастар табиғи күйінде орналастырған. Тастарды өру кезінде ешқандай нәрселер қолданылмаған. Талас өзінің бойына қолдан ағаштар отырғызып, арнайы мал сойып, құран оқитын жерлерде дайындалған. Мал соятын жердің айналасына киіз үйлердің порымымен Әулиенің басына түнейтіндер үшін түнемеліктерге түсетін жол да жасалынып, баспалдақтардың айналасы тағы да таудың тастарымен өрілген.
Бүгінде, Әулие ата жеріне келген туристердің көпшілігі қаланың Көктөбесіне айналған қасиетті жерді көруге асығады. Себебі, осы Тектұрмас төбесінен шаһардың әсем көріністерін көруге болады.